Мұхтар ШАХАНОВ: ҰЛТЫН, ТІЛІН МЕНСІНБЕЙТІНДЕРДІ ҚҰДАЙ ЖАЗАЛАЙДЫ...

d0b6d0b0d0bbd18bd0bd-d181d183d180d0b5d1821

ЕҢ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУІМІЗДІҢ МӘНІ НЕМЕСЕ ЕЛЬЦИН БОЛМАҒАНДА ЖЕЛТОҚСАН ШЫНДЫҒЫ МҮЛДЕ БАСҚА СИПАТ АЛАР ЕДІ...

Ең кереметі мынада. Еліміздің арғы-бергі тарихында, әр кезеңде өз ұлтының тілі мен рухына менсінбей, тұмсық шүйіре қараған, осы ғаламат екі байлыққа ашық түрде қарсы шыққан, қиын шақта ұлтына үлкен залал келтірген сатқын қазақтар болған. Сол адамдардың өміріне үңілсеңіз, бәрінің тағдыры трагедиямен бітуі таңғаларлық. Мұны кездейсоқтық деп бағалау әбестік».

2008 жылдың 13-мамыры күні Шыңғыс Айтматов телефон соғып Элдар екеуінің Бішкектен келгенін, қазір өзінің «Қош бол, Гүлсары!» атты шығармасы бойынша түсірілген көркемфильмнің музыкасын жазған Қуат Шілдебаевтың жаңа альбомының тұсаукесеріне шақырылғанын айтты. «Егер мүмкіндігің болса тезірек жетші. Мен сені есік алдында күте тұрайын» деді ол. Мен мүмкіндігімнің жоқ екенін, өйткені «Жалын» журналында істейтін Жібек Бәкірова деген қызметкерімнің туған інісі жол апатынан қаза болғанын, соған бүкіл ұжым боп бара жатқанымызды баяндадым. Біраздан соң Шікең қайта телефон соқты. «Мұха, – деді ол, – қызметкерлерің кете беріп, сен өзің сәл кейінірек, немесе кешке баруыңа бола ма? Өтінемін... Оның үстіне екеуміз кеңесетін бір мәселе бар еді».

Амалсыздан Шікеңнің ұсынысына құлақ асуыма тұра келді. Айтқан «АлемАрт» қоғамдық қорының алдында Шікең, Элдар, қасында үш-төрт адам бар, мені күтіп тұр екен. Ішке ендік.

Қуат Шілдебаев «Мұстафа Шоқай», «Отырардың күйреуі», «Сталинге сыйлық», «Ұлжан» және Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша түсірілген «Қош бол, Гүлсары!» атты көркемфильмдерге музыка жазған дарынды композитор екенін білетінмін. Тіпті оның Айтматов туындысы негізінде «Мәңгүрт туралы аңыз» атты рок-музыкасы да бар екен. Бұл жолы Қуаттың «АлемАрт» қоғамдық қорының қолдауымен «Адам», «Емшан» және Дүйсенбек Нақыповтың либреттосы бойынша жазылған «ПротоАдам», т.б. шығармаларынан жинақталған үш альбомының тұсаукесері жоспарланыпты. Сөйлеушілердің бәрі дерлік қазақ азаматтары болғанымен, Болат Атабаевтан өзгесі республикамыздың мемлекеттік тілі – қазақ тілін менсінбейтін мінез танытты. Менің тықырши бастағанымды, әрі бұл космополиттік саладағы ұстанған бағытымды жақсы білетін Шікең:

– Альбом таныстыру рәсімінің тым ұзаққа созылатын түрі бар. Сыртқа шығып әңгімелесе тұрсақ қайтеді? – деді.

Тысқа қарай беттедік. Бізге «Қайда барасыздар?» деген де ешкім болған жоқ. Есік алдындағы шағын алаңда үн-түнсіз біраз жүрдік.

– Мұха, – деді Шікең сәлден соң. – Осы сенің Түркияда, теледидар арқылы екеуімізбен болған тікелей эфирде айтқаның және өткенде маған үзіндісін оқып берген «Өз ана тілінде сөйлемеу мен ойламаудың залалы» атты жазғаның елеулі ой салды. Қазір де бүкіл қазақ жиналып тұрып, бәрі дерлік өз ана тілін менсініңкіремей, орыс тілінде сайрап кеткеніне жының келді. Әрине, мен сені түсінемін. Бірақ сен ұсынып отырған бұл мәселе елдеріміз егемендік алғаннан кейін, тым құрыса осыдан он жыл бұрын неге көтерілмеді? Ең өкініштісі, осындай жүйелі ойлардың Орта Азия әдебиет, ғылым қайраткерлерінің немесе өз классиктерің Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің аузымен айтылғанда жұрт ерте оянар еді. Енді тым кеш болса да сен қозғап отырсың.

