ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН МӘСЕЛЕЛЕРІ

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Гоминдаң үкіметі мен Кеңес одағының Шынжаң мәселесіне араласуы

Шынжаң жағдайында жүз берген Шығыс Түркістан оқиғалары төңірегінде Гоминдаң үкіметі және Кеңес одағы қандай саясат ұстанды деген сауал бұл мәселелердің түйінін түсінуде ерекше маңызға ие.

ХХ ғасырдың басқы мезгілдерінде Шынжаңның билік басына келген Гоминдаң үкіметінің өкілдері көп жағдайда Нанжиң орталық үкіметімен терең қарым-қатынаста бола бермеген. Айталық Яң Зышин 1921 жылы қыркүйекте Алтай аймағы жеріне кірген ақ генаралы Бакшты жоғалтуға байланысты Кеңес одағымен «Кеңес одағы қызыл армиясының Жуңхуа Минго иелігіне кіріп, Алтай өңіріндегі ақтар армиясын жою туралы келісімін» өзінің шешімімен жасаған.

Осыдан кейінгі Шынжаң билеушісі Жин Шурын де 1931 жылы бірінші қазанда Кеңес одағымен «Шынжаң-Кеңес одағы уақыттық сауда келісімі» дегенді Нанжиң үкіметінсіз өзі-ақ бітірген. Ал Шың Сысай дәуіріне келгенде ол Кеңес одағымен келісім шарттар жасасып қана қалмай, Кеңес одағынан Шынжаңға арнайы армия кіргізуге дейін барған. Әрі Кеңес одағы қызыл армиясы сегізінші полькі қатарлы қосындардың Шыңжаңда ұзақ уақыт тұруына жағдай жасаған.

Бұл бір жағынан Шынжаң билеушілерінің дара билігін көрсетсе, екінші бір жағынан Шынжаң билеушілерінің ішкі-сыртқы жаулардан сақтануы үшін жердің түбі болған ішкі Қытайға телміргеннен гөрі, шапағатты көршілерінен іздеген қоллайлылығының ескерілгенін де білген жөн. Үшінші бір жағынан Кеңес одағы компартиясымен одақ құру арқылы Шыңжаңды дербес социалистік дербес ел ету ойы да жоқ емес болатын.

Гоминдаң үкіметімен Шыңжаң билеушілері арасындағы қайшылық Шың Сысай дәуіріне келгенде барынша асқына түскен. Бұл іс Жияң Жешіні барынша алаңдатып, ол Шың Сысайды тізгіндеудің әр түрлі жолдарын қарастыра бастаған.

1933 жылы “12 сәуір оқиғасынаң” туылуына байланысты. Нанжиң үкіметі Шыңжаңға хал сұрау үйірмесін тағайындап, Хуаң Мусұнді арнайы жіберген. Ол Шыңжаңдағы ықпалын күн сайын күшейтіп, Шың Сысайдың билігіне қатер төндірерлік сыңай танытқасын, 1934 жылы 26 маусымда Шың Сысай саяси өзгеріс қозғап, “қазіргі үкіметті аудармақ болған” деген айыппен бірнеше адамды нақ майданда атып тастаған. Бұл шын мәнінде Хуаң Мусұңға сес көрсету арқылы Жияжешіге ескерту жасау еді.

Нәтижеде 20 шілдеде Шынжаңнан кетуге мәжбүр болған Хуаң Мусұң бұл мәселеде шешуші рөл атқара алмады. Керісінше бірінші тамызда Шың Сысай Гоминдаң әкімшілік кеңесінің 118 кезекті жиналысында Шынжаң шекара қорғаныс дубанына тағайындалды. Лию Уынлұң өлке төрағалығына, Жаң Пиюан Іле тың игеру өңірінің өкілдік қызметін атқарумен бірге жаңадан жасақталған сегізінші дивизияның командирлігіне тағайындалды.

Бұл Жияң Жешінің Шыңжаңды меңгеріп, Шың Сысайды тізгіндеу саясатында бірінші рет тұмсығының тасқа тиюі болды.

Жаң Пиюаннің Іле жағына әскери қолбасшы ретінде орналастырлуы шын мәнінде Шың Сысайға тосқауыл қоюудың екінші амалы ретінде қарастырылған болатын. Әрі Жаң Пиюаннің Ма Жұңиіңмен сәйкесіп Шыңжаңды тізгіндеуіне белгілі дәрежеде жағдай жасалған еді.

Ма Жұңиің мен Жаң Пиюаннің Шың Сысайға қарсы жорық жасауы кезінде бұл оқиғаға кеңестіктер келіп килікті.

