Мұхтар ШАХАНОВ. ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУ ЖАРЫСЫ

d18841

Мұхтар ШАХАНОВ

Жалғасы. Басы газетіміздің өткен сандарында.

Кеңес Одағы құлағаннан кейін Орталық Азияда жеке адамға табыну процесін биік деңгейге көтерген басшылар арасындағы чемпиондардың алғашқысы – Түрікменбашы – Сапармұрат Ниязов.

Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған, әлемнің көп тіліне аударылған «Құз басындағы аңшының зары» (Ғасыр айрығындағы сырласу) атты кітапта жеке адамға табыну мәселесіне орай, екеуміздің атымыздан айтылған мынадай пікір бар еді:

«Шаханов. ...Түрікменбашы Cапармұрат Ниязов... Жеке басқа табынушылықтың елге қандай залал әкелгенiн жақсы бiле тұра Ниязов iндетке өзi барып ұрынды. Көзi тiрiсiнде өзiне 200-ден астам ескерткiш қойғызғаны тарихтан хабары бар кез келген адамның күлкiсiн шақырмай ма? Қаптаған шаруашылықтарға, ауданға, қалаға, тiптi каналға дейiн өз атын бергiзiп, ақшаға суретiн бастырғанына болашақ ұрпақты былай қояйық, қазiргi замандастары не дер екен?

Айтматов. Оңтүстік Кореяны жарты ғасырдай билеп, ұлы көсем атанған Ким Ир Сен жайлы мынадай бір оқиғаны орыс тілінде шығатын бір журналдан оқығаным бар.

Өзен арнасынан шыға буырқанып, тасып, жағадағы елді мекендерді шайып кетеді. Емшектегі баласы бар бір жас әйел де ағынмен бірге ілесіп, құлдилай жөнеледі. Қараса, Ким Ир Сеннің де портреті қоса ағып барады екен. Сонда әлгі әйел өзімен қатар ағып келе жатқан сәбиін құтқаруға ұмтылмай, көсем портретіне жармасып, жағаға алып шығыпты. Журнал осы істі асқан патриоттық деп дәріптейді.

Бұл, әрине, әсіре саясаттан, жеке басқа табынушылықтан туған саяси мәңгүртизмнің бір көрінісі.

Екі аяқпен жер басқан пенде екенімізді шексіз биліктің ұмыттырып жіберетіні қандай өкініш!»

Бір жағымпазы сол кітаптағы «Түрікмен құдайын» мінеген сөздің астын сызып өз көсеміне апарып көрсетсе керек. Түрікменбашы бұрқан-тарқан боп ашуланып, «Айтматовты да, Шахановты да Түрікменстанға кіргізбеу» туралы тапсырма беріпті.

Мұны естігенде «Өзіміз де Түрікменстанға баруға құлшынып отырған жоқ едік» деп жымиды Шыңғыс Төреқұлұлы.

Бірде біз, мәдениеті, рухани құндылықтары, салт-дәстүрі ұқсас Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан республикаларының әдебиеті мен өнерін өзара жақындастыру мақсатында «Орта Азия халықтары Ассамблеясын» құрдық. Орталығы – Ташкентте. Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов үлкен қолдау көрсетті. Ассамблеяның Президенті боп Шыңғыс Айтматов бірауыздан сайланды. Бірінші вице-президенті Өзбекстан Жазушылар Одағы Басқармасының бұрынғы бірінші хатшысы, белгілі қаламгер Адыл Якубов... Вице-президенттерінің бірі менмін. Кезекті жиынға Өзбекстаннан, Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан жазушылар, ғалымдар, өнер қайраткерлері жиналған. Тек Түрікменстаннан ешкім жоқ.

Жиналғандар ақылдаса келе «Шыңғыс Айтматов Түрікменбашыға телефон соқсын» деп шешті. Бір ағайын: «Босқа әуре боласыздар. Ол кісі өзінің намысына тиген адамға қайта илікпейді» деді. Әйтсе де өзбек бауырлар Шікеңді Президенттің қабылдау бөлмесіне жалғап көріп еді, ұзақ үнсіздіктен соң «Түрікменбашының қолы тимейді» деген жауап алынды. Баяғы өкпесі әлі күшінде екені аңғарылды.

