АДАСЫП ЖYРГЕН ЛИ БАЙ МА, БІЗ БЕ?

Жақында (2010 жылдың қыркүйегінде) Еуразия кинофестивалына «Гүлбике» атты фильмін қатыстыру мақсатымен, ШҰАР Тиян Шан киностудиясының бас директоры, белгілі кинорежиссеры Жаң Игаң және оның орынбасары Мақсат Кәдірханұлы Алматыда болды. Кездесулердегі әңгіменің әредігінде жігіттердің бірі: «Ду Фу деген қытай ақынының шығу тегі түркі ұлттарынан деген сөз бар екен, сол рас па?» деген сауал қойды. Сонда Жаң: «ол сіздердің Ли Байға таласқандарыңыз сияқты әңгіме ғой» деді. Әлгі жігіт бұл жауапқа тіпті де елеңдеп: «сонда сіздер Ли Байды қазақ дегенге қалай қарайсыздар?» деп жабысты. Жаң күліп: «ұлы адамдарға талас көп қой, оған таңқалмаймыз» дегенді айтты. Біздің жігіттер үнсіз қалды. Сыртқа шыққан соң олар менен: «Ли бай туралы арнайы кітап шығып, Астана қаласында тұсауын кесті. Ли Байды қазақ деп жар салды. Сонда олары өтірік болғаны ма?» деп сұрады.

Мен шамам жеткенінше Ли Байдың қазақ емес, қытай екенін түсіндірген болдым. Деседе, жігіттердің менің жауабыма қанағаттанбағандығын байқап, ескі жарамның аузы тырналғандай күй кештім. Басқалардың додасына түскен Ли Байдың дауына араласпай сырт қалған басым, мына істен кейін өзімді тежей алмадым. Жалғанды көрсем жаным жай таппас әдетпен қолыма қалам алдым.

Рас,ында да Ли бай кім? Қытайдың он үш ғасыр бойы ұлықтап келген ақынын кім дейтіндей біз кімбіз?

Дауға мұрындық болған не?

Қытай мен орыс арасындағы әр түрлі келеңсіздіктер біздің көптеген тарихымыздың бұрмалануына себеп болды. Екеуі де ежелгі Түркі мемлекетінің бүгінгі аумағын мойындағысы келмей, өз білгендерінше «тарих» жасап, талайымызды алжастырды. Айталық түркі мен моңғолдан бірлік іздеген зерттеушілерге екінің бірінде орыс ғалымдарын оқып өскендер шошына қарайды. Бір кезде өзінің қажеттілігі үшін Шығыс Түркістанды көкке көтерген орыс өктемдігі кейіннен оған жау болды. «Түрік» деген сөзге қытайлар бүгінге дейін үрке қарайды.

Сөйтіп олардың бөлісіне түскен Түркі даласының орыстың табанында қалған бөлігіне қытайлар қызғана қараса, ал қытай иелінде қалып қойған ежелгі түркі жерінің даулы мәселелері де талайға тақырып болды. Осындай ойындардың бел ортасында басқалардың көзінің құртын қоздырған бір кесек майлы ет – қазақ даласы жатты. Әсіресе 1960 жылдардың алды-артындағы орыс пен қытайдың алакөздігі бұл мәселені тіпті де ушықтырып жіберді. Екі нар – орыс пен қытай сүйкеніскенде қазақтарды шыбын құрлы көрмеді. Орыстар ежелгі түркінің ескі жұртын «Шығыс Түркістан» атауымен қоңыраулатса, қытайлар «Балқашқа дейінгі жер біздікі» деп соқты. Бұл сөздер жай ғана айтылып қойған жоқ, тарихи оқулықтарға «алтын әріптермен» жазылды.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, Шынжаң оқу-ағарту баспасынан 1993 жылдан бастап әр жылы қазақшасы 10 мыңнан, ұйғыршасы 25 мыңнан, қытайшасы 50 мыңнан артық таралыммен жарық көріп келе жатқан «Шынжаңның жергілікті тарихы» оқулығының 1999 жылғы басылымынан мысал келтірейік. Онда мынадай жолдар бар: «...апиын соғысы туылу қарсаңында Шарроссия (Патшалық ресей – Ж.Ш) Ертіс өзенінің жоғарғы ағарына ішкерілей кіріп, шапқыншылық күшін онан ары қазақ сахарасына қарай кеңейте түскен еді. Еліміздің Балқаш көлінің (Қытайдың дегені – Ж.Ш) шығысына көптеген әскери бекіністер салып, оларды тас жолдармен тұтастырды. 1854 жылға жеткенде Семипалатинскиден (Семейден – Ж.Ш) Құрбан Алматыға (қазіргі Алматы) дейін созылатын жаңа Сибирия қамал лениясын салып, еліміздің Балқаш көлінің оңтүстігіндегі ұлан-байтақ териториясын басып алды. 2-реткі апиын соғысы тұсында, Шарроссия Құрбан Алматыны тірек ете отырып, шапқыншылығын онан ары кеңейтіп, еліміздің Ыстықкөл маңайындағы және Шу өзені алабындағы барлық жерлерін дерлік зорлықпен басып алды...

