ПІР МҮСІРӘЛІНІ КІМ ОЙЛАЙДЫ?

2360
0
Бөлісу:

d0bcd0b0d0b2d0b7d0bed0bbd0b5d0b92

Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов мырзаның назарына!

Соңғы уақытта Сыр бойында бірсыпыра имани және діни-мәдени шаралар жүзеге асуда. Оны көзі қарықты зиялылар күнделікті БАҚ-тар арқылы мен айтпасам да жақсы біліп отыр. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың үлкен бабасы Бақсайыс бабаның жатқан орыны мен Алпамыс батыр жырындағы Байбөрі бабамыздың «Қорасанға қой айтып жүріп» делінетін, Алпамысты жылап-еңіреп тілеп алған, өз кезінде Орта Азия мен Қазақстанға имандылық шырағын жаққан, Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алып келген ұлы тұлға Қорасан әулие сүйегі жатқан жері абаттандырылды. Баба жайлы Орта Азия мен Қазақстандық ғалымдардың басын қосып, Жаңақорған мен Қызылордада ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл келешек жастарды тәрбиелеуде имани мәні зор құптарлық жұмыс болды.

Маған осы мақаланы жазуға түрткі болып отырған жағдай Әйтеке бидің мүрдесін тауып, оған ескерткіш-белгі орнату жайын қызылордалықтардың алғашқылардың бірі болып қозғауы, қозғап қана қоймай, мәселенің оябына бару үшін Өзбекстанның Науаи облысы Нұр ата ауданындағы сүйегі жатқан әз әулиенің қабірін зерттеуге белгілі ғалымдарды батыл аттандыруы. Осы шаруадан соң Әйтеке биге тарихи-мәдени кесене салу идеясы өмірге келді. Сөйтіп, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сайын Назарбекұлының жобасы сараптаудан өтіп, макеті біліктілер сынына ұсынылды. Макет бойынша кешендегі үш күмбездің әрқайсысы – Әйтеке би, Сейтқұл әулие, Жалаңтөс баһадүр есімімен аталатын болды. Соңынан бұл шара ел есінде қаларлықтай жағдайда іске асты да…

Міне, осы арада қазақ үшін ұмытуға болмайтын, қасиетті бір ұлық есім назардан тыс қалып, есімі аталмай кетті. Ол тұтас қазақтың Ары мен намысы болған, Әйтеке өмірден озғанда:

“…Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туғандарағымды алғанда қойным толады дедің бе! Бетімдегі беделімді алғаның – Алатауымды аласартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенішімді алғаның – исі қазақтың атакүлдігі – Қаратауымды құлатқаның емес пе! Алты Алаштан аты асып һамма Әсияға аты мәшһүр аталымды алғаның қайткенің! Ниеті құлап бет сипаса, талай жанның бағын жандырған баталымды алғаның неткенің! Жұлдызы биік жаралған жан едің ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған біз ендігі жалғанда тірі жетім емеспіз бе! Кімге қалдырдың бізді! Әр сөзіңді Жаратқанның аманатындай көруші еді-ау мына жұртың! Мінезің ірі еді-ау! Қылығың сара еді-ау! Құлығың таза еді-ау! Ойың өткір, сөзің желден жүйрік еді-ау! Кім-кімге де құлбілтесіз айтатын сөзің мірдің оғындай еді-ау! Басып өткен ізіңде пейіш қалушы еді-ау! Өзгелерден асып туған, қазағына, еліне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегім-ай, сен өлді дегенге қайтіп сенейін!?…” (М. Есламғалиұлы,”Әйтеке би”, Тарихи-философиялық диалогия, 364 бет) деп еліне күңірене жоқтау айтатын, айтулы бидің сүйегін арулап жуып, жаназасын шығаратын, Әйтекенің әз досы, қазақтың тұңғыш пірі, аузы дуалы абыз, дін көсемі әз Мүсірәлі сопы Жәдікұлының назардан тыс, атаусыз қалғаны.

