Ерен еңбектің жемісі

619
0
Бөлісу:

Ару Астананың төрінде өткелі отырған ЕҚЫҰ саммитінің қазақ халқына берері де, халықтың ол жиыннан күткені де мол. Бұл Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқалы отырған қазақ деген халықты әлемге таныта түсуге бағытталған  батыл қадам. Әрі аузын айға білеген алып мемлекеттермен бірлесе отырып, ішкі-сыртқы тығырықтан шығу үшін шешім қабылдауға таптырмас құрал. Бәрінен бұрын Қазақстанның сыртқы саясатына қан жүгіртетін қарышты қадам болмақ.  Жаңа соқпақтарға жол ашылады. Бүкіл әлем халқы санасатын жана тұрпатты ұлттың іргесі беки түсуіне игі ықпал етпек.

 

Түрлі ауыртпалықтарды Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрі басынан өткізді. Дегенмен қиындықтан олардың бәрі бір мезетте өте алған жоқ. Мәселен, алысқа ұзамай-ақ Орта Азияға ғана көз жүгіртетін болсақ, Тәжікстан трагедиясы, қырғыз көтерілістері, өзбек гастарбайтерлері бәрі де қазақтың жаймашуақ өміріне қызыға да, қызғана қарап отырғаны белгілі. Небір зұлмат заманды бастан өткерген қазақ елі мемлекеттілікке нұқсан келтіретін қиындықтарды айналып өткеніне тәубе дейміз бүгінде.

Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет.  Бастысы сол – ел аман, жұрт тыныш. Қол қусырып қарап отырғандар кем. Көпшілігі еселі еңбек етудің жолына түскен. Қазақстан дамуының үшінші сатысында ірі-ірі инновациялық-инвестициялық жобалар жүзеге асуда.

Қазір Еуропа елдері мен ЕҚЫҰ он тоғыз жыл бойы Қазақстанның даму үдерісін, еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын зерттеп, бақылап отыр. Қазақстан бұрынғы посткеңестік республикалар аума­ғын­дағы бірден-бір көп ұлтты мемлекет бола отырып, ұлттық тұтастық пен татулықты үн­дестіріп, қауіпсіздігін сақтап отырғанына бар әлемнің таң қалатыны айтпаса да түсінікті. 

Бұл бекер емес әрине. Қазақстанға тығырыққа тірелген мемлекеттерді қиыншы­лықтан алып шығады деген үмітпен қарап отыр.

Таяуда Вена қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумында сөз сөйлеген Ирландияның сыртқы істер министрі Майкл Мартин: «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті, ең алдымен, қауіпсіздік саласындағы халықаралық қызметтің тиімділігін арттыруға оң әсер етеді, сондай-ақ ұйымға мүше-мемлекеттерге аймақтағы сенім шараларын жүзеге асырудағы негізгі міндеттерін айқындап алуға таптырмас мүмкіндік береді», – деді.

Ал Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудриониус Ажубалистің пікірінше, коммунистік Қытайды да, капиталистік дүниенің алыбы АҚШ мемлекетін де, кеше ғана өзін билеп-төстеген Ресейді де стратегиялық әріптес деңгейіне көтерген – Нұрсұлтан Назарбаев.

Сырт ел сыншыларының сөзіне сүйенсек,  Қырғызстандағы қанды қырғынның зардабының азаюына мұрындық болған да – Қазақстан Президенті.

Көп ұлттың басын қосып ұйытып отырған Қазақстан өркениет әлемінде ұлтаралық келісім мен үйлесімнің өзгеше үлгісін көрсетіп келеді. Жоғарыдағы сөздің бәрін өзге ел жағымпаздану үшін айтып отырған жоқ. Бұл қазақ елінің ерен еңбекпен жеткен жемісі.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

жиырма − 2 =