Қазақ мәдениетіндегі ЕҢБЕК ФЕНОМЕНІ

(Соңы. Басы өткен санда)

Еңбек, әлбетте, нәтижелі болуы шарт. Әйтпесе, «есіл еңбек, құр шығын, тарқар ма екен қырсығым» дегендей, адамның ісі өнбейтін де кездері болады. Қазақ тілінің лексикалық бай қорына үңілер болсақ, еңбек/еңбекте/ сөзінің әуел баста негативті мағынада болғанын көреміз / Тізерлеп, етпеттеп жүру, кейін бой тасалай, бұғып жүру/. Осы лексикалық бірліктен пайда болған, негативті мағына беретін сөз - еңбекті. Бұл сөзді бұрын біз жиі кездестірдік, бірақ мағынасын білмедік. Сөздің мағыналық жағынан ашылуына бізге көмекке келген Мәшһүр Жүсіп былай дейді: «Және қазақта бір мақал бар: «Ер – егіз, еңбекті жалғыз». Ердің өзіне лайықты қатын жолықса, сонда «егіз» болады. Қатын жаман болса, ағайын жаман болса, бала да жаман болса, «еңбекті» деп, соны айтады. Ерлі-байлы екеуі аман тұрған күнде «егіз» есепті. Бірінен-бірі айырылып қалса, қай қалғаны «еңбекті» сол болады. Істеген ісі оңға басқан адам «егіз» есебінде: өзі біреу болса да, ісі орынға тұрғандықтан, онымен – «егіз». Істеген ісі оңға баспаған адам «жалғыз» есебінде, «еңбекті» деп соны айтады. Басы – аман, малы – аман – бүтін тұрған адам – «егіз» есебінде, қаза-пәлеге ұшыраған адам: «еңбекті» деп соны айтады. Қазақ мақалында бар: «Еңбектінің үйінен етік басындай өлім шықсын!» - деген. Және айтады: «Еңбектіге қара жер ойылады» - деген: «Құрғақ жердің өзі оған саз балшықтай –басқан аяғын суырып ала алмай, әуер болады» - деген сөз». Құдай бізді еңбекті болғаннан сақтасын, еңбекқор, еңбекшіл етсін!

Кез келген нәрсенің іске асуы үшін белгілі бір жағдайлар қажет болатыны сияқты, еңбектің де жүзеге асуының шарттары бар. Ол шарттар – тәуекел мен талап . Абай:

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек көтін жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте

алмас, -

дейді. Тәуекел мен талап – іскерліктің, бизнестің шарты. Бұл ұғымдар қазақ мәдениетінде Құдай ұғымымен тікелей байланысты. Байлық – Құдайға тәуекел етумен табылады. Қазақ ұғымында байлықты Құдай береді, адам бермейді. Бірақ бұл түсінікті қате ұғынып, харекетке емес, әрекетсіздікке душар болған жандар да жоқ емес. Енді осы күрделі ұғымдарға түсінік бере кетелік. «Байлықты жаратқан Құдай, кедейлікті де жаратқан Құдай. Бірақ сені бай қылған, кедей қылған Құдай емес» (Абай). Кейбір адамдар таным-түсінігінің тайыздығынан өзінің кедейлігін Құдайдан көреді. «Жаман адам Құдайшыл» деген сол. Ал Құдай саған еңбек етіп мал табуға, бай болып, бар болуға барлық жағдай жасап отырған жоқ па? «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме, көңіліңде қайғы болмаса, зарлымын деме» деп үйретеді қазақ даналығының сарқылмас қазынасы мақал –мәтелдер. Осы қарапайым дүниетанымдық заңдылықтарды білмеген соң адам баласы байлықты Құдайдан сұрамай, өзі сияқты пендеден сұрап басының қадірін кетіреді. Сондықтан тағы да қазақ мақалы «Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деп біздің таным-түснігімізге коррекция жасайды. Өзі сияқты адамнан бірдеңе дәметудің абсурдтығын айтқаны. Ал осы «Құдайдан сұра!» деген қазақ мәдениетіндегі императивті қалай түсінуге болады? Көмеке тағы ғұламаларды шақырамыз: «Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол» (Абай, «Оныншы сөз»). Бұдан артық біз не айта аламыз?!

