БАЛАҒА ӨЗ АНАСЫНЫҢ СҮТІНЕН АСҚАН ТАҒАМ ЖОҚ

1723
1
Бөлісу:

Қарлығаш Байсбаева, Алматы қалалық №18 емхананың гинеколог дәрігері:

Қашаннан-ақ ана мен бала саулығы қоғам үшін маңызды мәселенің бірі де бірегейі. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан ана мен баланың денсаулығына тиісті дәрежеде көңіл бөлініп те келеді. Атқарылып жатқан істердің бір парасымен таныс болу үшін Алматы қаласындағы №18 емхананың гинеколог дәрігері Байсбаева Қарлығаш Шыңғысбекқызын әңгімеге тартқан едік.

– Қарлығаш Шыңғыс­бекқызы, халықтың санын кө­бей­туді көксеген болашақ аналарға қазіргі таңда мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылып отыр?

Кез-келген отбасы үшін де, мемлекет үшін де әрбір баланың дүниеге келуі маңызды іс. Сондықтан да, аналардың дүниеге дені сау ұрпақ әкелуіне мемлекет өз дәрежесінде көңіл бөліп отырғандығын айтуға ти­іс­піз. Әуелі жүкті әйелге кө­рсетілетін көмек неден басталатындығына тоқталсақ. Біріншіден әрбір аяғы ауыр әйел өзінің тіркелген тұрғылықты жеріне қарамастан, кез-келген қалалық емханаға тіркеле алады. Яғни біз жүкті әйелдердің Алматы қаласында тұрақты тіркеуде болуын талап етпейміз. Шынын айту керек, мұндай жеңілдіктің бар екенінен кейбір әйелдер бейхабар болып та жатады. Осы тұста мен дәрігер ретінде осындай мүмкіндіктің бар екенін аяғы ауыр әйелдердің есіне тағы да салғым келеді. Өйткені олар уақыт өткізіп алмауы керек.

Біздің емхананың қызметіне жүгінуге тиіс аяғы ауыр әрбір әйел жүктіліктің 12 аптасына дейін осында келіп тіркелуі тиіс. Ал қандай да бір себептермен жоғарыда аталған мерзімде келе алмаған әйелдерді де біз тіркеуге аламыз. Өйткені ол дүниеге сәби әкелетіндіктен қараусыз қалмауы керек. Болашақ ананың денсаулығында қандай да бір кілтипан болатын болса, оған дер кезінде шара қолдануымыз керек. Сол үшін біз әрбір әйелді емханаға тіркелгеннен кейін тұрақты түрде бақылауға аламыз. Яғни, қанға, несепке талдау жасау сияқты барлық лабораториялық зерттеулерді жүр­гіземіз. Осындай зерттеулердің нәтижесі жүкті әйелдердің біразының гемоглабинінің төмен екендігін көрсетіп береді. Сонымен қатар, тіркеуге алынған әрбір әйелге УЗИ қызметі тегін көрсетіледі. Тағы да айта кетерлік бір нәрсе жүкті әйелдердің барлығы қажетті дәрумендермен де тегін қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, олар емханада қызмет атқаратын басқа да дәрігер мамандардың қызметін тегін пайдалануға құқылы.

Бір сөзбен айтқанда біз аяғы ауыр әйелдерден ешқан­дай көмекті аямаймыз. Шамамыз­дың келгенінше, көмектесуге тырысамыз. Тек балалы бол­ғы­сы келетін әрбір ана өз денсаулығына жіті мән беріп, дәрігерлер берген ақыл-кеңесті жадында сақтаса болғаны.

Елімізде бір жыл ішінде орта есеппен 6-8 мыңдай шарана генетикалық ауытқулармен дүние есігін ашады екен. Олардың 30 пайызы жасына жетпей шетінеп кетсе, аман қалғандарының өзі ақыл-ойы, дене-тұрпаты жағынан толық жетілмей, мүгедек атануға мәж­бүр болады екен. Көбіне шарананың бойындағы ауытқу неден пайда болады және оның алдын алуға бола ма?

