ҚАЗАҚ КӨШІ неге тоқырап тұр?

1176
1
Бөлісу:

Елімізге келуші оралмандар қатары сиреп барады…

Қазіргі кезде шетел қазақтарының елімізге виза алып келуі біршама қиындап кетті. Келген қандастарымыздың тұрақты тіркелуі, азаматтық алуы, жұмысқа орналасуы да өте қиын. Қазақстанға қалай көшіп келіп, қай облыстарға орналасуы тиімді екендігін алдын ала түсіндіру жұмыстары да жеткіліксіз. Осындай жағдайдың салдарынан елімізге келуші оралмандар қатарының сиреуі байқала бастады.

Кезінде қауымдастықтың қолға алуымен дайындық бөліміне қабылданатын шетелдік қазақ жастарының саны 1500-ге дейін жетті. Шетелдегі қазақ жастарына білім грантынан арнайы квота бөлу, шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар жіберу сияқты іс-шаралар да қолға алынған еді. Қазір мұндай жұмыстар біраз саябырсыған.

       Әрине, шетелдегі ағайындар атажұртқа аз уақыттың ішінде жаппай көшіп келсе, өте дұрыс болар еді. Бірақ мұның мүмкін емес екенін мойындаған жөн. Оның себептері бірнешеу. Мысалы, шетелдегі ағайындардың бәрі дерлік бүгін-ертең Қазақстанға қоныс аударуға ықылас танытып, дайын отырған жоқ. Жылы орындарын суытқысы келмейтіндер баршылық. Оның үстіне көші-қон жұмысы қаржыға да тікелей байланысты. Келген ағайындарды баспанамен, жұмыспен, балаларын мектеппен қамтамасыз ету керек. Жасы келгендерге зейнетақы төлеу қажет. Ал мұның бәрі ұшан-теңіз қаржыны керек етеді. Ал ағайындарды шақырып алып, оларға не баспана, не жұмыс, не зейнетақы тауып бере алмасақ, ең қиыны – сол. Соған орай әлемдегі кез келген мемлекет көші-қон мәселесінде ең алдымен өзінің экономикалық мүмкіндігін есепке алады. Қазақстан да осы бағытты ұстанады. Бүгінгі таңда көші-қон квотасының жыл сайынғы мөлшері 20 мың отбасын құрап отыр. Егер осы жоспардың өзі ойдағыдай орындалса, үлкен жетістік болар еді. Бірақ соңғы кезде бұл да қиындай бастаған сыңайлы.

Біздің қоғамда шетелдегі қазақтарға деген әр түрлі көзқарас қалыптасқан. Әрине, жұрттың көпшілігі алыстағы ағайындарға әрқашан да қамқорлық жасап, көшіп келуіне барлық жағдай туғызу керек деп есептейді. Бірақ сонымен бірге қазақ диаспорасын ел басына күн туғанда атамекенін тастап қашып кеткендер деп кінәлайтындар да кездеседі. Осыған орай мына мәселені қадап айтқымыз келеді. Сырт жерлердегі қазақтардың басым көпшілігі – соңғы бір-екі ғасыр көлеміндегі әр түрлі жағдайлармен шекараларды қайта бөлудің салдарынан сыртта қалып қойғандар. Яғни олар – өздерінің ежелгі атамекендерінде отырып-ақ, шетелдік атанған ағайындардың бүгінгі ұрпағы. Ал там-тұмдап алыс шетел асып кеткендер – сол кездегі түрлі қуғын-сүргіндерден жазықсыз жапа шеккендер. Міне, осы ағайындардың бүгіні мен болашағына деген дұрыс көзқарас қалыптаспайынша, оларға жәрдем беру, қолдау көрсету сияқты жұмыстардың самарқау күйде қала беруі әбден мүмкін. Қазір көші-қон туралы жаңа заң әзірленіп жатыр. Осы заңда елге келемін деушілерге барлық қажетті жеңілдіктер жасау нақты көрсетілуі керек.