– Иә, бұл мүдденің арғы жағында ұлтсыздандыру, орыстандыру саясаты жатқанын жақсы білесіз, – дедім мен. – Өзіңіз де алғашында қырғыз тілінде жазғаныңызбен кейіннен орыс тілінде бүкіл әлем мойындаған тамаша туындылар бердіңіз. Жалпы, әдебиетімізді өзге халықтарға танытуда орыс тілі өлшеусіз зор қызмет атқарды. Әрине, игілігіміздің бұл саласын біз ешқашан ұмытуға тиісті емеспіз. Бірақ ғасырдан ғасыр асып келе жатқан, бүгінде бейшара жағдайға түскен ана тілімізді қайтеміз? Ана тілін сыйламау, оған менсінбей, мұрын шүйіре қарау, туған анасын жерге қаратумен бірдей емес пе? Ана тілінде сөйлемеу мен ойламаудың үлкен залалы, тіпті қасіреті болатынын әлгінде өзіңіз аттарын атаған классиктеріміз де терең түсінген жоқ. Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та, Ғабит Мүсірепов те, Ғабиден Мұстафин де, Әбділда Тәжібаев та, Ілияс Есенберлин де перзенттерін тек орыс тілінде тәрбиеледі. Ұлттық дәстүрден, салт-санадан тысқарылау ғұмыр кешкендіктен көпшілігі әкелерінің ана тілінде жазған кітаптарын оқымақ түгілі, басқа тілдің мүддесін қолдап, басқа тілдің сойылын соқты. Тіпті кейбіреулері ұлттық дәстүр ізімен әкелерін ара-тұра еске алып, құран оқытып тұруы былай тұрсын, өзге дінге ауысып кетті.

– Сорымызға қарай, сенің бұл пікіріңе қарсы дау айту қиын. Өйткені саясат солай еді. Егер кімде-кім орыс тілінде оқымаса, орыс тілін жетік меңгермесе үлкен қызмет түгілі жүрдім-бардым жай қызметке орналаса алмайтын болды, – деп Шікең едәуір ойланып тұрды. – Ал сен көтеріп отырған мәселе, жасыратыны жоқ ол кезде ешкімнің миына келген емес. Бірнеше мемлекеттің алдыңғы қатарлы өкілдері қуаттаған «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» атты жырмен жазылған трактатыңды алғашқылардың бірі боп мен қуаттамадым ба? Сол туындың негізінде әңгіме болғанда, Берлинде бір топ неміс ғалымдары қатысқан жиында Фридрих Хитцер сені «әлемдегі санаулы дара тұлғалардың бірі» деп дәлелдеп бақты. Әрине, ондай мақтаулардың талайын естіп жүрсің және оған елікпейтінің де белгілі. Ал сен қазір «Өз ана тілінде сөйлемеу мен ойламаудың залалына» қайта бір шолу жасап шықшы. Сәті түссе, кезінде біз аңғармаған осы тақырыпта сені қолдап бір мақала жазбақ ойым бар.

Мен осы мәселе айналасындағы пікірімді жинақтап, рет-ретімен Шікеңе баяндай бастадым. Оқырманға толық түсінікті болу үшін «Өз ана тілінде сөйлемеу мен ойламаудың залалы және космополиттік ағым бөгеген тілдер тағдыры» атты рухани-проблемалық трактаттан тағы да үлкен үзінді келтірейін.

«Тіршілікте бірде-бір тамырсыз өсімдіктің, тамырсыз дарақтың болмайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен жай көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Неміс ғалымдары мынадай тәжірибе жасаған.

Дүние есігін қаққалы бері бірде-бір сөз естімеген 10 неміс, 10 ағылшын, 10 француз баласын бір бөлмеге жатқызып, әрқайсысының аузына емізік салады. Алғашқы кезде бәріне неміс тілінде жылы-жылы сөз айтады, ғұмырларына сәт сапар тілейді. Бұл кезде ағылшын, француз балалары ештеңе сезбегендей үнсіз жата береді. Ал неміс балаларының жүзіне өзгеше сипат, өзгеріс еніп, бәрі жапа-тармағай емізіктерін сора бастайды. Әлгі сөздерді ағылшын, француз тілінде айтқанда, ол ұлттың бөбектері де неміс балаларының қимыл-әрекетін қайталайды.

Бұл не? Әркімнің өз ата-бабасы бар. Әлдеқашан о дүниелік болып кеткен сол ата-баба мен оның бүгінгі ұрпағы арасында жай көзге мүлдем көрінбейтін генетикалық-ақпараттық түйсік-сана ағысы жүріп жатады екен. Кімде-кім өз ана тілінде (яғни, баба тілінде) сөйлеуді, ойлауды тоқтатқан сәтте сол байланыс шорт үзіледі және әлгі адамның тағдырына да елеулі өзгеріс енетін көрінеді. (Мұны өз ана тілінде мүлде сөйлей алмайтын, қазіргі қазақ ұлты өкілдерінің бет бейнесіндегі ұлттық ерекшеліктің шегініске түскенінен де айқын аңғаруға болады).

