ҚАНЫМДАҒЫ қасқыр иісі

Ұларбек Дәлейұлы Байтайлақ 1980 жылы 26 қаңтарда ҚХР-да туған. 2004-2007 жылдары Түркістан қаласында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетінде қазақ әдебиеті мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

Өлеңдері жас ақындардың «Жапыраққа тұнған тамшылар»(Үш қиян, 2003.ж.), «Жас толқын»(Жалын, 2006.ж.), «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» (Фолиянт, 2010 ж.) қатарлы ұжымдық жинақтарына енген.

Түркияда өткен Түркі тілдес әлем халықтарының «IUNESCO. 2008 жыл – Махмұд Қашқари жылы» атты Халықаралық әңгіме байқауының жеңімпазы. Бірнеше мәрте Халықаралық және Республикалық жыр байқауларының жүлдегері. Халықаралық «Әйтеке би» қорының «Әйтеке би» атындағы арнайы сыйлығының иегері.

Жақында Мәдениет министрлігінің «Жас толқын» бағдарламасы бойынша жас ақын Ұ. Дәлейұлының «Қанымдағы қасқыр иісі» атты Атамекендегі алғашқы жыр кітабы жарық көрді. Ақынның алдағы шығармашылығына ақ жол тілей отырып, сиясы кеппеген жаңа жинақтан бір топ өлеңін жариялап отырмыз.

