“Мен осы институтқа мұғалім болып келемін!” деп өзіме өзім серт бердім!

Қайрат ИСЛАМҚҰЛОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, профессор:

-Қайрат аға, бұрын қазақ «елу – ердің жасы» дейді екен. Бүгінгі заманда «жетпістегі жігіт» десек жарасатын, өзіңіз секілді күш-қайраты бойында тұрған, әлі де еліне берері көп ағаларымыз аз емес. Сізбен сұхбатымызды өмірдің бастауынан қозғасақ.

-Мен Алматыда журналист, «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Мұхаметқұл Исламқұловтың отбасында дүниеге келіппін. 1941 жылы жазда әкем майданға аттанады. 1942 жылдың ақпанында ерлікпен қаза табады. 1943 жылы мен үш жасқа, ағам Ойрат алты жасқа келгенде анам қайтыс болады. Алматыдағы әкемнің қарындасы Айша апамыз бізді Ташкентке, атамның қолына апарып береді. Атамыз негізі «болыс болғандығымнан балама зияным тиіп кетпесін» деген болуы керек, кейінгі әйелін алып Ташкентке көшіп кеткен екен. Ал, әжеміз баласының, Мұхаметқұлдың қолында болады. Ол қайтыс болғаннан кейін Қазығұрттағы үлкен қызы Ажардың қолына көшіп келеді.

Бірінші лирикалық шегініс: АТА – БАТЫР

Қайрекеңнің үлкен атасы, Арыс пен Байырқұмның ортасында, Сырдың бойындағы Сарыкөл болысы Төрегелдіден болыстықты өзінің немере ағайыны Жүнісбек деген бай ақшасаның көптігін пайдаланып баласы Омарбекке алып береді. Төрегелді Машат болысына барып бір мерзімге, үш жылға болыс болып сайланады. Одан кейін Ташкентке барып тұрады. Ташкентте кіші-гірім билікте қызметте болады. Кейін ағайындары Төрегелдіге барады. Баяғы істері үшін кешірім сұрайды, елге келіп болыс болуын өтінеді.

Осы кезде Санкт-Петербургтен оқуын бітіріп келген Исламқұлдың уезд бастығының қолында писарь болып қызметке тұрған уақыты екен, Төрегелді өзінің орнына Исламқұлды болыс қояды. Содан ол кісі 1926 жылға дейін, қатарынан 7 мерзім болыс болып істейді. Әкесі секілді оған да мыңғырған мал бітпегенімен ел ішінде «әділ болыс» атанады. Атақты шығыстанушы академик Бартольдтың «Ташкентские друзья и ученики» деген, 1927 жылы Ташкенттегі Қазақ мемлекеттік баспасынан бар-жоғы 750 данамен басылып шыққан кітабы табылды.

Кітапта 35 статья бар екен. Авторлары Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, т.б. атақты кісілер. Соның ішінде проф. Э.А.Шмидтің «Вопросы по родственному составу юго-западной части Чимкентского уезда» атты мақаласы бар. Бұл мақаланың ішінде «по вопросу об исторической топографии старого Сайрама давал сведения Иманбердиев Торегельды» деп жазылған.

Ал, проф. Шмидт өз заманында Ташкенттегі ең беделді екі адам болса соның біреуі болған тәрізді. Одан бөлек Ташкентте тұратын Шырынбек Нарымбетов деген профессор ағамыз Төрегелді ата жайлы «Шымкент уезіндегі 9 ауыл кіретін Машат болысында Иманбердиев Торегельды 1899 жылы волостной правитель болды» деген құжат тауып берді.

Үш жыл атаның қолында болып, алты жасымда Қазығұрттағы аудан орталығы Қаратастағы әкемнің әпкесі Ажардың қолына келіппін. Жасымнан бұзықтау болғаннан кейін атам мені көшенің бұзақы балаларына қосылып кете ме деп қауіптенсе керек, қызын шақырып алып, беріп жіберіпті. Екі жылдан кейін атам қолында қалып кеткен Ойрат та келді. Сірә, екеумізді бөлгеннің дұрыс болмайтынын үлкендердің бәрі түсінсе керек. Мені апам «адам болсын» десе керек, аралас мектебіміздің орыс сыныбына берді. Алдында біз Қаратасқа іргелес ауылда тұрғанбыз, ол жерде орыс ырымға жоқ еді, ал мұнда орыс сыныбы. Үш ай қатты қиналдым. Кейін ілігіп кеттім.

-Ойрат да орыс сыныбына барды ма?

-Иә. Ол Ташкентте өзбек мектебінде оқып жүрген ғой. Содан келіп бізге орыс мектебіне, 9 жасында қайтадан бірінші сыныпқа барды. Әпкемізге шешесін, бізді бағу оңайлыққа түскен жоқ, тек екеуміз үшін майданда қаза болған офицердің балалары ретінде жәрдемақы алып тұрды, сол сәл де болса демеу болды. Мен, шынын айту керек, мектепте өте нашар оқыдым. Сыныптан сыныпқа кейде күзгі сынаққа қалып жүріп зорға өтетінмін.

-Болашақ профессор, ғылым докторының үлгерімі нашар болды дегенге сену қиын ғой...

-Мен, бірақ, естігенімді қағып алатынмын. Математикаға мықты едім. Есеп шығару мен үшін сигарет шеккеннен де оңай болатын... Сондықтан оқи алмадым емес, оқымадым десем дұрысырақ болатын шығар. Мен таңертең мектепке кеттім деп кетіп, Келестің жағасына барып балық аулаумен, ойын ойнаумен уақыт өткізетінмін. Әпкеміздің бізге қарауға шамасы жоқ, таңертең ерте кетеді, түнде біз ұйықтап қалғанда жұмыстан келеді. Колхоздың жұмысы белгілі ғой ол заманда. Содан бір күні, мен 8-ші сыныпта оқып жүргенде әпкемді мектепке шақырды. «Тағы не бүлдіріп қойдың?!» деп маған бір ұрсып алды да кетті. Келді. Келді де өкіріп жылады. Апамыз өте қатал, еш уақытта ешкімге шағынбайтын, жаны болаттай берік адам еді. Міне, мен сол кісінің жылағанын бірінші рет көрдім. «Әкелерің сендер үшін майданда жанын берді, бұл жақта мен сендер аш-жалаңаш болмасын, қатарынан кем болмасын деп барымды салып, ерте кетіп, кеш келіп жүрмін Ал, сен не істеп жүрсің? Позор! Память отца позоришь!» деп орыс сыныбында оқитын маған түсініктірек деген болса керек, орысша да қосып ұрсып жатыр.

