ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДАҒЫ ДҰРЫС ЖҮЙЕ ӘЛІ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖОҚ

Асқар Жұмаділдаев, академик:

– Аға, жақында билік шет елдегі ғалымдарды қайтару жөнінде мәселе қозғады. Қателеспесем, 125 ғалымды. Осы мәселеге қалай қарайсыз?

– Министрдің шет елдегі ғалымдарды қайтару туралы мәселесіне оң көзбен қараймын. Игі жақсылардың өз отанымызда, өз елімізде болуын дұрыс деп есептеймін. Бірақ, меніңше, бұл мәселеге басқа бір тұсынан келген дұрыс сияқты. Сол ғалымдар келе ме? Біздің ұсынысты қабылдай ма? Шет елде жалпы екі түрлі жағдаймен жүреді. Біріншісі, perment pozition – тұрақтылық. Тұрақты жұмысы бар адам келе қалса, мен оған үлкен таң қалыспен қарайтын едім. Ал уақытша жүргендер болса, келісім-шарт уақыты бітіп қалса, грантының уақыты біткен болса, оның келуі әбден мүмкін.

Орыстар айтады: «Хорошо там, где нас нет» деп, ал қазақтар «көршінің тауығы қаздай, қатыны қыздай» деп. Шындығында, біз ойлаймыз, шетелде бәрі де керемет деп. Ал дүниенің барлық жері бірдей. Көзге көрінбегеннің бәрін жақсы деу тек иллюзияға сену. Қазақта мақал бар, «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» деген. Атақ-даңқ дегеннің бәрі бос сөз. Негізінде бізге тек күш-қуаты тасып тұрған, жиырма-отыз бестердегі жастар керек және ол жақта тұрақты жұмыс орны бар адам ғана керек. Грантының уақыты келіп, тәуір жағдайда өмір іздеп, елге қайтушыларды қолдамаймын. Мәселен, америкалық профес­сор мен біздегі академикті са­лыстырсақ, бізге қарағанда ол жақтың тұрақты қызметінде болу жүз есе артық. Себебі шет елдің профессорының тоғыз айлық, яғни бір жылдық жалақысы мен біздегі академиктің жылдық табысын салыстыра  алмайсыз. Бізде ғылымға қосымша ақша төленбейді. Ондай туралы естіген емеспін. Шет елдің бір пайдасы, шынтуайтында, сол. Мысалыға, Бостон, Гарвард, Пенсильвания университеті деген университеттерден ға­лымдар келіп жатса, мен оған таң қалатын едім. Ал олар келе алмайды, себебі, оның сонда лабараториясы, тақырыбы, шәкірті, жалақысы, үйі бар. Осыдан кейін ол неге келу керек? Бұл бірінші мәселе. Ал екінші мәселеге көшейік, жалпы солар бізге керек пе? Енді тағы да бір мысал айта кетейік, бізде әлемде бірен-саран ғана кездесетін ғарыш айлағы бар. Бізде космодром дамыған, керек десеңіз, ғарышқа ең бірінші Қазақстаннан ұшқан. Қазақта екі ғарышкер бар. Бірақ та, қазір сол кісілер қайда? Ал неге сол кісілерді белгілі бір жұмыспен қамтамасыз ете алмаймыз? Неге орынды сый-құрмет жасалмайды? Айналдырған екі ғарышкерге жұмыс табылмаса, ал қалған шет елден келетін ғалымдарға немізді ұсынамыз?

Менің ойымша, бізге жетпей тұрған екі нәрсе бар: бірінші логиканың жоқтығы, ал екінші салыстырмалық теорияның жоқтығы. Оны былай түсіндіреміз, бізде теория жүзінде ғалымдар керек те, ал практика жүзінде керегі жоқ болып шығады. Енді ойлаңыз, мен кімнің келетінін, кімнің келмейтіні туралы айта алмаймын, ал меніңше, үкіметтің логикасы мен ісі сәйкес келу керек. Өкінішке орай бізде бәрі де керісінше, бізде мінбеде жақсы сөздер айтылады. Елбасы Н. Назарбаев бір сөзінде айтты: «Кеңестік дәуірде бізге теорияны оқытты, ал практиканы оқытқан жоқ» деп. Рас сөз. Мен тек сол ойды жалғастырушымын. Сондықтан, мен игі жақсыларды елге шақыруды батырлық екен деп білмеймін.

