ҚАЗАҚ КӨШІ неге тоқырап тұр?

Тәуелсiздiк алған жылдардан бастап мәселен, Үржар өлкесiне 2009 жылға дейiн 819 қандасымыз өзге елден қоныс аударып, көшiп келдi. Барлығы 3436 адам. Солардың iшiнде әсiресе, iргемiздегi Қытай елiнен 510 отбасы (2280 адам), Монғолиядан 304 отбасы (1134 адам), Өзбекстаннан 6 отбасы (17 жан), тағы басқа мемлекеттерден бiраз бар.

Елiмiздегі құқық қорғау жүйесiнің реформалануымен дау-дамайға көбіне мұрындық болған көшi-қон саласы да өзгеріске ұшырады. Осы кезге дейiн Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң еншiсiнде болған Көшi-қон комитетi таратылды. Оның орнына Iшкi iстер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы комитетiнiң департаментi жасақталды. Облыстық  департаменттер де таратылып, аймақтардағы миграция мәселесiмен IIД айналысатын болды.

ҚР Президентiнiң «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметi мен сот жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы» Жарлығын iске асырудың кейбiр мәселелерi жөнiндегi Үкiмет қаулысына сәйкес Көшi-қон комитетi мен оның аумақтық органдары таратылып, оның өкiлеттiлiктерi Iшкi iстер министрлiгi органдарының қарауына өткiзiлдi. Нақтырақ айтар болсақ,  бұдан былай оралман, босқын  мәртебелерiн беруге, атажұртқа оралғандарды көшiп келу квотасына енгiзуге байланысты мәселенiң барлығы iшкi iстер органдарының құзiретiнде болады.      

 Бұл дұрыс шешiм деп есептейдi мамандар. Себебi, осы кезге дейiн оралмандарды тiркеуге қою, азаматтық алуға байланысты мәселенiң барлығы  Көшi-қон полициясы органдарына қараса, оралман мәртебесiн беру, квотаға енгiзу  Көшi-қон комитетiнiң аумақтық органдары, ал Қазақстан азаматтығын алу Әдiлет министрлiгi органдары тарапынан жүзеге асырылып келген болатын. Оралмандар бiрнеше мемлекеттiк органдарға барып, тиiстi құжаттарды тапсырып алып, олардың өзара хат, ақпарат алмасуын  күтiп жүретiн. Осыған байланысты  құжаттарды рәсiмдеу өте ұзақ уақыт алатын. 

Ендi жаңа өзгерiстерге байланысты жоғарыдағы аталған мәселенiң барлығы бiр мемлекеттiк органның қарауында болатындықтан, шетелден келiп жатқан ағайынның тiркеуге тұру, ықтиярхат-азаматтық алу,  оралман мәртебесiн берiп,  квотаға енгiзу мәселелерi оңай шешілсе керек еді.

Бірақ біз төмендегі хаттарға қарап отырып, тағы да аң-таң болып отырмыз. Орынтақ өзгергенмен, орындалмайтын армандар ағайындарды әлі жылатып отырған сияқты. 

 

Көшi-қон таратылып, Iшкi iстер істі қолға алғаннан не өзгерді?!   КӨКЕБАЕВ КӨКЕМІЗГЕ  ЗАР БОЛДЫҚ

 

Өз кезінде Көкебаев Сәрсен Керімбайұлы Алматы қаласы мен облысында Ішкі істер департаментінің бастығы және бастығының орынбасары лауазымын атқарып тұрған кезде оның да көп ісіне көңіліміз толмайтын еді. Десе де, полиция полковнигінің есігін «теуіп ашуға» дейін барып, оған арыз-арманымызда айтып қалатынбыз. Басында қатты келген Сәкең алыстан арып-ашып келген жүдеу жүзімізге қарап, амалсыз жұмсаратын еді. Жасыратыны жоқ, кейде заңда көрсетілген қатаң ереже-баптарды қандастарға бейімдеп, мүлдемге «жұмсартып» жіберуші еді. Алматы қаласы мен Алматы облысына шеттегі ағайынның қопарыла көшіп келіп, молынан қоныстануы да сол жылдардың жемісі болатын. Сөйтіп Көкебаев мырзамен басында қатты, аяғында тәтті сөйлесіп, талай жұмысымызды бітіртіп, жеңілдіктерге ие болатынбыз. «Елдігіміздің арқасы ғой» деп марқайып шығатынбыз.

Ал бүгін сол Көкебаев көкеміздің бауырмалдығы көз алдымыздан бұлбұл ұшты. Көші-қон таратылып, бар ісіміз Ішкі істерден бітетін болды дегенде қатты қуанып едік. Қазірше, жағдай біз ойлағандай болмай тұр.