Келесі жылы Ташкентте өткен жиынымызға Өзбекстанға жеке шаруасымен келген Түрікменстанның белгілі академик-ғалымы қатысты. Түскі тамақ үстінде жеке адамға табынушылықтың әлемдік деңгейдегі зардабы туралы қызық әңгіме басталып кетті.

Мен өз кезегімде, жақында Қырғызстанның Президенті Асқар Ақаевпен осы тақырыпта пікір алысқанымды, ол жуырда Ленинградқа ресми сапармен барғанда өзінің ескі танысы Лениндік сыйлықтың лауреаты, бір атақты мүсіншімен жолыққанын, ол мүсіншінің жатса да, тұрса да құдайға жалбарынып, «Түрікменбашыға ұзақ ғұмыр тілеумен жүргендігі» туралы айтқанын жиналғандарға тәптіштеп жеткіздім.

Дастархан үстінде отырған бір жазушы:

– Күндіз-түні құдайға жалбарынып денсаулығын сұрайтындай Түрікменбашы ол мүсіншіге нендей жақсылық жасапты? – деп сұрады.

– Әкесі жасамаған жақсылық істепті...

– Қандай?

– Әлгі мүсіншіге Түрікменбашы өзінің 300 мүсінін жасауға тапсырыс беріпті және алдын-ала ақшасын қымбат бағамен төлеттіріпті. Келесі жылдан бастап өзінің тағы 3 мың мүсінін жасатуға тапсырыс беретін көрінеді. Сөйтіп Ленинград мүсіншілері ақшаның астында қалса керек. Енді ол мүсіншілер құдайдан Түрікменбашыға ұзақ ғұмыр тілеп жалбарынбағанда сіз бен біздің денсаулығымызды сұрай ма? – дедім.

Үстел басындағылардың бәрі ду күлді. Тек түрікмен академигі ғана күлмеді.

– Ал сіз қалай ойлайсыз, – дедім түрікмен ғалымына бұрылып. – Түрікменбашыға табынудың зардабы қазір өз араларыңызда сезілмей ме?

Ғалым үн қатқан жоқ.

– Түрікменбашыға өлең арнап жазып жатқан ақындар көп пе? – деп қайта сұрадым.

Ғалым тағы да ләм-мим демей, көзін бір нүктеге қадаған күйі тамағын шайнап отыра берді.

– Ашғабат қаласында Түрікменбашыға қойылған, алтынмен әдіптелген ескерткіштің биіктігі неше метр еді?

Бәлкім ғалымның құлағы жөнді естімейтін шығар деген оймен бұл жолы дауысымды тым жоғарылатып, тіпті айқайлап сөйледім. Бірақ ғалым баяғысынша үнсіз. Нақ біреу екі құлағына бірдей бал құйып тастағандай.

Әңгімеге Адыл Якубов араласты.

– Әй, Мұхтар, – деді ол. – Сен де қонақты аямайды екенсің. Түрікменбашы төңірегіндегі сұраққа бұл кісі жауап бермейді. «Дуалдың да құлағы бар» деген сөзді білмейтін бе едің?

Кремльде, КСРО Жоғарғы Кеңесінің экологияға арналған бір жиынында мен Аралға байланысты сөз сөйлеп, Амудария суын ысырап етіп жатқан Түрікмен КСР-і жайлы ауыр сын айтқанмын. Түрікмен КСР-і Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Сапармұрат Ниязов та қатысып отырған еді. Жиын соңынан екеуміз шетке шығып сол проблема айналасында едәуір әңгімелескенбіз. Сонда аңғарғаным, ол кісі «менің халқым» («мой народ») деген сөзді жиі қолданады екен. Өз басым әдебиетке алғаш келген кезімнен бастап осы тіркесті қолданған адамдарға бір түрлі күдікпен қарайтынмын. Әрине, мұндай сөзді түрікменнен Берді Кербабаев, өзбектерден Ғафур Ғұлам, бізден Мұхтар Әуезов немесе соларға жақын тұлғалар қолданса оған кімнің дауы бар? Ондап, жиырмалап кітап шығарса да «мына пәленшенің өлеңі ғой» деп еске түсірерлік екі жол жыр жаза алмаған орташа ақындар мен екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмайтын, кішкене ғана дауысын микрофонмен әрлеп, күн көріп жүрген бөдене талант әншілердің «менің халқым» деп шірене сөйлегендерін көргенде жыным келетін.