Әпкемнің көз жасы маған өте қатты әсер етті. «Оқимын!» дедім. «Иә, қарық қыларсың!» деді апам. Ал, мен сөзімде тұрдым. Тек сабақ оқимын. Балық аулағанды қойдым. Ләңгі тепкенді қойдым. Ешкімге тиіспейтін болдым. Бұрын әкемді ауылдағы жер аударылып келген немістердің балалары өлтіргендей көріп, оларға күн бермейтін едім. Ал, олар төбелесте жауап қайтаруға да құқысыз болған көрінеді! Мен неміс тілінен сабақ беретін Вагнер деген мұғалима апайыма «не істесең ол істе, мен неміс тілін оқымаймын!» деп ашық айтқан болатынмын. Апайым ақылды адам екен, маған ұрысқан жоқ, оқымасаң қой да деген жоқ, «сен өскенде разведчик болуың мүмкін, ол үшін шетел тілін жақсы меңгеруің керек, есейіп кеткенде тілді үйрену қиын болады, өкініп қаласың» деп әдемілеп түсірді мені...

-Мектепті қалай бітірдіңіз?

-Екі ғана «төртпен» бітірдім. Мақтау грамотасын алдым. Ал, менен талай таяқ жеп өскен неміс Иван Вахтель деген марқұм досым алтын медаль алды. (Кейін ол тарих ғылымының кандидаты болды). Үйге келсем Ажар апам палау істеп қойыпты, маған костюм сатып алыпты. Мен өмірімде костюм деген нәрсені иығына сол күні ілдім. «Ал, балам, ақылдасайық. «Қайтсең де онжылдық мектепті бітіресің» деуші едім, ол тілегімді орындадың, рахмет! Енді не ойың бар?» «Шымкентке барам, институтқа құжат тапсырам, түсе алмасам қайтып келіп күзде әскерге кетем» дедім.

Шымкентке келдім. Ол кезде 5 пәннен емтихан тапсырамыз. Математика, физика, химия, орыс тілі мен шетел тілі. 25 баллдан 23 балл алсам да конкурстан өте алмай қалдым. Менің қасымда жатақханада, жатақхана дегеніміз жаңадан салынған оқу корпусының қасындағы жүгері алқабының шетіне, ашық аспан астына қойылған темір кереуеттер болатын, бірге жатқан, 21 балл алған бала өтіп кетті...Тізімді көргенде жылап жібердім. Сәлден соң «мен дәл осы институтқа мұғалім болып келемін!» деп өзіме өзім серт бердім!

Ауылға қайтып келдім. Әскерге қашан шақырады деп жүргенде бір күні «Ленинская сменаны» оқып отырсам «жас қазақ жігіттері, сіздерді Теміртау қаласында салынып жатқан металлургия зауытына жұмысқа шақырамыз. Металлург боламын деген талапкерді Нижний Тагил, Запорожье, Днепропетровск, Магнитогорск және Новокузнецк қалаларында арнайы жолдамамен дайындап шығарады. Аудандық комсомол комитетіне хабарласыңыздар» деген хабарландыру оқыдым. Соның алдында ғана металлург-болат балқытушылар жайлы «Весна на Заречной улице» деген сол заманғы керемет бір киноны көргенбіз. Маған қатты ұнаған болатын. Металлург болғым келеді. Енді «қай қалаға барып оқысам екен?» деген сұрақ туды. Ойланып тұрдым да, көзімді жұмып саусағыммен жаңағы қалалар жазылған жерді басып қалдым. Қарасам – Днепропетровск деген жазу тұр. Өзіммен мектепті бірге бітірген, бірақ оқудан құлап келген Айдархан Қасымбеков, Амантай Әуелбеков, Еркін Мүфтиев, қазақ сыныбын бетірген Сауытбек Еркінбеков секілді біраз бала бар Қаратаста...Бәрінің атаманы менмін ғой, жиып алдым да «мына газетті оқыдыңдар ма?» дедім. Сол жерде бәріміз металлург-болат балқытушы боламыз деп шештік. Романтик ұрпақпыз, киноның әсері бар...Бір топ бала аудандық комсомол комитетіне келіп едік, олар көктен іздегені жерден табылып, қуанып кетті. Қолымызға жолдама ұстатып Шымкентке жіберді. Бұл жерде аудандардан жиылған жігіттер медициналық тексеруден өттік. Бір мұғалімді жолбасшы етіп, «Алматы – Мәскеу» пойызына отырып, сол кездегі еліміздің астанасына қарай жөнелдік. Қазан вокзалынан Курск вокзалына бару үшін метроға түстік. Бәріміз де үйден ұзап шықпаған балалармыз. Қолымызда кенеп қап немесе фанерден жасалған шабадан. Оның құлпы – қос жұдырықтай...Эскалаторға түсіп-шығудың өзі қызық. Курск вокзалына келсек Днепропетровкнің пойызы таңертең сағат алтыда кетеді екен. Енді не істейміз? Түнгі қаланы көріп келейік деп шештік. Жолбасшымыздан «адаспаймыз, орысша білеміз ғой» деп жүріп зорға сұранып шықтық. Шығып қарасақ, қып-қызыл жұлдызы жарқырап жанып тұрған Кремлдің биік мұнарасын көрдік. Соған жаяу тарттық. Сөйтсек, мұнарамыз Смоленск алаңындағы Сыртқы істер министрлігі ғимараты болып шықты. Сол жерден автобусқа отырып Кремлге келдік. Келсек, ол кезде әлі теледидар жоқ, кинодан, әр киносеанстың алдында берілетін киножурналдан көріп жүрген Қызыл алаңымыз кішкентай ғана бірнәрсе. Табанына төселген тас та тегіс емес...Метромен қайтадан вокзалымызға оралдық. Адамның көптігінен орындықтардың астына, кафель еденнің үстіне күпәйкемізді төсеп ұйықтап шықтық.

