ҚАЗАҚИЯНЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН АЗИАДА

ТАСМАҒАМБЕТОВ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БІР-АҚ КҮНДЕ КӨШІРІП ЖІБЕРДІ

Азиаданың ашылуы бастан аяқ қазақ тілінде өтуі (аударма ағылшын тілінде ғана болды) мемлекеттің қожайын ұлтының делебесін қоздырып, рухын бір көтеріп тастады. Осы аталған қуаныштардың көбісі Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың ерен ерлігі екенін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қоса өзі де сөз алған кезде 27 ел өкілдері алдында ана тіліміздің мерейін асқақтатып, тек қазақ тілінде сөйлеуін ерлікке бағалар едік. Осылайша мемлекеттік тілдің халықаралық мәртебесін биіктетті. Бұл шарадан әрбір қазақтың көзінде намыс оты жарқырап, өзге ұлттар қазақ тілінің қажеттілігін түсініп қайтқаны сөзсіз. Өз тілімізді қастерлеп жатсақ өзгелер бізді қалай сыйламасқа? Сондықтан Иманғалимен жарысып Азия ойындары Олимпиада кеңесінің төрағасы шейх Ахмад аль-Фахад аль Сабах мырза Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын қазақша құттықтап өтті. Оның сөзінен кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұғырлы мінбеден үн қатып, Азиаданың Қазақ елінде өтіп жатқанының айғағы ретінде мемлекеттік тілде сөйледі. Бірақ, әдеттегідей орыс тіліне де бір минуттай көшіп өтті. Сөйтіп, жетінші қысқы Азиада ойындарын ашық деп жариялады.Азиаданың ашылу мәртебесін көтеруге халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы Жак Рогге зайыбымен, Қырғызстан мемлекетінің президенті Роза Отынбаева, Азиялық олимпиада кеңесінің төрағасы Әл Саббах сынды тұлғалар қатысты. Ашылу салтанатын Қазақ­станның қазақтың тарихи мекені екендігін көрсетуге, оны ежелден мекендеген тайпалардың рухани мұрагері қазақ болғандығын танытуға күш салғандығы байқалады. Әсіресе, алғашқы бидің «Сырмақ» аталуы, сол арқылы қазақ туының түсін бейнелей отырып, «Қазақстан» картасын сызып шығуы, бірден бойыңдағы ұлттық қаныңды тулатады екен. Әрбір ірі спорттық жа­рыстардың айнымас атрибутіне ар­налған қатысушы ел спорт­шыларының шеруі ерекше ойластырылыпты. Қазақтың көк туын хоккейшіміз Талғат Жайлауов желбіретіп шыққанда тебіренбеген қазақ қалмаған шығар. Театрландырылған кө­рініс барысы қазақ халқының философиялық ойлары жүйесінде құрылыпты. Шоу барысында еліміздің сонау бабалар заманынан бергі негізгі оқиғалары толықтай қамтылды. Қыран құс көзімен қазақ жерін шарлап шықтық. Шаңырағымызды көтеріп, керегемізді мықтадық. Ою өрнекке толы алты қанат ақ орда орнына тұрған сәттің өзі ерекше толқыныста өтті. Нұх пайғамбардың адамзатты кемесіне салып топан судан сақтап қалған сәті де сценариден тыс қалмапты. Тайқазан маңына жиналған қазақ жерінде тұратын әр ұлттың өкілдерінің бас қосу татулығымызды білдірсе, Әбу Насыр Әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, және Қожа Ахмет Яссауй бейнелері көріністері даналығымызды одан ары айқындады. Міне, қазақтың өзіне тән төл мәдениеті жат жұрттықтар алдында паш етілді. Әсіресе, көрерменнің көзін тойдырғаны – бүгінгі палитрамен жасалған ұлттық киім болса керек. Әр қойылымға сай өзіндік өрнегі, өзіндік формасымен өзгеше көз тартып, адамның ұлттық санасын ғасырлар бойғы тарихпен жаңғыртып, ежелгі мәдениетпен қауышып қайтқан сезімдей болады екен. Қазақ эстрадасының жұлдыздары да бұл жерде шет қалған жоқ. Бақытты балалар әнінен кейін опера әншісі Нұржамал Үсенбаева сыңғырлы әнін көрермендерге ұсынды. Роза Рымбаева мен Батырхан Шүкеновтың де салған саздары әсерлі шықты. Баритон Талғат Мұсабаевтың зор даусы қонақтарды одан ары жігерлендірді. Ал концерттік бағдарламаны бельгиялық алтын дауысты әнші Лара Фабиан түйіндеді. Осыдан кейін Олимпиада туын спорт саңлақтарымыз Май Хван, Серік Қонақбаев, Владимир Смирнов, Әлия Юсупова мен Людмила Прокашевалар ортаға алып шығып, әуеде желбіретті. Сонау әл Кувейттен келіп, Қазақстанның барлық аймағын аралап шыққан алау «Астана Аренаға» келіп жетті. Алауды қазандыққа жағу мәртебесіне бір топ саңлақ спортшыларымыз ие болды. Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ыбрайымов, Жәнібек Қалдыбаев және Тимур Тұрсынбаев бір сәтте алауды маздатты. Осымен Азия ойындары ашылуы Азиада тарихындағы айшықтылығымен есте қалды. Қоржынымыз алтынға толып, абыройымыз арта берсін, Қазақия!   PS. Қысқы Азия ойындарына Азияның 27 елінен келген мыңға жуық спортшы спорттың 11 түрінен бақ сынамақ. Жиыны – 69 медаль бәйгеге тігілген. «Астана Арена» стадионындағы көрермендер саны – отыз мың.

Фазылбек Әбсаттарұлы