Кейіннен Түрікменстан басшылығында өз деміне өзі піскен, бірте-бірте өзін пайғамбар, құдай санауға көшкен адамның дара культі салтанат құра бастағанда, ол елде тұратын қаламдас достарымды аяй бастадым. Кейде жағдайын сұрап телефон соға қалсам, бейшаралар саясат туралы, Түрікменбашы туралы бір қиғаш сөз айта алмай қипақтайды. Кезінде жақын араласып жүрген бір жазушының Түрікменбашыны мақтап ала жөнелгенін естігенімде жүрегім айныды. Соған қарап телефондағы әңгіменің жазылатынын шамаладым.

Әлем тарихы сахнасында жеке басының мүддесін ел тағдырынан биік қойған, немесе өзін құдай санаған, әңгүрт, делқұлылар да аз болмаған. «Құз басындағы аңшының зарында» баяндалған сондай әңгүдік басшылардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:

«Шаханов. ...Ресей империясы Анна Иоанновна патшайым болып, билік құрған 1730-40 жылдары қайтадан құлдырап, елдің тоз-тозы шыққан. Орыс тарихшылары оны жалқау әрі ақымақтау және ойын-тойға ерекше әуес еді деп жазады...

Анна Иоанновна патшалық еткен соңғы жылы Ресейдегі барлық ұлттар мен ұлыстарға жар салып, князь Голицын мен аса көріксіз қалмақ қызы, өзінің қызметшісі Буженникованың үйлену тойын жасайды. Бұл текті тұқымнан өнген князьді өзіне болмашы ғана қарсы тіл қатқаны үшін ойлап тапқан мазақтаудың шектен шыққан түрі еді. Қыс айында Нева өзенінің үстінде той салтанаты өтетін алып сарай Анна Иоанновна патшайымның бұйрығымен түгелдей мұздан соғылады. Сарайдың есік-терезесі, жиһазы, ыдыс-аяқ, тіпті жас жұбайлардың жатар төсегі де мұздан істелінген.

Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналған орыстар мен татарлар, мордва мен шуваштар, ненецтер, т.б. ұлттық киімдерін киіп, музыка аспабына қосылып, ән шырқап, би билеп, астананы өзгеше у-шуға бөлеген. Той өткен соң, түн ішінде жас жұбайларды мұз төсектің үстіне жатқыздыртады. Неке түнінің «аса ықыласты» өтуін қадағалайтын топ сайлаған. Бұл сыннан князь бен қалмақ қызы сүрінбей өтті. Бір-бірін мұз төсекте жылытқан жұбайлардың келер жылы қошқардай қос ұлы болады. Билеушінің өресі төмен боп, ойына келгенін істесе, өз қызығын өзі күйттесе, қарапайым елдің жай-күйі қайдан оңсын.

Мынадай бір қызық дерек бар.

1731 жылы Ресей империясы мен қазақ елінің батыс бөлігі арасында келісім-шарт жасалып, дипломатиялық қарым-қатынас орнағаны тарихтан мәлім. Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының игі жақсылары, билері, бектері мен батырлары бас қосып, құдіретті патшайымның алдынан өтеміз, сәлем береміз десіп, мол тарту-таралғымен Санкт-Петербургке келіп түскен. Татардан тілмәш алған үлкен делегация мүшелері әрқайсысы айтар сөзін, көрсетер құрметін қайта-қайта пысықтап, патша Сарайының табалдырығын аттайды. Қазақ даласының делегациясын қабылдауға Анна Иоанновна алдын ала келісімін де берген екен. Қызметкерлері алыстан айлап жол жүріп жеткен қазақтардың қабылдау бөлмесінде тосып тұрғанын тағында алтын мен гауһарға малынып, ерігіп отырған Анна Иоанновна патшайымға жеткізгенде, ол:

– Аса маңызды бір шаруам шығып қалды, Голландия королі сыйға тартқан ұрғашы маймылым бүгін таң алдында туды. Балалары сондай сүйкімді. Соның қыруар тірлігімен басым онсыз да қатып отыр, қабылдай алмаймын... – депті.