Днепропетровскіден электропойызбен Днепродзержинскіге келдік. Үсті ашық, бірақ борты биік мәшинемен бізді күтіп алды. Училищенің жатақханасына келген бойда тура әскердегідей киіміміздің бәрін сыпырып алып моншаға түсірді. Шыққан бойда бәрімізге бірдей бастан-аяқ форма кигізді. Ол кездегі баланың қолына түспейтін жалпақ сары былғары белдігінің тоғасында «РУ(ремесленное училище)» деген жазу бар.

Бізді үш топқа бөлді. Кран жүргізуші, прокатші және домна пешін жағушының қайсысын қалайсыңдар, ерік өздеріңде деді. Болат балқытушы мамандығы жоқ екен, мен сәл де болса соған жақындай берейін деп үшінші топқа кеттім. Мамандығым – домна пешін руданы балқытып, шойын алу үшін қажетті температураға дейін қыздыру. Ал, болат балқытушы деп шойынды енді мартен пешінде балқытып, оның құрамындағы көміртегінің пайызына қарай болат алушыны айтады.

-Қанша уақыт оқыдыңыздар?

-Бір жарым жыл. Бізге мамандығымыз бойынша жұмыс істеу үшін әскерге шақыруды екі жылға шегерді. Теміртауға келсек қалада құрылыс қызу қарқынмен жүріп жатыр екен, бірақ зауыттың құрылысы бітпегендігі себепті біздің біразымызды қайтадан Украинаға, бұл жолы Кривой Рог қаласына жұмыс істеуге жіберді.

Әй, бұзықпын ғой өзім де!..Зауыт разрядымызға сай жалақы төлейді. Менікі – 8-разряд, оған аз ақша шықпайды. Мен болсам жалақы алған күні зауыттан жатақханаға дейінгі таяқ тастам жерге такси жалдап барамын...Екі аптаға жетпей менің жалақымның жұрнағы да қалмайды. Енді келесі айға дейін қарыз сұрап күн көремін. Ол ол ма, мен биге барғанда жата қалып төбелесемін. Зауыттың партия комитетінің Гапенко деген хатшысы бар еді, сол кісі бір күні мені шақырып алып: «Қайрат, сен мына түріңмен түрмеде шірисің» деді. «Сен ең дұрысы кешкі мектепке барып оқы». «Несіне оқимын, мен оны бітіріп қойғанмын ғой!» деп көнгім келмейді. «Дұрыс, бірақ сенің мектепті бітіргеніңе екі жылдан асты, қарайып қалдың, сен оқуың керек, талабың бар, сенен үлкен ғалым шығуы мүмкін, математика, физиканы есіңе түсірсейші».

Екіншіден, Гапенко мені жалақымды кассаға салуға көндірді. Оның ішінен отыз күнге комплексті тамаққа талон аламын, жүріп-тұрғаныма тағы аз ғана қалдырамын, қалғаны кассаға кетеді. Бір күні баяғы әдетіммен ақша керек болып кассаға барсам, кассир бермейді. «Неге бермейсің?» «Гапенко тыйым салған». Мәссаған! Салып-ұрып Гапенкоға бардым: «Сіздің менің ақшамды бергізбеуге қандай хақыңыз бар?» «Қайрат, тыңда мені! Мен сенің артыңнан өзгелерге ұқсап көмек келіп жатпағанын, сенің де демалысқа еліңе барып қайтуға құмартып тұрмайтыныңды, бәрін-бәрін көріп, байқап жүрмін. Сенен оқысаң үлкен адам шығады, болашағың бар, мен саған сенемін. Ертең оқып жүргеніңде ақша бүгінгіден де қажетірек болады».

-Гапенконың ақылына тоқтадыңыз?

-Тоқтадым. Мен кешкі мектепке оқуға бардым. Жұмысымда да өзгеріс болды. Өзгеріс болғанда мен «первый подручный сталевара» дейді, қазақша бірінші қолқанаты дейміз бе, соған көтерілдім. Сол жұмыста істей жүріп маған болат балқытушы емес, технолог болайын деген ой келді. Себебі, болат балқытушының жұмысы ауыр, қара жұмыс. Ал, мен болат балқытумен шектеліп қалмай, жалпы металлургияның технологиясын білгім келді. Соны ұғына беру үшін балқытушыларға сұрақ қойып тыныштық бермеймін. Олар онша айтқысы келмейді, «семейные секреты это» деп қояды маған. Мен де қайтпаймын: «ертең Теміртауға барғанда сіздер не үйретті дейміз, біз бұл жерде үйрену үшіін жүрміз ғой» деп соңдарынан қалмаймын.

-Екі жыл жұмыс істегенде бірге барған балалардан қаншасы қалды?

-15 жігіттен 4-5 ғана қалды ғой. Қалғанының бәрі еліне қайтып кетті. Қазығұрттан барған жігіттерден бір өзім қалдым. Оған ең бірінші олардың ата-аналары себепкер болды деп ойлаймын. Өйткені, олар баламыз орыс, украин қызға үйленеді, сол жақта қалып кетеді деп қорықты. Ол кезде орысқа үйленген деген құптала қоймайтын үрдіс еді. Қазір ғой, орысқа үйленбек түгіл, қыздарымыздың өзі кім көрінгенге күйеуге тиіп, ел асып, жер асып кетіп жатыр. Көп жұрт соны қайта мақтаныш көретін сияқты...

-Оқуға баратын уақыт та келді?

-Иә. Гапенко маған «Киевтегі политехникалық институтқа жолдама әперейін» деді. Ол заманда зауыттың атынан жұмысшы жастарға жоғары оқу орнына жолдама берілуші еді, емтихандарды «үшке» тапсырсаң бітті, конкурстан тыс оқуға түсесің. Оның үстіне зауыт сенің стипендияңа тағы 15 пайыз үстемақы төлейтін. Мен тағы да шорт кестім: «Жоқ, мен Киевте оқымаймын! Мен тек Мәскеуде оқимын, себебі оны қорғау үшін менің әкем жанын құрбан еткен!» «Қайрат-ау, біз Мәскеудің институтына жолдама бере алмаймыз ғой!» «Мейлі! Түссем түстім, түспесем күзде әскерге кетемін. Бірақ, тек Мәскеуге барамын!»

