ТӘУЕЛСІЗ САНА

«Өткен күнді еске алып, ескермесек, бүгінгі өміріңнің қадір- қасиетін терең түсіне алмайсың. Қайым Мұхамедханұлы». Тағдырдың талай тар өткелдерінен сүрінбей өткен, әрбір әңгімесі бір-бір тарих, бар ғұмырын ғылымға арнаған, белгілі абайтанушы, көрнекті ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының артына қалдырған мол мұрасы рухани қазынаға айналары ақиқат. Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай өлеңдерінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ. Абай тек ұлы ақын, ұлттық мақтанышымыз ғана емес. Абай - әлемдік тұлға, қайталанбас құбылыс, күллі адамзаттық цивилизацияға қосылған аса қомақты үлес. Мұндай толайым табыстың қазақтың пешенесіне жазылуы ұлттық руханият үшін мақтаныш. Абайды тану үшін Әуезовті қайта-қайта ой көзін салып оқу керек. Абай да, Әуезов те қатпар-қатпарына үңіліп оқымасаң бойыңа сіңбейді, жүрегіңе ұяламайды. Абайдың ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге Қайым Мұхамедханұлы тікелей М.О. Әуезовтің ақыл-кеңесімен келген. Ғалымға Абайдың әдеби мектебіне ұлтшыл ақындарды енгізгені үшін «панисламшыл, пантүрікшіл» деген айып тағылып, сталиндік қуғын-сүргінге ұшырайды. Ақталып шыққаннан кейін зұлматқа ұшыраған «Абайдың ақын шәкірттерін» қолға алады. Өмірінің ең бір қиын сәтінен сүрінбей өтті. Бір үміт, бір қауіпте тағдыр таразысының сынында қасірет шегіп жүргендегі, жанына батқан қайғысы, жүректің қайғыға, жай ғана қайғы емес, отты қайғыға өртенуі, тірі жетім балаларын ойлап сағынып, қол ұшын беруге мүмкіндік жоқ дәрменсіздігі ақын Қайымның сезім сыры мен көңіл күйінің айғағындай. Оны «Балаларыма» өлеңінен байқадым: Сағындым да, сарғайдым да, жүдедім, Қайғы отына өртенгендей жүремін. Көңіл қаяу, жүрек баяу соққанда Осы өлеңім дұғам менен тілегім. Сол кездегі солақай өкіметтің құрығына ілініп, жолсыз жаза шеккен мезеттегі ақын туындысына көз жүгіртсек: Жай жүрсем, табалады ұтылды деп. Қатты бассам, күндеді құтырды деп. Орта жүрсем, онда да көре алмады-ау, Бұл өзі ақылды адам сықылды деп. Қайым Мұхамедханұлы өзінің зерттеулері арқылы «Абай және абайтану ұғымдарының бір-бірінен ажырамас тұтастық екенін жадымызға сіңірді. Қайым Мұхамедханов қазақ халқы үшін ғылым-білімнің шамшырағы болған Абай Құнанбаевтың айналасындағы тәрбиеленуші ақын шәкірттерінің мол мұрасын, шығармаларын, өзінің білімділігінің, қайтпас қайсарлығының, қажырлы еңбегінің арқасында түбегейлі зерттеп, халыққа танытты. Бізге, болашақ ұрпаққа ғалымның жарты ғасырлық еңбегі үлгі-өнеге болып қалды. Біздің,  жастардың алдындағы зор міндет – абайтанушы, ұлтын сүюдің үлгісін көрсетекен Ұлы ұстаздың еңбегін келешек ұрпаққа жеткізу. Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы - қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрес жолы. Мен үшін алдағы еңбек жолымда тәуелсіз Қазақстанның азаматтарын арлы, намысты етіп тәрбиелеудің үлгі-өнегесі. Асыл атамыздың артында қалған «өлмейтұғын сөзі мен өшпейтұғын хатын» ертеңгі жас ұрпаққа жеткізушілердің бірі болатыным үшін мақтанамын.

Мадина ӘУБӘКІРОВА,

Семейдің М.О.Әуезов атындағы

педагогикалық колледжінің студенті.

Қайым атамызға Қанша қаһар төнсе де жалған сөзді айтпадың, Қилы-қилы күндерде ұлы Абайдан қайтпадың! Кемесіне келместің мініп бара жатып та, Мұхтар сынды ұстазды дұшпанына сатпадың! Шәкірт болып ұлыға, ұстаз болдың мыңдарға, Қоңыр даусың құлақта, жалықпастан тыңдарға! Алыс-жақын қазақтың бәрі осында, жан аға, Әркімнің бағы осылай күндерде бір күн жанар ма! Шәкірттеріне Абайдың ғұмыр бердің, сақтадың, Шәкәрім қажы ақынның мәрт есімін ақтадың. Өзінде жоқпен көзге ұрғыш әлдекімге ұқсамай, Мақтан, құрмет сұрамай, жалған атақ таппадың. Еркіндікті аңсаған ер қазақтың бірі едің, Ғаділетті жүректің әділетті пірі едің. Атың қалды өлмейтін, болсын енді ел аман, Қайым ата, өзіңе ашты елің жүрегін.

Б. САЙЛАУБАЕВА. Алматы