ҚАЗАҚ әдебиеттану ғылымының алыбы

ҚР Ұлттық академиясының академигі Р.Бердібай - ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ көркемдік ойының адал  сыншысы да, ақ тілекті сақшысы да болған үлкен ғалым. Оның төккен терінің нәтижесін әдебиеттанушы ғалымдардың кітап сөрелерінің төрінен орын алған және үнемі қолданыста болатын елуге жуық ғылыми кітаптары дәлелдеп тұрғандай. Әдебиет әлемінің тылсым сырына бой ұрған зерттеу еңбегінің алғашқысы 1965 жылы жарық көрген  «Әдебиет және өмір» кітабымен-ақ ғылымға келген жаңа леп сезілгендей. Әдебиеттің асыл мұратын танытып, алаш әдебиеттану ғылымының сорабына түскенін байқатады. Зерттеудегі ғылыми тұжырымдар дәл бүгінгі күннің талабына жауап бере алады.

XX  ғасырдың елуінші жылдарынан бастап, әдебиеттің сыншысы болған ғалымның 1967 жылы шыққан «Роман және заман» атты зерттеу еңбегі де уақытында аса жоғары бағаланған.  Қазақ романының теориялық мәселелерін зерттеудегі соны тұжырымдары ғалымның ғылымдағы ерекше келбетін танытып тұрғандай.  1971 жылы “Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы», 1973 жылы «Дәстүр тағлымы» атты кітабы жарық көреді. 1975 жылы «Қазақ романы»,  1976 жылы «От легенды к роману» , 1977 жылы «Ғасырлар толғауы», 1979  «Қазақ тарихи романы», 1985 жылы «Замана сазы» жазылған екен. Қазақтың көркемдік ойлау жүйесінің кемелдігін танытатын қазақ романының жанашыры болған ғалымның терең танымы қазіргі күні таң қалдырғандай. Ұлы ғұлама М.Әуезовтің шәкірті болғанын  тәңірдің сыйындай көретін ғалым М.Әуезовтің әдебиеттану ғылымындағы өзгеше ұстанымын ерте бастан дұрыс таныған. Қазақ романын зерттеуде осы ұстанымды темірқазық етіп отырған.  1997 жылы жарияланған «Мұхтар шыңы» монографиясында өз зерттеулерінің сырын ашқандай болады.  Әуезовтің жолымен халықтың ұлттық санасын оятаттын тарихи көркем шығармалар екеніне толық ден қояды. «Көптеген халық өз тарихын тарих оқулықтарынан емес, тарихи романдар арқылы таниды»,- деп, өзінің тарихи романдарды ерекше назарға алу себебін түсіндіргендей болады.  Құрғақ насихаттан гөрі тарихи романдардың ұлт санасын көтерудегі ролін танығандықтан, студенттерге Тарихи роман деген атпен арнайы дәріс өткізуді қолға алып, оның оқулығын да жазып шығарды. «Тарихи роман» оқулығы 1997 жылы жарық көрді.Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өзі ұзақ уақыт осы пәнді жүргізді, әлі де жүргізіліп келеді. Әр жылы студенттер бұл пән туралы ризалықтарын білдіріп жатады. Ғалымның ұрпақ қамын шын ойлайтындығын әркез еске салып тұрғандай... 

1982 жылы жарияланған  «Қазақ эпосы» ғалым Р.Бер­дібайдың алаш зиялыларымен рухани үндестігін тағы бір рет көзге көрсеткендей. Құлағы­на сіңісті, жанына жақын ұлттық рухани сарқылмас қазынаның тереңінен інжу іздеген  ғалым өмірде тап­паған сұрақтарының жауабын табар қазынаны шын тапқаны байқалады.  «Сарқылмас қазына» (1983 жылы),  «Кәусар бұлақ» (1989 ж.) кітаптарының аттары айтып тұрғандай ғалым жо­ғалтқанын тапқандай, сағынышын басқандай құмарлықпен қазақ эпостарын терең зерттеген.  1995 жылы «Эпос – ел қазынасы» деген кітабында   тағы да эпостағы әрбір сөз бен оқиғаның астарындағы ұлттық қазынаның астарын ұқтырады. Қазіргі күнгі аз ұлттардың тағдырында соғып тұрған алапат құйын – жаһандануға қарсы тұра алар ұлттық тіректердің сырынан сөз қозғайды. 1997 жылы қазақ эпостарын  зерттеудегі тағы бір ірі еңбегі «Эпос мұраты» монографиясы жарық көрді.  Эпосты танудағы жаңа концепциясын біржола орнықтырған сүбелі еңбек.