Айтматов. ...Атышулы патшайым ІІ Екатерина билік құрған ғасырда Малороссия да (Украина мен Қырым) Ресей империясының құрамына кірген. Оның губернаторы болып патшайымның аса жақын досы, сыбайласы Григорий Потемкин тағайындалады.

1787 жылы патшайым қарамағындағы Малороссия халқының тұрмысын көріп, әл-аухатымен танысуға ниеттеніп, сапарға шығады. Петербург пен Киевтің арасындағы 76 станса мен 35 елдімекенге патшайым тоқтайды, түстік ішеді, демалады деп жоспарланады. Қаптаған атқосшыларымен бірге шыққан ІІ Екатерина күн ілгері белгіленген жолмен жүріп келе жатып, Малороссия халқының өте бай да ауқатты әрі өз тұрмыстарына соншама разы екенін көріп, ерекше қуанышқа бөленеді. Алдарынан ән салып, би билеп қарсы алған халық, мыңғыртып айдаған мал, аузы-мұрнынан шығып тұрған қанар-қанар астық, шынында да, елге жаны ашыған губернатор еңбегінің жемісі емес пе?!

Жо-жоқ, Петербургке келген соң Потемкиннің өтірігі ашылады. Бақса, ол патшайым жүреді деген жолдың бойындағы елді алдын ала киіндіріп, жасандырып дайындап қойған екен. Ал өрістегі қаптаған мал ше? Оның да есебін тауыпты. Бір стансада патшайымға көрсеткен көп малды, ІІ Екатерина тынығып жатқанда, түн асырып қуалап, келесі соғар елді мекенге не стансаға жеткізіп отырған.

Ал қамба толы астық ше? Текшеленіп тұрған қанарлардың ішінде бір түйір де дән болмаған, бәріне топырақ толтырылған екен.

Қаншама билік иелері қарақан басының қамын күйттеген Потемкин секілділердің алдауына түсіп, шатасты десеңші. Бұл күлкілі оқиға орыс жылнамасына «Потемкинские деревни» деген атпен енген.

Шаханов. Мұндай сорақы мысалдар әлем билеушілері тарихында мыңдап саналар. Мәселен, Калигула Римнің императорлық тағына отырарда, айрықша көріпкелдігімен аты шыққан Тиберий: «Бұл өзіне де, өзгеге де жақсылық жасамайды. Тек Рим халқына емес, барша әлемге апат әкелетін сұр жылан өсіп келеді», – деп, қорқыныш білдірген.

…Араға аз уақыт салып, тақ пен тәждің шын иесі өзі екенін сезінісімен, Калигула байырғы есалаң қалпына қайтадан енеді.

«Оның ақымақтығы мен есалаңдығында шек жоқ еді, – деп жазады ерте дүние тарихшылары. – Өзін тірі құдай сезінді. Айналасындағылардың бәрі ертеңді-кеш иіліп-бүгіліп тұратын».

Бағыныштылардың құлдық ұрғанына мәз болып, қолын шапалақтайтын Калигула «жек көрсе мейлі, тек қорықса болғаны» дегенді әлсін-әлсін қайталаумен жүрген.

Айтматов. …Жануарды арнайы мемлекеттік қызметке тағайындау тарихта бұрын-соңды кезікпеген. Ал Калигула болса атына мәрмәрдан орын сайлатып, жем жейтін астауын піл сүйегінен жасаттырған ғой.

