ҚАЗАҚСТАНЫМ – жасыл орманым

3398
2
Бөлісу:

(тәуелсіздік тартуы)

 

«Қазақстаным – жасыл орманым» – осы бір қаныңды тасытып, жаныңды күш-жігерімен желпи жөнелетін көтеріңкі рухтағы қазақы әнді тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Өзің де қосылып алып бірге ыңылдап отырғаныңды білмей қаласың. Әсіресе бұл әнді Бекболат Тілеуханның орындауы әріне әр, сәніне сән қосып қазақтың үнін ғарышқа қарай ала жөнеледі. Көк аспанның зеңгірінде қалықтай ұшқан қыран құс ұлт рухына айналып самғап бара жатады.

 

Арайлап таңым, асқақтап тауым,

Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.

Қол жетті, міне, аңсаған күнге,

Жасай бер, жаса, қазағым менің.

 

Қазақстаным – жасыл орманым,

Қуанышымды жасыра алмадым.

Аңсаған бабам, аңсаған елім!

Бостандық еді-ау асыл арманың.

 

Қайырмасы:

Елім менің аңсаған,

Тас бұғаудан босаған.

Құтты болсын отауың-оу,

Берік болсын-ау босағаң.

 

Бабамның қаны, анамның жасы,

Сіңген бұл далам, қымбатсың маған.

Береке-бірлік қамалдың басы,

Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам.

 

Күйінсін жауың, сүйсінсін досың,

Жиылсын қауым, құйылсын көшің.

Ертеңің үшін аянба, ерім,

Ояншы, елім, жиылсын есің.

 

Қайырмасы:

Ұрпақ үшін, ел үшін,

Атамекен жер үшін.

Берекең мен бірлігің-оу,

Таси берсін-оу өрісің.

 

Иә, қазақ! Қазақстан – жасыл орманым, отаным менің. Аллаға тәубе!

Бүгін, міне, тарих сахнасына сан көтеріліп, сан басылған қазақ елінің жаңа мемлекетінің тәуелсіздік жариялағанына да жиырма жыл толыпты. Тәуелсіздіктің осы бір ақ таңын сарғая күткен шетелдегі бес миллион қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзге ұлттың отарында отырып-ақ бірінен бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төккен еді-ау. Талай қарияның сақалынан су тамшылап: «қайран елім-ай, жерім-ай, сенің де жақсылығыңды еститін күн болады екен-ау» дегенін ет құлағымызбен естідік. Бала күнімізден үлкендердің күбір-сыбыры арқылы құлағымызға құйылған Атамекен – Қазақстан ұғымы жүрегімізді толқытты. Басқа емес «сол жерге қашан жетер екенбіз» деген алып ұшқан көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық.

Өз басым тәуелсіздік қарсаңында Үрімжіде жоғары оқу орнында оқып жатқан болатынмын. 1989 жылы күзде Роза Рымбаева және «Арай» ансамблі Шынжаңда болып, Үрімжіде бірнеше рет концерт қойды. Тамашаға жүгірген қазақтар қырыларманға жетіп, қызықты аузымыздың сілекейін шұбырта отырып тамашалағанбыз. Әсіресе, Розаның орындауындағы «Атамекен» әні ішімізге шоқ салып, «ұшарға қанатым жоқ, не қылайын» деген күйге түсірген еді. Көрмеген тауды көксеген белгісіз сағыныштың ыстығы суығанды қойып, үдей бастады.

Үлкен шаһарда қытайлар мен ұйғырлардың арасында көзіміз әр жерде жылтырап жүрсе де тез бас қосатын едік. Ендігі әңгімеміз Қазақстан болды. Қайдан келгенін білмеймін, тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ қолымызға Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға хат» атты мақаласы келіп тиген еді. Ол кезде көшірменің (ксеро көшірме) табылуының өзі қиын. Ашық әңгімеге қытай жағы рұхсат етпейтін кез. Оның үстіне «көз-құлақтар да» көп. Соған қарамай, әлгі хаттың көшірмелерін жасап, оны сандығымыздың түбіне сақтап, кештерде қызу әңгімеге кірісетін едік. Сөйтіп жүргенде тәуелсіздіктің хабары жетті. Осы тұста жастардың пікірі екіге бөлінді. Бір бөлімі «қытайдың қолынан қашып шығып, шекара бұзып, Отанға жетіп тәуелсіздіктің туын бірге көтеру керек» деген идеяны көтерсе, екінші тобымыз «шекара бұзбай-ақ, заңды жолмен кетуді» қуаттадық.

