ЖЫРҒА ТОЛЫ СЫР ЕЛІ СЫРҒА ТОЛЫ

2010 жылдың 29 қазанында Қызылорда қаласында Марал Ишан Құрманұлының 230 жылдық мерей тойына арналған «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­си­тетінде өткен бұл шараға республикамыздың зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындары мамандары, дінтанушы ғалымдар және қаламгер өкіл­дерінен Тұрсынбек Кәкішев, Өтеген Күмісбаев, Шәмшәдин Керім, Ато ас-Сынбати, Мұртаза Бұлұтай, Байзақ Момынбаев, Бағдат Кәрібозұлы, Аманжол Күзембайұлы, Берікбай қажы Сағындықұлы, Баймырза Қожамберлиев, Мақсұт Темірбаев, Ақылбек Шаяхмет, Баянғали Әлімжан, Бекарыстан Мырзабай т.б. секілді белгілі тұлғалар қатысты. Әрі өз кезегінде Марал баба ұрпақтарынан Абдулла Омаров, Темірхан Үндемесов, Мұхаметхан Омаров секілді кісілер көпшілікпен ой бөлісті.

Баяндамашылар мен жарыс сөзге шығушылар исламтанудың өзекті мәселелері, Қорқыт, Қожа Ахмет Ясауи, Ас-Сығанақ, Марал Ишан сынды даналарымыздың үлгі-өнегесі, ұмытылмас ұла­ғаты, құнды мұрасы туралы ғылыми тұжырымдарын орта­ға салды. Әсіресе Марал Ишанның орыс отарлауына қарсы шығып, елі мен жерін, діні мен ділін қорғау жолында ғазауат соғысын қозғағаны ерекше еске алынды. Бабамыздың бір ғана имандылық төңірегіндегі нұр-сәулесін шашып қана қой­май, медицина, астронмия ғы­лымы жақтарындағы ұшан-те­ңіз білімде болғаны жөнінде де тың ой-пікірлер қозғалды. Конференцияның қызған ша­ғында облыс әкімінің Марал ишанға қала орталығынан көше атын бергені туралы қош хабар жетті.

Осы бас қосуда ортаға түскен ұсыныстарға орай «Марал Ишан Құрманұлының қайраткерлік сырларын толық қамтып, ол өмір сүрген уақыттағы қазақ қоғамының саяси, тарихи жағ­дайларын өзара байланыстырып жүйеленген зерттеу жасау және ғылыми айналымға ендіру әрі осы мәселелерді қадағалап отыратын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситеті әр бес жыл сайын Марал баба хақында арнайы конференция ұйымдастырып отыруы керек» деген мазмұндағы қаулы конференция шешімі ретінде қабылданып, жұрттың қолдауына ие болды.

Конференция аяқталғаннан кейінгі баба рухына тағзым жасау қимылы, бір сәт Сыр сүлейлерінің жырына кезек беріп, онан соң Ишанның сүйегі жатқан қасиетті Қармақшы жерінде өз жалғасын тапты. Осы игі шараның басы-қасында болған Қармақшы ауданының әкімі Биғали Әбдікерұлы аудан орталығындағы Жосалы ауылынан Қалқай (Қалмағанбет) ишан Маралұлы (200 жылдығына орайластырып), Нұржігіт На­қып­ов, Смағұл Сқақов секілді халық қалауындағы үш кісіге арнайы көше атын беріп, мерекелік шараның мерейімен көпшілікті тағы бір қуантып тастады.

Сөйтіп жырға толы Сыр елі өзінің киелі мекенінде бұғып жатқан сан қырлы сыры бар екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Ж.ШӘКЕНҰЛЫ