ХИДЖАБ КИГЕН қыздар қуғынға ұшырады

Жақында ғана Атыраудағы агротехникалық колледжде оқитын мұсылман қыз хиджаб кигені үшін оқудан шығарылыпты. Ал Атырау университетінің бір топ студент қыздарын мұсылмандық үлгідегі киімдері үшін бірнеше күн сабаққа кіргізбей қойған. Олардың бірсыпырасы оқудан шығып қалмау үшін етектерін қысқартуға мәжбүр болған.

Бұл туралы әңгіме болғанда:

– Құранның Нұр сүресінің 31-ші аятында «басшыларыңды тыңдаңдар, бірақ Алланың сөзіне қарсы келмеңдер, қарсы келгенді тыңдамаңдар» деген бар. «Әйелдеріңе, жұбайларыңа және басқа әйелдерге айт, орамалдарын кисін, омырауын жапсын» деп келеді сүре жолдары. Анам – менің басшым. Мен ол кісіні тыңдаймын, үйдің барлық жұмысын жасап, көмектесемін, жұмыстан келгенде асын әзірлеп қоямын, сабағымды да оқимын. Бірақ ол кісінің «намазыңды таста» дегеніне құлақ аса алмаймын. Ал екінші басшым – директорым. Ол кісінің «юбкаңды қысқарт, орамалыңды шеш» дегенімен де келісе алмаймын. Егер мұны орындасам менің Алланың бұйрығына қарсы шыққаным, – дейді оқудан шығарылып, жәбір көруші студент Бибінұр Өмірзақова «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында.

Бибінұр Өмарзақованы оқудан шығару Білім министрлігінен келген талапқа сай, оқу заңына сүйеніп жасалып отырған шара деп түсіндіреді Атырау агротехникалық колледжі директоры Болат Қожиев.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бір топ намазхан қыздары бірнеше күн бойы сабаққа қатыса алмай жүргендерін айтып, Азаттық тілшісінен көмек сұраған екен. Тілшінің пайымынша, оқу ордасына кіре берісте отырған мұғалім әйел өзінің хиджаб кигендерді кіргізбеу үшін кезекшілікте тұрғанын жасырмапты. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол мұның барлығы немен байланысты екенін білмейтінін, бірақ сағат түскі бірге дейін осы жерде қарауылда болып, университетке хиджаб киген қыздардың кіріп кетпеуін қадағалауы тиіс екенін айтқан.

Хиджаб киген қыздардың «Азаттық» тілшісіне айтуынша, университетте оларды қарашаның 10-нан бері сабаққа қатыстырмай отыр екен. Жалпы бұл әңгіме оқу жылы басталғаннан бері жалғасып келе жатқан көрінеді.

«Ішке кіргенде орамалдарыңды шешіңдер, сыртқа шыққанда не істесеңдер де, өздерің біліңдер. Бұған бағынбасаңдар, сендерді ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) алып кетсе де, жауап бермейміз», - деп ескертіпті оларға университет әкімшілігі.

Хиджаб киген қыздар дін жолын ұстаған біраз құрбы-қатарларының биыл студент атанғанын айтады. Алайда олар орамалға қатысты талап әу баста оқуға қабылдаған кезде өздеріне неге айтылмағанын түсіне алмай, енді өздерінің құқықтарын заң жолымен қорғауға кірісетіндіктерін айтып отыр.

 

Атырау облыстық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет  болса, бұл мәселеге былай жауап береді.

– Бұл өте қиын сұрақ. Бірақ мәселе оқу орыны ректорында емес, жоғарыдан келіп тұрған әлдебір қысымдарға байланысты болуы мүмкін. Қыз балалардың ұятты жерлерін жауып, орамал тағып жүруі қасиетті Құран Кәрімде жазылған парыз. Сондықтан орамалды шешуді талап етіп, университке кіргізбеу – Құранға және Ата заңға қарсы келу болып табылады. Әркімнің қалаған киімімен келіп, білім алуына ешқандай шектеу болмауы тиіс, – дейді Нұрбек қажы Есмағамбет.

 

Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