Шеттен келгендердің ішінде Қытайдан келетін ағайындардың Ішкі істерге тірелетін жұмыстары тіпті көп. Қытай жағы кез келген ҚХР азаматына төлқұжат бере бермейтіндіктен олар сол құжатқа жылдап жүріп әзер қол жеткізеді. Ал Үрімжідегі виза ашудың түгеп бермейтін «мың бір түндік» хикаясын айтпаған күннің өзінде, келген қандастардың ІІД-не тіркеуге тұруы, оны ұзартуы мұң болды. Қытайдан көшіп, иә жеке сапармен келген ағайын үш айлық визамен келеді. Қандастарына ең алдымен қағазбастылықтан «шашу шашатын» мұндағы бюрократтық 3 ай дегеніңізді қас-қаққанша қағып алады. Енді виза ұзатру керек. Ықтиярхат, азаматтық алу, арттағы туыстарына барып, бала-шаға, әке-шешесін көшіріп келу жұмыстары бар. Осы әлекпен Ішкі істердің көші-қон бөліміне бас сұғамыз. Виза ұзатрқанды қойып, елден шығып кету бұйрығын естиміз. Мүбада тіркеудің уақыты өтіп кетсе, айып пұл төлеп, келген ізімізбен «зорға қашып шығамыз». Ал Көкебаевтің есігін «теуіп ашатын» жаман мінезімізге бассақ, заң бұзған саналып «қуғындаудың» көкесін көреміз. Қазақстанға көшіп келмек түгілі, аман құтылғанымызға қуанамыз. Тіркеусіз жүрген ұлты басқа шетелдіктер шекарадан қалай қуылса, бізге де дәл сондай мәміле жасалады.

Ендеше, Ішкі істер ішке тартпаса, Сыртқы істер сылап сипамаса, қазақ көші қаңтарылмай не етсін?! Менің де талай туысым осындай қыспақтың кесірінен амалсыз кері кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп біз Көкебаев сынды қандастарына бүйрегі бұрылып тұратын бұрынғы бастықты сағынатын болдық. 

 

Өмірбек Қазыбекұлы

Алматы қаласы

  КӨРШI ЕЛДЕН КЕЛЕТІН КӨШ САЯБЫРСЫП БАРАДЫ  

Келген ағайындарымызға үй-жай берiлiп, ауданның барлық елдi мекендерiне орналастырылды. Осы 2010 жылдың алты айында не кедергi болғанын кiм бiлсiн, бар жоғы 21 отбасы ғана көшiп келдi. Оның жиырмасы ҚХР-дан да, бiреуi Өзбекстаннан, қалғандары Моңғолиядан, ал басқа елдерден ешкiм жоқ. Қытайдан көшiп келу бiрден азайды. Себеп неден? Келген ағайындардың өз мамандықтарымен жұмысқа шыға алмауы – басты қиындық.

Бұл Қазақстанның барлық түкпiрiне ортақ. Олардың iшiнде мұғалiмдер де, дәрiгерлер де, жазушылар да, басқа да мамандық иелерi бар. Ал, арғы жақтан неге өте алмай жатыр? Мәселе сонда.

Бiрiншi себеп – ана тiлiмiзде бiлiм беретiн мектептердің көбі жабылып қалды. Баспасөз басылымдары азайды.Сонда бұл не отырыс? Қытайлану ма, не өзбектену ме?!

Қазiр мектептегi балалар саны туудың аздығынан жыл сайын азайып барады.

Туу көрсеткiшi қысқарған­дықтан, ауылдағы отбасылар да азая түсуде. Ендi бiзге көршi мемлекеттердегi қандас бауырларымызды көптеп көшiрiп алуға аянбай еңбек етуiмiз керек. Әйтпесе, ұлы даланы еңбекпен қамтамасыз ету үшiн болашақта келiмсектерге жол берiп жүрмейiк. Қытайдан келген ағайындардың сөзiне құлақ түрсек, Қытай жағы бұрыннан Қазақстанмен арада келiсiлген көшi-қон заңының жоқ екендiгiн желеу етіп, қандастарымыздың атажұртқа оралуына және төлқұжат алу мәселесiне келгенде, қиын кедергiлердi алға тартуда.Тiптi, Қазақстаннан шақырту алғанның өзiнде де, оны хансу тiлiне аударудан бастап, қаншама кедергiлердi жүрiп өту керек. Мұны солжақта тұратын ағайындардың қалтасы көтере ме? Бұл бiр. Сондай-ақ, Шынжаң жағы виза алудың өзiн қазiр қиындатып жiбердi. Айлап, жылдап жүрiп ағайындарымыз әзер алады.Әлде, сондағы басқа ұлт өкiлдерi қазақтар арқылы, өздерiнiң ассимиляцияға түсiп кетпей, аман қалуын ойлай ма, кiм бiлсiн?!