– Әйел бойына біткен баладағы генетикалық ауытқу­лардың пайда болуына түрлі жағдайлар себеп болып жатады. Сәбидің ата-анасы темекі шегіп немесе алкогольді ішімдікпен әуестенетін болса, я болмаса есірткі пайдаланатын болса осының барлығы да іштегі балаға өз дәрежесінде кері әсерін тигізіп жатады. Осыдан біраз жыл бұрын елімізде түрлі генетикалық ақаулармен туылатын балалардың саны әлдеқайда көп болатын. Ал, қазір әрбір жүкті әйелге жүктіліктің 20 аптасына дейін биохимиялық скринг жүргізіледі. Осы зерт­­-
­теу арқылы біз іштегі ша­рананың хал-ахуалын біле аламыз. Бұл зерттеуді біз Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырамыз. Ата­лған орталықпен біздің №18 емхананың арасында арнайы келісім шарт бар. Егер де мұндай зерттеу жүргізілмейтін болса, қандай да бір генетикалық ақаумен бала туылатын болса, ата-анаға мұнан асқан зардап жоқ. Екіншіден, мұндай балалар арнайы мектеп-интернатта тәрбиеленетіндіктен мұның бә-
­рі мемлекетке де әжептеуір шы­ғын әкеледі. Сондықтан мұн­дай келеңсіз жағдай орын алмас үшін алдын ала зерттеу жүргізіледі, сонымен қатар әрбір жүкті әйелге жеке-жеке кеңес беріледі. Темекінің, арақтың, есірткінің адам саулығына ти­гізер әсері кеңірек айтылып, түсіндіріледі. Сондай-ақ оларға жүктілік кезіндегі баланың физиологиялық дамуы турасында да әңгіме жүргізіледі. Сонымен қатар, ауыр жұмыс істейтін, я болмаса, атқаратын қызметінің түрлі химиялық заттармен байланысы болатын болса біз әйелдердің жұмыс орнына оларды жеңіл жұмысқа ауыстыру туралы анықтама береміз. Осындай анықтама арқылы олар өзі қызмет атқаратын мекемеде жұмыстың басқа жеңіл түріне ауыстырылады.

Жүктілік мерзімін ойдағыдай өткізіп, балалы болған аналарға баланы қалай дұрыс емізу керектігі турасында кеңес береміз. Бұрын баланы 1 жасқа дейін емізетін болса, қазір біз кішкентай нәрестені екі жасқа дейін емізуге кеңес береміз. Өйткені балаға өз анасының сүтінен асқан тағам жоқ. Ананың сүтінде балаға қажетті дәрумендердің барлығы табылады. Сонымен қатар, екі жыл бойы анасының сүтін емген баланың денсаулығы да мықты, имунитеті де жоғары болады.

– Дәрігер маман ретінде жүкті әйелдер бірінші кезекте не нәрсені есте сақтауы керек деп ойлайсыз?

– Сұрағыңыз орынды әрине. Бірақ әңгімені жүкті әйелдер бірінші кезекте не нәрсені есте сақтауы керек дегеннен емес, әрбір әйел нені есте сақтау керек дегеннен бастағанымыз жөн шығар. Негізінен гинеколог маманға әйелдер жүкті болғаннан кейін тіркелу үшін емес, аяғы ауыр болмай тұрып қаралуы керек. Адам баласы қандай істі бастамас бұрын алдын-ала жоспарлап алса, ол іс сәтті аяқталмайды ма?! Сол сияқты балалы болуды армандаған әрбір ерлі-зайыптылар емханадағы арнайы жоспарлау кабинетіне келуі керек. Өздерінің ой-пікірлерін айтып, дәрігер маманның кеңесіне жүгінуі қажет.

Осыдан кейін ерлі-зайыптылардың екеуі де бірдей денсаулықтарын түгелімен тексеруден өткізулері қажет. Кей жағдайда ер адамдардың біразы босанатын әйел болғандықтан бар міндетті әйелге артып қоя салады. Осы жерде ер адамдар дұрыс түсінулері керек. Ерінің немесе әйелінің денсаулығында қандай да бір кінарат болатын болса, ертең ол дерт балаларының бойынан да табылуы мүмкін. Сондықтан дүниеге дені сау ұрпақтың келуін армандаған әрбір отбасы ең бірінші өз денсаулықтарын түзеуі керек. Аяғы ауыр болып тұрып емделу деген ол мүлдем басқа нәрсе де, жүкті болмай тұрып емделу дегеннің жөні тағы бөлек. Осы нәрсе әрқашан басты назарда болғаны жөн. Мәселен ең қарапайым нәрсе жүкті әйелдің қаны аз болатын болса, одан туған баланың да қаны аз, әлсіз болады. Сондықтан әйелдер жыл сайын емес, араға екі жыл салып барып босанғаны дұрыс. Өйткені денсулығы мықты бала туылу үшін әйелдің денсаулығы дұрыс болуы керек. Сол себептен де, алдын-ала жоспарлауға ерекше мән берген жөн. Жоспарлы түрде босану жолға қойылса, ана үшін де бала үшін де тиімді болары анық.

Бірінің артынан біріне жүкті болып қалмас үшін қазіргі заман талабына сай әйелдер әртүрлі тәсілді қолданып жатады. Базбір әйелдер дәрі ішіп, ине ектірсе, енді бірі жатыр мойнына салынатын сақтандыратын арнайы құралды (спираль) пайдаланады. Яғни мұндай шараның барлығын дәрігермен ақылдаса отырып қолданған жөн. Бұл тұрғыда дәрігер сақтанудың түрлі жолын, оның әсерін түсіндіріп қана қояды. Қайсы жолды таңдайды, ол әйелдің өз еркінде. Дәл бүгінгі күні дәрігер кеңесімен жүретін, тиісті ережелерді сақтайтын көзі ашық, көкірегі ояу аналардың қатары көбейіп келе жатқандығы бізді қуантады. Шынын айту керек, бұрын келіншектер бір сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін, іле-шала тағы да жүкті болып тіркелуге келетін. Қазір мұндайлардың қатары сиреді.

