Тағдыр талқысындағы «ГҮЛБИКЕ»

1553
2
Бөлісу:

d0b3d183d0bbd0b1d0b8d0bad0b5doc-d184d0bed182d0be
d0b3d183d0bbd0b1d0b8d0bad0b5doc2
РЕДАКЦИЯДАН: Қыркүйектің соңғы жартысында өткен Еуразия кинофестиваліна Қытайдағы қандастарымыз «Гүлбике» атты фильм әкеліп қатыстырыпты дегенді естігенде елеңдей қуанып едік. Ал, соңғы мәреде оның аты аталмағанда көңіліміз құлазып қалды. Сөйтсек, фильмді «Қазақфильм» бәйгеге қатыстыруға тырысқанмен, келген елі Қытай болғандықтан қазақ киносы «Гүлбике» түркі ұлттары қатарынан сызылып, шөміштен қағылған екен. Шақырып алып құр қол қайтаруға ұялған «Қазақфильмдегі» азаматтар жеңіл марапаттармен жолға салған көрінеді.

«Гүлбикені» үлкен үмітпен көтеріп келген Тянь-Шань киностудиясының директоры Жаң Игаң мырза бұл фильмге Қазақстан тарапынан сұраныс болмағанымен Жапония, Корея елдерінің ыстық ықыласпен сұратып отырғанын айтып біразымызды ұялтты. Осы фильмге бір кісідей ат салысқан белгілі режиссер Мақсат Кәдірханұлы бұдан біраз бұрын «Көрікті мекен» деген фильм түсіріп, елбасы Н.Ә.Назарбаевқа бейресми кездесудің сәтімен жолы болып, оның бағы ашылғандығын айтты. Әрі әлі де болса «Гүлбикеден» үмітті екендігін жасырмады.

Қытайдың қазағы түгілі, қытай ұлтының өкілі көтеріп келген фильмге қазақ елі ие бола алмай, олардың қанжығасының бос қайтып бара жатқанын көргенде көңіліміз тағы бір жасыды.

Десе де, «үмітсіз – шайтан ісі» деп, «Гүлбикенің» бағы ашылса екен деген тілекпен төмендегі мақаланы жариялап отырмыз.

Ш

етсіз де шексіз көгілдір аспан­ның көкжиегіне көз жеткізу мүмкін еместігі сияқты, қазақ халқының теңіздей толқыған көңілінің арғы кернеуіне көз емес, ой жеткізудің өзі мүмкін емес. Себебі, қазақ халқы осынау тұнып тұрған ұлан-асыр табиғаттың шалқыған шалқар төсінде еркін қалықтаған күміс қанат қырандай, дарқан даланың кеңдігінен ой алып, тамылжыған табиғаттың әсем келбетінен әсерлі сезім қабылдап, өз өмірінің тіршілік-тірлігі мен табиғаттың сан құбылмалы құдіретін өз керегіне асырып, кең әлемдей кең пейіл, тарпаң табиғаттай қатал мінезді болып, өзі жасаған көркем даладай дарқандақ байқатып, жадыраңқы жайсаң көңілмен, жазы жайнаған, көктемі гүлдеген, күзі ырысты, қысы тынысты тың тірлікпен тыныстас болған. Бар тірлігі табиғат дүниесімен қабысқан да табысқан. Табиғат – қазақ, қазақ – табиғат сынды болып кеткен.

Міне, осынау өрелі ой, өр мінезді қазақ өмірінің тіршілік тұрмысын өз қалпында өрнектеп, кең пейіл, кетпес ырыс қонған берекелі қауымдастығын тіліне тиек етіп, атадан балаға жалғасқан ата-дәстүрін айна, ұлағатты ұрпақтың бабаға болған ізетті ізбасарлық жолын үзілмес үлгі еткен көркем фильм «Гүлбике» Тянь- шань киностудиясы жағынан жақында жарық көрді. Фильмді көрген жерден тәнті болыстық.

Осыдан талай жылдың алдында, Тянь-шань кино студиясы «Көрікті мекен» атты бір көркем фильм жасап жалпы жұртты таң – тамаша еткен еді. Ал мына жасаған «Гүлбике» ол фильмнің көркемдігін онан ары құлпырта түскен, әсемдігіне әр жақтан ауыз толтырып айтарлықтай кино фильмі болыпты. Міне, осы көркем фильмді жобалаудан тартып жаздыруға, нақтап алудан тартып, құрастырып жасауға дейін, өз ұлтының салт-дәстүріне, тіршілік тынысына, жасаған ортасының келісті келбетіне әбден қанық, еліміз қазағындағы кино өнерінің бірегей біліктісі, осы өнерді жанындай сүйіп, ата-мұрасындай асылы санаған, аяулы азамат, Тянь-шань киностудиясы бастығының орынбасары, мемлекеттің 1- ші дәрежелі дыбыс режиссеры Мақсат Қадырқанұлының жар құлағы жастыққа тимей, жанталаса күнді-түнге жалғап еткен ершімді еңбегінен бөле қарауға болмайды.