Жоғарыда айтқан генетикалық-ақпараттық ағыс аясында әр ұлт пен ұлыстың, тіпті жеке адамдардың да энергетикалық коды болатынын ғылым дәлелдеп отыр. Тілек-ойыңызды өз ана тіліңізде айта алмасаңыз, өзіңіз тілін қабылдаған басқа ұлттың жұлдызын жандыруға үлес қосады екенсіз.

Мен 2007 жылы әлемнің гуманистік тұрғыдағы алдыңғы қатарлы өкілдері қолдаған, дүние жүзінің 20-ға жуық тілдеріне аударылған «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» атты ұстаным жарияладым. Оған Ресейден, 95 жастағы орыс әдебиетінің сол кезгі көзі тірі патриархы, қазір марқұм С.Михалков, атақты классик-ақын Е.Евтушенко, Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры, академик Р.Рыбаков, Қырғызстаннан Ш.Айтматов, Әзірбайжаннан Парламент депутаты, белгілі жазушы Анар, Германиядан Фридрих Хитцер, Румыниядан Парламент сенаторы, Еуропа Парламенті Ассамблеясының мүшесі А.Паунеску, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі И.Тецо, Украинаның халық ақыны және халық депутаты И.Драч... барлығы 34 мемлекеттің рухани қайраткерлері қуаттап қол қойған сол «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» мынау:

«Жаһандану рухсыздығы өз

жeңісін тoйлауда.

Сoдан қазір қаншама адам бeйім

былай oйлауға:

«Мeн қай тілдe eркін сөйлeп,

oқи алам, жаза алам,

Білім, жұмыс, нан таба алам,

сoл тіл – мeнің өз анам».

Бірақ қарсы тұжырым бар oсы

адасқан байламға:

Біз жалқыны мoйындамай,

ұға алмаймыз жалпыны.

Тіршіліктe бір адамды шeксіз сүю арқылы

Адамзатты тану әрі сүюгe жoл табасың.

Жәнe әркім шын қадірлeу

арқылы өз анасын,

Ұғар oның сатылмайтын

сeзімінің бағасын.

Өз ұлтыңның тілін, салтын,

парқын сүю арқылы

Күллі әлeмдік биіккe өрлeп,

ардақтайсың жалпыны.

Сан түрлі тіл мeңгeрeміз,

айдындап oй қарқыны.

Ал ғаламдық oртақ тілсіз –

Бірлік – гүлсіз, сeнім – нұрсыз,

Бірақ ана тіліңe oның түспeу

кeрeк салқыны.

Бұл табиғи жoлдан айну қырсық

қаупін өсірeр.

ТАРИХЫҢ ТҰР САНАҢА

ӨТКEЛ ТАСТАП,

ӨЗ ТІЛІҢДE OЙЛАУ, СӨЙЛEУ

ТOҚТАЛҒАН СӘТТEН

БАСТАП

БҮКІЛ БАБА РУХЫМEН ҰЛТТЫҚ,

ГЕНДІК-АҚПАРАТТЫҚ БАЙЛАНЫСЫҢ КEСІЛEР.

ТАҒДЫРЫҢНАН АТАМҰРА

ШАМЫН СOЛАЙ ӨШІРEР.

ӨЗ ТІЛІҢДІ ЖEРСІНБEУДІҢ,

ӨЗ АНАҢДЫ МEНСІНБEУДІҢ

АРСЫЗДЫҒЫ ҚАЙ ДӘУІРДE

БOЛЫП EДІ ТАПҚЫРЛЫҚ?

OЛ – РУХИ МҮГEДEКТІК ӘРІ

ҰЛТТЫҚ САТҚЫНДЫҚ!

АЗ ҚАЙҒЫ МА, ТАЛАБЫҢДЫ

ТҮСІНІГІҢ АЛДАСА?..

МЕЙЛІ, ОН ТІЛ, ТІПТІ ЖҮЗ ТІЛ

МЕҢГЕРГЕНІҢ ДАЛБАСА,

ӨЗ ҰЛТЫҢНЫҢ ТІЛІ МЕНЕН РУХЫ

ОЙ-САНАҢА ІРГЕТАС БОП ҚАЛМАСА.

Ғасырымыз – іздeу, өрлeу,

қиратулар алаңы.

Адамзатты қарын мүддe қайда

бұрып барады?

Көлшіктeр бар сыртқа ақпайтын,

суын шeткe қимайтын,

Нe бір өзeн, нe бір бұлақ

сырттан кeліп құймайтын.