Жүкті әйелдердің ең басты есте сақтауы керек нәрсе ол – өз денсаулығына көңіл бөлу, дұрыс тамақтану, стресске бой алдырмау, таза жүріп, таза тұру, дәрігер тағайындаған дәрумендерді өз уақтысында ішіп тұру. Жалпы әрбір әйел осындай қарапайым ғана ережелерді сақтаса, дүниеге дені сау ұрпақ келеді деп ойлаймын.

– Қарлығаш Шыңғыс­бекқызы, жаңа бір сөзіңізде жүктіліктен сақтану үшін әйелдер дәрі ішіп, ине ектіреді деп қалдыңыз. Мұндай дәрі-дәрмектің әйел саулығына тигізетін ешқандай кері әсері жоқ па?

– Жоқ, мұндай дәрілердің ешқандай кері әсері жоқ. Кері әсері болатын болса, дәрігерлер мұндай дәріні тағайындамайды да. Сондықтан бұдан қорқатын ешнәрсе жоқ. Аталған дәрілердің тек ғана сақтандыратын ғана емес, әйел жатырын емдейтін де қасиеті бар. Тағы да бір ескеретін нәрсе – мұндай дәрілерді сақтанғысы келетін әйелдерге тағайындамас бұрын, алдымен олардың денсаулығына толыққанды медициналық зерттеу жүргізіледі. Мәселен қан қысымы жоғары әйел­дерге мұндай дәрілер тағайын­далмайды.

– Бүгінгі күні түсік тастау да қоғамымыздағы ауыр дерттің бірі. Түсік тастаудың зиянды екенін біле тұрып, осы қадамға қорықпай баратындар да жетіп жатыр. Ең сорақасы олардың көпшілігі он екі де бір гүлі ашылмаған жас қыздар. Өздеріңіз бұл мәселенің аясында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– Ия, қыз-келіншектердің түсік жасатуы өзекті мәселе. Бұл қадамын шалыс басқан базбір арулар үшін қиындықтан құтылудың оңай жолы бол­ғанмен, оның ертеңгі күні тарттырар азабы ауыр. Сондықтан біз осы мәселе бойынша орта мектептегі оқушылармен арнайы жұмыс жүргіземіз. Мә­селен біздің №18 емхананың гинеколог дәрігерлері өзімізге жүктеліп берілген мектептерге арнайы барып, қыз-балаларға лекция оқимыз. Тіпті жеке-жеке қабылдап, сауалнама жүргіземіз. Оқушылар айтқан мәліметтердің барлығы құпия түрде сақталады. Яғни арада өрбіген әңгіме еш жерде жарияланбайды. Егер де, жыныстық қатынаста болған қыз-балалар кезігетін болса, біз емханаға келіп тексерілу керектігін айтамыз. Емханаға келіп, дәрігерден көмек алғысы келетін жасөспірім қыздарды біз кезексіз қабылдаймыз. Біз­дің мақсат – қыз балалардың түсік тастауына жол бермеу. Осының барлығы оларға жіті түсіндіріледі. Атқарылып жатқан осындай жұмыстардың барлығы түсік тастаудың алдын алуға тиісінше әсер ететіні сөзсіз.

Осы тұста бір ұсыныс айта кеткенді жөн санап отырмын. Кез-келген бұқаралық ақпарат құралы халық үшін жұмыс жасап жатқандығы белгілі. Сондықтан олардың әрбірі, телеарна болсын, газет болсын алкогольді ішімдіктердің, темекінің саудасын қыздыра түсу үшін емес, олардың зияндылығы турасында жарнама берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, түсік тастаудың қатері туралы жасөспірімдердің санасына жететіндей етіп жарнамаласа жөн болар еді. Осындай істер жүзеге асырылса, бүкіл адамзат баласына жасалған игі іс болатыны сөзсіз.

– Сөз соңында қыз-келіншектерге деген ұсынысы-ңызды, тілегіңізді білсек…

– Қазіргі таңда емхананың халыққа қызмет көрсету аясы күн санап кеңейіп келеді. Науқастар үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар да жасалуда. Мәселен, жаңа бұйрық бойынша емделуші қай стационарда ем қабылдаймын десе, өз еркінде. Қалалық №18 емханаға келіп емделемін деушілердің барлығына есік ашық.

Ең бастысы – елімізде ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтардың дені сау болсын. Аналарымыз аман болып, дүниеге дені сау ұрпақ әкеле берсін! Халқымыздың саны өсе берсін!

– Тұщымды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!

Гүлмира САДЫҚОВА

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

2 × 2 =