Екінші лирикалық шегініс:

ӘКЕ - БАТЫР

Мұқаметқұл Исламқұлов кім еді? Ол – Бауыржан Момышұлының қанды көйлек досы, 1906 жылы Шымкент губерниясының Арыс-Бадам болысы Исламқұлдың үйінде дүниеге келген, 1920-жылдары Ташкентте ашылған Орта Азия мемлекеттік университетінің журналистика факультетін алғашқылардың бірі болып бітірген азамат. Мұхаметқұл кейін мектепте, аудандық газетте, губерния аппаратында қызмет істеген. 1930-жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тұңғыш редакторы Бейсенбай Кенжебаев оны осы газетке тілші етіп алады. Сол жерден Мұхаң «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысып, соғыстың алдындағы екі жыл Алматыда қызмет етеді. 1941 жылдың июнінде жаңадан жасақталып жатқан, И.Панфилов басқаратын 316-атқыштар дивизиясына өз еркімен барып жазылады. Жасы 35-ке келген, сақа жігітке айналған Мұхаметқұлдың да алғашқылардың бірі болып панфловшылар дивизиясына барып жазылуы қандағы тектіліктің белгісі шығар.

Мұхаметқұл үнемі басқа батальон құрамында взвод, рота командирі, штаб бастығы болып келгенімен, соғыс барысында бүкіл 41-жыл бойына Баукеңнің батальонымен үнемі көрші шепте иық тіресе айқасты. Талай рет атақты комбатқа көмек қолын да созды. Оған мысалдарды А.Бектің атақты «Волокаламск тас жолы» романынан кездестіруге болады.

«Қайтып келе жатып жолда «от пен судан өткен батальонымды кімге сеніп тапсырамын деп ойлап келемін. Көп ойланып, көп толғанып, батальонымды Мұхаметқұл Исламқұловқа тапсыруға шешімге келдім...

-Ал, енді сіздің орныңызға кімді 1-батальонның командирі етіп тағайындаймыз?- деп сұрады Логвиненко, штаб бастығының сөзін бөліп.

-Лейтенант Исламқұловты тағайындадым.

-Қалайша?!

-Исламқұлов жақсы коман­дир­лердің бірі. Батальонды соған сеніп тапсырдым.

-Ол партияда жоқ қой...Оның әкесі 25 жыл болыс болған...

-Мен де партияда жоқпын...Оның өзі емес, әкесі болыс болған...

-Мен Исламқұловты таға­йын­дауға қарсымын!

-Сіз мені тағайындауға да қарсы болғансыз.

-Мен комиссармын!

-Мен командирмін, Петр Васильевич, - дедім комиссарға. – Бұдан бұрынғы жиырма-отыз ұрыста ол батальонды мен басқарғанмын. Ол - менің батальоным. Сондықтан оны кімге тапсыру алдымен менің еркімде... Комдивпен Исламқұлов туралы алдын-ала келісіп алған болатынмын.

-Бай-болыстың баласы деп айтпаған боларсыз?

-Айтқан жоқпын...Батыл, ауыр мінез, салмақты, ақылды командирдің бірі деп айттым».

Иә, қадірлі оқырман, біразыңыз еске түсіріп үлгерген шығарсыз, алдарыңыздағы үзінді Бауыржан Момышұлы атамыздың «Москва үшін шайқас» кітабынан алынып отыр. Бауыржанның сенімін ақтады ма Мұхаметқұл? Cөзсіз! Тіпті артығымен десе де болады. Өйткені, жаудың Мәскеуге өршелене ұмтылуы бұл кезде шарықтау шағына жеткен еді. Майданға үсті-үстіне жаңа күш төгіп жатқан, оқ-дәріден тапшылық көру дегенді білмейтін жауға қарсы қанша жерден жанқиярлықпен күрескенімен қатары күннен-күнге селдіреген панфиловшылар кейін шегінуге мәжбүр болып отырды. Батыр жаратылған азамат Крюковоның түбінен қарсы шабуылға шыққан Қызыл Армия қатарында 1942 жылдың 7-ақпанына дейін майдандағы ұрыстарға қатысады. Оның батальоны осы күні Ожедово селосын жаудан азат етеді. Бірақ, Исламқұловтың өзі де қаза табады...

Гапенко маған пойызға билет алып берді. Тағы да купеге емес, плацкартвагонға әперді. Емтихан уақытына жетеді осы деп біраз ғана ақша берді. «Қалғанын оқуға түсең есептесуге келесің ғой, сонда аласың, түспесең онсыз да келесің». Шабаданға екі жұп іш киім салыпты, бір үлкен кесек шошқаның майы мен бір банка қияр салыпты. Қысқасы, «закускасы» дайын, тек «горилкасы» жоқ. Ол кісі ішімдікке өте қарсы адам еді.

Сонымен Мәскеуге келдім. Болат және балқыма инсти­тутының (институт стали и сплавов) қайда екенін сұрастырып біліп алдым. Бірінші емтихан математикадан жазбаша болды. Тақтаға бес нұсқа жазылды. Әркім отырған қатарына қарай өз нұсқасын шығаруы тиіс. Мен «бәрін де шығарып тастайын, қызық болсын» деп отырған. Нағыз қызық осы жерде болды. Менің қасымда отырған қыз санына түгел математикалық формулалар жазып алыпты. Ол етегін жиып соған қарай береді. Еріксіз мен де қарағыштай бердім... Аралап жүрген мұғалім маған: «Орныңыздан тұрыңыз!» деді. Тұрдым. «Шпаргалкаңызды» әкеліңіз!» «Менде шпаргалка жоқ!» «Шалбарыңыздың қалтасын шығарыңыз!» «Олай деуге хақыңыз жоқ!» «Мен сізді қазір емтиханнан шығарып жіберемін!» «Олай етуге де хақыңыз жоқ». Дымы құрыған мұғалім мені бірінші қатарда жеке тұрған партаға отырғызып қойды. Мен бес нұсқаның біреуін тез-тез шығардым да мұғалімге бердім. Болдым дегеніме сенбей мұғалім есептеріме қарады. Сосын маған қарады. Сөйтті де «бара беріңіз» деді