«Гүлістанның бұлбұлдары» (1970 жылы жарық көрген) Р.Бердібайдың ғылымдағы тағы бір бағытын анықтайды. «Пантюркизм» деген әлде бір «құбыжықты» сыртынан түсіндіріп, жастар санасына интернационализм арқылы орыстың «ағалығын» үздіксіз сіңіріп жатқан кер заманда  түрік халықтарының туыстығын сөз ететін ірі еңбек жазуға баруы ғалымның тағы бір рет терең танымын паш етеді. Осы бағыттағы ұзақ зерттеулерінің нәтижесі 1996 жылы  «Байкалдан Балқанға дейін» деген атпен кітап болып басылды. «Қазақ фольклорын зерттеп жүріп өз-өзімнен түріктанушы болып кеттім»,- деп ғалымның өзі айтқандай, қазақ эпостарындағы терең тамырдың мәнін ұққан ғалым түрік халықтарының бірлігі мен тұтастығын айғақтайтын ғажайып мұрадан сусындағанын танытты.  Көп жылдардан бергі жүрек түкпірінде сақтаған қазынасын ұрпақ кәдесіне жаратуға ұсынды. Басқасын айтпағанда, Қазан қаласының қасіретін, Иван Грозныйдың татар ұлтына жасаған зұлымдығының – бүкіл түрік жұртының қаралы тарихының мәнін осы кітап арқылы жас ұрпақ танығандай болды. «Көзқамандар» деген қоғамдық дерттің сырын ұқтырды. Үлкен өркениетті елдің жұрнағы ноғайлар трагедиясы да жүректі шымырлатқандай. Ол қасырет ешуақытта жазылмасы анық, ғалым осы қасыретті енді өз ұлтымыз тартпаса екен деген ащы шындықты  ел азаматтарының жүрегіне жеткізгісі келгені анық... Жақұт жерінің тұрғындары – сахалармен түбі бір туыстығымызды да осы кітаптан сезінгендей болдық. Жырлардағы терең тамырдың сырын ашқан ғалым зерделілігі таң қалдырғандай. Бұл кітапты Түркия мемлекетіндегі түбі бір туыспыз дегенді пір тұтатын ғалымдар өте жоғары бағалады. «Baikaldan Balkana» деген атпен іле түрік тіліне аударып бастырды. Еңбектегі ұлт тағдырына деген қамқорлық пен қайғының сонша тереңдігін таныған туысқан ел зиялылары ғалымды «Бүгінгі күннің дәдем Қорқыты» деп атады. Ғалым зерттеулерінің маңыздылыған танығандықтан болар, оның «Эпос –ел қазынасы» деген зерттеу еңбегін де түрік тілінде «Destan halk hazinesi» деген атпен түрік тілінде жариялады. «Түбі бір түрікпіз» деген атпен кітап болып шыққан зерттеулерінің де маңыздылығы көзден таса жатқан көп жұмбақтың сырын ұқтыруында десек болады. «Жұлдыздар жарығы» деген атпен шыққан кітапта ұлы ойшыл бабалар шежіресінен сыр шертеді.