Нақтырақ айтқанда 1933 жылы 5 мамырда Шың Сысай сыртқы істер мекемесінің бастығы Чын Дылинді Кеңес одағының Үрімжідегі бас консулына жіберіп, екі елдің әр түрлі байланыстарына орай бұрындары жасасқан келісім шартын бетке ұстап, байланыс орнатуға өтініш білдіреді. Ал қазан айына келгенде Ма Жұңиың қолының шабуылына төтеп бере алмай, Кеңес одағынан әскери көмек сұраған еді.

1933 жылы шілдеде Кеңес одағы сыртқы істер халықтық комитетінің төрағасының орынбасары Г.Я.Суклинковтың жетекшілігінде, Кеңес үкіметінің қатысты органдарының өкілдер жиналысы ашылды. Жиында Шынжаң жағдайы талқыланды. Әрі Кеңес одағы болшевиктер орталық комитеті саяси бюросына жолданатын ұсыныс мақұлданды. 1933 жылы 27 маусымда Кеңес одағы (болшевиктер) орталық комитеті саяси бюросы мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы Г.Е.Фолыслов жетекшілігіндегі арнайы «Кеңес одағының Шынжаң саясатын зерттеу» алқасын құрды. 3 тамызда аталған ұйымның ұсынысы бойынша Кеңес одағы (болшевиктер) орталық комитеті саяси бюросы «Шынжаң қызметі жөнінде нұсқау» түсірді.

1933 жылы қарашада Кеңес одағы қызыл армиясының бірнеше бөлімдері «Тарбағатай жаяу әскерлер қосыны» деген атпен және 1934 жылы қаңтарда Кеңес қызыл армиясының 3500 адамдық тағы бір бөлімі «Алтай армиясы» деген атпен Шың Сысайға көмекке келді.(Шынжаңның таяу заман өлке түзімін жолға қойғаннан кейінгі тарихи дамуы» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2007 ж)

Кеңес одағы «Егер Қытай Шыңжаңның екінші Мәнжурияға айналуына жол беретін болса, мұндай жағдайда Кеңес одағы дереу қимыл жасап, өз мүдесін қорғайтын болады» дегенді ортаға қояды. Әрі Шың Сысайға екі дүркін әскери көмек көрсетіп, Жаң Пиюан мен Ма Жұңиіңнің әскери қосындарын жеңіліске ұшыратты. Сөйтіп, Жияң Жиешінің Шынжаңды жүйеден Шың Сысайды екінші рет тізгіндеу әрекеті тағы да сәтсіздікке ұшырады.

Екі реткі сәтсіздіктен кейін ендігі жерде Шың Сысайды Кеңес одағынан бет бұруға насихаттады. 1934 жылы қыркүйекте Жияң Жиеші Шың Сысайға ұзақ хат жазып, осы ойларын дәлелдеп көрсетуге тырысты. Онда мынадай жолдар бар еді: “Кеңес одағымен келісім жасасу кеңестіктердің мүддесі үшін емес, Қытай үшін, орталық үшін болуы керек. Артқы қақпаны тарс бекітіп, алдыңғы қақпаны ашып тастағандай саясатты қолдануға болмайды. Сонымен бірге Кеңес одағының темір жолдары Шынжаң шекарасының айналасын орап, таңертең жолға шықса, кеште жетіп келетіндей жағдайға келді. Шынжаң мен ішкерінің жолы бейне қамал соғылғандай халге дүп келді. Бұл жағдай өзгермей жалғаса беретін болса Шынжаңның ішкеріден жырақтауы ұзарған сайын қауіп-қатерге соншалық жақындап, барлық жақтан жаттың үстемдігіне ұшырап, өзін құтқара алмай қалуы, шығыс-солтүстіктегідей жағдайға тап болып қана қалмай, ақыр аяғы сіздей ініміздің жеке басына да қауіп-қатер төнуі әбден мүмкін...” Хат шекара қорғаныс төңірегіндегі мәселелер ғана емес, сауда-саттық мәселесі төңірегінде де, “өзімізді-өзіміз жарылқағанымыз жөн” деген тектес ойларға ойысқан. («Гоминдаң үкіметінің Шыңжаң саясаты және оның ықпалы». Ұлттар баспасы. Бейжің.2005 жыл 122 бет)

Алайда Шың Сысай мен Нанжиң үкіметі арасындағы көне көлеңкенің бір жапырақ хатпен шуаққа айнала қоюы екі талай еді.

