ҚАЗАҚ КӨШІ неге тоқырап тұр?

1151
0
Бөлісу:

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің

депутаты, жазушы:

– Әрине, соңғы уақыттар­да квоталық әдістерді игеруі­мізге байланысты және әлем­дік қаржылық дағдарыс­тың әсерінен де көш легі өт­кен жылдарға қарағанда саябырлағандай болып тұр. Бұл бізде қаржылық жетіспеушіліктің әсерінен оларға қажетті жағдай жасалмады дегенді білдірмейді. Қазақстан мұнан да қиын кезеңде қандастарымыз үшін бар жағдайды жасаған, әлі де жасай береді. Бірақ квоталық тапсырыстардың орындалмауы қаржылық дағдарыстың әсерінен қазақтар тұратын кейбір елдердегі ішкі саясаттың өзгеруіне де байланысты. Осыған орай бізде үкімет тарапынан біршама жұмыстар атқарылды. Жақын күндері «Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен көші-қон саясатына байланысты үлкен дөңгелек үстел өтпек. Қазақстандағы барлық саяси партияларды көші-кон саясатына байланысты үзіліссіз, жалғасты жұмыс істеуі үшін келісімге келу жөнінде ұсыныстар талқыланады. Бұл қандастарымызды үлкен саяси доданың ар жақ, бер жағына тартуды емес, қайта, бұл көшті ұлттық саясаттың негізгі алтын діңгегі ретінде қарап, кемелді жүзеге асуы үшін ортақ күш жұмсауды мақсат етеді.

Кейбір адамдар оралмандар Қазақстан қиын жағдайға қалған кезде қашып кетіп, енді барлығы дұрысталғанда қайтадан келіп жатыр дейді. Бұл пікір әуелі бұқаралық ақпарат құралдарында да жазылып жүр. Мен мұндай көзқарасқа барған адамдарды мемлекеттің ұлттық саясатының негізгі бағытынан бейхабар адамдар деп есептеймін. Тарлан тарихтың тар жол, тайғақ кешулерінде амалсыз атажұртынан кетіп, болмаса, екі алып державаның шекара бөлуі тұсында сызықтың ар жағында қалып, енді Отанға оралған қандастарға көмек қолын созып, жағдай жасау – кемел өркениеттің белгісі. Дамыған ел бола тұра, Германия, Израиль елдері не үшін өз отандастарын шақырып жатыр, тіпті, алпауыт Ресей де шашырап кеткен ормандай орыстың басын қосуға мүдделі. Бұл елдер мемлекеттік бағдарлама қабылдап, көші-қон саясатының жүйелі жүруі үшін барлық жағдайлар жасады. Ал Қазақстан өз елімізде мемлекет құраушы ұлт ретінде өте аз бола тұрып, не үшін шетелдегі қандастарымызды Отанға шақырмаймыз?!

Оралмандардың арқасында бізде ең үлкен мәселе оң шешімін тапты. Ол – демографиялық мәселе. Халық санының өсуіне оралмандардың қосқан үлесі зор. Нақтысын айтсақ, соңғы бес жылда ғана Қазақстанда табиғи өсім пайда болды. Осының арқасында өткен жылғы санақ бойынша қазақтардың жалпы саны 63 пайызды құрады. Бұдан сырт қандастарымыздың арқасында көптеген кәсіпорындар мен фирмалар, жеке емдеу орталықтары, зауыттар құрылып, халықты жұмыспен қамтып отыр.

Қазақстанға келген бір миллионға жуық орал­мандардың 4 пайызы ғана зейнеткерлік жаста. Яғни келгендердің барлығы жұмысқа жарамды азаматтар. Олардың арасында елуден астам ғылым докторы, екі жарым мыңнан астам ғылым кандидаттары, академиктер бар. Шетелден келген қандастарымыз – қазақтың тіл байлығын, мәдениетін, қолөнерін сақтап, дамытып келе жатқан адамдар. Бұдан сырт олардың арқасында қаншама кәсіпорындар, зауыттар, фирмалар, медициналық мекемелер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Елдің рухани, әдеби өміріне де бауырларымыздың қосқан үлесі зор. Олай болса «оралмандар елге олжа салмады» деу мүлде үстірт көзқарас деп білемін.