       Әрине, бiз еш ұлтқа жамандық ойламаймыз. Дегенмен, кезiнде шашылып қалған ұлтымыздың өз Отанына қайтып оралуына осыншалықты кедергi қойылғанына қынжыласың. Бiздегi «Нұрлы көш» бағдарламасы там-тұмдап әзер келiп, қандас ағайындарымызға жан-жақты көмек көрсетiп, олардың өз мамандықтарымен еңбек етулерiне үлкен қолғабыс тигiзсе екен дейсiң. Екi мемлекет арасында көшi-қон келiсiмшарты жасалса, куәлiк пен төлқұжат алу жеңiлдетiлсе, көршi елдердегi миллиондаған қазақтардың қоныс аударуына көп жеңiлдiк болар едi-ау.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қытайдан келген бiр ағайын: «арғы бетте 60 мың отбасы кезекте тұр», – деп бiр қуандырып едi. Қазiр сол алпыс мыңның алты мыңы да келген жоқ.Неге? Баяғы құжаттардың мәселесi, сонымен қатар,  балаларың кәмелетке толған жоқ, мектебiн бiтiрген жоқ», – деген сылтаулар алдан шығатын көрiнедi. Одан Кедендегi бiтпейтiн тексерiстер  тағы бар. Мiне, ағайынның ел-жұртына келуiне осылай шектеу қойып отырмыз. Бiз тек квота берiп мәз болып отырмай, алдымен көршi Қытай елiмен қалай да келiсiм-шарт жасауымыз керек. Сонда ғана ондағы елiне қайта алмай, әрбiр мемлекеттiк босағаны тоздырып, зар илеп жүгiрiп жүрген қандас ағайындарға көмегiмiз тиер едi.

Дегенмен, ел қамын, мем­лекеттiң күшеюiн ойлаған әрбiр отаншыл азамат билiктегiсi болсын, қатардағысы болсын, қандас ағайындарымыздың келуiнiң осын­шама азайып кетуiне көңiл аударып, ойлануы тиiс-ау. Сосын осы елден тек қазақтардың ғана келуiн қамтамасыз етуiмiз керек.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

     

Соңғы бес жылда 6 қытай, 24 ұйғыр, 4 орыс және 1 дүнген Қазақстан азаматтығын алған. Менің ойымша, тиісті органдар, әсіресе, Ішкі істер министрлігінің осы мәселемен айналысатын құрылымдары жоғарыдағы адамдар Қазақстан заңдарына сәйкес еліміздің азаматы атанып отыр ма, әлде заңды айналып өтіп, азаматтық алды ма, сол жағын тексеруі керек-ақ. Өйткені оралман қазақтардың өзі жылдап азаматтық ала алмай жүрген кезде өзгелердің әп-сәтте қазақстандық болып шыға келетіні мен үшін мүлдем түсініксіз.

 

Уәлихан Қалижан,

Мәжіліс депутаты

(«Егемен Қазақстан», 02.12.06).

 

Моңғолиядан келген қазақты – моңғол, Қытайдан келгенді – қытай, Өзбекстаннан келгенді өзбек етіп көрсетуде бір зымиян саясат жүргізіліп жатыр. Бұған міндетті түрде тосқауыл қою керек. Өйткені оралманның келуі – ол, ең алдымен, біздің демографиялық жағдайымыздың түзелуі, санамыздың көбеюі, себебі сан сапаға әсер ететіні түсінікті нәрсе. Оралмандар арқылы біраз тарихи салт-дәстүрлеріміздің қайтып келетінін біз білуіміз керек.

*   *   *

Оралманның келуі деген – біздің намысымыздың оралуы, оралманның жағдайы дегеніміз – біздің қазақылықтың, қазақ салтының, дәстүрінің салтанат құруы деп түсіну – әр қазақ азаматының парызы.

 

Бекболат Тілеухан,

Мәжіліс депутаты

(«Түркістан», 09.11.06).

   

Егер Монғолияның қазақтары мал-мүлкімен ата-жұртына қоныс аударса, үкіметтен квота сұрамайтын болады. Жақында телеарнадан қауымдастық төрағасының орынбасары Талғат Мамашев «шетелде бай қазақ жоқ» деді. Ол кісіге бай қазақ не үшін керек? Неге шетелден бай қазақ іздеп жүр екен? Бай қазақ іздеген адам қауымдастықта отырмауы керек.

 

Қайрат Бодауханұлы,

ғалым

(«Жас қазақ», 25.08.06).