«Мүлдем» олай емес, Жанай мырза!

“Екі жұлдыздағылар” қазақ тілін дұрыс біле ме?

Елді елеңдеткен «Екі жұлдыз» шоу-хабарының үшінші кезеңі де бітті. Қызығы бар, шыжығы бар, әйтеуір елді өзіне тартып отырғаны анық.  Бұл жолғы елдің екі жұлдызы болып белгілі әнші Ақбота Керімбекова мен тележүргізуші Қазыбек Қасым танылды. Дұрыс таңдау секілді. Әйтеуір «еркектер көп әйел алса, мен көп байға тиемін» деген Бақыт Сыздықова сияқты «халық қалаулылары» алмағанға қуандық...

Биыл да марапаттау кезінде өткен жылғы кемшілік тағы да қайталанды. Ол «Қазақстан» ұлттық арнасы басқарма төрағасы Жанай Омаровтың қазақ сөзін дұрыс қолданбауы. Енді жеңімпаздарды айтар кезде , менің 5 сынып оқитын Қаныш балам :«Тағы да «мүлдем» дейтін шығар» дегені. Ол айтып, ауыз жиғанша, біз оның нені мегзеп отырғанына түсінгенше Жанай мырза: « Бұл бес жұп та нағыз !Екі жұлдыз» болуға мүлдем лайық!»деп қойып қалғаны... Үйдегілердің бәрі күліп,  Қаныштың өзі қызарып кетті. Былтыр да осылай деген, соны 5 сынып оқушысы ұмытпаған екен ғой. Бұл «мүлдем лайық» дегенді Жанай мырза тағы екі-үш рет қайталап, ең басты «Екі жұлдызды» жариялар кезде де айтты... «Мүлдем лайық»  емес... өте лайық, Жанай мырза! «Мүлдем» деген сөз керісінше, қарсылық мағынада қолданылады. Мысалы, егер «Бұл бес жұп мүлдем лайық емес» десеңіз, бұл жерде дұрыс қолданылып тұр... Халық жазушысы Сейтжан Омаровтың Ақ Ордада да талай басшылық қызметтер істеген баласына біздің баланың ақыл үйреткені дұрыс емес, әрине. Мен Жанай Омаровтың қазақ тілінде сөйлеп жүргеніне өте ризамын («мүлде» емес...). Бұл жерде «Екі жұлдыз» бағдарламасының басы-қасындағылар кінәлі, бастыққа былтыр ескертпеген. Мүмкін, бас продюссер Динара Адам бастаған адамдар да ол сөзді, тіпті қазақшаны білмейтін шығар. Әрине, «Жас қазақ үні» газеті де кінәлі, былтыр дереу сынап жазбаған...

Келесі жылы «мүлдем» олай айтпаңыз, Қадірлі Жанай Омаров мырза...

Қазыбек ИСА

Ақбота Керімбекова: Әрине бұл жерде басты әділ қазы алқасы – халық. Сондықтан бұл жобада мен тек халыққа ғана сенемін. Мен үшін отандастарымның көзқарасы мен пікірі үлкен рөл атқарады. Ең бастысы халқыма шынайы көңілмен, жанды дауыспен ән сыйлау және жұбымның мықты екенін паш ету. Жалпы кез-келген жобада 100 пайыз әділдік бар деп те айта алмаймын... Сонымен қатар, бұл жобаның таза қазақи болғанын қалар едім. Өздеріңіз байқағандай, орыстілділер басымырақ. Бұл бір. Екіншіден, әр саланың өз маманы бар дегендей... жүргізушілер жағы да осалдау сияқты. Сондықтан жобаны таза қазақ тілді жақсы меңгерген, сөздің қадірін бағалайтын тіл мамандары, журналистер және дикторлар жүргізсе жарасымды болар еді. Бұл менің өз ойым.

Қазбек Қасым: Әділетсіздік мүлдем жоқ деп кесіп айта алмаймын. Мүмкін ұйымдастыру жағынан шығар, мүмкін дауыс беру жағы ма, мүмкін әділқазылар алқасы жағынан да шығар. Бәрі де мүмкін. Бірақ нақты мынау деп айтпаймын, оған ренжімеңіздер. Тағы айтайын дегенім, көбісі алғашқы маусымдары қызықты деп жатады. Иә, жасырмаймын, ол жағына келісемін. Ал бізде қойылым жағы осалдау сияқты. Сонымен қатар, болашақта меніңше сахнаны үлкейту керек сияқты, жоспарлаған қойылымдар сәтсіз шыққан кездері де болды. Сол жағынан сәл қолды байлайды. Режиссерлерге де көңіліміз толмайды. Үлкен дайындықпен шыққан өнерімізді, яғни биіміздің, әніміздің, жалпы қойылымның дұрыс жерлерін алмаған кездері де болды. Сол жағын ескерсе екен деп ойлаймын. Сонымен қатар, ұпай санын да (халық берген дауыс саны) ертерек ескертпей жатады, ол дұрыс емес сияқты. Меніңше, шоу болған соң оның бәрін ескерту қажет, біз де дайындықпен шығуымыз керек қой.