ЖЕТІМСІРЕГЕН ЖЕЛТОҚСАН

Бүгін Желтоқсан көтерілісіне 24 жыл толды. Қазақстанның тәуелсіздік алуын жақындатқан, КСРО-ның ыдырауына одан қалды бүкіл әлемдік социалистік жүйеге бетбұрыс жасаған желтоқсан көтерілісі бұл. Бұл тарихи көтерілістің бағасын бір сөзбен немесе бір мақаламен жеткізу қиын.

Енді Тәуелсіздігімізбен астарласып жатқан осындай көтеріліс туралы ақпарат құралдарына қарап отырсақ құдды бір Желтоқсан деген көтеріліс тарихта болмағандай әсер қалдырады. Негізінде Президентімізден бастап барлық басшыларымыз Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, құрбан болғандардың рухына құран бағыштаулары керек еді. Ол түгіл Елбасыдан бастап билік басындағылардың бірде біреуі Тәуелсіздік күніне арналған сөздерінде, баяндамаларында Жел­тоқсан көтерілісі туралы бі­рауыз сөз айтпады. Астанада тағы да тек «Ақ жол» партиясы Желтоқсан рухына тағзым етті.Көтеріліске қатысушылар ақталған тұста 17 желтоқсан ресми түрде Демократиялық жаңару күні деп жарияланған еді. Қазір ол атаулы күн де көмескіленіп барады...жоқ. Сонда біз Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың көзі тірісінде тарихқа қиянат жасауымыз керек пе? Жыл өткен сайын Желтоқсан көтерілісін тарих бетінен өшіруге ұмтылу бейшаралықты көрсетеді. Ақиқат Алланың тынысы, Алланың тынысын тарылтуға, тұншықтыруға болмайды.

Талай мүсәпір пенделер өткен, ақиқатпен күресіп, бірақ бұл жалғанда ешкім жеңе алмаған, жеңе алмайды да. Ол әрекет адамның бейшаралығын көрсеткеннен басқа ешнәрсе емес. Адам өзін жазалай алмай, жазалаудан қашқақтауы мүмкін, бірақ пенделер жасаған қылмысы үшін жазадан құтыла алмайды. Ең дұрысы еркек болған соң, еркекке лайық жасаған қылмысы үшін кешірім сұрап, Желтоқсан көтерілісінің бағасын беруі керек. Алла да кешірімді, қазақ халқы да кешірімді ғой. Желтоқсанда құрбан болғандардан, ар намысы тапталғандардан, денсаулығын мүгедек қылғандардан біздің қай жеріміз артық. Олар осы жердің, елдің мүддесі үшін қарсылығын көрсетіп, қазақ болғандығы үшін азапталды, өлтірілді емес пе? Олар ұлттық идея, ұлттық мүддені өз жанынан да жоғары қоя білді. Ал біз олар сияқты ерлік жасамасақ та, еске алуға неге жарамаймыз? Еске алу мәселесінде көтеріліске қатысушылардан да, тарихтан да, ұрпақтан да ұят болды. Ұлттық мүдде желтоқсаншыларға ғана керектей, олар өз жеке мақсат-мүддесі үшін алаңға шыққандай әр жылы Желтоқсан көтерілісін Алматы қаласында тек желтоқсаншылар ғана еске алуы ұят. Дегенмен тарихты ешкім өшіре алмайды. Жыл өткен сайын жастар арасында да ұлттық сананың оянып келе жатқандығы қуантады. Жастар санасында желтоқсанды «төбелес» деңгейінде ғана қалдыруға тырысқанымен бәрібір болашақ ұрпақ бәрін өз орын орындарына қоятыны ақиқат. Әрине желтотқсанды еске алуға байланысты әр жерде де биліктің нешетүрлі құтирқы әрекеттері де жоқ емес, қылаң беріп қалады. Түсінбейтінім қоғамдық тәртіпті бұзып, қиратып, аударып тастайын деп жатқан ешкім жоқ. Менің ойымша, бұл билік өз халқынан  сескенеді ме деген ойға жетелейді. Десек те, түрлі кедергілерге қарамастан бәрібір қайта оянып келе жатқан ұлттық рухты, мемлекетшілдік сананы тоқтата алмақ емес. Оған басқа қалаларды білмедім, Астана қаласында 2-3 жылдан бастап жыл өткен сайын Желтоқсан көтерілісін еске алушылар қатарының көбейіп келе жатқандығы куә. Атап айтар болсақ, ұлттық мүддені өзінен жоғары қойған бірқанша Астана тұрғындарымен қатар,Астана қалалық «Мемлекеттік тіл» қозғалысының, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының өкілдері 16 желтоқсан күні Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады. Бұл үрдіс осылайша жалғасын тауып, күшейе отырып, түптің түбінде Желтоқсан көтерілісі өз тарихи бағасын алатынына сенемін.

Ұлты үшін шейіт болған боз­дақтардың асыл рухы пейіштің төрінде шалқысын!

 

Ф.Әбсаттар