ҚЫТАЙ ҚАУПІ ЗОРАЙЫП КЕЛЕДІ

Дүниежүзілік дағдарыстың беті қайтпағанына қарамастан Қытай өзінің экономикасының қарыштап дамып келе жатқанымен айналасына айбар көрсетуде.

2010 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімі жөнінен қытай экономикасы Жапон экономикасын артқа тастап, 1,34 триллион доллар көрсеткішпен әлемде екінші орынға шықса, соңғы он жыл ішінде Қытай экономикасы Ұлыбритания, Германия және Франция экономикасын басып озғанын білідіріп отыр.

2030 жылы Қытай өз экономикасының әлемде бірінші орынға шығатындығын айтып та жар салуда.

Қытайдың әртүрлі провинцияларын­дағы заңмен бекітілген ең төменгі жалақы 50 доллар мен 150 доллардың арасында. Дәл осының есебінен қытай тауарлары кез-келген бәсекеге төтеп беріп отыр. Өз тауарларының рыногынан айырылып қалмас үшін Қытай жалақыны күрт аспандатып жібермей, біртіндеп көтеруге тырысады. Соған орай тауарларды ішкі сұранысқа қарай бейімдеу жөнінде шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанның Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың бір топ депутаттардың сауалына қайтарған жауабына қарағанда, Қазақстанда қытай капиталының 50-100 пайыз арасындағы үлесі бар 15 мұнай-газ компаниясы жұмыс істейді (одан да аз үлесі бар компаниялар жеткілікті). Бұл компаниялар өндіретін мұнайдың жалпы жиыны биыл 25 миллион тоннаға жетпек. Ал Қазақстанда өндірілетін мұнайдың жалпы көлемі бас-аяғы 80 миллион тонна екенін ескерсек, онда қытайдың үлесі 31 пайызға жетіп қалғанын қарапайым арифметикамен есептей салу қиын емес. Сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі, сауда және қаржы секторында да қытай инвестициясының салмағы ауырлап келе жатқаны және біртіндеп батыс инвестициясын ығыстырып бара жатқаны мәлім. Бұл ретте инвестиция дегеніміз сыйға берілген ақша емес, кейін еселеп қайтаруды талап ететін кредит түрінде келіп жатқанын ұмытпау керек.

Алла-тағала «сақтансаң - сақтаймын» депті...