Шарроссия еліміздің кең-байтақ батыс териториясын басып алғаннан кейін, мұны шарт жасау формасы арқылы тұрақтандырып, заңдастыруға ұрынды...1864 жылы шарроссия әскери қысым және дипломатиялық алдап-арбау жолымен Чиң патшалығы үкіметіне «Жұңго мен Россияның батыс солтүстік шекараны тексеріп-айыру келісімінің естелігіне» қол қойғызды. Осы келісім және кейін қол қойылған үш шекараны айыру тоқтамына сай, Шарроссия еліміздің Балқаш көлінің шығыс оңтүстігінен 440 мың шаршы километрден астам територияны бөліп алды» (оқулық152,159 беттер).

Аталған деректер «Шарроссия Жұңгоның батыс солтүстік териториясын басып алғандығын көрсететін қарита» деген атпен берілген арнайы картамен толықтырылған. Онда қазіргі Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан жерінің көп бөлімі көлеңкемен боялып, қытай жері ретінде көрсетілген. Аталған оқулық қытай мектептерінде әліге дейін оқытылып келеді.

Осындай идеялардың бас көтеруі – әсіресе, 1960 жылдардың басында Мау Зыдұң мен Хрущевтің қырғи қабақтық тұсында тіпті де асқына түсті. 1969 жылға келгенде екі жақ соғыстық күйге өтті. «Жалаңаш көл оқиғасы», «Жынбадау аралы оқиғасы» туды. Кеңес Одағы Алакөлдің шығысындағы «Жалаңаш көл оқиғасында» алғашқы лазер нұры сынағын жасап, шекараға топталған қытай әскери күштерін күйдіріп жіберді. Шошынған қытай жағы ендігі жерде есігін тарс жауып тым-тырс күйде қалды. Тіпті өлген адамы, өртенген дүниесі жайында жақ кірісін ашпады. Алайда олар ендігі жерде өздеріне темір емес, идеялогиялық қарудың қажеттілігін аңғарса керек.

Сөйтіп, тағдыры таласқа түскен кейіпкеріміз Ли Байдың «түркі» немесе «қазақ» бола бастауы сол 1960 жылдан кейінгі жазбалардан көріне бастады. Одан бұрынғы жазбаларда ондай бұралқы сөз атымен жоқ.

Ендеше, сенатор Өмірбек Бай­гелдінің Ли Байды қазақтың дулат тайпасына тәуелдеп, 2009 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан «Елібай-Ли Бай. Ли Бо» атты көлемді кітап шығаруын (Ли Бай өлеңдерін Мұқтархан Оразбай, Мұрат Сұлтанбек, Мұратжан Сәрсен қазақшалаған), кітапқа ф.ғ.д Сауытбек Абдрахмановтың алғы сөз жазуын, Шерхан Мұртазаның қолдау білдіруін, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның Ли Бай жайындағы «Табылмай келген қазына» атты тарихи деректі фильм мен аталған кітаптың тұсауын кесіп, Ө.Байгелдиге «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төс белгісін тапсыруын, аталған шараға белсене қатысқан ығай мен сығайлардан – Қасым-Жомарт Тоқаев, Орал Мұхамеджанов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Жансейіт Түймебаев, Ақселеу Сейдімбек т.б-лардың «Елібай елге оралды» деп қол соға қошамет көрсетуін қалай түсінеміз?

Ли Бай адасып жүр ме, әлде біз адасып жүрміз бе?!

Ли Байдың «Шуы» қайдан шықты?

Ли Бай жайында ең ерте қалам тербеген қазақ қаламгерлерінің бірі – қытайда өткен белгілі әдебиетші, ғалым марқұм Әзімхан Тішәнұлы.