Мен бұл емтиханнан бес алдым. Екінші емтихан математикадан ауызшадан да бес алдым. Үшінші соңғы емтиханды, физиканы зорға-зорға 3-ке тапсырдым. Өйткені физиканың теориясына мен шорқақ едім, әрі есеп шығара алатыныма сеніп, жақсылап дайындалып та үлгермегенмін. Мұғалім алдындағы екі емтиханды беске тапсырғанымды көріп отыр, «не болды сізге» дейді есепті шығарғанымды көріп. «Теорияға дайындалып үлгермедім, тағы есеп беріңіз» дедім. Оптикадан есеп берді. Оны да сол сәтте шығарып тастадым. Мұғалім басын бір шайқап, есеп шығара алатыныңыз үшін деп 3 қойып берді. Пойызға отырып, Кривой Рогка келдім. Гапенконың кабинетіне кіріп, институтқа түстім деп, қолына бұйрықты ұстаттым. Ол қалбалақтап бетімнен сүйіп, үйіне, әйеліне қоңырау шалып, «наш сын приехал, он поступил в институт!» деп менен бетер қуанды. Үйіне ерте әкеліп, менің оқуға түскенімді жуды. Гапенконың 3 қызы бар, ұлы жоқ екен. Маған ерекше мейірімнің түскені мүмкін содан да болар... Ол кезде Мәскеуге негізінен бастықтардың балалары ғана оқуға түсетін еді ғой.

Мен сөйтіп Мәскеуде 5 жыл оқыдым. 5 жыл бойы жұмыс істедім. Себебі, Мәскеудің аты Мәскеу. Театрларға, музейлерге бару керек. Мәскеулік студент деген атқа сай рухани бай студент болуға тиіспін. Ал оның бәріне ақша керек. Содан вагон түсіреміз демалыс күндері. Ақшамызды қолма-қол береді. Сонымен қатар ол кезде Мәскеудегі көп қабатты үйлердің көбінің астында жылыту қазандығы болатын. Мен соған кочегар болып орналастым. Бір күн істесен, 3 күн демаласың. Бірақ бұл маған қиын болды, себебі түнде ұйықтай алмайсың. Температура сәл түсіп кетсе, еркетотай мәскеуліктер айқай-шу шығарады. Ертесіне сабақта ұйықтап отыратының тағы бар. Содан балабақшаға қарауыл болып орналастым, «түнгі директормын». Балалардан қалған тамаққа тойып аламын, рахат болды да қалды. Соның арасында кремоторийға барып, жұмыс істеп көрдім. Біз тұрған жерден тым алыс емес еді. Бірақ оған бір күн істедім де, қайтып жолаған жоқпын. Адамды өртеп, күлін салып беру деген ол мен үшін аса ауыр азап болды. Сонымен институт бітірдім. Тағы да екі пәннен 4-ім болған себепті бұл жолы қызыл дипломға іліне алмай қалдым. Институт басшылығы мені аспирантураға қалдырмақшы болып еді, мен «жоқ, жұмыс істеймін!» деп көнбедім. Мені Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына жіберді. Екі-үш ай істедім. Ажар әпкем «Шымкентке келсейші» дейді. «Осы жерде де институт бар ғой, соған жұмысқа тұрмайсың ба» деген соң ауысуды ойладым. Әрі баяғы өзімнің сертім есіме түсті. Ректорға жағдайымды айтып едім, ол маған «сіз жолдамамен келдіңіз, 3 жыл жұмыс істеуге міндеттісіз, мен рұқсат бере алмаймын, рұқсатты тек министр береді» деді. Сол кездегі Білім министрі Біләловтың қабылдауына жазылдым. Бардым. Біләлов «жұрттың бәрі Алматыға ұмтылады, Алматыдан кетем деген адамды бірінші рет көріп тұрмын, сен одан-дағы аспирантураға бар, саған жолдама берейін» деді. «Жоқ! деп көнбей отырып алдым. Болмаған соң министр Қазақ химия-технологиялық институтының сол кездегі ректоры Сүлейменовке телефон шалды. «Осындай жігіт барады, қабылдайсың» деді. Мұғалім болып орналастым. Механика факультетіне сабақ беремін. Ол кезде бұл мамандыққа қыздар өте аз түсетін. Қазақ қыздар тіпті оқымайтын еді десе де болады. Өзім сол сабақты беретін 3-ші курстың студентіне, жеңгеңе ғашық болып, сол жылы жазда үйленіп алдық. Менің Бибіханды келіншек етіп апарып түсірген үйім - атам Исламқұлдың қарындасының үйі еді. Ол кісі сондай кеңпейіл жан болатын. Таңертеңгі дастархан кешке дейін жиналмайтын. Мені өте жақсы көрді. Қайратжанға тамақ беріңдер, шай беріңдер деп бәйек болып жүретін. Ол бәрінен бұрын осынша жыл сыртта жүріп, орыстың қызына үйленбей, елге кеп, қазақ қызға үйленгеніме қуанды ғой деймін. Беташардың алдында Қазығұрттан Ажар апамыз келді. Ол кісі келеді деп, бұл үйдегілердің бәрі зыр жүгіріп жүр. Аяқ-табақтарын қайта-қайта сүртіп, есіктің алдын қайта-қайта сыпырып, әбігер болды да қалды. Ажар апамыздың тәртіпті, тазалықты сүйетін қатал мінезі бәріне аян ғой. Апам келген соң: «келінді әкеліңдер, көрейін» деді. Бибіханның қасында еріп мен де бардым. Қасында жүрмеуім керек еді, бірақ әйтеуір еріп жүрдім. Апам жас келіннің басынан аяғына дейін сынай қарап шықты да, маған «алғаның осы ма?» деді. Бибіхан ол кезде кішкентай нәп-нәзік , жап-жас қыз болатын. Тек екі бұрымы тоқпақтай еді. Апам сірә, аяқ-қолы балғадай келінді күтсе керек. Мен шарт ете қалдым. «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасындағы өзі арық, өзі қара, өзі аяғы қисық қызға неге сонша ғашық болдың дегендерге Мәжнүннің «Ләйліге менің көзіммен қараңдар» дейфтін сөзі есіме түсті. Апама орысшалап: «Что тебя не устраивает? Посмотри на нее моими глазами!» дедім, дауысым қатқылдау шықты. Апам үндеген жоқ. Қазір Гаухар Әлімбаева айтатын «Ақ отау» деген керемет әндегі «енең саған қаталдау қарап қалса, ширатып бір алайын деген шығар» деген жолдар тура біздің Ажар апам жайлы айтылған сияқты...

