Халықтың «Қара жорғасы» көрінгеннің қолжаулығы емес

dsc00084

Өзін өзгелерден қораш сезінуге дайын тұратын құлдық санадан арыла бастаған тұсымызда «қара жорға» халқымен қайта қауышып, қазақ топырағына әр әкелді. Десе де, Әсет Найманбайұлының «Бұл әнді үйренгенің үйренерсің» дей келіп, «Бұқадай мұрындықсыз сүйрелерсің» деп өкініш білдіргеніндей, «Қара жорға» талапайға түсіп, өзінің таза табиғатынан айырыла бастаған жоқ па деген алаңдаушылық та туды. Осындай идеяларды көтерген «Қара жорғаның» «атасы» - Арыстан Тосынұлы мен «Қара жорғаны» қанаттандырып жүрген «ботасы» Жамали Диханұлымен әңгімелесудің сәті түсті.

 

– Арыстан аға, сізді «қара жорғаны» қазақ топырағына әкелуші ретінде біз білеміз, ел біледі. Жалпы бұл бидің шығу төркіні жайында не айтасыз?

«Қара жорға» – қазақтың халық биі. Оны моңғол биі деп те дауласқандар болды. Моңғол-қазақ ежелдің ең күнінен бір киіз туырлықты жамылып, төскейде малы, төсекте басы қосылып келген туысқан халық. Бәріміз де түркілер заманындағы бір бәйтеректің бұтағымыз. Осы жағынан қарағанда біздің қара жорға олардың биіне ұқсап жатса, онда еш әбестік болмас. Біздің діндік айырмашылығымыз болмаса, басқа ұқсас жақтарымыз өте көп. Моңғолдар биді қобызбен билесе, біз домбырамен билейміз. Ата-бабаларымыздың ғұн-сақ дәуірінен бері «жылқы биі» деп билеп келген биі осы қара жорғаның түп төркіні деген сөз тегін айтылмаған. Қазақ қара өлеңінде қаншама жорғалар туралы жолдар бар. Демек, өзіміздің ұлттық биімізге үрке қараудың еш реті жоқ.

Жамали мырза, бұл пікірге қосыласыз ғой?

Әрине, қазақтың биі екеніне еш күмәнім жоқ. Ауылда апаларымыздан үйрендік. Олар өздерінен бұрынғы үлкендерден үйренгенде де қазақ биі ретінде қабылдап келген.

Арыстан аға, бұл биді кімнен, қашан үйрендіңіз?

Жеті жасымда қазіргі Қытай аумағында қалған Баркөл жерінде әкем Шәдеттен үйрендім. Мен ғана емес біздің ауылдың барлық баласы билейтін еді. Бұл би менің алпыс жылдан бері жолдасым болып келеді.

Қандай жерлерде билеп, өнер көрсеттіңіз? Атап айтсаңыз...

1952 жылы Алтайдан Анадолыға босқан көшпен кетіп бара жатып Индия-ның президентіне билеп беріп, өнер көрсеттім. Сол кезде билеген немере қарындасым Мінән Шәмиқызының суреті әлі бар. 1962 жылы Түркия президентіне, 1958 жылдан 1970 жылдар аралығында бүкіл Түркия еліне билеп, қазақ өнерін дәріптеумен болдым. Кейіннен Германияда, бүкіл Европада биледім. Жер бетінде қазақтың «Қара жорғасымен» қанаттанып жүрдім. Осы бимен денем ғана емес, рухым да тазарып қалғандай жанымды желпіп отырады.

– Атажұртқа әкеліп билеген де өзіңізсіз ғой?

– Бұл биді жалғыз мен әкелдім десем, мүмкін, артық айтқандық болар. 1995 жылы Қазақстан топырағына бір жола қоныс аударып, содан бері үздіксіз билеп келемін. Бастапқыда мазақтап күлгендер де болды. Тіпті «қазақта осындайда би бола ма?» деп шекесімен қарағандар да аз болған жоқ. Қазір ғой иесі көбейгені.

