ОЙЫМЫЗДЫ ОЙРАН ЕТКЕН «ОТЫРАР»

Жазылмаған кодексте барлығымызға аян хикметтер бар. Онда «Әдебиет – тереңнен басталған тарихтың аманатын арқалаушысы, тек ақиқатты арқау еткен тарихтың жақтаушысы, қостаушысы, қатқан көңін ашып, қайқы қылыштың жүзіндей шындықты ұрпаққа жеткізудің бірден бір құралы» деп қадаулы ой айтылған. Рас. Жылдар бойы мың құбылған тарих шерткен тың деректердің ағы мен қарасын айқындайтын уақыт әлдеқашан келіп-ақ қойған. Яғни, тарихтың «қатқан көңі» дейміз бе? Делік. Қазірде әдебиет пен тарих майданындағы ауыр мәселелерді ұрпақтың, келесі буын ұрпақтың атқарар қызметіне теліп, ысырып қою дәстүрі дені түзу ғылымның айықпас індетіне айналып бара жатқанын айту орынды. Бүгінгі әдебиеттің қыл үстінде тұруы ешкімді де бейқам қалдыра қоймас деген оймен өз көзқарасымызды алға тартып көрелік. «Оқырманы қисапсыз жазушы» деген атағы бар Дүкенбай Досжан ағамыздың көптеген шығармаларын оқыдық, білдік, тәлім алдық. Атақты «Абай айнасы» атты ғұмырнамалық-зерттеудің де бізге бергені аз болды дей алмаймыз... Кейде құмды далада келе жатқан бурылдың тегене бойлы желге қарсы келе алмай, сүрінетін сәті болады. Әлде шаршап болдырғаннан, әлде мысы толған жау боп елестеген сағымды шөл даладан жеріккеннен. Біздің «бурылдай» оқырман көзқарасымыздың да сүрінген тұсы осы болса керек, аға жазушының «Отырар» повесін оқығаннан кейін әлдебір бойкүйез қалыпқа түскенімізді жасыра алмаймыз. Шығармадан санаға тоқып аларлық дүние таппай дал болуымыз да бір қызық. Керісінше, тарихи деректердің астаң-кестеңін шығарған жалған сюжеттен бас айналады. Қасірет. 1218 жылы Отырар шаһарын билеп отырған қаған Қадыр (Қайыр хан болуға керек. А.Қ) Үргеніштегі Мұхаммед шахқа мына мәтіндегі хатты жолдайды-мыс: «Ұлы мәртебелі тақсыр, Мұхаммед! Күдігіңіз айқын болды, Шыңғыс хан қоластында қызмет ететін төрт мұсылман саудагерді бас етіп, керуен жіберген. 450 кісі, 500 түйе қазір қолымызда. Жансыздар екені анықталды. Жарлығыңызды күтемін. Үмбетіңіз Қадыр. 1218 жыл. Мамыр айы.» Артынша, суық хабар жетті деп шыңғыс ханның мұсылман бастаған керуені қойдай бауыздалады. Автордың айтуынша, Шыңғыс хан Отырарды жаулап алуға ілік таппай, осы керуенді әдейі жіберіпті-мыс. Жағаңызды ұстайсыз. Қисынға келмейтін басты тұсы да осы. «Әзір жау тыншу, - дейді автор өз ойынан, - Жарлық күтіп, қол үшін жинап жатқанға ұқсайды. Мана таң алдында өлмелі шешесіне келген Сарымсақ айтты деседі: Шыңғыс хан келмекші екен». Бұдан жазушының мыңдаған әскері бар, қазіргі таңдағы дәрежесі бүкіл адамзаттың таңдайын қақтырып отырған, (Батыс Дәшті, берісі Еділ-Жайық, арысы Таң мен Үзе (Дон мен Днепр) бойын, Қара теңіздің жағасынан Дунайдың сағасына дейінгі байырғы түрік қоныстарын түгелдей дерлік үйыстыруды көздеген) дардай Шыңғыс ханды да, оның піл сауырлы даланың оңы мен