Үш айдан кейін армия қатарына офицер ретінде 2 жылға шақырған қағаз келді. Енді бір жыл тұра тұрғанымда отыз жастан жоғарыны шақырмайды екен. Ал мен 29-мын. Сөйтіп 29-ымда үйлендім де, 2 жылға әскерге Түркменияға кеттім. Совет Одағының ең ыстық жері Кукша қаласында танк әскерінің құрамында қызмет етіп, әбден ыстыққа күйіп, пісіп, шыңдалып қайттым.

Мен 2 жыл әскерден оралғанымша келіншегім де қарап отырған жоқ, оқуын бітіріп алды. Тұңғышымыз Талғатты тауып алды. Мен келгенде Талғат аяғын енді тәй-тәй басып жүр екен. Біреудің тар бөлмесінде пәтер жалдап тұрдық, Бибіхан алма салатын екі үлкен жәшік тауып әкелді. Біреуі – тамақ ішетін, біреуі – мен сабаққа дайындалатын үстеліміз болды. Біздің дүниеміз осы екі жәшіктен басталған...

Бір күні институт бізге пәтер беретін болды. Барып көрсек, 1-ші қабаттағы жартылай жертөле 3 бөлмелі пәтердің екі бөлмесін бізге беріпті-дағы, бір бөлмесін баласы жоқ жас отбасына беріпті. Кухнямыз, дәретханамыз ортақ болды. 3 жылдан кейін мен Мәскеуге аспирантураға кеттім. Екі балалы болып үлгергенбіз. Олар мына суық үйден ауыра берді. Мен Мәскеуден ұшып бір рет келдім, екі рет келдім. Аспирант ретінде жолақының жартысын ғана төлейтінбіз. Менің бұл сандалысымды көрген жетекшім Гордиенко деген атақты ғалым өзіне шақырып алды. «Бұндай оқу болмайды, қане, жағдайыңда айтшы» деді. Жалпы, жақсы адамдарға жолым болғыш менің. Гордиенко тыңдап болды да, «оларды көшіріп әкел, мен саған «хоздоговор» жұмыстар беремін, соны пәтеріңе төлейсің, ал стипендияңмен күніңді көресің, балаларды емдетесің» деді. Осылайша бір жарым жыл Мәскеуде бірге тұрдық. Жоғары білімі болса да, тіркеуге рұқсаты жоқ Бибіхан жұмысқа тұра алмады. Тек бір балабақшаның меңгерушісі няня етіп алды, тек ол жұмыста басқаларға көрінбеуге тиіс болды. Бибіханның міндеті - ыдыс-аяқтарды, балалардың түбегінің таза болуы. Оларды айнадай жалтыратып, тап-таза етіп сүртіп қоятыны сондай, меңгеруші басқаларға оны үнемі үлгі етеді екен.

Бірақ ол жұртпен бірге жиын, отырысқа қатыса алмайды... Бибіханның төркініен хат келіп тұрады. Ол хаттың ішінен кейде 3 сом, кейде 5 сом шығады. Бір сом түскен кез де болды. Ал бір күні тұтас 10 сом түсті! Сол күні келіншегім екеуміз бірінші рет екі баланы көтеріп алып, киноға бардық. Қызымыздың аяқ киімі де жоқ, көрпеге орап алғанбыз. Қазір Бибіхан соны балаларға айтса, ертегі секілді олар сенбейді... Мен жұмыстан үлгермеген темірлерімді «мынаны ыстық суға пәлен уақыт қайнат-тағы, сосын суық суға салып қой, екіншілерін майға салып қой» деп кетемін. Есептерімді де Бибіхан логарифмдік сызғыштың көмегімен шығарып дайындап қояды. Жалдап тұрған бөлмеміздің тарлығы сондай, Бибіхан балалармен керуетте жатады, ол түнде балаларға оянған кезінде мені басып кетпесін деп, мен басымды столдың астына беріп жатамын.

Мен аспирантураны мерзімі­нен бұрын, екі жарым жылда бітіріп, кандидаттығымды абыроймен қорғап шықтым. Келсем ректорымыз З.Молдахметов жұмыс бермейді. «Қалайша жұ­мыс жоқ?» десем «саған мер­зімнен бұрын бітіріп кел деген біз емес» дейді. Содан мен кафедраға инженер болып орналастым. Ал, кафедрада менен басқа бірде-бір оқытушының ғылыми атағы жоқ...

Үшінші лирикалық шегініс:

НЕМЕРЕ - ҒАЛЫМ

Қайрат Исламқұлов бүгіндері ғылыми ортаға белгілі азамат. Техника ғылымының докторы, профессор, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» ол көп жыл бойы Қазақ химия-технологиялық инс­ти­тутында, 1992 жылдан бері Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде ректордың орынбасары, кеңесшісі болып абыройлы қызмет атқарып келеді. Қайрекең 2 монография, 12 оқу-әдістемелік құрал авторы, 22 өнертапқыштық куәлік иегері, оның ішінде 3 аса маңызды құпия еңбек болып табылады.