Адамның қадірі –еңбекпен дедік. Бұл - аксиома. Бірақ қандай еңбек? Еңбек өзі екіге бөлінеді: адал, арам. Арам- шариғатта тыйым салынған дегенді білдіреді. Ал адал /халал/ еңбектің кез келген түрі лайықты, оның қай түрінен де болса жиіркенуге болмайды. Абайдың: «Есен көтін жусаң да мал тауып кел» - дейтіні сондықтан. Бұл императивті дұрыс түсінбеген кейбіреулер мұны харам жолға пайдаланып жүр. Сөйтіп өздерінің оңбағандықтары мен бұзылғандықтарына Абайдың айтқанын негіз еткісі келеді. Қазақта тағы бір «жарлы болсаң арлы болма» деген мақал бар. Кезінде бұл мақалды Абай сынаған. Үлкен мораль тұрғысынан, ар-ұят тұрғысынан Абайдікі – дұрыс. Кедей екенмін деп ар-ұятыңды саудаға салуға әсте болмайды. Бірақ бұл мақал басқа бір мәселені де меңзеп тұрған секілді. Мәселен, осы «ар» сөзінен шығатын «арлану» деген сөз бар. Бір нәрсені бойына лайық көрмеу деген мағынаны береді. Қазақ айтып тұр: жарлы болсаң арлы болма, яғни, ешқандай халал жұмысты бойыңа ар көрме, жиіркенбе деп тұр. Бұл айтқанымызбен Абайдың есек туралы айтқаны үндес шығып тұр. Қазіргі кедейшіліктің басты себептерінің бірі – осы адал еңбектен арлану. Отбасың, әйел-бала-шағаң аш отырғанға арланбай, бір жұмысты бойына лайық көрмей арлану – барып тұрған сорақылық емес пе?

Кедейшілікке ұрындыратын, бізді еселі еңбектен тосатын тағы бір жайт –жанаярлық. Яғни, біздің өзіміздің жанымызды өзіміз шектен тыс аяуымыз. Мәшһүр Жүсіп бұл туралы: «Байдың малы ардақты, // Кедейдің баласы ардақты» - деген. Бай болатұғын кісі өзін де аямайды, баласын да аямайды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұйқы көрмей, күлкі көрмей, күн қатып, түн қатып, жаны да жоқ ойында, ас-су да жоқ ойында, малдың қамын қылуға жытһады зор болады. Кедей малдың қамымен жұмысы жоқ, есі-дерті баласының суыққа тоңбағанын, қарны аш болмастығын, ұйқысы бұзылмағанын мақсат көреді. Жасынан жаман ғадетке табиғаты үйренген бала соны қалып алып, ақырында мұқтаждықта, қорлықта қалады». Міне, ғұламалар бізге байлық пен кедейліктің сырын айдан жарық, күнен анық қылып алдымызға жайып салып отыр. Осының бәрі – адамның өз табиғатын жете танымауында. Бойымызда: «Ойбай, өлесің!» деп сыбырлап, бізге үнемі жаны ашып тұратын «досымыз» бар. Шын мәнінде ол біздің досымыз емес, анық жауымыз. Оның аты - нәпсі. Осы «нәпсісін /жанын/ таныған адам ғана Құдайын таниды» - дейді қасиетті хадисте. Нәпсіні аямай, жастайынан еңбекке үйретіп, бас білғізіп тастаған адам ғана мына өмірде де, ана дүниеде де табысқа жетпек. «Аясаң – аяма!», «Баланы – жастан, қатынды – бастан» деген императив-мақалдар осы орайда айтылған деп білеміз.

Бұл нәпсінің табиғаты жайлы, оның мүмкіндіктері туралы бұрынғы қазақ жақсылары Мәшһүр Жүсіптің жеткізуінде бізбен былай деп сыр бөліседі:

Боларыңда болып өт,

Боз жорғадай желіп өт.

Болмасыңды білген соң,

Болған ердің қосын жек.

Өзің адам болған соң,

Аудара тастап,

Қалай кетсең, олай кет!

Бай болсаң, торғын орамалмен

бетің сүрт,

Жарлы болсаң, жаныңмен көтің сүрт.

Бай болып, бар болсаң,

Жан бір – алтын ханыша:

Сыйласаң, сыйлауыңа тұрады.

Жоқ болып, жарлы болсаң,

Жан - бір күдері:

Қанша қинасаң, қинауыңа шыдай береді, үзілмейді.

Және бір жақсы мақал бар:

Жігітлікте жаннан кеш те, іс қыл:

Өлсең, өлесің.

