ҰЛТҚА, ТIЛГЕ ЖАНЫ АШЫМАЙТЫН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ҚАЖЕТ ПЕ?

1379
3
Бөлісу:

d0bed0b4d0b0d0ba

ҚР Президент әкiмшiлiгiне, үкiметке және Қазақстан қаламгерлерiне ашық хат

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин «Қазақ әдебиетi» (29.10.2010 ж.) газетiнде жариялаған «Ақиқатты бұрмалау – арға сын» атты мақаласында одақ жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенiн айта келiп, осы өзгертiлген жарғыдағы «құр¬меттi төраға» туралы «жалған ақпарат таратты» деп есiмдерi ел аузында жүрген ақын-жазушылар Төлен Әбдiков, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабековтерге кiнә артты. Мәселе мәнiне бармас бұрын әуелi одақ жарғысына өзгерiстер енгiзiлгенi туралы Н.Оразалиннiң жоғарыда бiз тiлге тиек еткен мақаласынан үзiндi келтiре кетейiк. Ол былай дейдi:

«ҚЖО РҚБ-нiң (Қазақ­стан Жазушылар одағы Респуб­ликалық қоғамдық бiрлестiк. ред.) кезектi немесе кезектен тыс съезiнде көпшiлiк дауыспен ҚЖС РҚБ-нiң құрметтi төрағасы сайланады. ҚЖО РҚБ-нiң құрметтi төрағасы болып кем дегенде бiр толық мерзiмде басқарма төрағасы болған, ҚЖО РҚБ-нiң дамуына және нығаюына елеулi үлес қосқан ҚЖО РҚБ мүшелерiнiң көпшiлiгi арасында құрметке ие, жоғары iскерлiк беделi және моральдық адамгершiлiк қасиеттерi бар ҚЖО РҚБ-нiң мүшесi сайлана алады».

Мiне, осы Н.Оразалиннiң айтуынша, «бiр ауыздан қабылданған» жарғыдағы өзгерiстерге келiспеген үш әрiптесiмiз «жалған ақпарат таратушы» болып шыға келген. Ол аздай Н.Оразалин мырза өз сөзiн одан әрi «нақақ жала жабудың, жалған қауесет таратудың жауапкершiлiгi заңда нақтылы қарастырылған…» деп сес көрсете сабақтайды.

Ендi әңгiменiң ашығына келейiк. Бiрiншiден, Н.Оразалин ауыз толтырып айтып отырған 234 делегат одаққа мүше делiнетiн 700 жазушыны алмастыра алмайды. Сондықтан жарғыны «бiр ауыздан қабылдады» деу заңға томпақ келедi. Екiншiден, сол жиынның өзiнде «Құрметтi төраға ешқандай қисынға келмейдi» деп жиналысты тастап шығып кеткен Төлен Әбдiков пен оның бұл азаматтығын баспасөз арқылы ашық қолдаған Мұхтар Шаханов пен Дулат Исабеков қалайша «жалған ақпарат таратушылар» санатына қосылып кетпек?!

Бiр нәрсе айқын. «А»-ны айтқан соң, «Б»-ны да айту керек. Қанша бүркемелесе де, қиыннан қиыстырылып ойлап табылған «құрметтi төраға» лауазымы Одақты 15 жыл басқарған Н.Оразалиннiң өзiне тағы да шексiз басқара беруi үшiн алдын ала дайындап қойған «қосалқы әуежайы» екендiгi ешкiмге де құпия емес. Соны бiлген, «корольдiң жалаңаш» екендiгiн айтқан бiздiң үш әрiптесiмiздi Н.Оразалин «…әңгiменiң көрiгiн үрледi. Байбалам салды» деп күстәналап отыр. Болмаса «Құрметтi төраға» орынтағы Н.Оразалиннiң меншiгi екенiн жарғыны талқылауға қатысқан Иранбек Оразбаев та ашық сездiрiп отыр. Ол былай дейдi:

«Ағайын! Құрметтi төрағадан қорықпаңыздар. Бiз келесi төраға ретiнде бiр бейшараны сайлайық деп отырғанымыз жоқ қой… Нұрлан Оразалиннiң айтқанынан басқаны iстемейтiн… Оның да жаны бар шығар? Ол да бiр тұлға болар. Сондай адамды сайламаймыз ба? Солай емес пе?! Ал басқа тұлға табылмай жатса, Нұрланның өзi қала бередi. Оның үстiне Құрметтi төраға кiм болады? Оны құрылтай анықтайды… Несiне дауласамыз? Оған несiне бас ауыртамыз? Ал құрметтi төраға бола қалса, дүние-мүлiкке дәл Нұрланның жаны ашитындай ешкiмнiң жаны аши қоймасы анық…»

