Алаш жұрты Ақан серісін ардақтады

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, қара шаңырақ Жазушылар Одағында «Алаштың Ақан серісі» атты дәстүрлі ән кеші өтті. «Адырна» ұлттық-этнографиялық  бірлестігінің бастамасын Жазушылар Одағы қолдап, дәстүрлі әнді сүйер қауымды бір қуантып тастады.

Кешті ф.ғ.д. профессор Т. Кәкішев сөз сөйлеп, ашып берді. «Соңғы уақытта тіпті қазақтың шырқап салатын әніне зар болып бара жатқанымыз өтірік емес. Қайдағы тепеңкөктерді мініп алып, таңертеңнен кешке шейін билеуге ыңғайланып тұрамыз. Қазақтың дауысын кернеп салатын дәстүрлі әндерге зар болып тұрған уақытта жастардың ұйымдастырып жатқан мына кеші орынды-ақ екен» деп ой түйіндеді ақсақал.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің алға қойған мақсаттарының бірі – дәстүрлі әнді ел арасында дәріптеп, әсіресе жастардың сүйіспеншілігін ояту. Қазақ тілді эстраданы қойып, «өзгенің қаңсығы бізге таңсық болып», шет елдің дәстүрге де, тәрбиеге де қатысы жоқ әндері санамызды жаулап алып тұрғанда, әлбетте, өзіміздегі барды насихаттау маңызды. Сондықтан да болашақта әнші, жырау, сері атанған, елге аты жайылған бабаларымыздың әр қайсысының шығармашылығына арнап бір-бір кеш өткізсек, артықтық етпеген болар еді. Бір ғана Ақан серінің 40-тан астам әндері бар екен. Халықтың арасында оның көп болса 10-шақты әні ғана кең тараған. Осы кеш барысында оның көп шырқала бермейтін әндеріне де  назар аударылып, әр әннің шығу тарихы да айтылып отырды. Сонымен бұл кеште жәй ғана ән шырқалып қоймай, танымдық та, тәрбиелік жағына аса мән берілді. Осы жоспарланған дәстүрлі ән кешінің басы Ақан серінің шығармашылығына арналуы да бекер емес. Ол – сол замандағы отарлауға түскен қазақтың мұңын айтып, қарсылығын танытқан өнер саңлақтарының бірегейі болғандықтан. Тәуелсіздік күні қарсаңында бұл да жастарға өнеге боларлық кеш болғаны анық. Кеш басында Орал Жүнісовтың «Ақан сері» деректі фильмі көрсетілді. Бұл фильм Ақанның ғашықтық хикаяларынан ғана сыр шертіп қоймай, оның ұлттық рухтың ұраншысы, азаттықтың жаршысы екенін көрсетіп берді.

Жоламан Құжиманов («Үш тоты құс», «Шамши қамар» әндерін орындады), Рамазан Стамғазиев («Шырмауық», «Райхан гүл» әндері»), Сәуле Жанпейісова («Ақтоқтының ажары» әні), Ардақ Исатаева («Мақпал» әні), Ерлан Төлеутай («Маңмаңгер» әні) сынды әншілер дәстүрлі әнге шөліркеген халықты бір сусындатып тастады. Сонымен қатар, Талғат Әбуғазы («Көкжендет», «Балқадиша» әндері), Гүлсім Арысбаева («Майда қоңыр» әні»), Досхан Одаманов («Ақтоқтының зары» әні), Ерлан Құжиманов («Ақтоқты» әні), Жасұлан Базарбеков («Жігітшілік», «Көк ала тай» әндері), Саят Нұрғазин («Құлагер» әні), Жасұлан Сақаев («Сырымбет» әні), Уатқан Зақан («Құлагердің құлыны» авторлық әні) тәрізді ұлттық өнерді бойына серік еткен жас әншілер бабалар аманатын ұмытпағанын көрсетті. Жастардың да арқалы әннен өз сыбағалары бар екенін, ел мұрасын қызғыштай қорғайтын толқын өсіп келе жатқанын сөзсіз дәлелдегендей күй кешірді.

Кештің ең жас өнерпаздары «Арнау» ансамблі (Қуантай Тәтеновтың «Ойтолғау» күйі, Қытай қазақтарының күйі «Арнау») көрермен қауымның ерекше қошеметіне бөленді. Балғын бүлдіршіндердің барлық аспаптарды бірдей игерген өнерпаздығы ел ертеңіне деген үміттің отын тұтатқандай-ақ. Көкшетаудан келген ақын-жырау Жұмабай Есекеевтің өнегелі өсиеті жастарға үлгі болуы тиіс.

...Мен қазақпын дегеннің бәрі туыс,

Біреуге іні, біреудің ағасымын.

Ал Алашты алалайтын жан емеспін,

Үш жүздің алтын көпір арасымын.

Бір қолда бір-бірімен қатар өскен,

Бір қолдың бес саусақтай саласымын,- деп жастарды бірлікке шақырып, бірлік болған жерде тәуелсіздігіміз мәңгі болатынын баса айтты.

«Адырналықтар» жоспарлағандай, дәстүрлі әндердің Жетісу мектебі, Сыр сүлейлері, Батыстың жыраулары, Арқаның сал-серілерінің бәрін қамтитын осындай кештер өткізу болғанымен де, оған бір бірлестіктің қабілеті жеткенімен де, қарымы жете бермейтіні де белгілі. Сондықтан Мәдениет министірлігі тарапынан болсын, қалалық әкімдіктен болсын, жеке ұйымдар мен кәсіпкерлер тарапынан болсын қолдау болып жатса, дәстүрлі ән салып жүрген әншілерге де, өзіміздің дәстүріміз бен өнерімізге бей-жай қарай алмайтын қауымға да үлкен демеу болар еді. Жастарымызды ұлттық құндылықтармен тәрбиелейміз десек, осы басталған шара аяқсыз қалмай, жалғасын таба берсе деп тілейік.

Ардақ БЕРКІМБАЙ