Өлмесең, кісі боласың.

Білген адамға – бәрі насихат

Білмегенге не айтасың?!

«Жоқ болып, жарлы болсаң, // Жан - бір күдері» - дейді данышпан бабаларымыз. Күдері – әбден иі қанып жұмсартылған бұлан не бұғы терісі. Қазақ ең мықты, берік, өте төзімді теріге балайды. Адамның жаны /нәпсісі/ де сол – «қанша қинасаң, қинауыңа шыдай береді, үзілмейді». Еңбек ете білу мәдениеі – осы нәпсі тәрбиесімен де тікелей баланысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ мәдениетіндегі көтерілген мәселелердің бір парасы осыған – еңбек құндылығын зерделеуге арналғаны тегіннен-тегін болмаса керек. Бұл– болған, қазірде бар және бола беретін, өмірі құны мен мән-мәнісін жоймайтын мәселе екендігіне баса назар аударғымыз келеді. Еңбек, еңбек, еңбек! Қазіргі қазақ руханияты мен мәдениетінің алдында тұрған ең көкейкесті асқаралы мәселенің біре де бірегейі де осы - еңбек ету. Еңбек ету мәдениетін қалыптастыру, қара жұмыс пен ой жұмысын парқын ажыратып беру, әлемдік бәсекеге шыдас беретіндей еңбек ету этикасын қалыптастыру – бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі екенін тағы да қадап айтамыз.

ХІХ ғасырдың бел ортасында ғұмыр кешіп, қазақ әлеуметі басынан өткерген барлық өзгерістер мен ауыртпашықтардың куәсі болған, куәсі ғана болып қоймай, тығырықтан шығар жол іздеген, бағыт нұсқаған Абай айналасына үлгі-өнеге шашқан үлкен тәлімгер де болғаны белгілі. Сондай үлгі-өнегенің бір парасы еңбек пен оның қадір-қасиетіне арналады. Бірде Абайдың үйіне бірнеше сөз ұстаған ділмәр, шешен жігіттер келіп түседі. Қонақтар ас-суын ішіп жайласып алғаннан соң Абай оларды сынамақ мақсатында: «Ер бір-ақ рет өледі, ез күнде өледі» - деген сөздің мәнісін сұрайды. Сонда қонақтардың үлкені:

- « Өзекті ерге бір өлім» деген, ез өзінің ездігінен күнде өледі, ер бір-ақ рет өледі. - дейді. Үй иесі:

- Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан сөз, менің күткенім бұл емес, - дейді. Сонда екінші егделеу қонақ тұрып:

- Емен иілмейді, морт сынады. Ер адам да бір- ақ рет өледі, -деген мағынада сөз айтады. Абайдың бұл жауапқа да көңілі көншімейді. Сонда қонақтардың ең жасы орнынынан тұра келіп:

- Абай аға, дат! Мен айтайын, - дейді. Үй иесінен рұхсат алсымен жас жігіт кідірместен:

- Ер егіз, еңбекті жалғыз деген, ер жігіттің қадір-қасиеті еңбекпен өлшенеді, еңбексіз өткен әрбір күн өліммен тең емес пе? – деген екен. Абай а жігіттің жауабына дән риза болып, үстіне шапан жауып сый-сыяпат көрсетіпті.

Халық жадында сақталған осы бір әдемі әңгімеде ойшыл ақын болмысының тағы бір қыры жарқырай көрінеді. Абай бір күнде Абай бола салмағаны, тынымсыз еңбек пен мехнат шегу арқылы ғана осыншалық биік дәрежеге жеткені мәлім болады.

Бар өмірін еңбекпен өлшеген Абай атамыз тіпті сүйіспеншілік, ғашықтық, махаббат мәселесіне де осы тұрғыдан қарайды. Адам баласына тән бұл сезімнің өзі өткінші екенін саралай келе:

Махаббат, достық қылуға

Кім де болса тең емес.

Қазір дайын тұруға –

Бес күндік ғашық жөн емес.

Сүйіспек көңлім ойлады

Жанның бәрі – қатыбас.

Сүйісу тозбай тұрмайды,

Еңбекке аз күн татымас, -

дейді. Ақын жанына жақын тұтып, шығармаларын басқаларға қарағанда көп аударған Лермонтовта бұл ой былайша өрнектеледі:

...Любить...но кого же?.. на время – не стоит труда,

А вечно любить невозможно.