«1935 жылдың алды артында Кеңес одағы Шынжаңға тағы да зор топтағы қызметкер жіберіп, Шың Сысайдың қызметті қанат жайдыруына әрқайсы жақтан селбесті және қолдады. Саяси жақта Шың Сысайдың «алты ірі саясатты» жасауына, имперализимге қарсы бірлестігін өзгертіп құруына көмектесті. Қимыл жүргізу таяныштарын жетілдіріп берді. Сондай-ақ қоғам қауіпсіздігі органы мен шекара істері органын құру арқылы имперализимнің және гоминдаңның тыңшылық әрекетіне төтеп берді. Экономикалық жақта Шың Сысайға көмектесіп, бірінші үш жылдық жоспар жасады. Қазынаны ретке салды. Экономиканы орнықтырды және дамытты. Негізгі экономикалық тарауларға Кеңес одағы ақылшыларын қойды. Әскери жақта дубан мекемесіне Кеңес одағының әскери ақылшыларын, әскери мектептерге Кеңес одағы әскери оқытушыларын қойды. Армияның орналастырылуымен әскери жаттығудың барлығы әскери ақылшылардың тексеріп-бекітуінен өтті. Әскери бөлімдірдің қару-жарағын да Кеңес одағы қамдады. 1938 жылы Кеңес одағы қызыл армиясының машиналасқан бір полькі (қызыл 8 польк) Құмыл Баркөл өңірлеріне орналасып, ішкі өлкелерден Шынжаңға келетін жолдың алқымын қорғап, гоминдаң армиясын жеңіл-желпі батысқа аяқ баса алмайтын етті» («Шынжаңның үш аймақ төңкеріс тарихы» Ұлттар баспасы, Бейжің. 2000ж, 23 бет).

Бұл көмектер Шың Сысайды «шағын мемлекет» дәрежесіне дейін жеткізіп, оның әр жақтан өркендеуіне көрнекті ықпал жасады. Басқаны айтпаған күннің өзінде қазақтардың оқу-ағарту, мәдениет істерінде де көп дамушылықтар жүз берді. 1935 жылы Алтайда Шәріпхан Көгедаев Зайсаннан баспа машинасын әкеліп, «Алтай газетін» шығарды. Жер-жерде мектептер ашылып, қытайдағы қазақтардың зиялы қауымы қалыптаса бастады.

1935 жылы қарашада Нанжиң үкіметі Шың Сысайға Гоминдаң 5 кезекті оталық комитетінің мүшесі, 1936 жылы құрлық армия офицері деген құрметті аттар берген болса да оның беті бері қарай қоймады. Тіпті дипломатиялық тұрғыдан гоминдаң үкіметі оның Кеңес одағынан қарыз алмақшы болған келісім-шартын бұзбақшы да да болды. Мұның бәрі де сәтсіздікке ұшырады.

1941 жылдың маусымында басталған Кеңес-Герман соғысы­ның ұлғаюы Шың Сысайдың көзқа­расында жаңа өзгеріс пайда қылды.

Анығын айтқанда ол бұл соғыста Кеңес одағы жеңіске жеткен күннің өзінде оның әскери қуаты бұрынғыдан барынша әлсіреуі мүмкін деген ішкі есепте болды. Оның үстіне Қытай коммунистерінің Жапонияның соққысына ұшырып, әлсірей бастауының өзіндік ықпалы болды.

Ондай болған жағдайда, Кеңес одағынан қайыр-көмек болмаса, Гоминдаңшылардың оны жоқ қылып жіберуі оп-оңай еді. Сөйтіп бастан-аяқ қасарысып келген Шың Сысай Кеңес одағынан іргесін ажыратып, Гоминдаңның құшағына құлады.

Мұны сезген кеңестер де қарап жатпады.

Шынжаңдағы Шың Сысайға қарсы топтарды іздеп, оларға көмек көрсетудің жолын қарастырды. Сталиннің Чойбалсан арқылы Оспан батырға көмек көрсетуі осы оқиғалардан кейінгі ойын еді.

1941 жылы желтоқсанда Жияң Жеші Қытайдың Кеңес одағында тұратын әскери мансаптысы Го Дичуаннан Шың Сысайдың гоминдаң жағына өту ойының бар екенін біліп, 1942 жылы шілдеде Шың Сысаймен дос-жарандығы бар Жу Шаулияңды Үрімжіге жіберді. Шың Сысай Жияң Жешіге хат жазып, өткен істерге салауат айтуын өтініп, бұдан кейінгі жерде адал қызметкері болатындығын білдірді.

