ТІЛ «ЖЫРЫ» 30 жылға созылмақ па?

Даурығу мен дақпыртты жалау етіп зымырап барамыз. Қайда, неге, қалай кетіп бара жатқанымызды бір уақ бағдарлап, ойланып, түйсініп алу жоқ, талай тірлігіміз  жер бауырлап қалған өзімізді қызыл тілмен көкке көтере мадақтап әуреміз. Биліктің алақанынан көз алмайтын ақпарат атаулының сампылдап сипаттауына сенсең, бүкіл дүние жүзі таңды: «Қазақста-а-ан!» деп тамсанып атырып, күнді: «Қазақстан! Ендігі үмітіміз сенде-е-е!» деп  батырып  жүр екен. Қайтсін-ай,  өзінің  ресми деректер көзі: - Біздің сыртқы қарызымыз 100 миллиард доллардан асты, - деп қылиланып отырған Қазақстанға қалай «ынтықпасын»?!.  Қайтсін-ай, Конституциясына: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп бадырайтып жазып қойып, сонымен «уһ!» деп тынған Қазақстанға неге  «қызықпасын»?!.

«Сыртқы қарыз» дегенді ойласақ, желік-желпінісі енді ұзаса, екі жетіден  кейін  сап  болатын кешегі Саммитке шашылғаннан оған тағы қанша қосылатынын ертең-ақ естірміз. Билік: - 11 миллион евро жұмсалды, оның төрттен бірін басқа елдер берді, - деп жуып-шайып отыр. Бергендері «қазақстандық сәлем-сауқат» болып, халықтың несібесі есебінен еселеп өтелгені сөзсіз.

Мемлекеттік тілді ойласақ, оның заңды мәртебесіне қашан ие боларымыз белгісіз. Бұйырған Тәуелсіздіктің «отыз күн ойынын, қырық күн тойын» көзді жұмып алып он жылға создық та (әп дегеннен көзді ойнатып-жайнатып,  жоқ мұртты жыбырлатып, көсе сақалды сауып, өңешті кеңейтіп,  тойды тойға ұластыруға маманданып алдық қой!), бір күні оңаша билік басындағылар ошарыла қалып: «Тілдерді қолдану мен дамытудың» 2001 – 2010-жылдарға арналған бағдарламасын жасады, тіл туралы әңгіме көбейе бастаған соң.  Ал президент Н. Назарбаев мырза: «Бағдарлама орындалсын!» деп нығытты. Премьер-министр: «Ләппәй, тақсыр!» деп иілді. Президенттің нығытуы жиі, қадағалауы сирек болатынын білетін премьер, әрине, иіліп тұрып жымиды. 

«Күн артынан күн өтіп» дегендей, республиканың премьер-министрлері, портфельдің кезегіне тұрғандай-ақ, Ақ ордаға бірінен соң бірі кіріп-шыға бастады. Қ. Тоқаев таққа отыра сала, мемлекеттік тілді үйренуге «шешініп тастап» кірісті. Естуімше, бүгінде біраз жерге барып қалған көрінеді. Одан кейінде... «Ақмолада туып-өскен қазақ» К. Мәсімов, келе мұртын сипап қойып, қазақ тілін дереу үйренетінін, келесі мәжілісте мемлекеттік тілде сөйлейтінін  айтып, ант-су ішті. Иә, ол келесі жолы қазақ тілінде жазып берілген сөзін «екі шоқып, бір қарап» оқып құтылды да, содан кейін жиында мемлекеттік тілде сөйлеуді, үкімет мәжілісін мемлекеттік тілде жүргізуді қажет етпеді. Президенттің: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген «теориясының» жаңылтпашқа бергісіз екенін аңдаған ғой.

Соның бәріне тірі куә парламент әлі күнге кірсіңді телпегін баса киіп отыр. Бес-алты депутатының  мемлекеттік тілде сөйлегенін малданып келеді. Мәжілісі орыс тілінде өтіп, заңы орыс тілінде жазылады. Ал, меніңше, «қосалқы парламент» - Қазақстан халықтарының ассамблеясы болса, оның өз «әләуләйі мен хәләуләйі» бар.

Тіл туралы сөз көп, көңіл көншітер нәтижесі жоқ. Тілге жанашыр ұйымдар тақта алдына шығып, тақпақ айтатын шәкірттің күйінде. Бұл сөзіме олардың қайсыбірі наразы болар, бірақ  шындықтың шегінен шыға алмас, себебі: кейбірі биліктің тілдерді қолдану мен дамыту деген жаттанды-жарнамалы бағдарламаларының жаңа нұсқасын – 2011–2020-жылдарға арналған жобасын биліктің шенеуніктеріне қосыла құптауға кірісті. Сірә, дүние жүзі мемлекеттерінің тарихында өзінің мемлекеттік тілін Қазақстан Республикасынша 20 жыл бойы талқылағаны болмағанын және ешқашан болмайтынын көріп, сезіп, бұл салада да өзіміздің «рекордшы» екенімізді мақтаныш ететін шығар.

Алғашқы, яғни 2001 – 2010-жылдарға жасалған жоба далада қалды, әдеттегіше сөз жүзінде көпірту жеткілікті болса да, іс жүзінде таразы басын «Ішің білсін, алу-ай» басып кетті. «Бағдарлама қайда, қалай, неге орындалмады, кімдер кінәлі? Қабылдаушы болып, орындаушы болмағаны несі? Қадағалаушы қайда?». Бұл сұрақтардың жауаптары өкіметтің «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» және кілті «ішінде қалып қойған»   сейфінде жатқан болар. Содан кейін билік шіркінге келесі он жылға жаңа бағдарлама жасаудан басқа жұмыс қалмаса керек. Ол бағдарламасының жобасы бұдан біраз бұрын жұртшылықтың талқылауына ұсынылды. Биліктің ақпарат құралдары әдеттерінше үпілеп-сүпілеп үкілерін тағып жатыр. Алайда зиялы қауымның ояу бөлігі оны баяғы бәтуәсіз жобалардың бірі деп дұрыс біліп, мемлекеттік тіл «жырының» жиырма жылға созылуын құптамай, оны 2-3 жыл деп нақтылап тұжыруды және ол тұжырымның орындалуын мейлінше қатаң бақылауға қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың, партиялардың түгел қатыстырылуын талап етуде. Мысалы, Астанада қалалық «Мемлекеттік тіл» қозғалысы (Төрағасы -  белгілі дипломат, профессор Сайлау Батыршаұлы мырза) бастап үн тастап, оны 28 ұжымнан қатысқан 77 өкіл бірауыздан қостап, мәжіліс өткізіп, президентке, парламентке, үкіметке наразылық-талап хат жолдады. Меніңше, өте дұрыс шара! Алматыдағы, жер-жердегі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, партиялар, жалпы тіл жанашырлары, оппозиция астаналық әріптестерін қолдап, ауызша да, жазбаша да үн қосса, «Бәрекелді!» болар еді!

  Ғаббас   ҚАБЫШҰЛЫ