«Шекара бұзып, Отанға жету керек» деген идеяны қуаттаушы топ, біздің ақылымызды тыңдау түгілі өз қатарластарын көбейтті. Сөйтіп ендігі жерде «қашу» басталды. Көбі Үрімжіде университеттерде оқып жатқан студенттер еді. Бір қызығы қашқындарды қытай шекарашылары емес, Қазақстан тарапы қолға түсіріп, арт-артынан кері қайтарып жіберді. Ішіміз қан жыласа да, істерге өзге амалымыз болмады. «Қашу ұйымының» серкелері түгелдей жазалауға ұшырады. Бір тәуірі дәл осы кезде қытай саясаты «шетелге шығу – әлемді бетке алу» деген идеяны көтеріп жатқанына байланысты оларды аса ауыр жазаларға тартқан жоқ. Қытай қоғамына қауіп төндірерлік бөтен ойлары болмағанын негізге алса керек, алды жарым жыл, арты он бес күндік қамақ жасасын алды. Бір бөлімі университеттерден қуылды. «Қашқындардың» тағы бір ерекшелігі бірін-бірі әшкерелеуде ешқандай белсенділік танытпай, әуелде уағда еткендеріндей әр кім өз басын ғана қаралап көрсетті.

«Қашқындардың» сәтсіз сапары біздің әуелгі ойымыздың дұрыстығын көрсеткендей болды. Десе де шындығын айту керек, соңғы байламды қуаттаушылардың қатарында болсам да, Қытай үкіметінің бізді жібере қоятынына үміттен көрі күдігім басым болды. «Мүбада жібермей қойса, қайтемін?» деген ой да мазалады. Онда амалсыз алғашқы топтың идеясынан басқа амалдың жоқтығын да аңғардым. Және оны алдыңғыларға ұқсап дабыра түрде емес, мүлдем құпия іске асыруды көздедім.

Сөйтіп, Үрімжіден Алтайға барғаннан кейінгі екі-үш жылымды шекара «шарлаумен» өткіздім. Қытай Алтайымен шекараласып жатқан Ақ Қаба мен Марқакөл, Жеменей мен Майқапшағай, Тарбағайдың Бақтысы мен Мақаншысы аралығындағы шекара өткелдері мен оның бас-аяғындағы елсіз мекендерді «тексердім». Соның ішінде Қаба мен Марқакөлді бөліп жатқан Ақ Қаба өзенінің бас-аяғы біршама «ұнады». Зайсанда туып келген қариялардың айтуы бойынша ондағы жердің жыра-жықпылына дейін «карта» жасадым. «Мүбада қазақ шекарасы қиын болғанда Моңғол жақ шекараны да көру керек» деген ой туды. Өзіміздің көне қоныс саналатын Алтай қаласының жайлаулары мен Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл елінің бір бөлім жері Моңғолиямен шекараласып жататын еді. Осылайша ендігі жерде баяғыда Сейітхан Әбілқасымұлы асып кеткен «Өрмегейті асуы» және Қара Ертіс өзенінің басы Китіңарша аталатын жайлаудың Моңғолмен шекараласатын сызығын «қызықтадым». Кей жерінің атты адам түгілі жаяу адам әзер өтетін қорым тасты, иен сайлары «ерекше ұнады».

Бір тәуірі «қашқындық» ойымды өзімнен басқа ешкім білмейтін еді. Мұның бәрі  «жібермей қойса» деген қорқынышты ойдың итермелеуімен істелген «дайындықтар» болатын. Бақытыма жарай тағдыр маған қашқындықты жазған жоқ. Екі жылға созылған сарпалдаңмен 1996 жылы қолыма төлқұжат тиді. 1997 жылы 16 қаңтар күні арман болған қасиетті қазақ даласына, ата-бабаларымыздың күл төккен киелі жұртына қадам бастым. Өзімнің бақытты жан екенімді сезіндім. Ақын болмасам да, ақ көңілдің айнасынан тәп-тәтті өлең тауып алдым. 