  БАЛҚАШТА АҚШАМ Балқашта ақшам. Су беті жарық, Үрейді меңзеп, шоршиды балық. Мұңлы бір жырды оқимын ұзақ, Көзімнің жасы жиекке тамып. Балқашта ақшам. Су беті айғыз, Айдыннан алыс ұшады байғыз. Жалғыз қайықта сыңсиды сырнай, (Кімді аңсап әнге салды екен қай қыз)? Ақ мұнар әне, шемен боп шөккен, Қамыстар әне, өлең боп кеткен. Кешірші мені Алтайдың белі, Келе алмадым ғой, ...Келем деп кеткем. Есімнен өшпес, есіл құрақ күн, Дариға-ай! Сені несін жылаттым?! Басымнан күнде құлан су ішіп, Балқашқа жеткен жетім бұлақпын. Ай өзі айтып, мүрдеге датын, Балқашта ақшам, Түн де әне жақын. Теңіздегі ойға тұтқын боп тынар, Бостандық жырын іздеген ақын. Бостандық! Сенің алдыңа құлап, Ізіңді құшып сүйемін бірақ. Жағаға қонған жабағы қостан, Жаралы көздей жанады шырақ. Балқашта ақшам. Су беті жарық, Сыңсиды біреу аралда налып. ...Мұңлы бір жырды оқимын мен де, Көзімнің жасы жиекке тамып... МОНШАҚ ҺӘМ МОНО ЛИЗА Рахымжан Отарбаевқа Құстары үркек қанатын сілкіп, Түстікке түнде түзеген бойын. Тұратын қырда тұманын бүркіп, Қараша айы– бұл менің айым. Жетті маған да, өмір мизамы, Моншақтап жасы қалды-ау, Моншақ қыз... Көрмеймін мұңды Моно Лизаны, Жақынбыз тағы сондай алшақпыз. Геркулес сынды батыстың ері, Жалғыз түп жусан молаңа қоям. Иілмес басы, бүгілмес белі, Мен де бір асқақ далалық Ноян. Сүйсем де сонша, кешіре алмайтын, Ла Скала! Сол қартың ар ма? Ғасырлық жаңбыр өшіре алмайтын, Өкпем бар Римдік суретші шалда. Тырналар! О, мұңлық құстар, Қайтесің өткенді жоқтап. Жап-жасыл жүрек көктемге құштар, Кешер ме мені күз жауған соқпақ?! Басымнан солай бір дауыл өткен, Шақырып ақшам, Алматы шамы. Сол үшін мен де Каспийден кеткем, Тамшылап ағып арымның қаны. Жетті ме саған өмір мизамы, Моншақ жасыңды төкпе, Моншақ қыз. Күлдіріп ертіп Моно Лизаны, Кешіресің бе, саған барсақ біз?.. ...Құстары үркек қанатын сілкіп, Түстікке шулап көшерде мамыр. Тұратын қырда тұманын бүркіп, Қараша айын есірке, Тәңір!!! КӨКЖАЛДАР АҢЫЗЫ Мен – аршамын! Менің ием көк арша, Тау төсінен көктеп шыққам соларша. Күлгін бүрден тұмар тағып алатын, Көкбөрі ұлдар күн түбіне жол алса. Көк аршамен көмкерілген бесіктен, Көкжал жайлы көне аңызды есіткем. Арқыраған айғыр дауысы жететін, Ақпан желі ұрғылаған есіктен. Ай күзеткен апанынан безінген, Арлан текті тарихым бұл көз ілген. Көкбөрі анам омырауымен ып-ыстық, Көк аршаның нілін қосып емізген. Қайғылы Алтай - Менің ғазиз жөргегім, Жерошаққа кіндігімді көмгемін. Мизам  желі маңдайымды мұздатып, Арқар қаны менің алғаш көргенім... Жортуылдан жанын толғақ қысып кеп, Айбұлақтан арша рухын ішіп тек. Жатыр әне, тым жансебіл сыңарым, Көк аршалар арасында күшіктеп. Орман жырын біздің қаншық – Ай-қыздар, Қар бетіне қанмен жазып айғыздар. Біздің жалғыз қормалымыз қара түн, Бізді жалғыз түсінеді байғыздар. Желкесінде жұлдыз құрттар жамырап, Мынау орман қалады ертең қаңырап. Жалқы туған бөлтірігімді иіскелеп, Жатам жалғыз апанымда аңырап. ...Мен аршамын! Арша, Бөрі - бір ұғым, Көк аршамен жуады анам бұрымын. Көкжал қандас үйірімді шақырып, Көк жүзіне қарап ұза-а-ақ ұлыдым!!!                              ҚАНЫМДАҒЫ ҚАСҚЫР ИІСІ Қанымдағы қасқыр иісі – Қаздар асқан таудан-дүр, Қан жосылтқан жаудан-дүр. Сағыныштар өртеген, Сазға басам, бауырымды ертемен. Рухымды жеті көктен таппас бұл, Берген маған, ана-қасқыр, Ақ қасқыр! Ақпандағы алауыртқан Ай бетін, Мен сияқты мекендепті қай жетім?! Қылшанымда қырық жебем төгіліп, Саусағымның он көбесі сөгіліп. Қарасудан шошып ұшқан құстардың, Топанымен бірге сыңсып ұшқанмын. ...Сары ала күз, сары ала күз, Сары ала! Уыс-уыс у себеді жарама. Жасын оты бықсып жатқан жоталар, Ақ жауындар тәуекелге апарар. Сырғып көшкен күн сәулесі ұрлаған, Қайыңтозға жазған ескі жылнамам. Күңгір-күңгір орман жырын оқиын, Үңгір-үңгір шоқыларда шоқиып. Қаным тасып, Қанымдағы жыр тасып, Аймен бірге кеттім ұзақ қырқа асып. Қашан қайтып оралармын ол жұмбақ, О, қарт орман шақырма енді қол бұлғап! Қақпан кесер тірсегімді, Оқ тесер, Мүмкін, ажал қарсы алдымнан беттесер. Ей, қу өмір! Қаһарымнан қалтыра, Қатқан мойным бұрылмайды артына.  ...Сары ала күз, сары ала күз, Сары ала! Оралғанда құлазыған далаға. Қуғыншының қаны жұққан тісіммен, Қақпанымды сүйреп кірем молаға... ТОПЫРАҚ Топыраққа енгенің – топырақтан туғаның, Бағасы бір бәрінің – бізге ежелден бұл мәлім. Әбілхасан РУДАКИ Жесірлер жасынан көктеген, Дәуірлер ғазалы бір соқпай өтпеген. Мен сені еске алам жаралы тораңғы, Бауырыма басамын топырақ анамды, Күйіктер отымен қуарған санамды, Оңаша жалаймын жарамды. Қабағы қатулы ғасырлар, Саған кеп мінәжат етеді. Сұлуын табытқа жасырған, Ханзада керуені қоңыраулап өтеді... Шарапқа желпінген диуана, (Шекпенін қамыстан тоқыған...) Жүздері албырап сексеуіл отынан, Бал ашып береді өткенің туралы, Ойыңды көзіңнен оқыған. – Отаның, - Топырақ, тоқымдай болса да, Өзгесін армандап у жұттың қаншама? Қай жерде жан шықса, сол жерді мекендеп, Қалады рухың қасиетін бекемдеп. Жол үсті өлгенін жатпай-ақ ұрандап, Сол жерге көмеді мекенсіз сығандар... Жер үстін себебі: мола деп таниды, Мысалы, інінде өледі жыландар. Жастығын сауықпен өлтірген, Уақыт қамшысы тәубасын келтірген. Топырақ туралы еріні кемсеңдеп, Мәтелдеп береді қаусаған кемпір де. Байланған осынау киелі танымға, Топырақ-деп қақсайды қу томар шалың да, Бір дәлел келтіріп, көне бір аңыздан, Топырақ туралы береді уағыздап. ...Бағытым белгісіз, Белгісіз дерегім, Киелі топырақ! Мен саған сенемін. Сапарлар соңында сағына оралып, Өзіңді құшақтап өлемін! ...Топырақ... Рух... БОЗІНГЕН ...Бозарған шудасы желкілдеп, (Мезгілсіз ағарған Анамның шашындай). Аңқасын кептірген шөлі бір басылмай, Күн ұзақ кезеді, туған жер жотасын, Іздейді ботасын. Қараша күндері... Гулеген боз боран, Сағыныш сарыны – бота боп боздаған. Аспанда шулаған жыл құсы, Сол ескі жарасын қозғаған! Бұрынғы күн емес секілді мына күн, Бұрынғы ән емес секілді бұл әнім. Кейуана тағдырлы аруана зарына, Қосылып менде үнсіз жыладым. Тас болып кеткен бе, көкірегі дүниенің, Айтыңдаршы адамдар, Нышаны бұл ненің?! Тағдырын қоғамның тастап сол табанға, Жетелеп барады бізді ақыр заманға. Ежелден серпілмей ғасырлар түнегі, Тоқтап-ақ қалардай замана жүрегі. Күндерден айларға, Айлардан жылдарға алмасқан, Өңкей бір күңірену, өксікке толды аспан. ...Бозарған кекілін күн сүйіп, Мелшиген тас оба пішінде, Күйігі өрт болып ішінде. Көз алмай күзетіп туған жер жотасын, Аруана емізіп жатады түсінде, Қасқырға айналған ботасын...                                                  Ұларбек Дәлейұлы