Қайрекеңнің жаны мен қолының тазалығы 40 жылдан астам уақыттан бері бірге қызмет істеп келе жатқан әріптестерінің арасында аңызға айналған десек артық айтқандық емес. 26 жыл бойы балаларымен бірге ескі үйдің бірінші қабатындағы бөлмелеріне күн түспейтін сыз пәтерде тұрғанда да «менен жұмысқа қанша кейін келгендер жаңа үйден пәтер алып кетіп жатыр ғой» деп ешкімнің алдына барып өтініш жасамайды. Сарыағашқа келіп демалып жатқанын естіп, 1969 жылы Бауыржан Момышұлына іздеп барып жолығады. «Мен бір-ақ нәрсеге өкінемін» дейді Қайрекеңнің өзі. «Батыр ағамен екінші рет жолығудың сәті түспеді. Баукең менің жай-күйімді естіп, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Ливенцовқа «Прошу сыну моего друга, героя войны предоставить квартиру! Бауыржан Момышұлы» хат жазып беріп еді. Мен ол хатты апарып бермек түгілі жыртып тастадым. Сақтап қойсам ғой, Баукеңнен естелік болып тұрар еді...» Тағы бірде сол кездегі Шымкент қаласы Дзержинский аудандық партия комитетінің хатшысы мерекемен құттықтап, еңбек озаттарының қатарында Қайрекеңе де грамота береді. Бұл кісі болса басқалар секілді партия мен үкіметке рахмет айтудың орнына грамотаны апарып, презедиум үстеліне қойып. оның үстіне берген гүл шоғын қойяды да хатшыға тіке қарап: «Зачем мне ваша это грамота?!» дейді. «Вместо того, чтобы ежегодно мне вручать такие грамоты, вы бы хоть один раз посмотрели, где я живу?!» Сөйтеді де тіке бұрылып, салтанатты жиыннан шығып кетеді. Сонда жыл сайын пәтер жағдайын жақсартуды сұрап институт басшыларына өтініш жазғанда жыл сайын «пәтеріңіз бар» деген жауап алады екен. Жоғарыдағы оқиғаның әсері болар, біраз уақыттан соң оларға қаланың жаңадан салынып жатқан «Сайрам» мөлтекауданынан пәтер беретін болыпты. Барып көрсе бұл пәтер де ең шеткі бір сайдағы үйде, бірінші қабатта болып шығады. Жаңбырлы күн екен, оның суынан үйге кіру мүмкін емес. Есесіне су бұларға бөлінген пәтерге кіріп жатыр... Қайрекең «зачем шило менять на мыло?!» дейді де бұл пәтерден бас тартады.

-М.Булгаков айтқандай, үй мәселесі қанша қиын болса да сіздерді «бұза алмаған» екен. Ал, қызмет жағы қалай болып жатты?

-Мен сол кафедрада алдымен аға оқытушы, сосын доцент, 1993 жылы докторлық диссертациямды қорғағаннан кейін, кафедра меңгерушісі, профессор болдым. 1994 жылы Халықарылық Қазақ-Түрік университетінің президенті Мұрат Жұрынов жұмысыма келді. «Сен біздің жұмысқа ауыс» деді. «Қалай ауысамын, сіздердегі мамандықтардың бәрі гуманитарлық бағытта ғой» дедім. «Міне, сол үшін де біз техникалық мамандықтарды ашуымыз керек. Техникалық мамандық жоқ университет, ол қандай университет?! Мен саған бірден жаңа пәтер беремін. (Біз мен ғылым докторы болсам да әлі сол жартылай жертөле пәтерімізде тұрып жатқанбыз). Айлық жалақың бұл жердегіден екі есе жоғары болады». «Қабырғаммен кеңесейін». Бибіханға келіп ақылдасып едім, ол бірден «шақырса барғаның дұрыс, бұл институтта жүріп не таптың, ең ақыры ширек ғасыр жұмыс істегенде жөнді пәтерге де қол жетпеді» деді. Сөйтіп, мен университеттің Шымкент институтына ауыстым. Шынында да университет бізге бір айдың ішінде «Отырар» мөлтекауданынан 3 бөлмелі жаңа пәтер берді. Барған соң 3 жаңа техникалық мамандық, механика кафедрасын ашып, оған меңгеруші болдым. Одан институттың ғылым жөнінде проректоры болып көтерілдім. Орныма ҚазХТИ-дан жас, талантты ғалым, жақсы ұйымдастырушы Тәлжан Райымбердиевті шақырып алып, қойып кеттім. Одан мені Түркістанға университеттің вице-президенті қызметіне шақырды. Менің орныма тағы да Тәлжан отырды. Осылайша, «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, біраз жыл еңбегіміздің зейнетін көрдік. Мен ғылымға шын мәнінде құмар едім. Ғылыммен айналысудың жас күнінде де, одан кейін де тастаған жоқпын. 2000 жылы бізді, Днепродзержинскіде бірге оқыған достарынан 6 адамды еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік делегацияны құрамына қосып, Украинаға барып қайттық. Сонда осы сапарда бірінші отырысымызды Нұрекең өзі ашып, екінші сөзді маған берді. «Қайрат біздің арамыздан шыққан тұңғыш техника ғылымының докторы. Рас, қазір доктор көп, бірақ Қайрат «инемен құдық қазған» нағыз ғалымның өзі. Оны бәріңіз де білесіздер» деп атап өтті.

Ғылымдағы менің бағытым – машина, қондырғы детальдарының мықтылығын, бекемдігін арттыру арқылы олардың қызмет ету мерзімін ұзарту, сол арқылы елімізге мыңдаған тонна метал мен миллиондаған сом, теңге қаржыны үнемдеу болды. Мен сондай-ақ ескірген, қызмет мерзімі біткен детальдарды қайта өңдеп, мығымдығын, бекемдігін артыру арқылы оларға екінші рет өмір беріп отырдым.

Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Кентаудағы мен жаңалықтарымды ендіріп жүрген экскаватор зауытында ол кезде гректер көп болатын. Солардың біреуі 1990 жылдардың басында жаппай тарихи отанына көше бастаған кезде, «менің Қазақстанда өмір сүрген кезде жинаған байлығым ақша да емес, дүние де емес, мынау, бұл - химия-технология институтының мұғалімі, Қайрат деген қазақ ғалымның жаңалығы» деп өзімен бірге Грекияға алып кеткен, менің технологиям бойынша қызмет мерзімі әлденеше есе ұзартылған сверло-бұрғыны көрсеткен екен». Осы экскаватор зауытындағы менің жаңалықтарым жайлы академик Надир Надиров жүргізген «Қазақстан» телеарнасындағы «Наука в Казахстане» деген бағдарлама арнайы хабар берді. Ал енді менің жаңалықтарымды өндіріске ендіру жайына келсек, ол тек қана Кентау экскаватор зауытымен шектеліп қалған жоқ. Ол кезде Шымкентте автобустар жөндейтін мықты зауыт бар еді. «Икарус» автобусының иінді білігі (коленвалы) тез істен шығып қала беретін. Мен сол тозған біліктерді қайта өңдедім. 100 мың километр жүргеннен кейін қайта тексергенде олардың ешқандай да тозғандығы байқалмады. Ендігі кезекте алюминийден жасалған вкладыштың қызмет мерзімін ұзарту мәселесі тұрды. Зауыттағылар: «Қайреке, біз сіздің алдыңызда басымызды иеміз! Енді міне вкладыштарға кірісіңіз» деп өтініш жасаған еді. Бірақ, біз оны жасап үлгермедік, өтпелі кезең келді, жабайы нарық келді, ақырында зауыттың өзі құрдымға кетіп тынды. 1980-1990 жылдары арасында менің тек қана Шымкент облысында 8 зауытта ендірген жаңалықтарымнан түскен экономикалық эффекттің жалпы сомасы 5 млн.345 мың сом болыпты. Бұл – бүгінгі теңгеге шаққанда орасан көп қаржы!

