МҰҚАНОВТЫҢ КЕЗЕКТІ МАСҚАРАСЫ

Сырттарынан қол қойған жалған Үндеудің«жаназасы» шықты... .

muhanov

 

«Жас қазақ үні» газетінде жарияланған Әйтеке бидің кесенесін салушы Ақтаулық кәсіпкер, Әйтеке бидің ұрпағы Қаражан Сердалиевтің «Әйтеке би кесенесіне көк тиын қоспаған Мұқанов жеп қойған миллиондарын жуғысы келді» атты сұхбаты мен көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбектің «Жұмабек әруақтарды арам пиғылына пайдаланып отыр» деген және Қазыбек Исаның «Үні бірге үш биден Әйтекені бөліп әкету ұлы билер ұлағаты мен Елбасының ел бірлігі саясатына қарсы шығу!» атты мақаласы қоғамда зор дүмпу туғызғаны белгілі. Осыдан соң Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы әкімі Марғұлан Марайым «Шардара тынысы» аудандық газетінің бас редакторы Жұмабек Мұқановты ауданның қоғамдық-саяси ауанына бұрыннан тигізіп келе жатқан зиянды тірліктері мен аудандық газеттің қоғамдық татулықты сақтау орнына бұзуға көп әрекет жасайтынын ескеріп, орнынан алған болатын.