Ислам ҚАБЫШҰЛЫ,

академик, доктор, профессор, МХР Халықаралық Түркология орталығының президенті, «Алтын орда» мәдениет орталығының бас директоры:

Осы уақытқа дейін қаншама шетелдегі қазақтардың атамекеніне оралуына мұрындық болған «Нұрлы көштің» қазір тоқтап тұрғаны өкінішіті әрине. Алла, қаласа келесі жылдан бастап «Нұрлы көш» қайта қолға алынбақ.

Келген адамдардың арасында дұрысы да, бұрысы да бар. Туған-туыстары осында келгеннен кейін, өздері де қалай келудің жолын қарастырып жатқан қандастарымыз да баршылық. Көшіп келе жатқан адамдар Ресей мен Қазақстанның шекараласқан жеріне келгенде басыңнан башпайыңа дейін тексеруден өткізеді. Мұндай қиындықтарды болдырмау үшін тура жол мәселесін шешуді қолға алу қажет.

Басқа елдің шекарасын басып өту өте қиын. Сондықтан, тура жол мәселесін кезек күттірмей шешу керек. Мұны айтып келе жатқаныма да біраз уақыт болды. Бұл әсіресе орыс тілі мен монғол тілін мүлдем білмейтін қазақтар үшін тиімді болар еді.

Меніңше Қазақстан сырттағы қандапстарына оң көзқараспен қарайтн болса, бізге шынын айтқанда ай мен күндей әсері бар. Аспандағы ай мен күнді ешкім алақанымен қалқалай алмайды. Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты Қазақстанда жүріп тұратын болса, шетелдегі қазақтар Қазақстанның нұр сәулесінің нәрін тата берері сөзсіз. Егер бір болмашы кілтипан болатын болса, мұның арты үлкен қиындыққа апарып соқтыруы мүмкін. Бұл мәселеге келгенде үлкен бір кемеңгерлік керек. Моңғолиядағы, Шынжаңдағы қазақтардың әдет-ғұрпының, ана тілінің қаймағы бұзылмаған болатын. Бүгінгі күні бұзылмақ түгілі, бүлінудің аз алдында тұрған жайы бар. Неге десеңіз, ондағы қандастарымыз Қазақстаннан жарық көретін газет-журналдарды оқи алмайды, радионы тыңдай алмайды. Теледидар бұрынғыдай сайрап тұрса, газет-журналдар дер кезінде жетіп тұрса, мұның бәрінің атажұртын аңсаған алыстағы ағайынға үлкен бір көмек болар еді.

«Нұрлы көшті» уақыт оздырмай жалғау керек. Оны тоқтауға болмайды. Қазір шынын айтқанда ағайын туғанның жартысы анда, жартысы мұнда қалды. Сондықтан біз қазақ боп туып, қазақ болып қалу үшін, алыс-жақын шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қазақтардың атамекеніне оралуына жағдай жасауымыз керек. Ел бастаған азаматтар осы мәселеге үлкен мән беруі керек. Оралмандар дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтар барда, көш тоқтап қалмайды деп сенемін. Дегенмен, тоңмойындар біздің елде де, сіздің елде де бар. Көші-қон жағына қара басының қамын ойлайтындарды емес, елге шынайы қамқорлық таныта алатын үлкен жүректі азаматтарды жауапты етіп қоюымыз керек.

Бұл тауқыметі өте үлкен нәрсе. Халықтың қарғысына қалу деген ең жаман нәрсе. Біз Жапонияға немесе Кореяға қашып кеткен халық емеспсіз ғой. Біз тек екі таудың арасында бөлініп қалған елміз. Осыны ескеруіміз керек.

Жазып алған Мамырбек Төкеш

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он екі − 9 =