Бойкүйез жастардың болашағы қалай?

Жастар.  Өзінің әлеуметтік статусы болғанымен әлі толық қалыптасып үлгермеген топ. Кез-келген нәрсеге тез сенгіш, еліткіш топ екеніне қарамай ол өте қуатты. Осындай қасиетін жақсы білетін билік оның өз қалауларына жақсы пайдалануда. Бұрында пайдаланған. Және болашақта да солай болары сөзсіз. Бұл Заңдылық. Ана тіліміздің қолдану аясы тар кезеңде қоғам кейінгі буыннан үміт күтеді. Дегенмен өзі бас болып қорлап жүрген ұлттық рухты билік жастардың бойына қалай сіңірсін? Жаһандық идеология көмегімен биліктің антиқазақтық тапсырмасын мүлтіксіз орындайтын кадрларды телеарнадан әдемі сөздерімен елге көрсету арқылы кейінгі буынның билікке деген қызығушылығы одан әрі арта түсіп жатыр. Өзара бәсекелестікке түсіп, билікке ұмтылған жастар шексіз білімге ие болғанымен ұлттық рухты бойларына сіңіре алмайды. Оған себеп, жас шыбықты қалай қадасаң солай өсетіні сияқты оларға қазақы рух туралы ілім беруге құлшынып отырған ешкім жоқ. Қазақ жастарының бойына ұлттық рухты сіңіру жақсы тәрбие беру деген сөз. Бұл жағдайда әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген қанатты сөзі еріксіз еске түсіп, болашаққа үреймен қарайтын болдық. Әрбір адам әкесінің ізін басу арқылы ғана кемел келешекке қол жеткізері белгілі болғанымен біз ол жолдан адасып жүрміз. Біздікі ата-баба арманына мүлдем керағар жол. Яғни Иван мен Сергейдің қадамын қайталап жүрген қазақ баласының болашағын ойлаудың өзі қорқынышты. Осыны көрген кейінгі буын орыс тілді билік үшін келешекте қажетті қолшоқпарға айналады. Бұл тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қалыптасқан жүйе. Ол жүйенің рухсыз екенін айтпауғада болады. Бойына сіңген орыстық рухтан арыла алмаған биліктің жүрісі қазаққа еш пайдасын бермей келеді. Мұның салдарынан намысы бар адамдар арасында қоғамдық ұйым құрғанымен билік бұлардың арасына өз адамдарын салумен ұйым жұмыс әлсіретуге әрекет етіп жатады. Біз сөз етіп отырған жастардың арасынан да ұлттық мүдде жолында жарқылдап шыққанымен орта жолда не шөгіп яки сіңіп кететінін байқау қиын емес. «Ұлтым», «ана тілім» деген жастар елге танылып, азаматтық қағидасын көрсетер тұста биліктің сойылын соғып шыға келеді. Ұлттық рухпен сусындаған жастарды саяси алдаңқырату секілді жүріспен жастардың қоғамдық ой тудыру жолындағы жіберлерін жасытып тастап жатады. Демократиялық қағидалар алдыға тартып сөз сөйленгенмен жастардың нақты саяси мектепті тауысып, билікке барып жатқандары жоқ. Кеңес үкіметінен қалған жоспар, бағдарлама шара соңында хаттама түзіп, орындарынан тұрып кететін жиналысқа қатысушыларды шығармашылық ойлау механизмі ескерілмей қалады. Шағын ғана ортамен төмен ойлау жүйесіне иек артқан еліміздің ертеңі болатын жастардан интелектуалдық қабілетпен зиялы ортаны қалыптастыратын көрегендік тумас-ты. Зиялы орта қалыптаспаған жерден шынайы демократиялық ойлау мен ұлтшылдық қасиеттің тумасы анық. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Балам деген ел болмаса, елім дейтін бала қайдан тусын» деген қанатты сөзіне ой түрер болсақ, қарнымыз ашады. Телеарнаның бетіне шығып дауыс ырғағын өзгертіп көркем сөйлеуден арыға бармайтын «көшбасшылар» өз замандастарының күлкісін келтіріп, көрерменнің қолын бір-ақ сілтеп орнынан тұрып кетуін немесе басқа арнаға ауысуына себепкер ғана болды. Алдыңғы арбадан көргенін істейтін кейінгі арба тек «формалды» дүние ғана болып қалды. Жастар саясатын жүргізу жергілікті атқарушы органға қарасты мекемеге беріліп, ақыры соңы әкімшілік жүйенің қолжаулығына айналып кетіп отырғаны баршаға аян. Ел болашағы деп сенім артылғаннан кейін жастар саясатына нақты шынайы көзқарастың керегі уақыт талабы. Елімізде Мемлекеттік деңгейде жастар саясатын жүргізудің жаңа моделі керек-ті. Олай болмаған жағдайда солғын жүріспен салдыр қоғам, ынжық ортаның күні қараң. Болашақтан күтеріміз осы болмақ па? Дамыған елдердің интелектуалдық қасиетті өзіміздің ұлттық құндылықтармен кірістіру арқылы жастарға заманауи жол көрсету керек. Шетел жастарының білімге ұмтылуы елінің патриоты болуы, өзінің құқықтарын аяқ асты етпей алып жүруі қағидалары елдегі жастар саясатының толықтыруды қажет ететін тұсы. Билік мүлде қажет етпейтін ұлттық мүддеге жастардың бойкүйездік танытуы, биліктегі топтардың қазақ тілін саяси ойынға айналдырып жібергенінде. Бұл ретте еліміздің көп ұлтты болғаны қазақ тілінің дамуына тежеу емес. Қайта еліміздегі өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін білуге оны құрметтеуге қатарының артып келе жатқаны байқалады. Яғни «Көп ұлтты елміз» деп билікке ыңғайлы жастар саясаты арқылы орыс тілінің қолдану аясынның кеңдігін ұстап тұру дәлелдей алмайтын саяси әділетсіздік. Уақыт орнында тұрмай өз дегенін істеген кезде сол жастар ұлттық құндылықтарға келген зиянды екі есе жолда қалдырып, саяси ойын одан әрі асқына түседі. Ал ата-бабамыз қорғаған осынау жердің аманатын қаншалықты арқалап жүрміз? Аманатқа қиянат жасап жеріміздің игілігін көре алмай кім көрінгенге жем қылып таптатып жатқан жоқпыз ба? Ел тізгінін ұстайтын жастар осы сұрақтарға жауап бере ала ма? Жауап беру былай тұрсын аталған жағдайлардың түйсіне ала ма? Міне, осындай сан қилы сұрақпен оның жауабы әр қазақ баласының жүрегінде сайрап тұруы қажет. Қазіргі кезде жастар ұйымдарының көп екеніне дауласуға болмайды. Ол өз қатарластарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеумен ұлттық мүддеге ана тіліміздің дамуына жанын салып жұмыс істеу арқылы үлкен биікке шыға алары сөзсіз. Себебі олар өз елінде өз ұлтының жан айқайын түсінгеннен кейін біріккен. Ұлттық мүдденің дамуына үлес қосу әр бір Қазақстан азаматының міндеті болуы керек. Билік қазақ тілінің болашағына адал ниетпен қарайтын болса, жастардың да қазақ тілін құрметтеуі артатын еді. Кеңінен етек алған қағазбастылық қоғамның дамуына тежеу салып, өркениет биігінен қарауға тұсау болады. Осы тектес шығарып салма тірліктер қоғам оның ішінде жастардың бойын жайлап, ісінің берекесін қашыруда. Осыған ұқсас биліктің жүргізіп отырған саясаты жастарды ұлттық ділі мен дінгегінен алшақтатып, космополиттік тұлға болуға жетелеп келеді. Билік машинасының қолдауымен мықты ресурстың басында отырған «Жас отан жастар қанаты» бар-ды. Осындай ұйымдар жастарға нақты іс-шарамен үлгі болып отыр десек жұртқа күлкіге қалармыз. Арнайы мерекелік күндерде бір түсті футболка киіп, белгілі бір плакатты көтеріп көшеге шыққан басқаны көрмедік. Әрине қоғамдық ұйымның әуелгі жұмысы қоғамдық ой тудыру десек, олардың ұрандары жоғарғы жақ бекітіп берген сылап сыйпай орындалатын істердің кіріспесі ғана. Шынайы іс болмаған жерде тірліктің берекесіздігі көзге оттай көрініп тұрады.

Еркінбек СЕРІКБАЙ