– Кезінде жеке оқу орын­дарының шоқтығы биік деп саналған жеке университеттер болатын. Енді қазір де Н.Назарбаев атындағы университет ашылды. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Мұнда бір емес, үш-төрт сұрақтың астары бар. Рет-ретімен келейік. Жалпы кімнің атымен, қандай болып ашылғанды­ғын айтпасақ, университеттің ашылуы өте дұрыс. Казиноңыз бен барахолкалардың ашылуына қарағанда, оқу орнының бой көтеруі жағымды әсер. Өйткені сан сапаға көшеді деген прин­ципті білесіз. Президенттің өз бастамасымен, өз бақылауына алып отырған ісін құптаймын. Бірақ бұл жерде тағы бір жағдай туындайды. Мәселен, бұл оқу орны шын мәнінде алғашқы орындағы университеттер қатарында ма? Мен үшін университет сапасы турасында үш түрлі принцип бар. Олар: бірінші, онда қандай профессорлар сабақ береді және оның қандай еңбегі бар? Екінші, оның қандай кітапханасы бар? Үшінші, оның студенті қандай ғылыми олимпиадада қандай жетістіктері бар? Ал мен аталмыш оқу орны жайында ешқандай ақпаратпен таныс емеспін.

– Біз әлемде жалпы білімнен он төртінші орындамыз. Ал төртінші сыныпқа дейінгі аралықта төртінші орында екеніміз белгілі. Осы орынға қаншалықты лайықпыз деп ойлайсыз?

– Иә, осы орын алып, марапатқа ие болып жатқандар қайда? Солай қарастыру жөн шығар. Ғылымның екі түрі бар. Бірі тұлпар ғылым. Мәселен, тарих ғылымы. Ол керек, оған көптің қызығушылығы да бар. Бірақ адамға ең көп пайда әкелсе де, өмір бойы сөгіс естіген бір жануар бар. Ол есек. Яғни есек ғылым. Оның бір мысалы – математика. Жаңағы айтылған жеңімпаздар сол, мектеп жасына дейін дұрыс жүйеде болады, ал әрмен қарай бұрыс жолмен жүруіне тура келеді. Себебі көбісі ғылымға келмейді. Бізде ғылымды дамытудағы дұрыс жүйе әлі қалыптасқан жоқ.

– Оқу орындарында жаңа білім беру жүйесі қалыптасты. PhD үрдісін қалыптастырдық. Яғни, кандидаттық пен докторлықты қорғай алмайсыз. Мұндағы негізгі себеп, ғылымды жаңа бір түрде дамыту. Сіздің осы мәселеге көзқарасыңыз?

– PhD дегеннің негізі Ұлыбританияда пайда болған. Түптеп келгенде, кандидаттық та, докторлық та, PhD дегеніңіз де бір нәрсе. Мен үшін ол маңызды мәселе емес. Жалпы білімде реформа көп, бітер де емес. Оның әрбірін таңсық етіп қабылдай беру білім мен ғылымды дамытып жібереді деп ойламаймын.

– Қазір де университет көп. Барлығы да жоғарғы оқу орындарының түлектері. Ал техникумдар, кәсіптік білім беру саласы дамымай жатыр. Осыған қалай қарайсыз?

– Жалпы, қазақтың бәрі университет бітіру керек деген сөз қайдан шыққанын білмеймін. Қайда барсаң, екі-үш дипломы бар қазақ жұмыс таппай жүреді. Путин Ресейдің өнеркәсібіне 80 пайыз көлемінде кәсіптік білімі бар адам керек екенін айтты. Грантты азайту керек те, оқудың ақысын көбейту керек. Себебі қазір ғылым ойыншық болып кетті. Әлдекімдер келіп, оқу орнынан ешқандай да білім алмай, дипломын сатып алып-ақ кететін үрдісті шығарды. Бұл қатерлі нәрсе. Жемқорлық, парақорлық деген індеттер кең етек жайды.

– Қазір де білім дамыса, ұлттық өнім де дамитыны белгілі. Ал енді ұлттық өнімнен импорттың тоқырайтынын еске алсақ, біздегі әлеуметтік жағдай шама-шарқынша дамуды бастан өткеретін еді. Бір қиыны, ғылымның дамуы жоғарыдағы белгілі бір топтардың мүддесіне қайшы келеді деген лепес бар. Сондықтан, ғылым қасақана дамымай отырған сияқты.

– Теория мен практикаға тағы да келеміз. Теория жүзінде біз мемлекетті дамытуымыз керек. Ал практика жүзінде ол ешкімге өнімсіз. Сондықтан да, механизмді қайта қарап шығу керек сияқты.

– «Болашақ» бағдарламасы бізге не береді?

– Мен білетін анық нәрсе, математика ғылымына келген ешқандай ғалым жоқ. Бірақ мен «Болашақ» бізге ештеңе де бермейді деп кесіп айта алмаймын. Бұған біржақты қарай алмаймын.

– Сіздің салаңызда Нобель сыйлығы берілмейді. Неліктен?

– Оның әңгімесі көп қой. Өз басым сыйлықтың неге берілмейтіні жайлы ойланып та көрмеппін. Сый жайлы ғалым адам ойламауға да тиіс .

– Әңгімеңізге рахмет!

Ардақ ҚҰЛТАЙ