Бұл ойды Н.Оразалиннiң жақтасы Тұрысбек Сәукетаев одан әрi былайша өрбiтедi:

«Құрметтi төрағадан да, Қамқорлық кеңесiнен де үркудiң еш ретi жоқ. Бұл – уақыт ұсынған ұсыныс. Ұсыныстан бас тартпайық. Сондықтан да сiздерден өтiнерiм – жарғының осы пунктiн қолдау керек. Бұл өте керек бап…». («Қазақ әдебиетi» газетi)

Жә, белгiлi жайды одан әрi созбақтамай-ақ, «құрметтi төраға» неге қажет болды деген мәселеге ойысайық. Оны          Н.Оразалин осы мақаласында былайша түсiндiредi.

«Айналып келгенде, бұл өзгерiстер мен толықтырулар кешегi сот пен отқа түскен күн­дердiң ащы сабағынан қоры­тынды шығару, ұйымның өмiр сүру қабiлетiн қамтамасыз етуге қызмет етер дүние-мүлiктi сақтау иммунитетiн орнықтыру үшiн қарастырылған заңды шара».

Бұл бiрiншiден, болашақта сайланатын келесi төрағаға деген сенiмсiздiк; екiншiден, дүние-мүлiктiң әлден-ақ бөлiнiске түсуi; үшiншiден, «кешегi сот пен отқа түскен күндердiң ащы сабағынан қорытынды шығару» деген, ашық сарапталмаған, бұрмалаулы желеудi сылтауратып, ендi, «вето қоюға құқықты құрметтi төраға» дегендi ойлап шығару арқылы, бүгiнгi таңдағы құпия жолмен қалыптастырылған нақты ахуалды қаламгерлер бұқарасынан бiржола бүгiп қалуға тырысу, ал «вето» қою құқығы Т.Әбдiков айтқандай «тек мемлекеттiк жүйеге ғана тән басқару әдiсi».

Ал құпия жолмен қалыптастырылған нақты ахуалдың астарын бiлу үшiн қаламгер қауымға бiр кездерi өздерiнiң атына алынған жылжымайтын мүлiк тағдырын және соған байланысты басқа да жайларды айқындап, анықтап берген жөн. Атап айтқанда, Шығармашылық үйде жұмыс iстеуден жазушылар неге қағылды? Бұрын жазушылар демалатын ол үй неге және қандай шартпен шетелдiктердiң қонақүйiне айналдырылған? Шығармашылық үй жанындағы баққа кiм қожайындық жасап жүр? Кезiнде «Храпунов жазушылардың жағдайына қарасу үшiн 49 жылға көтерме базар бердi» деп баспасөзде жарияланған базар қазiр кiмнiң меншiгi? Жұрт арасында «ол базарды түгелдей Н.Оразалин иеленiп алды» деген қауесет қанат қағуда. Алматы облысынан жазушыларға берiлген 15 гектар алма бақ тағдыры кiмнiң қолында? Астана қаласында жазушылар үшiн алынған жердi кiм пайдалануда? Одақтың негiзгi ғимаратын кiмдер және қандай шартпен иеленуде? Одақтың бiр кездерi Әдеби қорды жоюына қандай мұқтаждық себеп болды және одақтың ол әрекетiн одан кейiнгi тiрлiгi ақтай алды ма? Жалпы, нелiктен қаржы-қаражат, шаруашылық мәселесiн одақ қалың қаламгерден құпия ұстап келдi? Неге бұл жайт ешқандай ашық талқылауға шығарылған жоқ? Осы құпиялар мен «вето қоюға құқылы құрметтi төраға» лауазымына құмартушылық арасында жасырын байланыс жатқан жоқ па екен?