В себя ли заглянешь? – там прошлого нет и следа:

И радость, и муки, и все там ничтожно .

Лермонтовтағы «на время»-ны Абай «аз күн» деген сөзбен алмастырыпты. «Аз күн» - уақыт мөлшері,- қысқа уақыт, тез аяқталатын уақыт; ол өтпелі, өткінші, баянсыз болғандықтан да еңбекке татымайды, күш жұмсауға тұрмайды деп тұрған жоқ па ақын? Еңбек, адамның күш-қайраты мен ақыл-ойы керісінше, өтпелі емес, тұрақты, баянсыз емес, баянды нәрсеге жұмсалуы керек. Осы өлшеммен алғанда Абай қазақ мәдениетінде еңбектің түр-түсін саралап, елеп-екшеп «баянды еңбек» деген ұғым еңгізеді де:

Түбінде баянды еңбек егін салаған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбекің бұдан өзге бәрі жалған,

- деп «үкім» шығарады . Абайдың талғамына татыған, ақыл сыны мен ой сарабының темір тезінен өткен еңбектің екі-ақ түрі бар екен: ол – егін салу және жастайынан оқып білім алу. Ал жұрттың бәрі қызығатын, елдің бәрі ұмтылатын би болу мен болыстықты ақын жарамсыз деп тауып отыр. Оларды ол «өнер емес» дейді. Қызық, жұрттың бәрі өңмеңдеп ұмтылатын, бар малын шығындап, кейде ар-ұятын да саудаға салып жіберетін нәрсені Абай «өнер емес» деп түкке алғысыз қылып тастайды. Жоқ, олай емес деп өзіміздікін дәлелдеп Абаймен шексіз пікір таластыруға болады. Бірақ бұл әрекетіміз еш нәтиже бермей, өзімізді тектен-текке қажытатынымыз тағы рас. Оданша: «Абай неге бұлай айтты екен?» - деп ойланғанымыз абзал шығар. Біздіңше, ақын адам өмірінің, оның адамшылық қалпының өлшемі деп еңбекті қарастырса, еңбектің өлшемді ретінде өнерді алады.

«Би болған, болыс болған неге өнер емес?» - деген сұраққа әліміз келгенше енді жауап та беріп көрелік. Болыс боламын деп бар малын шығындап, болыс болып алған соң бар күш-қайратын сол малды қайта өндіріп алуға жұмсайтын қазақты Абай көзі көрді. Кімнің тарысы піссе соның тауығы болатын, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген атам қазақтың моральдік кодексін ұмытқан парақаор биді де Абай көрді. Көріп қана қойған жоқ, өзі де біраз жыл би, болыс болды. Болды да бұл істің баянсыз, жалған екендігін кәміл түйсінді. Ақын не жазса да басынан өткеріп, әділетті жүрегінен өткізіп барып жазды; бейнелеп айтар болсақ: «жүрегінің қанымен» жазды.

Абай айтқан осы жайт – бүгінгі күні де актуалды. Бұрынғының биі мен болысы – бүгінгінің депутаты мен әкімі. Қазір де жұрттың барлығы депутат, барлығы әкім болғысы келеді. Ал Абай айтып отыр: «Бұл сендердің жаппай ұмтылатын нәрселерің емес, одан да баянды еңбекке ұмтылыңдар» дейді. Қарапайым кәсіп /егін салу/ пен білімді билік пен тақтан жоғары қояды. Ой көзімен қарасақ, елдің экономикалық хал-ахуалы қазір екі нәрсеге - ауыл шаруашылығы мен жоғарғы инновацияларға негізделеген жаңа технологияларға байланысты. Елу елдің қатарына кіреміз деп ел алдында мақсат қойған Елбасының да арман-аңсары, ой мақсаты жастарды жаппай билікке емес, білімге жұмылдыру, кәсіби мамандарды даярлау, ауыл шаруашылығын көтеру. Әрине, ешкім депутат болма, әкім болма деп жатқан жоқ, - киелі жердің бос болмайтыны бесенеден белгілі, - бірақ жалпы ұлттық тұрғыда ол – мақсат емес. Мақсат - шын өнердің қатарына жататын баянды еңбеке бар күшіңді сарп қылып, халқыңа пайдалы болу. Қазақ елінің айнымас темірқазығы, ұлт ұстазына айналған Абай тағылмы бізді осындай ойға жетелейді.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