СПОРТ ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІК немесе БЕКЗАТ БАСТАҒАН БЕЛЕСКЕ ОН ЖЫЛ

727
1
Бөлісу:

d0b1d0b5d0bad0b7d0b0d182-d181d0b0d182d182d0b0d180d185d0b0d0bdd0bed0b2

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады.

Абай

Осыдан тура он жыл бұрын, яғни 2000 жылдың қазан айында қазақтың мерейі әлем алдында үстем болып Бекзат, Болат, Ермахан, Мұхтархан бастаған қазақ батырлары Сидней олимпиадасының финалында атой салған еді. Уақыт өткен сайын, әсіресе елдің намысын қорғайтын олимпиада өткен сайын батырларымыздың қадірі қатты білініп жатыр. Бокстан 4 бірдей қазақ ұланы финалға шыққан Сидней олимпиадасы қазақ спортының жарқын белесі екен ғой. Себебі осы күнге дейін Сиднейдегі жетістігімізге қайта қол жеткізе алмай отырмыз

Елдің намысы қол­дан кетіп, көзіміз­бен жерді шұқи-шұқи шар­шадық. Намыс қалай қол­дан кетпейді, егер өз батырларымызды өзіміз жер жастандырып жатсақ. Несін жасырамыз, енді болған жағдайдың бағасын берер уақыт келді. Еліміздің намысына айналған Ермаханды Сидней олимпиадасынан кейін соққыға жықтық; Бекзатты қорғай алмадық, жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қысқасы, неге екені түсініксіз Сиднейдегі жетістіктерден кейін спортшыларға қастандық жасау жаппай сипат алды. Күрзі жұдырықты ағамыз, боксшыларымыздың бапкері Әбдісалан Нұрмахановты, кикбокстан екі дүркін әлем чемпионы Құдіретжан Қасымовты, самбодан әлем чемпиондары Асқар Шайхиев пен Қызмет Балтабекті, бокстан Азияның 3 дүркін чемпионы Ермек Серіковты, бокстан Азия чемпионы Бектас Әубәкіровті, халықаралық жекпе-жек өнерінің чемпионы Ержан Оспановты, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Мұхтар Рузбаевты, осы аталғандардың бәрін оққа байладық. Міне, қазақ спортшыларының қылмыскерлер қолынан қаза табу оқиғасының өзі бас-аяғы отызға жетіп жығылады екен. Қысқасы, батырларымызға осындай «құрмет» көрсетіп жатқаннан кейін спортымыз қалай дамиды, намысымыз қалай қолдан кетпейді? Бұның бәрі бізге сабақ болса деймін.

Осындай күрсініспен жүргенде Сиднейдегі жетістігімізге де он жыл зулап өтіп кетіпті. Бекзат батырымыз аман болғанда, биыл отызға толар еді. Сиднейде бірінші болып алтынға жол салған, қазақ спортының сенсациясына айналған Бекзат туралы қолға қалам алғанда күрсінбей жазу қиынның қиыны. Алдымыздан неге бұлай болды, неге, неге деген сансыз сұрақ бірінен кейін бірі келе береді. Қазақ халқының асыл ұлдары жатқан қасиетті Түркістан топырағының ғажайып бір жаратқан тағдыр иесі – Бекзаттың ерлігі барша азаматқа үлгі боларлықтай-ақ. Қалай болғанда да бодандықтың бойға жайылған уын бір сәт болса да қайтарған Бекзат қазақ халқының рухын найзағайдай жарқылдатып кетті. Сондықтан тәуелсіздік алғанда да мұндай дәрежеде қуанбаған халықтың шексіз қуанышының себебі осы рухани сілкіністе деп ойлаймын.

Б

әрінен бұрын мына мәселені де ескерген абзал. Көк туды әлем алдында көтеруді армандамайтын қазақ жоқ шығар. Тәуелсіздікке дейінгі олимпиада чемпиондарымыз КСРО-ның туын көтерсе, тәуелсіздіктен кейін ғасырлар бойғы күрестің нәтижесінде келген көк туымызды бірінші болып көтерген қазақ – Бекзат. Туды бірінші болып көтерген чемпион ретінде тарихта қалды. Бокстың халықаралық ұйымын (AIBA) он жылға жуық басқарған Бекет Махмұдов «Алатаудан олимп¬ке дейін» деген кітап туралы білдірген пікірінде «алғысөз орнына ұсынылған мақала бірден Бекзат туралы жазылды, себебі ұлт боксының тарихы Саттархановтан басталды» деп бағасын берді.

Ешкім күтпеген жерден Олимпиада шыңын бағындыруы – қасиетті то­пырақтан нәр алып өскен Бекзат тәнін рухының күш­тілігіне бағындыра білген батыр. Әлемдік аренада ысылып үлгермей тұрып чемпион болатынын алдын-ала нық сеніммен айтып, оның себебін Жаратқаннан аян келгендігімен түсіндірген екен. Әрине, мұнысына ешкім сенбеген. Тіпті медалға ілігеді деген болжам да болмаған. Ал, қаза боларының алдында жолға жүрерде Ахмет Яссауи кесенесінде ата-баба әруағына құран бағыштап сыртқа шыға берген Бекзаттың киімін есіктің ішкі тұтқасы іліп жібермей қалыпты. Бәлкім бұл оқиғалар кездейсоқ болар, не болғанда да Бекзат Аллаһтың ерекше жаратқан құлы екендігінде дау жоқ деп ойлаймын. Қазақтың ұлт ретiнде бар екенiн әлемге таныту үшiн Жаратқан алтын ұл сыйлады да, қайта алып кеттi. Мұндайда не дейміз, «Аллаға да жақсы адамдар керек қой» деп өз-өзімізді жұбатамыз