 

Тәуелсізбін,

Тәубе саған, жарық күн,

Арғымағым – ақ бостандық,

Ағыттым.

Жердің бетін желіп өткен желмін мен,

Құбыладан құйылған бір жарықпын.

Кіндігімді айбалтамен кескенмін,

Құзда туып, мұзда түлеп өскенмін.

Керуенімді жетектетіп періге,

Бурадайын бұлтқа мініп көшкенмін.

 

Үзілердей болған сәтте құрғыр дем,

Жалғыз Хаққа жалбарынып тұрдым мен.

Қазақ үшін бір құдірет аспаннан,

Күнді арқандап ұстап тұрды шылбырмен.

 

Бөрігі – аспан, кебісі – жер кең мекен,

Мен қалайша бақытыңнан кенде екем.

Өзенімнен уыз емдім,

Ұл-қызға

Тауларымды тал бесік қып тербетем.

 

Оғыз,

Қыпшақ,

Түркі болған төркіні.

Жарқырап тұр қазақ күні – Ел күні.

Батпасын деп бір Алладан сұрадым,

Құбылаға құлап тұрып сол түні –

ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ КҮНІ!

 

Көз алдымда өзімнің бақытымның самалы тербеген қазақтың көк байрағы тұрды. Абылайдың Ер Жәнібекке сыйлаған ақ туы туралы аңызды бала күнімізден естіп өскенбіз. Бөрілі байрақ туралы да көп әңгіме көкейімізде. Осы орайда елдігіміздің, ерлігіміздің жалауы болған байрақ ұғымына азырақ тоқтала кетудің артықтығы болмас.

Ту көтерген батыр бабалар бейнесі сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Көне ұғымдарды былай қойғанда, аттары бүгінге дейін жеткен Мөде, Бумын және Елтеріс, Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсысының да өз байрағы болғаны мәлім. Байрақтың түсіне келер болсақ, «Көк асаба» аталған көне байрақ түсі исі түркі халықтарының түп атасы кие тұтқан Көк аспан әміршісінің белгісіне баланса, түркілердің тағы бір табынары – көк бөрі бейнесі де тудағы таңбаға айналған. 

Тудағы жазу рәміздің ең басты бөлшегі болып табылатын ел – Сауд Арабиясы. Оның туында «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» деген сөйлем бар.     

Иранның туында «Аллаһуакбар»  (Алладан басқа тәңір жоқ) деген сөйлем 22 рет жазылған.

Шыңғысханның туы «Көк қаршыға» аталған. Ол – тоғыз шашақты үшкіл ақ мата болған. Ол тудың сабына үш жерден байланады екен. Ал тудың дәл ортасында бауырына аулап алған қара қарғаны қысып, қанатын жайып, ұшып келе жатқан көк қаршығаның суреті салынған. Көк қаршыға хан әулетін желеп-жебеуші киелі құс саналған. Бабасы Бодуаншар қиын кезде құс салып, жан сақтады деген аңыз бар.

Ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі – Абылайдың ақ туы. Ол бір түсті төрт бұрышты ақ мата. Шашақты бауы бар. Қазақтың ұлы туының түсі – Шығыс ғұн (375-454жж), Ақ ғұн (420-562жж), Шыңғыс ханның Алтын орда (1236-1502жж) мемлекеттері рәміздерімен реңдес. Ол біздің заманымызға дейінгі ХІІ ғасырда дүниеге келген әлемдегі тұңғыш әскери байрақтардың түсімен де туыстас.

Қазақстан Республикасының туының түсі – көгілдір. Ашық көгілдір аспанда қалықтаған дала қыраны. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста кестеленген «қошқар мүйіз» ұлттық  оюы көзге тату-тәтті қол ұстасқан миллиондаған қазақстандықтарды елестетеді. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түстi.

Бiрыңғай  көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi.  Ту авторы Шәкен Ниязбеков бұл түсті Қазақстан халқының бiрлiгі мен ынтымағының символы ретінде таңдап алған. Көгiлдiр түс –адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді.

 Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн – уақыт, замана бейнесi. 

Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық, көрегендіктің бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран Қазақстан Республикасының еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн әйгілейді.

(Жалғасы келесі санда)

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

9 + 20 =