1942 жылы шілдеде Германия­ның Кеңес одағының Сталинград қаласына шабуыл бағыттауы кезеңінде Жияң Жеші де қарап жатпай, Кеңестердің Шынжаң мәселесіне араласуына тыйым салудың әртүрлі жолдарын қарастыра бастады. Қазан айында Шың Сысай Кеңес одағының Үрімжідегі бас консулына Кеңес одағының Шынжаңдағы барлық әскери техник қызметкерлерін үш ай ішінде алып шығып кетуі туралы арнайы нота тапсырды. Ендігі жерде «Кеңес одағына, Коммунистік партияға қарсы тұрды. Кеңес одағымен жасасқан келісімін жыртып тастады. Кеңес одағының Құмылда тұратын 8 полкін және Кеңес одағының Шынжаңдағы геологиялық тексеру үйірмесі ақылшылары, әскери оқытушылары, мамандары, дәрігерлері қатарлы Кеңес одағының Шынжаңдағы қызметкерлерін шығарып әкетуін талап етті. Кеңес одағының Шынжаңмен жасасатын саудасы да тоқтап, Кеңес одағының Шынжаңдағы мүддесі зор шығынға ұшырады. Енді бір жағынан АҚШ-та орайдан пайдаланып, Шынжаңға килігіп, Үрімжіде жанталаса косулхана құрды. Сондай-ақ Іледе Кеңес одағына қарсы база құрып, Шынжаңға өршелене кірмекші болды»(«Шынжаңның үш аймақ төңкеріс тарихы» Ұлттар баспасы, Бейжің. 2000ж, 23 бет).

Сөйтіп кеңестіктер 1943 жылдың жаз айында Шынжаңнан бүтіндей шегініп шықты.

Кеңес одағы 1943 жылы ақпанда Сталинград шайқасында жеңіске жеткен болса да Герман армиясы әлі де ырықты орында еді. Жапонияның Кантон армиясы да Кеңес одағына қысым жасай бастаған болатын, осындай қысылтаяң сәтте Шынжаң мәселесімен түбегейлі айналысудың орайы да болмаған.

Алайда Моңғолия арқылы Өр Алтай жеріндегі Оспан батыр жасағына көмек беріп, Шың Сысайдың мазасын алу Кеңес одағының тағы бір жаңа қадамы болды. Сөйтіп, Моңғолия мен Қытай арасындағы шекара қақтығысы орайынан пайдаланып, Оспан қолына көмекке келген Кеңестер жергілікті сарбаздардың сәйкесуінде гоминдаң армиясына сілейте соққы берді.

Кеңес одағының ұшақтары Моңғолия шекарасының Қытай жағында отырған гоминдаң армиясын арт-артынан бомбылады.

Гоминдаң армиясы оған қарсы қуатты шабуыл ұйымдастыруға дәр­менсіз болды. Атап айтқанда, Жа­понияның Бейжің-Ханку темір жолындағы Жиңжию, Лояң өңірлеріне кең көлемді шабуыл қозғауы Жияң Жешіні ырықсыз күйге түсірген еді. Жияң Жеші Қытай армиясының Қытай-Моңғолия шека­ра­сынан жетпіс шақырым қа­шық­тықтағы Құбының құмынан жүз жиырма шақырым алыстағы Ыртайға шегінуі жөнінде бұйрық түсірген. Әрі бұл мәселе турасында ол Америка президентіне үздіксіз хабарлама жасап, жағдайды мәлімдеп тұрған.

Әсіресе Кеңес одағының шабуылы туралы мәселелерді халықаралық мәселе ретінде баяндаған. Ал кеңестіктерде қарап жатпай Шың Сысайдың опасыздығы, кеңес­тік­терге қарсы әрекеті, халыққа жүр­гізген қысымы мен қырғыны жайында гоминдаң үкіметіне шағымданып қалмастан АҚШ-тың елшілігіне де құлақ-қағыс еткен. Америка жағы Сталин мен Жияң Жешінің айтқанына аса желпініп кетпесе де, президенттің орынбасары Хенри Уаллеспенді Москва мен Чұң Чиңға жіберіп, Қытай мен Кеңес одағы арасындағы қайшылықтарды ше­шудің жолдарын қарастырды. Сөй­тіп, 1944 жылы 21 шілдеде Хенри Уаллеспенді Чұң Чиңға барып, Жияң Жешімен кездесіп, арнайы кеңес өткізген. Әрі Кеңес одағының ба­­сымдығы себепті, Шың Сысайды Шын­жаңнан алып кетуді талап еткен.

(Жалғасы бар)

Жәди ШӘКЕН