Қытай классикалық өлеңдерінің гүлденген кезеңі есептелетін Таң дәуірінің (618-907ж) өлеңдерін қазақ тіліне аударып жеткізудің аса қиындығына аялдаған Ә.Тішәнұлы: «сол кездің тілін қазір сол халықтың өзі де аударып қолдануға мәжбүр» («Әдебиет сыр шертеді» Шынжаң халық баспасы, 1994ж. Үрімжі) дегенді айтады. Ли Бай өлеңдерін бүгінгілердің қалай оңай аударып, өз ойына бейімдеп жүргенін білмеймін, Әзімхан Тішәнұлы «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдерін» (Шынжаң халық баспасы, 1989ж. Үрімжі) үлкен ізденіспен аударған. Аталған кітаптың қытай тіліндегісі Шаңхай классикалық шығармалар баспасынан 1978 жылы шыққандықтан ақынның өмірбаяны туралы деректерін аса сенімді деп айту қиын. Сол үшін де өлеңдерінің өзіне жүгіну ақиқатқа анағұрлым жақын деп бідеміз.

Жинақта дыбысталуы ұқсамайтын екі «Шу» бар. Бірі Чу. Ол ақынның «Жиңмин тауынан өткенде» өлеңінде:

Көктей өтіп қиырда Жиңмин тауын,

Чу өлкесін кең байтақ араладым, – болып кездеседі («Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері» жинағы 19 бет). Әзімхан атауларға түсінік жасап, Жиңмин тауының Чаңжияң дариясының оңтүстік жағасындағы тау екенін, Чу-дың ертедегі хандық аты, Хунан, Хуби өңірі екенін айтады.

Екінші «Шу» – «Шудың жолы – керу жол» өлеңінде кездеседі(«Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері» жинағы 25 бет). Ә.Тішәнұлы мұндағы Шуға: «Шудың жолы – керу жол – тақырыпқа айналған ескілікті ән. Мұндай тақырыпта көбінесе Шу жолының керулігі айтылады. Шу – Сычуан өлкесінің ежелгі аты» деген түсініктеме берген.

Әзімхан Тішәнұлы «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері»-інде Ли Байдан 17 өлең аударған екен. Әрі әр өлеңде кездесетін жер аттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп отырған. Оның қазақ жерімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Біздің Шу өзенімізбен де еш қатысы жоқ. «Суйеде (біздің тәуелдеу бойынша Сояпта) тудым» деген сөзді де таппаймыз. Тіпті дыбысталуы соған жақын сөздер табыла қалған күннің өзінде, жоғарыда келтірілген «Чу» мен «Шу» секілді оның да қытай аумағындағы жер аттары екеніне еш шүбаланбас едік.

Ли Бай кім?

Жыл санауымыздың 618 жылы Ли әулеттерінен шыққан Ли Юан қытай елін бірлікке келтіріп, Таң патшалығын құрды. Тақ мұрагері Ли Шімин билік басына келген тұста ірі империяға айналған бұл ел мейлінше күшейе түсті. Мәдениет істері де ерекше дамыды. Өз айтуларына қарағанда Ли Бай батыс хан патшалғы тұсында жасаған атақты сардар Ли Гуаңның әулеті, батыс Лияң хандығының негізін қалаған Ли Хаудың тоғызыншы ұрпағы екен. Қорыта айтқанда ол Таң патшалығының негізін салған Ли әулетінің үрім бұтағынан саналған.

701 жылы өмірге келген Ли Байдың лақамы Тәйбай. Тәйбай – жарық жұлдыз, алтын жұлдыз, шолпан жұлдызы деген мағынадағы сөз. Аңыздарда айтылуынша, Ли Байды босанған кезде шешесі түсінде шолпан жұлдызын құшақтап жатыр екенмін депті. Сонан әкесі Ли Кы оны Тәйбай деп атап, кейіннен Ли Тәйбай атанған деседі.

Ли Бай діндік наным жағынан Таң дәуірінде ықпалы зор болған Даужияу дініне бас ұрып, Лаузы атты данышпанның тағылымдарын өз бойына көбірек сіңірген. Тіпті өмірінің соңғы жылдары Даужияу Бұтханасын паналап, мүриттікпен күн өткізген кездері де көп болған екен.

Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің ішінде аударма мамандығының үздігі атанған, қытай классикалық әдебиетін аударумен аты шыққан белгілі қаламгер Әбділдабек Ақыштайұлы «Ханзудың ұлы романтикашыл ақыны – Ли Бай» («Мұра» журналы, 2010ж. №2) мақаласында ақын жөнінде хан тілінде жазылған көптеген материялдарды оқығанын айта келіп, оның өмір жолына кеңінен тоқталады да: «Ли Бай – ханзудың Чүй Юаннан кейінгі ұлы романтикашыл ақыны. Ол Чүй Юанның әдебиеттегі өршіл романтикалық рухын жасампаздықпен дамытып, ең жоғарғы өреге көтерді. Чүй Юан сияқты, өлең шығармашылығында асқақ арманды, бостандықты жырлады. Өз отанына, туған халқына терең сүйіспеншілік бағыштады. Қара түнек қоғамды сын тезіне алды. Байлықты, мансапты көзіне ілмей, пәни ғаламның лат қылықтарынан өзін жоғары, аулақ, пәк ұстады... Ли Бай өлеңдеріндегі енді бір ерекшелік астарлылық, ойдың бүркеулігі. Тағы бір ерекшелігі ескі тәмсілдерді, тарихи мифтік хикаяттарды жиі қолданатындығы. Қорыта айтқанда, Ли Бай өлеңдеріндегі асқақ, тілсім романтикалық лебіз, қияли образ, ой жетпес астарлылық, айшықты әсірелеу, адамның жан дүниесін балқытатын табиғат суреттері... сияқты ерекше көркем бейнелеу тәсілдері кез-келген ақындардың шығармаларында кезіге бермейді», – деген баға береді.

Демек, Ә.Ақыштайұлы бізше «өлеңдерінен түркілік, қазақтық аңқып тұр» дегенді тіптен ауызға алмайды. Қайта, біздің мұндағы бықсыма қыбыр-жыбырымызды естісе керек, еш дауға бармай-ақ Ли Байды «ханзудың романтикашыл ақыны» деп анық ен-таңбамен көрсетеді.

Ли Бай адасқан жоқ, біз адастық

Белгілі қытайтанушы, тарих ғылымдарының докторы Клара Хафизова «Айқын» газетіне берген бір сұхбатында осы тақырып төңірегіндегі тілші сауалына: «Қазір біздегі Ли Бай туралы айтылып жатқанның бәрі көзбояушылық! Бірінші көзбояушы – қытайлардың өздері. 1969 жылы қытайлар Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігіне нота жазған еді. Онда: «Балқашқа дейінгі Жетісу аймағы – біздің жеріміз. Көне Қытай аумағы осыншама алқапқа созылып жатқан». Мысалға, «Суйе деген Батыс түрік қағанатының қаласында қытайлар болған, бұл жерде Ли Бай ақынымыз дүниеге келген» деген мазмұнда жазылған хатта олар өз дәлелдерін де келтіруге тырысады» деген пікір айтады.

Өзіміздің жоғымызды түгендей алмай жатқанда өзгенікіне таласқан өрескелдктеріміз үшін шындықты айтқысы келіп шырылдаған Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетханұлы да талай фактыны көлденең тартып, 2009 жылдың қазанынан бастап «Қазақстан» газеті секілді басылымдарда Ли Байдың қытай ақыны екеніне көп айғақтар келтірді. Тыңдар құлақ, көрер көз болса ол кісінің көрсеткен деректері де аз емес. Тіпті осындай даңғазаны шығаруға мұрындық болған Мұқтархан Оразбайұлына деген өкпесінің қара қазандай екенін де жасырмады. Біз бұл мақалада оның бәрін қайталап жатқымыз кедмеді.

Түйіндеп айтқанда, сөз басындағы қытайдың орта-бастауыш мектептері мен жоғары оқу орындарына оқытылып жатқан «Шынжаңның жергілікті тарихының» көздеген нысанасы мен Ли Байдың «қазақ жерінде туғандығының» қабысып жатқанын байқап алу қиын емес. Демек, «көршіңді ұры деме, өзіңе өзің сақ бол» деген аталарымыздың сөзін еске алсақ, Ли Байды қазақ қылуымыз «ұтамыз» дейтін «ұлтжандылықтан» көрі ұлттық қауіпсіздігімізге қатерлі ұтылу екенін білгеніміз жөн.

Меніңше, Ли Бай адасқан жоқ, біз адасып жүрміз.

Аллатағаладан: «біліп және бідмей істеген күнәларымызды кешіріп, адасқан жолымызды ақиқатқа қарай бұр көр!» – деп тілейік, ағайын!

Жәди Шәкенұлы