Мен Ресейдегі, Туладағы аты әлемге әйгілі қару-жарақ зауытында зеңбірек снарядтарын бекемдеумен айналыстым. Ал, олардың кім көрінгенді мойындай бермейтіні түсінікті шығар...Өзбекстандағы Науаи қаласындағы электрохимия комбинатында темір құбырлары дәнекерленген тігісі сөгіле беріп, жамаудан көрінбей қалған екен. Решевский деген бас инженері: «осындай, сіздің бағытыңыз бойынша бізде қиын мәселе туындап тұр, кірісесіз бе? Егер бәрі дұрыс болып шықса біз өзіңізбен үлкен келісім-шартқа отыратын боламыз» деді. «Көрейін» дедім. Содан мен жұмысымды бітірген соң бір ай өтті, дәнекерленген «тігіс» тұр, сөгілетін емес. Екі ай өтті – сөгілмеді, жарты жыл өтті – сөгілмеді! Оған дейін айына 3-4 рет жыртылады екен. Соның салдарынан мықтылығы жойылған құбырлары майысып кете беретін болған.

Ол ол ма! Мен жайлы Киевтегі атақты Патон атындағы Дәнекерлеу институты естіпті. Алдымен сенбеген көрінеді – қалайша бұндай ауыр проблеманы Патон институты емес, қайдағы бір Шымкенттегі қайдағы бір қазақ ғалымы шешеді?! Олар менің технологиям бойынша дәнекерлеу кезінде металдың атомдық құрылымын өзгертетін қондырғы жасап шығарды. Мәселе, міне, осында болатын! Менің осы технологиям қазір магистралды газ, мұнай құбырларын дәнекерлеу кезінде пайдалынылады.

-Ғылымның, ғалымдардың бүгінгі жағдайы жайлы бір-екі ауыз айтсаңыз.

-Бұның бәрі кеңес кезеңінде еді. Ол уақытта ғалымдар, инженерлер мен өнертапқыштарды жаңалықтары өндіріске енгізілмейді деп жылаушы едік. Қазір соған зар болып қалдық қой! Оның себебі бәрімізге белгілі. Біріншіден, бізде зауыт-фабрикалар жаппай тоқтап, соның салдарынан инженер мамандар дайындау керек болмай қалды. Біздің дүрілдеген Қазақ химия-технология институтымыз кішірейе-кішірейе Бальзактың «Көн терісі» секілді бір деканаттың деңгейіне дейін түсіп калды. Зауыттардың инженерлері, институттардың ғалымдары саудаға, басқа салаларға ауысуға мәжбүр болды. Ғылымда тек кәрі-құртаң ғана қалды. Жастарсыз қандай ғылым болмақ?! Мен 2000 жылы үлкен бір ғылыми форумда сөз сөйлеп, «мына келіп жатқан инвесторлардың салығын азайту есебінен олар ғылыми зерттеулерге қаржы бөлетін етейік» деген едім. Ондай ұсынысты айтқан жалғыз мен ғана емес шығармын... Сол мәселе әлі күнге дейін заңдастырылған жоқ.

Мен қандай қиыншылық болса да ғылыммен айналыс­қа­нымды тоқтатқан емеспін. Біздің облыста ұзын-саны 28 мақта өңдеу зауыты бар. Әр зауытта кем дегенде 50 дискілі пышақ бар. Оларды мақтаны тең жасау кезде кесу үшін қолданады. Осы пышақ жұмсақ затты кескен соң тез мұқалады ды, бар-жоғы 144 сағат қана жұмыс істейді. Және дискінің қалыңдығы 1 ғана мм болғандықтан оның тозуға деген шыдамдылығын жылумен өңдеу арқылы арттыра алмайсың – диск майысып кетеді. Біз осы пышақтың «өмірін» 15 есе ұзарттық. Сол үшін Новосібірден арнайы 50 тонна металл алдырдық, цех аштық. Менің оқушым осы тақырыпқа кандидаттық диссертация да қорғады. Патент те алдық. Бірақ, қазір біздің жаңалығымыз ешкімге керек болмай тұр. Мақта зауыттары бізге ақша төлеп, өздерін көп жылға бұл бас аурудан құтқарудың орнына сол күзде аз ғана уақыт қайта-қайта төлесе де Өзбекстаннан арзан пышақ сатып алғанды артық көреді.

-Сүлеймен пайғамбардың қолындағы сиқырлы жүзігінде «Бәрі өтпелі» деген жазу болған дейді. Ол кісі қатты ашуланса, қажыса соған қарап өзін-өзі сабырға шақырады екен. Бір күні тым қатты күйзелсе керек, «осы жүзік маған ашулануға да мүмкіндік бермеді ғой!» деп лақтырып жіберіпті. Шешіп жатқанда ішкі жағында да жазу барын байқап қалыпты да, оның сырын білмекке құмартып, жүзікті көтеріп алыпты. Сөйтсе «бұл да өтпелі»» деген жазуды оқыпты...Біз де бұл кезең де өтпелі ғой, ғылым мен ғалымның нағыз бағасын бере білер заманға да жетерміз деген үмітпен сұхбатымызды аяқтасақ, аға. Деніңіз сау болып, еліңізге деген адал қызметіңізді жалғастыра беріңіз!

Сұхбаттасқан

Өмірзақ АҚЖІГІТ