Оралмандарды ойбайлатқан кім?

Көші-қон заңынан бұрын көш легі басталып кеткендіктен, алғашында бірер олқылықтар болды. Сол алғашқы жылдары көші-қон полициясына тіркелу, тұрғылықты жерге тіркелу, азаматтыққа құжат тапсыру өте оңай болған еді. Тіптен көші-қон ұйымының қызметкерлері қоныстану билеті мен ақшалай жәрдемді үйге әкеліп беретін. Содан 19 жылдан соң, Моңғолиядағы туыстардан 3 отбасы көшіп келген. Ал, осы 3 отбасының 17 адамын тіркету, оралман мәртебесін және квота, азаматтық алу барысында кездескен сан кедергілер жайлы және де осыған байланысты бірер ой-пікірімді газет арқылы ортаға салуды жөн көрдім.

Шетелден келген қандаста­рымызды тіркеу оралман мәртебесін, квота және азаматтық алу деген жүйелі сатыдан өтеді. Тіркеу екі түрлі. Біріншісі, оралман облыстық көші-қон полициясына 3 күннің ішінде тіркелуге тиіс. Екіншісі, тұрақты тұратын жерден көші-қон полициясына тіркелу. Ол үшін үй кітапшасы қажет. Өзіңде үй жоқ болғандықтан, амалсыз біреудің үй кітапшасына жалданып тіркелуге тура келеді. Оралман мәртебесін алу үшін 5-7 түрлі құжат қажет. Осы «оралман» деген атау адамды кемсіткен сияқты сезіледі. Сондықтан ең әуелі оралман деген атауға жүрекке жылы бір атау қажет-ақ. Меніңше, қандастар, ағайындар деген сөз оралманнан гөрі лайықты сияқты.

Оралман құжатын дайындаған соң, оны Талдықорғандағы об­лыстық Көші-қон департаментіне тек өзің барып тапсырасың. 7-10 күн өткен соң, қайта барып, оралман куәлігін аласың. Бірақ, әлгі оралман куәлігі квота алуға ғана әсері барға ұқсайды. Балаларға берілетін жәрдемақы, зейнетақы алуға оның дәрежесі жетпейді екен. Сондай-ақ үй сатып алса, атыңа жазғызуға немесе түсіруге де қауқарсыз.

Оралман куәлігін алған соң азаматтық алуға құжат дайын­дайсың. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», – дегендей, қиындықтың көкесі енді басталады. Азаматтыққа 9-18 түрлі құжат дайындау қажет. Үлгідегі парақтар мен (форма) құжаттарды тауып дайындап бересің. Бір адамның (14 жастан жоғары) құжатын толтырып жазуға 1500 теңге төлейсің. Ал, өзің жазсаң, әр түрлі сылтау, кемістік тауып 2-3 қайталап жазып сазайыңды тартасың. Сондықтан 1500 теңгеңді беріп құтылғаның тиімді. Ауылдан ауданға талай мәрте барып жүріп, әрең дегенде бітіресің. Аталмыш адамның сотталған, сотталмағанын тиісті орын растайтындықтан, жауабы келуге 13-20 күн, азаматтыққа құжат өтті деген аудандық көші-қон полициясынан анықтама аласың. Бұл - сенің екінші қуанышың. Азаматтыққа құжат өткенін білу үшін 80-180 күн күтесің. Ол жоғарғы жақтан келеді. Азаматтыққа бұйрық шықты деп кейбір оралман квотасын ала алмай қалған жайлары да бар. Азаматтыққа құжат өтті деген анықтама алып, «Қазпоштадан» есеп шот аштырып, облыстық Көші-қон департаментіне барасың. Құжатың жараса, 10-15 күнде квотаңды аласың. Бұл - сенің үшінші қуанышың.

Азаматтықтан шығу, Президентке өтініш беру, құжаттарды аудартып, нотариуспен растатып қалтаңды қағып, титығыңды құртып, сабылып жүріп бітіресің-ау, әйтеуір.

Келетін оралманға аз да болса себі тиер деген ниетпен мынадай ұсыныстар айтамын.

1. Қазіргі қолданыстағы сауал­нама-анкета қайта тексеріліп, ол аз сұрақтармен қайта жасалса және ақысыз толтырылса, оралманға аз да болса көмегі тиер еді.

2. Аудандық Көші-қон полициясы осы іске тікелей жауапты болғандықтан, жоғарғы жақтың шешімін күтпей, құжатты тексеріп, шартына сәйкестендіріп сол сәтте анықтама берсе; Жоғарғы жақтың шешімін күтуден оралмандар шаршады. 3. Жеке куәлікке туған жері деген сұрауды жазбаған абзал сияқты. МХР, ҚХР дегенді көріп, кейбіреулер пайда табуды ойлайтыны жасырын емес.

4. Сауалнама-анкета парақта Қазақстанға келгеннен кейін және елінде сотталғанын 2 мәселе сұраса «Қазақстанда атқаратын қызметі» деген сұрақ бар, оған не деп жауап бермек? Ол адамның бұрынғы елінде қандай қызмет атқарғаны, алған мәртебелері ескерілмеген. Форма (үлгідегі қағаз) қағаздары орыс тілінде, оны толтыруға әрбіріне 50 теңге, сауалнама-анкета бір адамға 2 есе жазылады. Бір парағы 150 теңге, бір адамға 300 теңге төлейсің. Құжаттарды елшілікке аудартасың, бір құжат 6 АҚШ доллары, оның көшірмесін нотариусқа растатқанға 200-1500 теңге төлейсің. Осылардың бағасын төмендетсе немесе тегін жасалса.

5. Құжаттар неге қазақ тілінде болмайды? Қазақша жазуға не бөгет, әлде дағды ма? Кім кінәлі?

6. Оралманға оң қабақпен қарап, квота, азаматтық алуға негізгі қажетті құжаттар мен сауалнама-өтінішті негіздеп, тек қана отағасына жазып, қағазбастылықты азайтса тиімді болар еді.

Өкей ҮРІМХАНҰЛЫ

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы,

Ақсеңгір ауылы