ҚАЗАҚҚА ТІЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІ КЕРЕК

Егемендік алған алғашқы жылдарда, қазақ мәселесінде көптеген игі қадамдарға бара тұра, орнында бар, оңалар деген мәміледе болдық. Ал ол үміт желге кеткен бүгінгі қазақ топырағындағы қазақ мәселесінде үлкен реформа қажет екенін енді білдік. Ендеше біз аңсаған реформа қашан, қайдан басталуы керек? Ал оны кім бастайды? Бұл реформа билік алмасып орнына басқа бір партия немесе жаңа басшы келумен емес, осы биліктің өз құйрығымен өзі майқан жасағаны тұрғысынан бейнеленсе құптарлық жәйт болар еді. Олай дейтініміз, қазір халық ісіне, жүйеден Қазақ елінің басты қасіреті ұлттық мәселелерге көңіл бөліп, нақты ісшараларға барып жатқан оппозициялық партиялар кемде-кем, сайлау кезінде «қатыратын» болған олар билікке шыға алмаса да, шетелдегі оппазициялық партиялардай қоғамда жетекші рөл ойнай алмай отырғаны да, ойнатпай отырғаны да шырылдаған шындық. Міне, осыған қарап олардың дәмесі сайлаудағы дауыс жинау сияқты ма деген ой келеді қараша қазаққа... Біз орыс тілін өз қоғамымызда әлі күнге беделді сақтап отырған Орталық Азиядағы түркі тектес үш елдің қатарындамыз әрі басындамыз да. Ал Кавказ елдері болса бұл жағында бізді шаң қаптырып кеткені ақиқат. Оларды былай қойғанда өткен жылы түркімен ағайындардың «Тіл туралы» заң қабылдағанына аттай жиырма жыл толуына орай, аталмыш заңнан орыс тілінің ұлтаралық тіл мәртебесін алып тастауы қандай жан сүйсінерлік саяси шара десеңші! Ал өз жерімізде отырып көршілеріміздің қабағына қарап кібіртіктеген бізге не жорық? Бізде де «Тіл туралы» заң қабылданғанына жиырма жыл өтті. Бірақ нық жиырма қадам жасалған жоқ. «Баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас».... Орыс тілінің ресми тіл болу мәртебесі «Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңында»: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады”,-деп шегелеп бекітілген күйі тұр. Қазақ тілінің төбесіне әңгір таяқ ойнатып тұрған осы бір баптың көзі қашан жоғаларын кім білсін?! Байтақ отан даласында Құлагерше құйғытқысы келген қазақ тілінің Батырашы да осы бап. Шекпенді шенеуніктен қараша қазаққа дейін (орыс тілді қазақтар, әрине) көлденең тартатыны да осы бап. Өзімізді былай қойғанда, басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді менсінбейтіндеріне есікпен төрдей кеуде бітірген де осы бап!!! Бұл аз болғандай, үш тұғырлы тіл келді саяси сахнамызға. Ол да аз болғандай, билік МТ дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жасады. Сонда біз МТ 30 жыл бойы үйренген тұңғыш мемлекет болады екенбіз. Қандай масқара?! Қандай дәрменсіздік?! Шынында да, орыс тілінің ықпалынан құтылмай, қазақ тілінің көсегесі көгермейтіні баршаға аян. Заңда айтылғандай, «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында, қоғам­дық қатынастардың барлық саласында қолда­нылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi” болмай шықты. Үкімет пен парламент қабырғаларындағы жиналыстар мен отырыстардың көбісі ресми тіл деп әспеттеп отырған орыс тілінде өткізіліп жататынына жиі куә болып жүрміз. Тіпті МТ-ге қамқорлық жасауды мақсат еткен жилалыстар да орыс тілінде өтетініне не жорық? Аталмыш заңда “Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, мемлекеттiк тiлде жүргiзіледi” делінген. Бұл қаншалық орындалды? Ескерген ұлық кемде кем. Саяси маңызы бар келіссөздер мен екі жақты кездесулердің шетелдегісінен ауыз ашпағанда, Астанада өтікендерінің де жүзде-жүз осы талапқа сай деп айту өте қиын. Балық осылай, басынан шіріп жатқасын, басқаны былай қойғанда өз қазақтардың да біраз бөлігі ” Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы” екенін де ұмытып кеткеніне сөгіс те жоқ сияқты. Биліктің де көп жағдайда шұбар тілді немесе орыс тілді болуы да тікелей қазақ жеріндегі орыс тілінің ықпалымен байланысты екен. Ал қараша қазақтың да «Құдай сүйер қылығы» жоқ.