Қазақ хандығы кезінде аса маңызды діни ағартушылық және қоғамдық-қайраткерлік қызмет атқарған, ел ертеңін елден бұрын көре білген көріпкел-пірадар, тарихта Тәуке ханның “Жеті жарғысы” атанған алғашқы Ата Заңға мұсылманшылық қағидаларын дала дәстүріне бейімдеп ендірген хазіретіміз, ел тарихындағы алғашқы дінбасымыз, Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз биыл 370 жасқа келеді екен. Солай бола тұра не діни орындар, не заң орындары жұмған ауыздарын ашар түрі жоқ.

1680 жылы Күлтөбедегі жиында Тәуке хан болып сайлаған соң, үш жүздің бас билері сынақтан өткізгенде, ел аузында “Жеті адамға жан берген Мүсірәлі” атағымен аты қалған, осындай ұлық қасиетімен бүкіл қазақтың тұңғыш пірі болып ақ киізге отырғызылған, қазақ елі тарихындағы алғашқы дінбасы – Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы жазып отырған бұл менің екінші мақалам. Алғашқы мақалам “Қазақ елі” газеті бетінде 2000 жылы “Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе…” деген тақырыппен жарияланып, сол жылы осы мақалаға орай “Түркістан”, “Қазақ әдебиеті”,”Ана тілі” және “Егемен Қазақстан” газеттері беттерінде “Жақсының өзі өлсе де аты өлмейді”, “Алғашқы дінбасы”,”Пір тұтып, қол тапсырған талай адам…”,“Сыннан сүрінбей өткен шәкірт”,”Киелі пір иесі”,”Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі”, “Пір болғанды қор қылмайық”, “Жеті өлікке жан бітірген”, ”Мүсірәлі Қосым сыры”,”Бас мешітке Мүсірәлінің есімі берілсе…”, “Орынды ұсыныс орындалса..” атты қызылордалық ел ағаларының бірі С.Далдабаев бастаған бірсыпыра қарттардың қуаттау мақалалары жарық көрген болатын. Тіпті, осы мақалалардың басын біріктіріп Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат, бүгінде марқұм болған, Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың “Пірге құрмет – елге құрмет” деген тақырыптағы алғы сөзімен “Мүсірәлі абыз” деген атпен жеке кітап етіп те шығарды. Республика мұсылмандары діни басқармасы құрамында бүгінгі таңда дінді дін маманы есебінде түсінетін лайықты дін жанашыры болмаған соң, осы күнге дейін қалың бұқара қуаттаған бұл мәселе назардан тыс қалумен келеді.

Баспасөз бетінде жарияланған осынша мақалаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қолдау болмаған соң, мен де бұл сұрақты енді кімге қоярымды білмей, осы күнге дейін дал болып жүрдім. Болмаса, тауып берген осындай тарихи алтын қазынаны одан әрі зерттеп, айтылған ұсынысты өз қажеттеріне пайдалана білсе, діни басқарманың қолын қағып жатқан кім бар?..

Тәуке хан ең алдымен елдің діни сенімін нығайтуда дін қайраткерін, ел танып мойынсынған пір ұстау мәселесін шешкен болатын. Өйткені, пір мәселесін шешу Құран Кәрімде жазылған тәртіп негізінде ел басқару Жарғысын дайындау үшін қажет еді. Жеті жарғының бірінші жарғысы «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» деп жазылуының өзі пір әзіреттің кім екенін ұғындырса керек. Сол кезде, Әйтеке би ұсынған, жеті өлікке жан берген әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі абыз өзінің 40 жасында қазақтың тұңғыш пірі болып тағайындалды. Және Тәуке ханның жеті жарғысының негізгі авторларының бірі болды. Бұл кісі туралы бүкіл идеологиясы атеистік тәрбиеге негізделген кеңес үкіметі кезінде шықса да, “Қазақстан Ұлттық энциклапедиясы” 1 томының 644 бетінде Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы туралы “Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен дінге шын берілген сопылығымен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәукеханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ кигізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады” -деп жазылған.