– «Қазір иесі көбейді ғой» дегеніңізге қарағанда бұл би төңірегінде көңіліңіз толмайтын нәрселер де көп көрінеді ғой?

– Жаңа сөзімнің басында да айттым. Бұл би халықтың биі. Оған ешкімнің таласы болмауы керек. Менің де таласым жоқ. Десе де, халық мұрасы халыққа өзінің болмыс-бітімімен жеткені дұрыс. Халықтың өнері көрінгеннің мазағы емес. Жақында бір топ жас жігіт «Қара жорға» конференциясын ұйымдастырып мені шақырыпты. Жә, деп тұрып ұрыстым. Өздері білмейді, білгенді сыйламайды. Кеудесімен іс істегісі келеді. Және де арзан атаққа қызығады. Халықтың өнерін қолжаулық қылуға болмайды ғой.

– Ареке, осы орайда алдыңызда отырған Жамали мырзаға бір сұрақ қояйын. Жамали мырза, естуімізше осы биге заңдық тұлға ретінде ие болып отырған сіз деп естігенбіз. Жалпы осы туралы Арекеңнің көзінше ақиқи түсінік бере кетіңізші?

– Мен өнердегі жастарды ұйымдастырып, 2009 жылы қазанда «Қара жорға» өнер ұжымын құрған едім. Әрі осы ұжымға иелік ететін «Қара жорға» дәстүрлі өнерді қолдау қорының президентімін. Қара жорға биінің заңдық иесі екенімізді көрсететін құжат және патентім де бар. Ұжым құрылған кезде Арыстан ағамыздың ақ батасын алғанбыз. Осы ұжым арқылы ақша тауып, атақ шығару ойым болған жоқ. Қазақтың қара домалақ ұлы болғасын, ұлтымның дәстүрін, өнерін таныта бергім келеді.

– Жамали мырза, кешіріңіз. Осы орайда жаңағы Арекең айтқан «жастар ісі» деген не? Онымен сіздердің байланыстарыңыз жоқ па? Соған аз аялдай кетіңізші?

– Біз «Қара жорға» ұжымын құрғаннан кей-ін билік тізгінін бізге бермедің деген бірнеше жас бізден бөлініп кеткен еді. Мен жақында Атырауда 15 мың адамдық қара жорға биін ұйымдастырып, Гиннестің рекорттар кітабындағы 13 мың адамдық би рекортын қайта жаңаладым. Әрине, облыс әкімінің тікелей жәрдемімен. Сол жұмыстардың әлегімен Атырауда жүргенімде арзан атаққа қызыққан жас жігіттер өздеріне жарнама жасағысы келген шығар. Қазақ мұндайды бүйректен сирақ шығарды дейді ғой. Үй ішінен үй тіккендей болған інілерімнің ісіне таң қалдым да қойдым.

– Ареке, сіз бұған не дейсіз?

– Менің олардан бұрын мына отырған Жамалиға өкпем бар. Қолына заңды құжаттарын алған соң қара жорғаға осы жігіт ие болуы керек. Біз әрқашан қасынан табылып, ақ ісіне жақ болуға бармыз. Ендеше жаңағы балалар бола ма, басқалар бола ма патенттің иесіне құрмет етуі керек. Егер бір-екі ескертуді елемей, тағы да заңсыздыққа барса заңды тұлғаның иесі болған бұл жігіт оларды сотқа беруі керек қой. Бассыздықтар заңмен ғана реттеледі. Жамали мені тыңдаса, бұдан кейін мұндай істерге жол бермеспіз деп ойлаймын.

Жамали мырза, сіздің пікіріңіз?