Ал енді фильмнің жалпы барысына бір көз салып өтелік.

«Гүлбике» фильмінің жалпы тұлғасынан қарағанда, фильм пердесі жарқ етіп ашыла салған жерден, домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгіліп, аспан аясын асқақтаған ән торлап, қазақ халқының атадан балаға жалғасқан ауыл өмірі, қатар-қатар тігілген киіз үйлер, ондағы шаруалардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, сиыры мөңіреп, қойы маңырап дегендейін өз табиғатын тағы бір түрлі бейнеде әнге бөлеп әлдилеп жатқандай сезімге толы сыр шертеді. Сонымен қоса адырлы алқап, алқа-қотан қоныстанған шаруалар жайы, қазақ салты бойынша тойға жүрген топ-топ ел, ата-мұра қара домбырасын ала сала ақындар айтысына бару үшін жанталаса жүгірген мұрнынан боғы аққан қара бала, арлы-берлі сабылысқан қалың жұрт, тойдың айтып тауысқысыз мәресі мен сәресі, қызу өрлеуге көтерілген ақындардың жекпе-жек тартысы, дәл осы шақта қуанышқа қуаныш қосылғандай дүниеге келген жас нәресте «Гүлбикенің» өмір есігін ашуы; оны атасы мен апасының шаранасын шала шайқай сала бауырына салып алуы, әлпештеп баққан Гүлбикеден бес жасқа дейін тіл шықпауы; тіршілік күйбеңімен жүргенде орта жолда Гүлбикенің атасының тосаттан дүние салуы, Гүлбике атасы берген домбыраны көтеріп, арлы-берлі атасын іздеуі, атасының сүйегін қалың қарда қалың елдің аттандырғаннан ұққан Гүлбикенің артынан жылай жүгіруі, баланың жүрегінен зар төгіп еңіреуі, сол сәтте ғайыптан Гүлбикенің тілінің шығуы, атасы домбырамен үйреткен «Көк өзен» әнін нашына келтіріп айтуы бір керемет қиысқан өмір белесі десек, ал Гүлбикенің ержете келе атасының берген домбырасын мол мұрасындай қолынан тастамай, ата тілегін ақтап, ата сөзін жүрегінде жаттап айтулы ақын болуы, оған ақын жігіт Қадырқанның сөйлесуі, Гүлбикенің ауылдағы жастар мен ойын – күлкі кешірмелері , алғашқы махаббаттасу жолдары, ата-ана алдындағы әдеп-ибасы, ақылды қыздың ақынмен бірге албыртып қалаға кетпей, қарт шешесінің қамы үшін ауылдағы оташы жігіт Сұлтанмен бас құрауы; Сұлтанның күшік күйеу болуы, екі жастың махаббатқа малынған күндері, аяқ астынан жан жары Сұлтанның қаза табуы, ғұллы тірліктен күдер үзген Гүлбикенің домбыра ішегін шорт үзіп, өз тағдырын да ақырластырмақшы болғаны; сонымен іште қалған жас нәрестенің жебеуімен тың тірлікке қайта бет бұруы, ақыры домбыраның үзілген ішегі жалғанып, айтыс әуені қайтадан әуелгісіндей асқақтап, Гүлбикенің үлкен ақындар айтысында өрелі өнердің биік шыңынан бой көрсетіп, салтанатты сахнадан сыйлық алуы; атадан бала, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақ даласындағы ауыз адамдарының сахара мәдениетін одан әрі мәйектендіріп, қазақ ұлтының анау арыдан келе жатқан түпкі мәдениетінің түбірін үзбей, тыңнан жаңалап, ескісін әрлендіріп, жаңасын жайнатқан, ұлы бір барыстың бейнесін «Гүлбике» фильмі толық баяндап бере алған.

«Гүлбике» фильмі ең әуелі қазақтың қандай тұрмыс кешіретінін, оның салт-сана, әдет-ғұрыптарының қандай негізге құрылғандығын, сонымен қоса жасап жатқан кең даласының суреттеуге тіл жетпес келісті келбетін кино тілімен күллі әлемге әр қырынан айшықтап көрсете білген.