Осындай жалаң есуас билікті қару ғып ұстанған Калигула император болған төрт жылдың ішінде іргелі мемлекетті ашық монархияға айналдырып тынған. Өзі елдің бас тонаушысына айналған соң, қалған билік басындағылар қарап қалсын ба, қарапайым халықты сүліктей сорған. Мемлекет қазынасындағы екі миллиард жеті жүз миллион сестерци (ақша) бір жылдың көлемінде желге ұшып, бүкіл ел қайыршылыққа ұшырап, тұс-тұсқа қаңғып кеткен.

…Әңгімені осы арнада жалғастыра түсейік. «Бізден кейін топан су қаптаса да, мейлі» деген арсыз мәтелдің авторы француз королі XІV Людовик 72 жыл бойы шексіз билік құрған. Король қарамағындағы халқын қалай болса, солай ұстауға, тіпті кез келген уақытта атып, асып өлтіруге де құқым бар деп есептеген.

«Мемлекет деген – мен». XІV Людовиктің осы астам сөзі қазірге дейін сүйкімсіз мағынасында қолданыс тауып келе жатыр.

Корольдің айналасына жағымпаздар жиналып, өмір бойы бір-біріне орын бермей, таласумен өткен. Шыбындаған жылқыдай бас шұлғып тұрған дворяндар таң атпай жатып, корольдің киім кию салтанатына қатысу үшін жүгіреді екен. Бірі іш киімін, екіншісі шалбарын әперіп, бәйек қаққан сорлылар король бүгін көйлектің ағын емес, көгін киюі керек деп, өзара ұзақ керілдесетін болған. Сөйтіп, XІV Людовиктің киім кию салтанаты күн сайын екі сағатқа созылып отырған.

Осындай қызметімен жаққан үстем тап өкілдеріне король атақ пен сыйлықты уыстап шашып, тіпті әртүрлі қызмет сатысын ойлап тауып, ай аралатып дәрежесін өсірген.

Сарай қызметшілерінің міндеті де адам таңғаларлықтай. Олар топ-топ боп, түнімен кірпік қақпай, корольдің іш киімін, кимешашын, дәрет сындыратын ыдысын күзетіп шығатын болған.

XІV Людовиктің бір жасар қызының 80 күтушісі болса, қара басына қызмет еткендердің санына жету тіптен мүмкін емес. Оның өмір бойы құрған сауық-сайраны, аңшылығы мен сарай қызметкерлерін ұстауға кеткен қыруар қаржы кедейлер төлеп отырған салықтан түскен. Салықты уақтылы төлей алмағандарды отбасымен қоса далаға қуып шығып, үй-мүлкін тартып алып отырған. Француз халқы қаратабан қайыршылықтың зарын шегіп, иіні бүтінделмей жүргенде, еріккен король сән-салтанатты Версаль сарайын соқтырып, қабырғасы мен еденін тұтастай мәрмәрлатады. Сарайдың іші мен сыртына 1400 хауыз орнаттырған. Король тек қана осы сарай құрылысына 47 жыл уақытын жұмсаған.

…XІV Людовиктің надандығы мен қатігездігі сондай, мысалы, бір аспазы корольге шаяннан дастарқан мәзірін әзірлеп бергенмен, үстіне тұздық құюды ұмытып кетіпті. Корольдің мұндай ұмытшақтықты кешпейтінін білген әлгі сорлы, жаза қолданбай тұрғанда, жантәсілім етейін деп, дереу өз-өзіне қол салып, өмірмен қош айтысқан.

Ауыр тұрмыс, шексіз езгіден шыдамы шегіне жеткен француз халқы король өлген соң, көтеріліске шығып, соңындағы барлық тұқым-тұяғын аяусыз қырып салған.

…Бірде жерлестеріммен кең отырып әңгімелескенім бар. Дастарқан үстінде сөзден сөз шығып, арғы-бергі дәуірде өткен патшалар мен ақылмандар есімі аталып жатты. Ақыры әңгіменің бұрау басы Сталинге келіп тірелді. Сонда көгентүп қариялардың бірі сақалын саусағымен тараштап отырып, әпсана айтқан.