Энциклопедиядағы бұл дерек өткен ғасырдың отызыншы жылдары жарияланған “Әдебиет майданы” журналынан алынса, абыз қарттың пір болып сайланғандығы туралы деректер ХІХ ғасырдағы көрнекті түркітанушы ғалымдар Ә.Диваев пен В.Радлов еңбектерінде де молынан кездеседі.

Осыларды толықтырар тағы бір дерек, 1752 жылы өмірден өткен Мүсірәлі Сопы әзіздің ұлы Сауранбайдың Құл Қожа Ахмет Яссауии кесенесіне жерленуі. 2006 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығынан жарық көрген «Керейт» жинағындағы «Мүсірәлі пір туралы» (304 бет) мақаласында ол кісінің тікелей ұрпағы Дәуітқожа айтты деген ауызекі деректерге сүйеніп Мүсірәліден Сүгірәлі, одан Ер Уәлі, одан Ұлан, одан Жолан, одан Бердісүгір, одан Дәуітті таратыпты. Бұл Мүсірәлі бабамыздың қалмақ тоқалынан туған Қосым баласынан тараған Дәуітқожаға дейінгі ұрпақ шежіресі болуы мүмкін. Мүсірәлінің өз кезінде екі-үш әйел алғандығы туралы дерек бар. Кітапта бәйбішесінен туылған төрт баласынан тараған ұрпақтарының шежіресі көрсетілмепті…

Міне, мен мәселе етіп көтерген осы деректер, Алматыдағы Бас мешітке немесе қазақ еліне астана болған үш қаланың бірінде орналасқан ең үлкен мешіттердің біріне, алғашқы піріміз Мүсірәлінің атын беруге аздық жасап тұр ма?! Бұл аз болса онда, ел де еркін тани түссін, тағы да қосалық. 1992 жылы жарық көрген “Үш пайғамбар” атты кітаптың жазушы Әбіш Кекілбаев жазған бөлімінде немесе ғалым Төрегелді Бекниязовтың 1998 жылы шыққан “Парасат пен парыз” атты еңбегінде, Сыр ақыны Шоңбайдың “Шежіре” атты дастанында, белгілі жазушы М.Есламғалиұлының “Әйтеке би”, қарақалпақтық бауырымыз Ж.Мұратбаевтың “Тәуке ханның бас әзіреті” атты зерттеу мақалаларындағы бұдан да тереңірек жазылған, нақтылы деректерді тағы қосалық. Бәлкім, сөзіміз нақтылы болу үшін аталынған еңбектерден үзінді келтіргеніміз жөн болар.

…Керейттен қожа шықты Қосым атты,

Кісі екен әруғы мол, кәрі қатты.

Қарадан қалай қожа шығады деп

Есіткен елдің бәрі таңырқапты.

Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі,

Көрсеткен көп ішінде кәраматты

Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде

Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты.

Кіші жүз Әйтеке би қасына алып,

Пір болып Қаракесектен дәмін татты.

Керейттен шыққан пірдің күманы жоқ

Нандырған нәмі қазақ уалиятты – Бұл – Шоңбайдың “Шежіресінен” үзінді.

“….Бұл кез келгеннің емес, айырықша қасиетке ие болып жаралған әруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды..Хан ауысса да пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет саяси үстемдік пен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл әсіресе шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы “киелі үйге” жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес.”- дей келіп; “Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да түптеп келгенде сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, әруақ туралы ғылым – агиалогия “таңғажайып сайыс”- деп атайды. Бұл – тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс”.

Бұл – бүгінгі қоғамымыздағы абы­зымыз, жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың пікірі.