Осының бәрін көріп-біліп отырып, ләм-мим демеген халықты қалай ақтайсың? Қара базардан хан сарайына дейін орысшамызды тастамай жүрген тағы өзіміз. Қол-аяғымызды байлап, басқа көзге сабалаған ешкім жоқ. Қоғамдық орындардың қай қайсысында болсын орысша шүлдірлеп жүрміз ғой, амал қанша?! Демек, көп жағдайда билік болсын, біз болайық «Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңындағы» «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады” дегенді қалтқысыз атқарып жүр екенбіз. Көтерілгелі ай араламаған ҚР Президентінің өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту ісіне жанын салған жоғары билік өкілдері тура осы МТ мәселесінде де тура осындай белсенділік танытса қазақ тілінің бағы сонда жанар еді. .... Ол үшін мемелекет басындағы атқамінер­леріміз орыс тілінің ресми тіл болу мәртебесінен айырып, қазақ тарихында қалар бір ерлік жасаса қандай жақсы болар еді! Бұл қажет-ақ. Біз мұнымен тынбай, әлі де болса нүктесі қойылмаған мәселе әліпби жаңалау ісін батыл қолға алуымыз керек. Мен көптеген ұлтжанды, қоғамға сөзі өтетін бірнеше белді қазақ зиялыларының осы пікірде қасарысып, ер-тоқымын бауырына алып тулағанын көріп жүрмін. Олар айтады: «Біздің халықты өзбекпен салыстыра алмаймыз, олар әлде қайда латын жазуына көшіп алғанымен, біздің рухани жағдайымыз сын көтермейді. Өзі шала қазақтың жазуын енді бір ауыстырсақ құрығанымыз» деген үмітсіз болжал айтады. Белді тіл жанашырлары айтып жүрген бұл пікірмен келісу қиын. Осы біз өзімізді төмендетіп, басымызға қара бұлт үйіріп үрейленетін үмітсіздікті қоюымыз. Керісінше, туған халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді де бағамдай білгеніміз абзал. Қазақ ежелден тез бейімделгіш, жаңалыққа жаны құмар, зерек те, қағылез халық. Осындай халыққа мемлекет аянбай заңдық және заттық, рухани тұрғыдан қолдау көрсетсе, әліпби жаңалауда тұрған еш қиындық жоқ. Қайта, әліпби жаңалаудан біз көп нәрселерді өзгерте аламыз. Ең әуелі, тіл тәуелсіздігін аламыз деген сөз. Анығырақ айтқанда, орыс тілінен азаттық аламыз. Бұл бар қазақтың арманы. Біз латын әліпбиіне немесе төте жазуына көшсек, жазуы бөтен орыс тілі екінші бір бөтен тіл санатына қосылады. Солайша, келергі буын ол тілді аса мүдделі болмаса, үйренуі қиындай бастайды да, қоғамда орыс тілі қатардағы бір халықтың, яғни орыстардың ана тілі болу деңгейіне түседі деген сөз. Екіншіден, тіл тазалығын барлық салаға келтіреміз. Бұл жөнінде сөз қозғамас бұрын біз жазу алмастыру барысында қазіргі қолданыстағы қазақ жазуын тура бейнелеп 38 таңбалы әліпбиге көшетін болсақ, ештеме ұтпаймыз. Керісінше Ю, Я, Щ, Ч, Ф, Һ, Ъ, Ь, Х, Э дыбыстарын түгелімен тіл қолданысынан алып тастаған жөн. Себебі, бұлар қазақтың байырғы, шұрайлы тілінде болмаған. Тек кірме сөздерде ғана кездесетін әріптер. Бұл біздің тарапымыздан айтылған ұсыныс емес. Сонау алдыңғы ғасырдың І ширегінде атақты тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының жаңалығы. Ол кісі 24 әріптік қазақтың төте жазуының авторы. Әйгілі ұлт ұстазы осы жазу арқылы қазақтың қарапайым жалпақ тілінің әуезділігі мен тазалығын жан тәнімен сақтап қалды. Жат тілдерге тән әріптерді әліпбиден сүргінге айдаған төте жазу өзіне дейін қазақ тіліне «бұқпантайлап» кіре бастаған орыс тілінен енген сөздерді ғана емес, ежелден бері қазақтың аузынан түспей келе жатқан араб, парсы, шағатай, ноғай, татар т.б тілдерден келген кірме сөздерді қазақтың айтылу нормасына бейімдеп әкетті де, ендгі жерде қазақ Абайша «һәм», «ғибрәтлі», «самаратори сары алытын».... деп отырмайтын болды. Керісінше, олар қазақы тіл бояуымен дыбыстық өзгерістерге ұшырап, сөздік қорымыздағы байырғы қазақ тілінен амар-тамары жоқ төл сөзімізге айланып кете барды. Сөзіміз нық болуы үшін біраз мысалдарға тоқтала кетейік. Орыс тілінен кірген «кровать» сөзін алсақ, ол дыбыстық өзгерістерге ұшырап «кереует» деген қазақ тілінің үндестік заңына сай келетін, ешбір жаттығы жоқ жаңа сөз болды. Бұған мысылды мыңдап табуға болады. Мақсатымыз бұл мысалдырды тізбелеп отыру емес, саяси тәуелсіздігін алып, даму жолына қадам қойған қара ормандай халқымызға тіл тәуелсіздігі нәсіп болса екен деген ізгі арманды әл-дәрменімізше айтып қалу.

Оразбек САПАРХАН