Біз өз қадірімізді өзіміз кеш білетін, кеш түсінетін, біреудің қаңсығын таңсық көретін халық екендігіміз рас. Десек те қазіргі күні жастардың санасында «батыр» болып қалыптасқан шетелдіктерден Бекзаттың тұлғасы биік тұрмаса бір мысқал да кем емес. Біздің санамызда не жағдай болмасын шетелден әкелу сәнге айналған. Батыр деп еліктеп, пір тұтатын идеалды да шетелдіктерден іздейміз. Қазір Қазақстанға Юсуп Мироғлы келсінші, адам көрмегендей жастарымыз жапа тармағай «қырылып» қалады. Неге? Ол Қазақстан үшін немесе жалпы адамзат үшін не істеп қойды деген сұраққа кім жауап бере алады? Ал біз өз батырымызды шетелдіктерге көрсеткен құрметтей немесе өз деңгейінде неге дәріптей, бағалай алмай келеміз? Бұл арада бір нәрсе ғана белгілі. Билікке Бекзат керек болмағанымен халық оны мәңгі жадында сақтайды. Бекзат о дүниелік болғанмен, оның рухы, оның жастық жалыны, оны еске алған сайын барлығымызға жігер беріп тұратыны анық. Сондықтан да Бекзат туралы жақсы көркем, деректі фильмдер, балаларға, ересектерге арналған отансүйгіштік бағыттағы туындылар, қысқасы ұлттық рухтан нәр беріп тұратын туындылар заманымыздың сұранысы болып тұр. Кезінде ауылдағы қатал тағдырдың қиындықтарына мойымаған Бекзат, тынымсыз тер төксең әлемді аузыңа қаратуға болатындын дәлелдеуімен жастар арасына үлкен толқу алып келді. Әсіресе ауылдағы жастар «ауылдағы бала да еңбектенсе әлемді мойындатуға болады екен-ау, біздің де қолымыздан келеді екен ғой» десіп жүрді. Соның әсерінен сол уақытта спорт мектептеріне шектен тыс, белгіленген мөлшерден 2-3 есе көп бала қабылданып жатты. Осыларды ескере отырып, Бекзат тұлғасын дәріптеу – жастар арасында отансүйгіштікті, ұлттық сүйіспеншілікті, ұлттық сананы оятудың ең ұтымды жолы екенін естен шығармаған абзал.

К

ез-келген дамыған елде болашағын баянды ету үшін өз жастарын соңына ертетін, ұлт­тық тәрбиеге қарай бастайтын көшбасшылары болған. Ал бізде болашағымыз жастарымызға мемлекет тарапынан жүйелі түрде мемлекеттілік тәрбие беріліп жатқан жоқ. Егер де жастарымыздың санасы уланып немесе санасы бөтен елге тәуелді болатын болса, болашағымыздың бұлыңғыр тартуы деп түсінген дұрыс. Қазіргі таңдағы жастардың өмір сүру, дүниені тану, жүріс-тұрысы бөтен елге жаппай еліктеуі жақсылық емес. Бұл әрине шетелдік миссионерлердің ешқандай кедергісіз еркін үгіт-насихат жүргізуінің жемісі. Жалпы адам баласында кез-келген ауруға қарсы иммунитет болатыны сияқты бізде де шетелдік психологиялық соғысқа қарсы күресе алатын иммунитетіміз – ұлттық идеологиямыз қажет. Жер шарындағы әлсіз халықтарды жұтып жіберіп жатқан жаһандану заманы басталған тұста, оған төтеп беретіндей құлдық санадан бас көтере алмай жүрген аға ұрпақтың жайы белгілі, сондықтан тек үміт кейінгі ұрпақ жастарда. Ал, сол соңғы үмітіміз – жастарда ұлтты сақтап қалатындай ұлтсүйгіштік сана қалыптаспай жатыр. Қалыптасу үшін бөтен елдің идеологиясын насихаттап жатқан шетелдік тұлғадан гөрі, елді қалай сүюде үлгі бола білген, ұлтының рухани мәдениетіне терең тамыр жіберген, тұлғасынан ұлттық рухтың иісі аңқып тұрған және жастарға отансүйгіштік жолында көшбасшылыққа сұранып тұрған тұлға Бекзатты жастарға насихаттау керек. Осы арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде басты құрал болып табылатын – жастар қаһарманының бейнесін сомдауға болады. Бұл дегеніміз еліміздің жанды бөлігі саналатын – жастар­дың санасында отансүйгіштік сезімді жандандыра отырып, қоғамымыздағы көптеген келеңсіздіктердің алдын алып, саяси тұрақтылыққа бастайтын бірден-бір жол. Сондықтан қазіргі таңда тәрбие көзінің бастысы теледидар болғандықтан, қазақ халқының айбыны Бекзат туралы теледидар туындыларын шығару арқылы жастар санасына сіңіру ауадай қажет болып тұр.

Фазылбек

Әбсаттарұлы

Астана

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. шымыр 15 Наурыз, 2016 14:40 Жауап

    дурыс айтасыз каптап кеткен сапасыз аншилерден жалыктык оданда Бекзаттай батырларымызды теле арнадан канша корсетсе де коруден жалыкпаймыз жас балаларга улги болар еди гой

Пікір немесе жауап жазу

он екі − төрт =