солын алақанында ұстаған ұрпағын соншалықты әлсіз етіп, қисапсыз әскерінің қуатын жоққа сайып көрсететінін көрдік. Бір деңіз. Тіпті керек десеңіз, «отырарлықтар» қамалдан шығып, алыса кетер болса арыстан азулы жауымен итжығыс түсердей әсер қалдырды. Әрине, мұның барлығы да тарихи деректерге қарама-қайшы дүниелер. Қызығы ұрыс басында болады. «Естімеген елде көп» демей не дер екенсіз? Соғыс басталмас бұрын Қараша бек өзінің 10 мың әскерімен ұлы қағанға келіп қосылған шындық. Ал шығармада Қараша бекті соншалықты әумесер, делқұлы етіп көрсетіп, оны әскерімен қоса Шыңғыс хан малша бауыздайды дейді. Айтарымыз сол, шын мәнінде Қараша бек Отырардың шын иесі Шыңғыс хан екенін мойындаған. Бұл оның өз халқына жасаған опасыздығы емес, керісінш, туыс пен туысты табыстыруы болатын. Сөйткен адамды қағанның өзекке тебуі мүмкін бе? Әрмен қарай көз жүгіртейік, Отырар күйрегеннен кейін ондағы тіршілік автордың мәліметіндей бола қоймағаны рас. Қала тіпті де күйреп кеткен жоқ. Көп ұзамай Алтын орданың атақты қалаларының бірі болды. Расында қаланың бергі алты ғасыр бойғы тарихы жоққа айналуы керек екен автордың пайымынша! М.Мағауиннің «Жұлдыз» журналының 2003 жылғы № 1 (149 бет) санында көрсетілген дәлелге кезек берейік, онда «Отырарды талқандаған, жермен жексен етіп, бүгінгі топырақ төбеге айналдырған – Шыңғыс хан емес. Рас, Шыңғыс хан алды. Соғыспен алған соң, қамал қирады, қала бүлінді. Бірақ тіршілік тоқталмады... Алтын ордадан Ақсақ темірге көшті – әлбетте, бейбіт жолмен емес. Ақсақ темір мұрагерлерінен Барақ хан қайырып алды... Барақтан соң Әбілқайырдың билігіне өтті. Одан соң Шайбанидің. Одан ары Керей мен Жәнібек жеңіп алды... Хақназар ханның өлімінен соң Бұқаралық Абдолла. Абдолладан қайырған Тәуекел хан... ақыры, Әз Тәуке ханның тұсында, 1681-1684 жылы жылдарғы Сайрам соғысы кезінде Ойраттың Ғалден Бошұқты ханы біржола қиратты» делінеді, мән-жай осы бағыттағы дерекпен бітсе керек. Әдебиет теориясында жазушы көркем шығарма (мейлі тарихи баян болсын А. Қ) желісін қайда бұрса да өзі біледі. Оның ішінде тарихи баянды аша түсу үшін, көркемдігін молайту мақсатында өз жанынан кейіпкерді де қоса алады. Десек те, тарихты өзгертіп, негізгі сюжетті сақтамау теориялық бағытқа кереғар келеді. Онсыз да дүдамалық сарынның жетегіндегі оқырманымыздың адасуын одан әрмен қарай жалғастыра бермекпіз бе? «Қазаншының еркінде, қайдан құлақ шығарса» дегеннің керін тарихи баянда қолдану жөнсіз. Міне, айта берсе арнасы толыспайтын келеңсіздіктерді көпе-көрнеу етіп көрсетпеске болмады. Анығын зерттеп, түп-тұқиянына басымен кіріскен мамандар ғана түсінбесе жай оқырманның соншалықты терең, архивтерде көмілулі қалған фактілерге көз жүгіртіп, сұрау салатынына үлкен күдік туатыны да табиғи жай. Бізді тентіренткен бір ғана жалаң ой еді. Неге