Қайда беттеп барамыз?

Заман өтті, көзің көрді

Шырық бұзды талайлар,

Қазақ, енді кезің келді

Алды-артыңды абайлар.

 

Көрдік кемдік, алдық теңдік,

Жарқын тартып арамыз.

Кімбіз біздер? Қайдан келдік?

Қайда беттеп барамыз?

 

Бірде даулап, бірде жаулап,

«Аңқау қазақ, бұл кім?» - деп,

Орыс келді одыраңдап,

Қытай келді шүлдірлеп.

 

Бір жағыңнан қытай түртіп,

Айдап салды қалмақты,

Жер бүлініп, елім үркіп,

Көзден жасты парлатты.

 

Қызығына орыс тойды,

Желіктіріп басқа ұлтты,

Ұлтыма енді қарсы қойды

Бауырласқан башқұртты.

 

Тіл сындырған молдасы көп,

Жинап алып татарды,

Оқығаннан жолдасы жоқ

Қазақ надан атанды.

 

Неге өзегім өртенеді,

Тағы, қатты жел тұрды.

Алдаспаным – хан Кенені

Көрші қырғыз өлтірді.

Татып көрдің күріші көп

Өзбектердің палауын,

Ұйғырдың да ырысы көп,

Бердің тағы қалауын.

 

Заманды әбден ашындырды,

Жемқор жал мен жая жеп,

Шешендерді басындырды,

Ұл-қыздарың таяқ жеп.

 

Жебірейдің тасы жүріп,

Имандылар бет басып,

Қазына мен дүние-мүлік,

Шет елдерге кетті асып.

 

Бір жағыңнан кәріс келді,

Үндіс келді бір жақтан,

Қай құбылаң тегістелді,

Пайда ма әлде құр мақтан?!

 

Жұртың солай бүлінуде,

Жемсауы бар жеп келген,

Ағылшын мен түрігің де

Алсам, жесем деп келген.

 

Біреу үйді ойрандады,

Бірақ, тартқан жаза жоқ.

Төрге шығып тайраңдады,

Қонақ емес, қожа боп.

 

Айтсақ-тағы ел түгел деп,

Күй де бөлек, би бөлек.

Жат әуенге елтігендер

Қайда бармақ кимелеп?!

Бүгін тозған бордай құның,

Болып едің кім кеше?

Ғұмырыңды жалғай ма ұлың,

Салт-дәстүрді білмесе.

 

Азайған соң қариялар,

Таң қалдырған әлемді,

Қаптап кетті сериалдар,

Жіпсіз байлап әйелді.

 

Жиһаз, мүлік, әдет, ғұрып,

Алыс жерден әкелген,

Ыдыс-аяқ, қазан-ошақ,

Бәрі, бәрі шет елден.

 

Киген киім, ішкен тамақ

Ұрпағыңа бұйырмай,

Тұнжырайсың төмен қарап,

Аусыл болған сиырдай.

 

Жалған емес сөзім жаңа,

Мейлің, жерге ұр маңдай!

Жылтыраған көзің ғана

Қазақпын деп тұрғандай.

 

Заман өтті, көзің көрді

Елге кімдер карайлар?!

Қазақ, енді кезің келді,

Алды-артыңды абайлар...

 

 

 

                                        Ақылбек

                                        Шаяхмет