Ал Мұқанов мырза аудандық га­зетті атасынан қалған мұрадай көріп (ширек ғасыр басқарып келеді), есік-терезені тарс құлыптап, кілттерді қалтасына салып алып, тайып тұрған. Бір ай жоғалып кеткеннен кейін... оның ұлы Орал облыстық әкімдігінде жауапты қызмет істейтін Шыңғыс Мұқан әкімдіктің жұмысын жиып қойып, әкенің жұмысымен айналысып, қос астананы аралап, ешкімнен қолдау таппағасын Шымкентке барып баспасөз мәслихатын өткізген. Онда да әупірімдеп жинап алған журналистерге жалған ақпарат берілген. Мұқанов аудан әкімінің құрбаны ретінде, ал оны әшкере еткен газетті руластыққа байланысты етіп көрсеткен. Солай адасқан оншақты журналиске әке-көкелеп жүріп қол қойдырып алған. Қол қойғанның көбісі­нің салмағына көңілі толмай, қоңылтақсыған Мұқанов қос астанадағы бас редакторлар мен осы туыс-ау дегендердің де қолдарын сырттарынан қойып жіберген. Біз тізімдегілерге қарап, олардың көбісі қолқа салсаң, қолқ ете қалып, қол қоя салатын, қол қоя алмағаны тіпті бармағын басып жіберетіндер екеніне көз жеткізген соң, көңілімізге күдік кірген астанадағы елге белгілі 3-4 редакторға хабарластық. Ең бірінші хабарласқан белгілі қаламгер, жазушы-журналист, әрдайым өз пікірін ашық айтып жүретін Жүсіпбек Қорғасбек өзінің әлдебір үндеуге қол қойғанын бізден естіп таң-тамаша болды. «Мен ешқандай үндеу де көрген жоқпын, қол да қойған жоқпын, «қолымды алып тастаңдар» деп айтамын» деп, ұйымдастырушыларға ашуланып қалды. Екінші хабарласқанымыз Астанадағы «Ел-Республика кз» газеттерінің бас директоры, белгілі журналист Қойшыбай Есентай тіпті қатты кетіп, ұйымдастырушыларды сыбап жіберді. «Мен ешқандай үндеуді білмеймін. Маған біреулер хабарласқанда «Жас қазақ үні» газетіне шыққан Ақтаулық кәсіпкер Қаражан Сердалиевтің Әйтеке би туралы сұқбаты мен Қазыбек Исаның мақаласы жақсы екен, шындықты ашыпты. Соны жариялайтын шығармыз» дегенмін. Бұндайлардан бәрін күтуге болады. Оларға менің сыртымнан қол қоюға кім рұқсат берді? Олардың кім екенін және тірліктерінің қандай екенін осыдан-ақ білуге болады...» деді. Елімізге белгілі қаламгер-қайраткер, баспагер-журналист Мереке Құлкенов те: «Ешқандай Үндеу көрген жоқпын, ешқандай Үндеуге қол қойған жоқпын» деп мәлімдеді. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай да, Қазақстан Журналистер Одағы төрағасы Сейітқазы Матаев та ештеңеден хабарсыз, ешқандай үндеуді көрмегенін де, ешқайда қол қоймағанын да айтуда. «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат ешқандай үндеу мәтінін көрмегенін, қол қоймағанын, бірақ телефонмен біреулер хабарласып, «бір журналисті бір әкім жұмыстан алып тастады» деген соң «мейлі» дегенмін»деп жауап берді. Елден де салмақтылау біреуіне хабарласып көре­йікші деп, танымал сатирик-журналист Сабырбай Ол­жабайға хабарластық. Ол кісі бірден «Мен жиналыстың ауанын түсінген соң тастап шығып кеттім. Сыртымнан қол қойып жіберіпті. Қолымнан бас тартамын!» деп кесіп айтты. Міне, Қадірлі оқырман, Мұқанов бұрынғы әдетімен елге белгілі тұлғаларға үндеуді көрсетпей-ақ, ескертпей-ақ сырттарынан сықпыртып қол қоя салған. Бұл қандай басыну екенін ол кісілерге өзі түсіндіріп берер... Қазір естіп, жатырмыз, үндеуге қол қоюдың сыры ашылып, қолдаушылар азайып бара жатқан соң әйтеуір келіскен, өздерінен өзге ешкім танымайтын адамдардың да қолдарын қойып, кейбіреуіне бармағын батырып, жанталасып жатыр екен. Сөйтіп, белгілілердің қол қоюы жалған болып шыққан соң, белгісіздердің өзін іздеп жатқан жайы бар... Үндеу мәтініне келсек, бір жақты жазылып, Мұқановты сүттен ақ, судан таза қылып, әкімді кінәлі етіп көрсетуге тырысқан. Бірақ көбісі ақ матаны қара жіппен тіккендей көзге ерсі көрініп тұр. Мысалы, біріншіден, әкімді аудандық газетті шығармай тастады деп көрсетеді. Керісінше, Шардара аудандық газеті Мұқанов елге жала жабам деп, соттан қашып, жойып тастаған тарихи атымен - «Өскен өңір» болып, өңі кіріп, тіпті түрлі-түсті болып шығып жатыр. Яғни, әділеттілік қалпына келтірілді. Аудандық газетті де жарқыратып осылай шығаруға болады екен ғой деп ел қуануда. «Ж. Мұқановты жұмыстан кетіріп қана қоймай, ол басқарып отырған газет жабылып қалып, орнына өзге газет ашылып үлгерді. Ал «Шардара Тынысы» газетінің 1969 жылдан бастап шығатынын ескерсек, 41 жылдық тарихы бар газетті оқырманынан айыра салу еш қисынға сай келмейді» деп соғады үндеуші топ. Ойпырмай, сонда 1969 жылдан шығатын газет «Өскен өңір» деп, 27 жыл «Өскен өңірдің» нанын жеп келген Мұқановтың былқ етпеуі, оның атын өзі 2-3 жыл бұрын ғана соттан қашып, «Шардара тынысы» деп өзгертіп жібергенін одан беймәлім топтан жасырып қалуы нені білдіреді? Үндеушілер айтатын Мұқановтың «шыншылдығы» қайда қалды бұл жерде? Қазір ел аудандық газеттің тарихи атын қайта алып, «Өскен өңір» атымен газет шығып жатқанына қуанып, әкім Марғұлан Марайымға алғыс айтуда. Екіншіден, Жұмабек жұмыстан алынған соң, ауырып қалды деп, әкімді кінәлайды. Ал Мұқановтың денсаулығына зиян неден келгенін қазір тек шардаралықтар ғана емес, елдің бәрі білетін болуы керек... Үшіншіден, өзін әкім сын материал жазғаны үшін қудалаған етіп көрсетеді. Оның не жазып келгені, не жазғаны, ауданның қоғамдық татулығына кері әсер етер әрекеттері «Жас қазақ үні» газеті бастап, www.