 

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

төрағасының орынбасары

www.alashainasy.kz

сұхбаттан алынды

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Рустем 12 Желтоқсан, 2013 13:50 Жауап

    Менің ойымша, біздің ата заңымызға бір толықтыруды еңгізуіміз керек, ол мынандай шетелдегі қазақ қандастарымыз Қазақстан республикасының азаматтығын оңайлатылған тәртібімен алады деп жазу керек. Мысалы Арменияның ата заңында осылай жазылған. Егер де менде билік болса мен міндетті түрде осы толықтыруды ата заңымызға еңгізетін едім. Тіпті шетелдегі қазақ қандастарымен байланысты нығайту үшін Диаспора министрлігі керек деп есептеймін.
    Қадірілі отандастар!
    Бүгінгі таңда қазақ қандастарымыз біраз шет мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Бірақ қазақ баласы қай жерде болмасын әрқашанда Отанның жағдайын ойлап, оның әрбір жетістігіне қуанып жүреді. Отаншылдық бұл тек қана жүректен шығатын сезім емес, сонымен қатар бұл Отан үшін жасалған саналы әрекет, бұны әрбір қазақ есіне сақтап жүру керек. Дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақ халқының әрбір өкілі біздің ұлтымыздың бірлігінің кепілі, ал бұның негізі Отанға шексіз сүйіспеншілік. Отаншылдықсыз біздің халқымыз жаны жоқ дене сияқты болып қалады. Сондықтан біз бірлік, тұтастық және жалпыұлттық мәселелерді шешуге батылдық арқылы күшейе береміз.
    Әрбір жас қазақ, менің ойымша, ана тілімізді білу керек, себебі егерде адам өз ана тілін білмесе ол біріншіден өзінің ұлттық болмысын жоғалтып алады, екіншіден тұлға ретінде әлсіздеу болады. Мен әрбір қазақ сауатты, жігерлі және бәсекеге қабілетті болғанын қалаймын, сонымен ол еліміздің дамуына өз септігін тигізеді, ұлтымызды дамытаты, Отанның өркендеуіне көмектеседі.
    Қазақ Республикасы өз тарапынан шетелде тұратын әрбір қандасымызға көмек көрсету керек деп есептеймін, мысалы шетелде тұратын қазақ жастарды елімізде оқытып. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе қазақ ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, қазақ ұлттық құндылықтарды насихаттау керек деп есептеймін. Өзімнің атынан балаларын нағыз қазақ болып тәрбиелеген отбасыларға алғыс айтқым келеді. Ұлтты сақтау үшін әуелі тіл керек. Біз ана тілімізді, дәстүрімізді, ұлттық мәдениетімізді сақтап қалсақ қана біз ұлтымызды сақтап қаламыз, бұны есімізден шығармау қажет. Сондықтан бізге мемлекеттік тіл жылы керек.
    Қазақ Елі мен шетелдегі қазақтар береке бірлікте болғанда ғана қазағымыз күшті болады. Біз Қазақстанда күшейеміз егерде бізді шетелдегі қандастарымыз әрқашанда қолдайтын болса және шетелдегі қазақ қандастарымыз күшейтін болады егерде оларды егемен, мықты, дамыған Атамекені Қазақ Елі әрқашанда қолдайтын болса. Сондықтан мен шетелдегі қазақ бауырларымызды жалпыұлттық мәселелерді шешуге өз үлесін қосуға шақырамын. Қазақстанды қазақ диаспорасыз және қазақ диаспораны Қазақстансыз елестету мүмкін емес. Сондақтан еліміздің шетелдегі қазақ диаспораларымен қарым қатынастарын күшейте беру керек, ол үшін арнайы мәдени және білім беру бағдарламаларды жүзеге асыру керек, елімізге келем деген қандастарға көшуге көмектесу керек, осы жұмысты Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және Үкімет сапалы атқару керек деп есептеймін.
    Құрметті шетелдегі қазақ бауырлар!
    Сіздерді Отанымызға жиі келіп тұруға шақырамын, Отанымыздың жетістіктерне куәгер болыңыздар, еліміздің алдында турған мәселелерді шешуге әкелетін өзіңіздің ұтымды ұсыныстарыңызды, салиқалы пікіріңізді айтыңыздар, бұл бізге керек. Отанның игілігі үшін аянбай еңбек етіп жатқан әрбір шетелдегі қандасымыздың айтқанына біз зер салуымыз қажет.
    Ардақты ағайын!
    Біздің қасиетті Отанымыз біздің алтын қазығымыз, қуанышта да, қайғы да да, жеңіс күндерде де біз қазақтар әрқашанда Отан аясында бірігеміз. Сондықтан жер бетіндегі бүкіл қазақтар бәріміз бірігіп Отанымыздың гүлденуі үшін жұмыс істейік!.
    Әрқашанда денсаулықтарыңыз мықты, өмірлеріңіз нұрлы болсын бауырлар!

Пікір немесе жауап жазу

үш + 20 =