Бұл сұрақтарға жауап алмай тұрып, бiз оразалиншiлердiң үй iшiнен үй тiгуiне қарсымыз. Жазушылар одағы, шынында да, әркiмнiң ойына келгенiн iстейтiн жеке меншiк ұйымы емес. Бiз жоғарыда аталған материалдық игiлiктердi «құрметтi төраға» атағына жасырынған, «мәңгiлiк төраға» болуға ниет еткен Н.Оразалиннiң және оның айналасындағылардың қанжығасына байлап бере алмайтын шығармыз. Өзгерiске түскен жарғы бойынша, жұмыс ыңғайы шетелге байланған О.Сүлейменовтен басқа, тек Н.Оразалиннiң ғана құрметтi төраға болып сайлануына құқы бар. Сондықтан     Н.Оразалин қалай бүркесе де, қарны көрiнiп қалып жатқан «құрметтi төраға» мен «мәңгiлiк төрағаның» бiр атау екенiн ендiгi жерде жасырып қажетi жоқ. Шынтуайтқа келгенде, одақ басшысының бiр мерзiмнен артық сайлануы қажетсiз, тiптi, залалды екенiн қаламгерлер ұйымының осы 15 жылғы тыныс-тiршiлiгi айқын дәлелдеп отыр.

Құдайшылығын айтайық. Жазушылар одағы бұрынғы КСРО кезiндегi даңқынан ажырады. Билiк ерiксiз санасуға мәжбүр болған, халық сөзiне ұйыған небiр дуалы ауыз тұлғалы азаматтардың басын қосқан құт мекен бiрте-бiрте бар беделi мен абыройынан жұрдай боп, билiк басындағылардың аяқ киiмiн мұртымен шөткелейтiн деңгейге дейiн құлдырады. Болмаса, кезiнде Арал тағдыры, Желтоқсан көтерiлiсi, Семей қасiретi туралы және өзге де ұлттық мүдделер туралы ақиқат алғаш рет осы Жазушылар одағының мiнберiнен айтылған едi. Бiр кезде асқақ рух ұялаған одақ қазiр бейшара халге түстi. Жазушылар одағының қазiргi ұстанымын Н.Оразалиннiң орынбасары Берiк Шахановтың «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланған мына пiкiрiнен толық аңғаруға болады. Ол былай дейдi:

«Қазақстан Жазушылар ода­ғын көп адам саясатпен айна­лыспағаны үшiн сынайды. Иә, бiз саясатпен айналыспаймыз. Бiз әдебиетпен айналысамыз».

Оразалин орынбасарының бұл сөзiн күнi кеше ғана ұлт зиялылары өткiзген «Мемлекеттiк тiлдi қолдау» акциясына небәрi он-ақ жазушы төбе көрсетуi де айғақтады. Бұдан кейiн «осындай ой-түсiнiктегi Жазушылар одағы бiзге керек пе, керек емес пе?» деген ой ерiксiз мазалайды. Шынтуайтына келгенде, бұл – бiздiң ұлттық рухтан қаншалықты деңгейде алшақтағанымыздың көрiнiсi. Егер осылайша ұлттық мүдде текетiреске түскен жерден бойымызды аулақ ұстай берсек, онда бiздiң жазушылығымыз, шығарған кiтаптарымыз кiмге керек?! Ұлттың ең ұлы анасы – тiл. Сол тiл, ұлт тағдыры тәлкекке түскен кезде Жазушылар одағының түк болмағандай бойкүйездiк танытуын немен ақтауға болады? Бiле бiлгенге «ұлттық мүдде» дегенде ең бiрiншi өре түрегелетiн мекеме – Жазушылар одағы болуы тиiс. Бұрын солай болған. Сол жасампаздық мiнез қазiр жағымпаздыққа ойысты. Бiз, әр қаламгер, соңында мыңдаған оқырманы бар қуатты күш екенiн таныта алғанда ғана билiкке ықпал етiп, ұлттық мүдденi алға шығара аламыз. Жеке мәселелер де соған орай шешiмiн табады. Сонда ғана Жазушылар одағының жұлдызды сәтi қайта туады. Кейбiр билiк басында отырғандарға жазушылардың осы момақан кейпi ұнайды. Жарғының өзгерiске түсiп, «құрметтi төраға» лауазымының енгiзiлуi де соның айғағы. Сондықтан бiз барша әрiптестерiмiздi мұндай шектен шыққан еркiнсудiң алдын алуға шақырамыз.