Біз өнердің үлкен жолында жүрміз. Халық бізден үлкен үміт күтіп отыр. Арекеңнің сөзімен келісемін. Десе де, ұсақтай бергім келмейді. Алда қат-қабат жұмыстар күтіп тұр. Кеше ғана Астана қаласында қатысты құзырлы органдарда болып елімізде өткелі жатқан қыстық олимпиадаға қара жорға биін өз ұжымымызбен арнайы алып шығу құқына ие болдық. Мұндай жеңіс менің емес, қазақ өнерінің бағын ашатын игі іс. Сондықтан да «ұсақшылдықты» ұмытуға тура келеді. «Қара жорғаны» басқалар да билей берсін. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ бұл бастаманы заңды тұлға ретінде біздің көтеріп отыруымызға байланысты әрине, кейбір іс-шаралар мен көлемді бас қосуларда патент иелерінен рұқсат алғаны теріс болмас еді. Бұл өнерді жекешелендіру дегенді білдірмейді. Қайта, ағайын арасының алты бақан алауыздығын тыйып, бір байрақтың астына жиналып, ұлтымыздың құндылықтарын бірге көтеру деген сөз. Әсіресе, қазақ даласына жаңадан жалпыласып жатқан қара жорға биін халықтың өзіне таза күйінше табыстау үшін өнердегі бірлік тіптен керек.

– Арыстан аға, бүгіндері «Қара жорғаны» билеушілер көбейіп барады. Әрине, қуанарлық жағдай. Дегенмен де би табиғатына қатысты «әттеген-айлар» да бар деп естиміз. Бұл жайында не айтасыз?

Қазақтың жасаған табиғат ортасының тазалығы сияқты жаны да, ары да таза халық. Ендеше ұлттық өнерінен де сол тазалық көрінуі керек. «Қара жорға» сол ұлтымыздың таза болмысын бейнелейтін төл өнеріміз. Оны балет немесе Еуропаның басқа билерімен салыстыруға немесе оларға еліктеуге әсте болмайды. Ол секіріп-шоршып жүріп секеңдеп билейтін жеңіл, дарақы би емес. Аты айтып тұрғандай қазақтың қоңыр табиғатына бейім, өз өмірінің айнасы. Сондықтан да келсе-келмес бұзып билеушілерге еш келіспеймін. Тіпті бұзғысы келіп бара жатса, қара жорғада несі бар?! Басқа би жасап секіріп-ырши берсін. Ал және де айтарым оны ән түрінде емес, би түрінде қабылдауымыз керек. «Қара жорға» биі халықтың қара жорғаға арнап шығарған күйі негізінде жарыққа шыққан.

– Жамали мырза, бұған қандай алып-қосарыңыз бар?

– Қазір кейбір мектептер бізден рұқсат сұрап, бұл биді мектептің гимнастикасы ретінде өспірімдерге жалпыластырып жатыр. Осы орайда олар би мамандарының ақыл-кеңестерін ала отырып жаңаша түрмен билеуде. Қазірше оның бәрін реттеу мүмкін болмай отыр. Егер қатысты орындардың қолдауына ие болсақ, қара жорға биі туралы арнайы оқулық шығарғанда ғана мұндай ұқсамастықтарды реттеуге болады деп есептеймін.

– Арыстан мырза, сөзіңіздің соңында не айтасыз?

– Сөзімді тағы қайталаймын. «Қара жорғаның» қазаққа тән мәні мен сәнін бұзбайық. Ағалық тұрғыдан Жамали бауырымды өнерді бағалаған азамат ретінде қолдауға бармын. Әрі алдарында жүріп қай кезде билеп бер десе, сол кезде билеуге, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге дайынмын. Бәріміздің ойлайтынымыз жеке атақ емес, ұлттың өнері. Қазақ мәдениетіне қара жорғаны бір тамшы ретінде қоса алсақ мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.

– Жамали мырза, сіз не дейсіз?

– Арыстан ағамызды жалпы қоғам жай қажы ретінде емес, шеттен келген ағайын ішіндегі қайраткер тұлға ретінде бағалайды. Аузы дуалы ағамыз ақ батасын беріп алдымызда жүрсе, осы кісінің көлеңкесінде халықтың өнерін қорғауға жанымды саламын.

- Әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен: Ж.ШӘКЕН