ӨНЕРТАНУДАҒЫ ӨЗГЕШЕ ТҰЛҒА ЕДІ…

1120
0
Бөлісу:

d184d0bed182d0be591

Құдайберген Болатбаев дегенде менің есіме Алматыға суретші боламын деп оқуға түскен бозбаланың бір өлеңін тыңдаған соң, қолынан жетектеп апарып ақындар әлеміне қосып жіберген қою мұртты көркем жігіт елестейді…

Иә, 1979 жылы ҚазПИ-дің көркем-сурет-графика факуль­тетіне оқуға түскен мен де институт студенттерінің, өнерлілерінің сол кездегі 3 курс студенті Құ­дайберген Болатбаевтың ал­дынан өтетін әдетімен онымен таныстым. Институттағы сурет­шілердің ішіндегі әнші-күйші, ақын, сазгерлердің, ал олар көркемсурет факультетінде көп болатын, бәрінің басын қосып, ұйымдастырып жүретін осы ақынжанды азамат Құдайберген Болатбаев еді.

Әлі есімде 1979 жылы оқуға түскен бірінші курста қыста бізді Құдайберген Болатбаев жинап, ҚазПТИ-ге (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техни­калық университет) алып барды.

Ол жерде «Бәйшешек» деген өнер бірлестігі бар болып шықты. Оны сол кездегі студент, бүгінде Алаштың арқалы ақыны Қасымхан Бегманов басқарады екен. Бұл өзі бір институттың деңгейінен асып, бүкіл Алматы студенттері бас қосатын өнер бірлестігі еді. Сол алғашқы отырыста-ақ, мен бүгінде атағы мәлім Есенғали Раушанов, Шәкизада Әбдікәрімов, Қасымхан Бегманов, Мәди Қайыңбаевтардың жырын тыңдадым. Өзім секілді бірлестікке енді бас сұққан балаң ақын-жазушылар Есжан Айнабеков, Қайрат Әлімбеков, қос Бауыржан, Светқали, Нұрлан Мәукенұлы, Жәния Ералиевалармен т.б. таныстым.

Осы жерде мен алғаш ақындар ортасында «Ақ қайыңды құшақтаған ару қыз» атты өлеңімді оқып, поэзия әлеміне алғашқы қадам жасадым десем де болады.

Кейін Құдайберген Болатбаевпен түрлі басқосуларда кездесіп, пікірлесіп жүрдік. Асықпай баппен сөйлейтін, жағымды даусы жаныңды жаулап алатын жайсаң жан еді. Жер жәннаты Жетісудан, Талдықорғанның іргесінен кел­ген тартымды жан Құдекеңнің қасында үнемі сол кездегі біздің ҚазПИ-дің тарих факультетінің студенті, қазір Алматыдағы Орталық музей директорының орынбасары Бақберген жүретін.

Кейін Бақберген екеуміз бір әулеттен қыз алып, бажа болып араласқаннан кейін де, оның үйінде анда-санда Құдекеңмен кездесіп қалатынбыз.

Құдайберген Болатбаев қа­зақ бейнелеу өнері тарихындағы жарқын есімдердің бірі. Оның «Бейнелеу өнері», «Өнер» атты оқулықтары, т.б. кітаптары талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Суретшілер одағының мүшесі, педагогика ғылымының кандидаты ол сонымен бірге қаламды да қатар алып жүрді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды.

Тосыннан келген суық хабарды Бақбергеннен естіп, қатты күйзелдім. Ақырын жүріп, анық басатын, өзінің тұңғыш ұлының үйлену тойын да қоңыр күзге қалдырып… ақыры үлгере алмай кеткен арманшыл да абзал жанның жатқан жері жайлы болып, пейіште нұры шалқығай…

Артында қалған балаларына ұзақ өмір берсін.

Қазыбек ИСА

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он сегіз − 6 =