Бұл үшiн, бiрiншiден, 22 қыркүйектегi конференцияның «құрметтi төраға» лауазымын енгiзу және съездiң өткiзiлу мерзiмiн ұзарту жайындағы шешiмдерiн заңсыз деп тануымыз керек. Өйткенi жарғылық өзгерiстер тек съезде жасалуға тиiс. Екiншiден, осы ашық хатқа қол қоюшылар мен Президент әкiмшiлiгiнiң, Үкiметтiң өзара келiсiлген шешiмiмен шұғыл түрде тәуелсiз комиссия құрылып, болашақ съезге ол тарапынан одақтың күллi дүние-мүлкiн, қаржы-қаражатын, шаруашылық жұмыстарын сараптауы, арнайы баяндама әзiрлену керек. Одақтың басшылығы, барлық қызметкерлерi тәуелсiз комиссияның жұмысына еш кедергi келтiрмей, жұмыс iстеуiне жағдай жасап, тиiстi құжаттар мен материалдарды және сұралған анықтамаларды берiп отыруға мiндеттi. Аталған баяндаманы арнайы шақырылатын съездегi немесе басқа өкiлеттi жиналыстағы талқылауға дейiн алдын ала танысулары үшiн, жазушыларға жазбаша түрде ұсыну қажет.

Республика қаламгерлерiн екi топқа бөлген бұл мәселелердi қарау үшiн Қазақстан Жазушылар одағының кезектен тыс съезiн немесе кеңейтiлген пленумын шақыруды талап етемiз.

Жазушылар одағында қалыптасқан өте күрделi ахуалды жазушылардың өздерi еркiн пiкiрлесу арқылы әдiлдiкке көз жеткiзе отырып шешуiне Президент әкiмшiлiгi де, Үкiмет те қамқорлық көрсетер, әдеби шенеунiк-қаламгерлердiң ескi дағдымен, бұра тартуларына жол бергiзбес деп сенемiз.

Дулат ИСАБЕКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Төлен ӘБДIКОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы;Қабдеш ЖҰМАДIЛОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық жазушысы; Темiрхан МЕДЕТБЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Софы СМАТАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Халықаралық « Алаш» әдеби сыйлығының лареаты; Исраил САПАРБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тарлан» сыйлығының иегерi;   Сұлтан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Абай атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты; Әнес САРАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi; Серiк ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi Халықаралық « Алаш» әдеби сыйлығының лареаты; Эрнест ТӨРЕХАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Бейбiт ҚОЙШЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Есенғали РАУШАНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Рахымжан ОТАРБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi, Махамбет сыйлығының лауреаты; Марат ТОҚАШБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Молдахмет ҚАНАЗОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Қонысбай ӘБIЛЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстанның халық ақыны; Бақытжан ТОБАЯҚОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мәдениет қайраткерi; Әмiрхан МЕҢДЕКЕ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты; Құдияр БIЛӘЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мәдениет қайраткерi; Нұрқасым ҚАЗЫБЕКҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Мәдениет қайраткерi; Құрал ТОҚМҰРЗИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Аманғазы КӘРIПЖАНӘУЛЕТI, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты; Мырзан КЕНЖЕБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Кәдiрбек УӘЛИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi; Ибрагим Иса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, ақын.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 3 пікір жазылған

  1. Alash-Er 7 Наурыз, 2012 10:59 Жауап

    Төрағалардың бәрін жоғарыда біреулер тіреп тұрған соң ғой, осылай көкіректенулері. Мәңгілік төраға деген сұмдық емес пе? Олай болса, бір ұлын мұрагер етіп сайлайық. Одақты елін сүйетін, жерін сүйетін, тілін сүйетін, дінін сүйетін, есі дұрыс, адал адам басқарса екен…

  2. Қадірәлі 21 Қаңтар, 2013 20:41 Жауап

    Армысыздар! Қазақ елінің жаршылары, сіздерге көкейде жүрген мәселе жайлы қозғасам деп едім. Білесіздер Жаңаөзендегі ереуілді, мен сол арада болмасам да, өз көзіммен көрмесем де, интернет бетіндегілерді толық қарап, дәптерге тізіп жзазудамын. Енді сіздерге айтпағым, сол менің жұмысымды қарап, жол сілтеулеріңізді сұраймын. Сіздерден Құдай қаласа жақсы хабар күтем! +77784080432

Пікір немесе жауап жазу

19 − 18 =