“…Тәукенің иманын үйіріп, оң жаққа жатқызған, жаназа намазын оқып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне жерлеген Мүсірәлі қожа да 79 жаста еді. Тәукенің жетісін берген күннен бастап үлкен ханның тағына таласқан төре сұлтандар Хан кеңесін, Дін әзіретін таратып, жеке билік орнатуға кіріседі. Текетіреске түскен төрелердің енді ешкімнің кеңесін тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсірәлі қожа бір күн өмірім болса да Баба түкті Шашты Әзиз әулиенің басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның қырғынынан құтқаруын тілеп, дұға оқиын, таң да машқар күні күнәмді жеңілдетуін сұрайын деген ойдың жетегінде Созақ жеріндегі Жылыбұлақтың басында Баба Түкті Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы біржола көшіп барады. Қожа Ахмет әулиенің жолымен тәуілігіне бір жұтым су мен бір тістем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтіндігін тілеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсірәлі қожа 1721 жылы күзде 82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгі дүниеге жол тартады. Халық, айтып кеткен өсиеті бойынша оның денесін Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің оң жағына, сәл төменірек жерлейді. Ислам дінінің тәртібі бойынша басына саз балшықтан төрт құлақ белгі салады…” Бұл – зерттеуші Мұратбаевтың пікірі.

Осы үзінді пікірлермен-ақ Мүсірәлінің қазақ үшін қаншалықты ұлы тұлға болғандығын ұғынуға болады. Осы жерде тағы да мынадай өз тұжырым-пікірімді қосқым келіп отыр…

Соңғы жылдары Қазақстанда мешіттер саны күн санап артып отыр. Бірақ осы қасиетті шаңырақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан нақтылы басшылық болмауы салдарынан, дінге он қайнаса сорпасы қосылмайтын жандардың есімдері беріліп жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. «Әй детін әже, қой дейтін қожа» табылмай келеді. Бұл- әрине мұсылманшылыққа келіспейтін ұят тірлік.

Құран Кәрімнің “Тәубе“ сүресінің 18 аятында “Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі”- деп ескертілсе, 17 аятында “Кәпір қалінде тұрып, Алланың мешіттерін жасауларына болмайды. Олардың ғамалдары жойылған. Олар тозақта мүлде қалады”- деп анық тұжырым берген.

Сондықтан мешіт салып оған ат қойғанда, “ауылға – атасының, көшеге – көкесінің” атын қойып жүрген қазіргі шолақ ойлы белсенділер бұйдасы жетегінде кетпей, Исламның осы талабы үнемі есте сақталса, имандылық жұмысын жүргізуде көпке үлгі өнеге болар еді.

Осы ұсынысыма байланысты кейбір азаматтардың “ Пір Мүсірәлінің есімі Алматы мен Астанадағы салынып жатқан, күмбезі көк тіреп тұрған көп мешіттердің біріне берілмей ме? деген пікірлерін де естідім. Менің айтпағым, мен де бұған дейін өз егемендігімізді алған соң Алматыда салынып, бүгінде ел аузында Бас мешіт аталып кеткен үлкен мешітке қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәлінің ғана есімі лайықты деп келгенмін. Соңғы кезде Қызылордада да бұдан да үлкен мешіттің салынғанын естідім. Қазір Ресейдің қол астында қалып қойған Орынбордан соң қазақтың алғашқы астанасы ретінде аталып отырған Қызылордадағы сол мешітке неге Мүсірәлінің аты берілмеске деген ой келіп осы мақаланы қайта жазып отырмын.

Егер Қызылордадағы жаңа мешітке Мүсірәлінің есімін беру мәселесі шешіліп жатса, оның ашылу салтанатында арнайы республикалық танымдық конференция өткізу, ғылыми зерттеу ұйымдастыру, шама келіп жатса 2008 жылы қайта салынып біткен Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің күмбезі қасына қойылған, бүгінде жойылып кеткен хазіреттің мүрдесін қайта көтеріп, қалпына келтіру мәселесін де ұмытпағанымыз абзал. Әруақ ризалық танытса, тірінің тіршілігі алға басатынын көзіміз көріп жүр ғой…

Егер осы игі ұсыныс облыс әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатса, мұсылмандықтан басқа дінге өткен, қаракөз мұсылмандарымызға да елеулі сабақ, үлкен діни насихат болар еді. Қашанда қасиетті бабалар әруғының қолдауында болайық…

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

“Қазақстан қажылары” діни бірлестігінің төрағасы

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

төрт × 3 =