Сталин айналасындағы жақын жүрген достарын жинап алып: «Қарап тұрсам, сендер елді басқарудың жөн-жосығына бастарың қатып жүрген сыңайларың бар. Ел ұстаған патша – құдай емес, құдайдан былай да емес. Қарапайым халық алдыңда құлдық ұрып тұруы үшін не істеу керек? Білмейді екенсіңдер, қазір сендерге үйретейін, дереу тауық алып келіңдер», – деп бұйырады. Алып келсе, көсем тауықтың жүнін әлгілердің көзінше зар қақтығып жұла бастайды. Бар жүнінен айырылып, қызыл шақа терісі қалған тауықты қоя беріп: «Қайда барарын қарап тұрыңдар», – дейді. Тауық мына азаптан қашып құтылайын деп, күнге шықса, денесі күйеді, көлеңкеге тығылса, тоңады. Амалы құрыған бейшара бүгежеңдеп Сталиннің екі аяғының ортасына жасырынып, бас сауғалайды. Сонда көсем қалтасынан алып, жем шашып, өзі әрі-бері адымдап жүреді. Тауығы құрғыр көсемнің соңынан екі елі қалмай, емпең қағып, еріпті де отырыпты. Ауыздары аңқиып қалған достарына Сталин айтты дейді: «Көрдіңдер ме, халық деген осы тауық сынды. Жүнін жұлып ал да, қоя бер. Сонда басқару оңайға түседі», – деп.

Дастарқан басындағы ақсақалдар ойдан шығарылған бұл әпсанаға имандай сеніп, «атаңның көрі, неткен тапқырлық» десіп тамсанысты. «Өмірде осыған ұқсас тірліктер аз ба? Қарашы, Сталиннің ақылдылығын. Бас-басына би болғысы келген достарын бір ғана мысалмен мыштай етпеді ме?» деп, бас шайқасып жатты».

Билік алпауыттарына табынуда сарай ақындарының рөлі зор екендігі белгілі. Бір кезде тәп-тәуір жырларымен түрікмен оқырмандарын баураған, кейіннен Түрікменбашының «аяқ киімін мұртымен шөткелеуге» кіріскен Байрам Жұтдиев деген ақын үлкен құрмет биігіне көтеріліпті. Оның «Түрікменбашы – құдай. Өйткені құдай тағалам түрікмен халқына Сапармұрат Ниязовтың көзімен, жүзімен қарауда» деген сөзін маған Шыңғыс Айтматов көрсетті. Оны Шікеңе кіші ұлы Элдар интернеттен тауып берген екен.

Швецияда эмиграцияда жүрген белгілі түрікмен ақыны Шералы Нұрмұрадов пен Түрікменстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Әбді Кулиевтің айтуынша, Түрікменбашы Америка Құрама Штатына ресми сапармен барғанда «Горбачевпен, Яковлевпен, Медведевпен бірге Кеңестер Одағын қирату үшін мен жас кезімнен-ақ коммунистік партия қатарында болдым» деп мәлімдеме жасапты.

Түрікменстанның ең көрнекті жерінде 70 метр биіктікте Түрікменбашының 14 метрлік алтынмен көмкерілген, ылғи да айналып тұратын тұлғасын өзі өлген соң, оның орнын басқан жаңа басшы тоқтатты. Бұл ескерткішті тұрғызуға 12 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты. Ал бұған шамалас қаржыны сол кезеңде Түрікменбашының сүйікті ұлы Мұрат Ниязов Мадрид казиносында бір түнде ұттырып жіберіп отырыпты.

Сөйтіп, Орта Азиядағы ҚҚЖ – «Қолдан құдай жасау» саясаты да өз сипатын өзгертті. Енді оның түрікмен жерін түгел қаптаған жансыз мүсіндері қанша мерзімге дейін шыдас береді, оған да уақыт таразы...

 (Жалғасы бар)

ЖЕКЕ АДАМҒА ТАБЫНУ ЖАРЫСЫ http://www.qazaquni.kz/?p=4328