бір ғана? Неге жалаң? Ұлттың ұлт болып қалыптасу жолы қиян-кескі, сүрлеу-соқпақ болса да, ағы мен қарасының ара-жігін айырып, шынтуайтын тану біздің, жас ұрпақтың міндеті. Және де сол міндетті қолға алудағы бір ғана (ескерту: бірегейі емес! А. Қ) парызымыздың өтеуі болмақ деген ой. Бұл – неге бір ғана деген жоғарыдағы сұраққа жауап. Ал неге жалаң? Себебі сол – Дүкенбай ағамыздың шығармаларының аудармалары жылы жаққа ұшқан құстай шет елдерге таралып жатқаны аян. Бөтен жұрт мадақтап жатса, бізге де абырой. Хош дедік. Сол шығармалардың өз тілімізде шыққанда біздің көкірегі ояу, әдебиет пен тарих дерегіне тумасынан шөлі қанбай келе жатқан албырт жас оқиды. Көңілінде пайда болған күмән жанбай жатып өшуі және келеңсіздік. Аманатқа қиянат. Ескі даурық, Шыңғыс хан есімін қаралау сол күйінше кетіп, жабулы қазан жабулы қалады. Өзге тілсімдікті айыра білмеу де қасірет. Міне сізге жалаң ой! Мәнісі сол, тарихымызда дараланған орнын ойып тұрып алған баба қаған жайындағы есер ақпардың жаңғырығуы қайта белең алмақ. Кеңестік идеологияның қақпаны азат елдің ұрпағына тағы да дендеп алады: Түркілер ешқандай мәдениеті жоқ, варварлық ортада қалыптасқан, таным деңгейі көшпенділік дәрежесінде қалып қойған деген жасанды тарихқа жетелеген дабыра күшін жоймапты! Дәл осы ұранды желеу етіп жүрген Ресей ЛДПР-нің лидері Владимир Жириновскийдің де қазақ халқының алдында кінәлілігі де, күнәлілігі де тау асып отыр! Ол өзегі басқа әңгіме... Десе де өзімен өзі бейқам отырған славяндарға Шыңғыс ханның қай баласы барып өктемдігін көрсетіп, қылышын қармапты? Ендеше бір кездері ұлттың назарын өзіне қаратып отырған «жалтаңкөз» баспалардың жамандап, Шыңғыс ханды жау ететініндейіне кеңестік идеологияның тікелей салмағы болмағанын белгілеп алсақ, нендей түрткілер тарихтың бұрмалануына әкеп соқтырды? Лайым дейік, ол өткен іс болса да тарихтың тереңін қазбалайтын бізде де соншалықты ниет бар. Ендеше, М.Мағауинге тағы да сөз берелік: «Шыңғыс хан – әлем тарихындағы ең ұлы қолбасшы. Жай ғана қолбасы емес, ғажайып реформатор, соғыс өнеріндегі теңдесі жоқ стратег. Адамзат қоғамындағы мемлекеттік құрылым жүйесіндегі ең ұлы саясаткерлердің бірі. Өз ұрпағының болашағы үшін жарым дүниені қайта құрған қайраткер». Дейміз. Десек те, қаламы жүрдек, дін мен философияны терең зерттей білген, ұлт әдебиетінің тірегі Абайды, өміріне, шығармашылығына шама ала түскен ғұлама жазушы ағамыз Дүкенбай Досжанды сынадық деуге ауыз бармайды. Тау тұлғалы жазушының арқасында Мұхтар Әуезовше айтсақ «Толмаған толстойлар мен шалағай шекспирлер» секілді пайда тапқысы келгендер қатарынан жырақ шетте екенімізді, көпе-көрнеу ғана хәліміздің бар екенін ескертіп, жоғарыдағы мәселені келер ұрпақ, жастарға анықтауыштық құрал ретінде ғана жұмсалар ойымыздың барлығын айту.

Ардақ ҚҰЛТАЙ