ҚАЗАҚ КӨШІ неге тоқырап тұр?

Елімізге келуші оралмандар қатары сиреп барады...

Қазіргі кезде шетел қазақтарының елімізге виза алып келуі біршама қиындап кетті. Келген қандастарымыздың тұрақты тіркелуі, азаматтық алуы, жұмысқа орналасуы да өте қиын. Қазақстанға қалай көшіп келіп, қай облыстарға орналасуы тиімді екендігін алдын ала түсіндіру жұмыстары да жеткіліксіз. Осындай жағдайдың салдарынан елімізге келуші оралмандар қатарының сиреуі байқала бастады.

Кезінде қауымдастықтың қолға алуымен дайындық бөліміне қабылданатын шетелдік қазақ жастарының саны 1500-ге дейін жетті. Шетелдегі қазақ жастарына білім грантынан арнайы квота бөлу, шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар жіберу сияқты іс-шаралар да қолға алынған еді. Қазір мұндай жұмыстар біраз саябырсыған.

       Әрине, шетелдегі ағайындар атажұртқа аз уақыттың ішінде жаппай көшіп келсе, өте дұрыс болар еді. Бірақ мұның мүмкін емес екенін мойындаған жөн. Оның себептері бірнешеу. Мысалы, шетелдегі ағайындардың бәрі дерлік бүгін-ертең Қазақстанға қоныс аударуға ықылас танытып, дайын отырған жоқ. Жылы орындарын суытқысы келмейтіндер баршылық. Оның үстіне көші-қон жұмысы қаржыға да тікелей байланысты. Келген ағайындарды баспанамен, жұмыспен, балаларын мектеппен қамтамасыз ету керек. Жасы келгендерге зейнетақы төлеу қажет. Ал мұның бәрі ұшан-теңіз қаржыны керек етеді. Ал ағайындарды шақырып алып, оларға не баспана, не жұмыс, не зейнетақы тауып бере алмасақ, ең қиыны – сол. Соған орай әлемдегі кез келген мемлекет көші-қон мәселесінде ең алдымен өзінің экономикалық мүмкіндігін есепке алады. Қазақстан да осы бағытты ұстанады. Бүгінгі таңда көші-қон квотасының жыл сайынғы мөлшері 20 мың отбасын құрап отыр. Егер осы жоспардың өзі ойдағыдай орындалса, үлкен жетістік болар еді. Бірақ соңғы кезде бұл да қиындай бастаған сыңайлы.

Біздің қоғамда шетелдегі қазақтарға деген әр түрлі көзқарас қалыптасқан. Әрине, жұрттың көпшілігі алыстағы ағайындарға әрқашан да қамқорлық жасап, көшіп келуіне барлық жағдай туғызу керек деп есептейді. Бірақ сонымен бірге қазақ диаспорасын ел басына күн туғанда атамекенін тастап қашып кеткендер деп кінәлайтындар да кездеседі. Осыған орай мына мәселені қадап айтқымыз келеді. Сырт жерлердегі қазақтардың басым көпшілігі – соңғы бір-екі ғасыр көлеміндегі әр түрлі жағдайлармен шекараларды қайта бөлудің салдарынан сыртта қалып қойғандар. Яғни олар – өздерінің ежелгі атамекендерінде отырып-ақ, шетелдік атанған ағайындардың бүгінгі ұрпағы. Ал там-тұмдап алыс шетел асып кеткендер – сол кездегі түрлі қуғын-сүргіндерден жазықсыз жапа шеккендер. Міне, осы ағайындардың бүгіні мен болашағына деген дұрыс көзқарас қалыптаспайынша, оларға жәрдем беру, қолдау көрсету сияқты жұмыстардың самарқау күйде қала беруі әбден мүмкін. Қазір көші-қон туралы жаңа заң әзірленіп жатыр. Осы заңда елге келемін деушілерге барлық қажетті жеңілдіктер жасау нақты көрсетілуі керек.

 

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

төрағасының орынбасары

www.alashainasy.kz

сұхбаттан алынды