«Ел боламыз десек», «Дәстүр қуаты» кітаптарында ұлт тағлымынан дәрістер берілген десек болғандай.  2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан ғалымның бес томдық шығармаларының жинағы жарық көрді. Бірінші, екінші томдарында эпосқа қатысты зерттеулері тереңдетіліп, толықтырылып берілген. Өзінің жоғары оқу орындарының студенттері үшін дайындағын арнаулы курсы  «Эпостану» пәнінің оқулығы ретінде басқа да зерттеулерімен қатар пайдаланылып жүр. Үшінші томында тарихи романның теориялық мәселелеріне толықтырулар енгізген. М.Әуезовтің романшылдық өнерінің сырына терең талдаулар жасалған. Қазақ романы тарихындағы тарихи романдардың ұлттық дәстүр негізінде жазылған ерекше жанрлық сипатына ғылыми қорытыныдылар жасалған. Бұл кітабы да «Тарихи роман» арнаулы курсында  оқулық ретінде пайдаланылып жүр.  Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Тұран» баспасынан ғалымның  2006 жылы «Әдебиет сынының көкжиегі», 2007 жылы «Әр жылдар ойлары» деген атпен екі кітабы жарық көрді.  Бұл кітаптарда ғалымның 1955 жылдан бері қарай жарық көрген әдеби  сын мақалалары жинақталып берілген. Қазақ әдебиеттану ғылымының  келбеті анық көрінетін бұл кітаптар да студенттер мен оқытушыларға көмекші оқу құралы ретінде пайдалы бола алады.  Студенттерге көмекші оқу құралы ретінде жазылған «Айтыс», «Айтыс әлемі», «Аңыздық проза», «Түрік халықтары фольклоры мен  әдебиетіндегі ортақ сарындар» атты кітаптары да әр жанрдың сырын ұқтырар бағалы зерттеулер. Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін танытып, зертеушілерге жол басшылық етерлік бағалы еңбектер. Сонау 1950 жылдардан бастап, мектептегі әдебиет оқулықтары жөнінде проблемалық мақалалар жазып келе жатқан ғалым бұл салада да еңбектенген. 11 сыныптарға арнап жазылған Қазақ әдебиеті оқулықтары мен құрастырылған Қазақ әдебиеті хрестоматиялары  қолданыста жүр. 

Түрік ғалымдары ретінде әлемге танымал ойшыл бабаларымыздың барлығы да көңілдеріндегі көп толғанысты өлеңге түсіргені белгілі. ҚР ҰҒА академигі, бүгінгі заманның ойшылы Р.Бердібай да бұл дәстүрден тыс қала алмағандай. Оның «Өкінбен өткен-кеткенге» (рубаилар), «Рубаилар» деген өлең жинақтары сөзімізге дәлел бола алады.  Ғибраты мол ғалымның толғаныстарын танытатын төрт тағандар көркемдігімен ғана емес, терең ойларымен де бағасын алатынына сенуге болады. Ғалымның ғылыммен өрілген ғибратты өмірі туралы Түркістан қаласында өткізілген ғылыми теориялық конференция материалдары 2008 жылы Түркістандағы «Тұран» баспасынан «Р.Бердібай және ХХ ғасырдың екінші жартысындағы фольклортану, филология, түркология мәселелері» деген атпен екі томдық қалың кітап  болып жарық көрді. Конференцияға түскен баяндамалардың негізі ғалымның әдебиеттану ғылымындағы сан салалы қызметіне арналған. Әдебиет тарихын зерттеуші, фольлортанушы, қазақ роман теориясының білгірі, түріктанушы, әдебиет сыншысы, публицист ретінде қазақ мәдениеті тарихындағы еңбектері жоғары бағаланған. Сөйлеушілердің көпшілігі ғалымның ұлт тағдырына арашашы болған азаматтық тұлғасына  аса ризалық білдіргенін де атап айту керек.

Елуге жуық кітаптың авторы, ұлт мәдениетінің білікті зерттеушісі әрі қамқоршысы ғалым Р.Бердібайдың ғылымда  асыл сөздің зерлі астарын іздегендігіне, мұрат тауының биігіне адал еңбекпен жеткеніне көз жеткізгендейміз.

 

Жанымгүл Камалқызы 

Қ.А.Ясауи атындағы

ХҚТУ доценті