«Гүлбике» фильмінде қазақтың тұрмыс-тіршілігі тұтас тұлғасынан толық бейнеленген. Анықтап айтар болсақ, ауыл өмірі, күнделікті тұрмыс , сиыр сауу, от жағу, отын бұтау, сүт пісіру, шай қайнату, сөреге құрт-ірімшік кептіру, сүзбе сүзу, су тасып, қой бағу, төрге бауырсақ толы дастарқан салып, ас әзірлеу, тағысын тағылар. Осынау өмір кешулері қысы-жазы, көктем-күзі сынды төрт маусыммен бірге байласып, біте қайнасқан. Соған сәйкес сахарадағы той-томалақ, дыр-думан, ақындар айтысы, түрлі ат үсті ойындары сынды қанына біткен қазақ өмірінің тынысы, өрісіне ерекше әр бергендей қабысқан.

«Г

үлбике» фильміндегі тағы бір басты ерекшелік, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесі жайлы ұғымы мен тәрбиелеу барысы тереңінен суреттелген. Сонымен қоса, атадан балаға мұра болып қалатын атаның артына қалдырған өсиетінің қаншалықты құнды да қымбатты екенін, оның ұрпақтар үшін ұлы жол етіп ұстаудың маңыздылығын нақты өмірдің шымыр шындығымен бейнеленген. Ұрпағына: домбыра – қазақ, қазақ – домбыра екенін ұғындырумен бірге, ақындар айтысының жай ғана сөз сайысы емес, оның үлкен өнер сайысы, басқа халықта кем ұшырайтын үлкен өнер, қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз жалғасып келе жатқан сан түрлі мәдениетінің маңдай алды орнында тұратын, білікті мәдениеті және асқан өнері екенін ұғындыра алған.

«Гүлбике» фильмінің тағы бір байқатқан биігі, қазақ қыздарының өнерге ынталы, білімге құштар екендігі. өмір кешірмелерін өз ағзасына біткенін әрдайым сезіп, арзан мен қымбаттың, биік пен аласаның ара жігін ажырата алатындығы, санасына сарай мәдениетін ұялатқан кірпіш милы кісілердей, төрт қабырғаны ғана түгендеп отырмай, өзі өскен өлкедей кең де дарқан даласындай өзінің ақыл әлеміне салып, өзін халқының миуалы мәдениетіне малып, тіршілік-тынысын тыңнан тапқан ауыл жастарының өлшемді бейнесін тағы бір қырынан байқата алған.

«Гүлбике» фильміндегі актерлердің орындау шеберлігі мен режиссердің ритмдендіру өнері фильмнің әрлі шығуына айрықша күш қосқан.

«Гүлбике» фильмі төрт маусымнан төрт түрлі құбылыстың көркемдік қиылысын ерекше тоғыстыра білген. Жадыраған жаз, көңілді көктем, қақаған қыс кейіпкер табиғатымен сәйкестіріп, өз бояуын тапқан.

«Гүлбике» фильміндегі қазақтың сахаралық өмірдегі ақ төбедей киіз үйлерінің самаладай самсыған әбзелдері, көркі көз тартатын үй жиһаздары, оған нұр үстіне нұр құйғандай әсем де әдемі қазақи киім киген жастардың көркіне көрік қосып отырған.

«Гүлбике» фильміндегі қазақтың әні мен музыкасы фильмінің тұлғасына тамаша сіңген, оқиғасына үйлескен. Ұлттық үлгідегі бояуы да қанық берілген. Қазақ салт-дәстүріне тән барлық ырымдар мен тыйымдар тұтасымен жол-жоралғысы бойынша жүйелі орналастырылған.

Қорытып айтқанда, «Гүлбике» фильмі өзі көздеген мақсатына жеткен. Қазақ халқының сахара мәдениетін түрлендіріп, ескі-жаңа мәдениетін де қию шығармай жымдастыра алған. Көркем кинофильмнің өлшемі бойынша әрі қарапайым халық тілімен айтқанда бұл фильм ұлттық мәдениетті қаз-қалпында көрсетуде уызға жарыған кинофильм десе артық етпес деймін.

Ұлан-қайыр кең далада жасап жатқан қазақ халқының мәдениет жағында алдына жан салмас, өркениетті де әдепті, берекелі де мерекелі ұлт екенін айқын танытқан.

Жалпы жақтан бір ұлттың тұтас тіршілік тынысын бейнелеуде үлкен табысқа жеткен фильм деуге әбден болады.

Әкімбай Жапарұлы, жазушы,

КХР Шыңжан жастар-өрендер баспасының директоры

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

Пікір немесе жауап жазу

19 − 8 =