аbai.kz пен бірнеше басылымдар қостап жазып жатқандықтан, оған тоқталмай-ақ қояйық. Оны тек Үндеуге қол қойғандар ғана оқымаған шығар... Төртіншіден, әкім журналистің кінәсін сот арқылы дәлелдеуі керек дейді үндеушілер. Мұнысы енді өте дұрыс. Бұған бәріміз де қосыламыз. Сондықтан үндеушілер талабымен әкім Мұқановтың ісін сотқа өткізді. Бесіншіден, «қара қылды қақ жарып, жемқорлыққа қарсы зерттеу мақалаларын жазатын тәжірибелі маман журналист» деген эпитеттерді оқып, бұлар кімді айтып отыр екен деп басымыз қатты... Бұл Жұмабектің жақсы көретін сөздері болғанмен, оған оның үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Тек «жемқорлықты зерттеуде тәжірибелі» дегеніне келісуге болады, өйткені «Әйтеке би» қорының елден жинаған миллиондарын сіңіру үшін еңбек те сіңіру керек қой... Алтыншыдан, «жоғары сынып оқушысы жұмыстан қуылған журналисті көріп, журналист болмаймын» деп бәле салып жатыр дейді. Бұның жұмысын ақсатқан журналист пен оны орнынан алған әкімге, жалпы Үндеуге не қатысы бар екенін білмедік. Мұндай кісі күлерлік сөзді «қорғау тобының» төрағасы Қыстаубаев қыстырды ма, жоқ, Жұмекеңнің «шы­ғармашылығы» ма, түсінбедік. Біздің көрген оқушымыз «Әулиедей көріп жүрген журналисіміз әулиелердің өзін саудаға салып жіберіп, үш биді бөлектейтін елбұзар болса, онда журналист болмай-ақ қояйын» деп жүр. Ал біз де «қыстырайық»... Жетіншіден, «облыс көлеміндегі ең өткір, ең шыншыл газет еді» деу үшін ұят деген нәрсені жиыстырып қою керек шығар. Бұлар «өткірлік пен шыншылдықты» қалай түсінеді екен деп ойға қаласың... Әрине, жеке қара басының мақсаты мен қорлануы жөнінде «Әйтеке би» қоры төрағасының өткірлігінде шек жоқ... Айтпақшы, осы үндеуде Әйтеке би кесенесіне жұмсалуы тиіс «Әйтеке би» қорына елден жиналған қыруар қаржылардың қайда кеткені жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Сонымен, Үндеуге «қол қойды» деген 13 адамның тек біз сөйлескен 7-еуі қол қоймағандарын ашық мәлімдеп, сырттан қол қоя салып сықпыртқан Мұқановтың жалған үндеуінің «жаназасы» шықты десе де болады... Мұқанов тобы шындықтан жалтарып, Әйтеке би тақырыбына жоламай, болған оқиғаны «журналисті әкім әділетсіз алды, бұл жерде рушылдық бар» деуге жанталасып бағуда. Үндеулерін қос астанадағы ешқандай газет баспаған соң, жергілікті бір газетке жалынып жүріп жариялап, оны «Абай.кз сайтына орналастырды. Бірақ ондағы Жұмабекті тірідей сойған халықтың ашу-ызалы пікірлер нөпірінен қорқып кетіп, әке-көкелеп жүріп жапқызып, екі күнге жетпей қашып құтылды. Ал екі айдан бері Abai.kz интернет порталындағы «Жас қазақ үні» газетінен көшіріп басқан, ең көп оқылуы мен ең көп талқылануы жөнінде екі айда да рекордтық көрсеткішке жеткен «Үні бірге үш биден Әйтекені бөліп әкету ұлы билер ұлағаты мен Елбасының ел бірлігі саясатына қарсы шығу» атты менің мақаламда тасада тұрып тас атып жатқан мұқановтардың сыбағасын беріп, жауап беруді талап етіп жатқандар күннен күнге артуда... Әрине, жалған оппозицияшы болу, әкімдерге рушылдықты таңып қорқыту Мұқановтың талай жылдан бері сыннан өткен сүйікті әдісі. Бірақ бұл «нөмір» бұл жолы өтпей қалды... Өйткені Жұмабекті әшкерелеген өзінің аталасы, Әйтеке бидің кесенесін салған Ақтаулық кәсіпкер, Әйтеке бидің ұрпағы Қаражан Сердалиев. Мен бар болғаны осы сұхбатты негізге алып, үні бірге үш биден Әйтекені бөлектеудің теріс әсері мен аудандағы қалыптасқан қоғамдық татулықтың бұзылуы жөнінде мақала жаздым. Жұмабекті әшкерелеп, «Әйтеке би кесенесіне көк тиын қоспаған, қайта зиян келтірген Мұқанов жеп қойған миллиондарын жуғысы келді» деп сұхбат берген (www.qazaquni.kz) Қаражан Сердалиев Әйтеке бидің тұқымы болса, «Мұндайлардан бәрін күтуге болады... Менің сыртымнан қол қойып жіберіпті» деп мәлімдеген Астанадағы «Ел-Республика кз»газеттерінің Бас директоры, белгілі журналист Қойшыбай Есентай Оралдық болса, Әйтеке би туралы әшкере мақаланы алдымен көшіріп басқан, әділдік үшін күресіп, трайбализмге қарсы шығып жүрген белгілі журналист, «Төртінші билік» газеті бас редакторы Өмірзақ Ақжігіт Жұмабекпен туыс болса, «Шәмші» журналының Бас редакторы, «Баба атындағы қорды баю қорына айналдырған Мұқанов Әйтеке би әруағынан қорықпай ма?» деген мақала жазып, Жұмабекті сойып салған талантты композитор Қалдыбек Құрманәлі Бәйдібек ауданынан болса, Мұқановты өлең қамшысымен өлтіре сабаған әйгілі ақын, Шешенстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков пен Жұмабекті әшкерелеген сұқбатты ең алдымен басқан Қазақстан Журналистер одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы, белгілі журналист, «Айғақ» газетінің Бас директоры Дулат Әбішті айтсақ та, бұл жерде қайдағы рушылдық жайлы әңгіме болуға тиіс?! Олардың Қазыбек Исаға немесе аудан әкімі Марғұлан Марайымға қандай қатысы бар? Осыған да басы жетпей, рушылдық дегендер тобымен abai.kz-ке емес, психикалық емханаға хабарлассын. Оларға айтарымыз, біздікі тек жауап беру. Ал әрбір жауап қойылған сұрақтан он есе шыншыл, он есе өткір болып жатса, онда бірдеме шимайлар кезде ойланып алу керек... Негізі біз Мұқановтың үстінен редакцияға материалдар топтап келіп жатса да, өткендегі саннан кейін тоқтатпақ болғанымызды жасырмаймыз. Бірақ...Үндеуге үндемей қалуға болмас деп, жауап беруге тура келді... Енді соңғы сөзді сот айтады...

Қазыбек ИСА