Сoған ұқсас жeкe адамдар,

тіпті ұлттар бoлады.

Oл тәуeлсіз мeнмeндіктің

бoлашағы жаралы.

Экoнoмикалық алыс-бeріс –

нарық ғасыр талабы.

Тeк аз ұлттар ділін, «мeнін»

қалай сақтап қалады?

Біз бабалар сүйегіне, сеніміне

бақ құрдық,

Бақ құрдық та, ұлтсыздық

кеңістікке ат бұрдық...

Қатеңді әбжіл түзетпесең,

толыққанды жоқ тірлік.

Ана тілін қoрғамаған,

Қoрғағанды қoлдамаған

Өз eлінe шыншыл қызмeт eтe

алмайды саналы!

Бәрін таптай бeрмeк пe әлдe

рухсыздық табаны?

Бұл сұраққа өркeниeт қашан

жауап табады?

Әлдe адам бoлашағын

тамырсыздық жeңe мe?

Бұған қайсар табиғаттың тағы өзі өнeгe:

Жантақ дeгeн өсімдік бар түйe

қoрeк eтeтін,

Тамыры жиырма, oтыз құлаш

тeрeңдіккe кeтeтін.

Қызылқұмда бeт қаратпас дoлы

дауыл eскeндe,

Құм тeңіздeй тoлқынданып,

oңға, сoлға көшкeндe,

Бар қимылы сыртқы күштің

ыңғайына құрылып,

Қаңбақ сoрлы тамырынан лeздe

oңай жұлынып,

Жeл қайда үрсe, сoлай қарай дoмалап,

Ық пeн сайды, бұта түбін паналап,

Жиі-жиі мeкeн-жайын жаңалап,

Дүниeні өз мұң-зары дeңгeйіндe бағалап,

Тамырлыға қызғанышпeн қарап

әрі табалап,

Тұрақсыз күй кeшeтіні oбал-ақ.

Даңққа бөлeп өзі ғұмыр сүріп

жатқан кeзeңді,

Жантақ әркeз oрынында қалып

қoяр eжeлгі.

Шыншыл рух дарынынан

құлқын oзған заманда

Тамырсыздық үлкeн қауіп туды

рады қoғамға...»

Осы «Тамырсыздану қаупінің тұжырым­дамасына» байланысты 2007 жылдың 7-мамырында Қазақстан Парламенті үйінде Парламент депутаттарының қатысуымен өткен, бірнеше мемлекеттің өкілдері бас қосқан, Республика Парламенті Мәжілісінің төрағасы О.Мұхамеджанов пен ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев қолдап сөз сөйлеген жиында көпшілік дауыспен қабылданып, Біріккен Ұлттар Ұйымына, ЮНЕСКО-ға жолданған Үндеуде мынандай жолдар бар еді:

«ХХІ ғасыр алдымызға бұрын ескерілмеген немесе сан қилы себептермен айтылмай келген жаңа рухани проблемаларды көлденең тарта бастады. Солардың бірі өткен ғасырларда отаршыл елдердің құрсауында болып, одан кейін де әртүрлі формациялардың әсерінен ассимиляцияға түсіп, рухынан, тілінен айырыла бастаған ұрпақ тағдыры екені айқын.

2004 жылдың қыркүйек айындағы лингвистердің есебі бойынша әлемде 6809 тіл қалыпты. Жер шарында ең көп тіл негізінен Индонезия, Бразилия, Мексика, Камерун, Үндістан, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты 8 мемлекетте жинақталған. Осылардың ішіндегі ең тілі көп, яғни 845 тілде сөйлейтін мемлекет – Үндістан. Одан кейінгі орынды 600 тілде ой толғайтын ел Папуа-Жаңа Гвинея алады. Ғаламдағы тілдердің 90 пайызын 100 мыңға жетпейтін халық тұтынады, ал 357 тілде 50-ге дейін, 46 тілде тек бір-бір адамнан ғана сөйлейді екен. Әрине, ол тілдерді толық жойылды деуге әбден болады. Өйткені мемлекеттік, елдік, тіпті тайпалық байланыс құралы болудан кеткен тілдердің бәрі өлі тілге жатады. Қаншама саны аз ұлттар жаһандану үрдісінен бірлесе қорғанудың орнына әрқайсысы жеке-жеке материалдық байлық мүддесін ғана күйттеп кетті. Ғалымдардың айтуынша, халық саны миллионнан жоғары ұлттар немқұрайдылыққа салынбай күресе білсе, өз ана тілін қорғап, сақтап қалуына толық мүмкіндігі бар екен.

Егер ассимиляцияға түскен елдер тағдырына қазақ ұлты деңгейінде шолу жасар болсақ, 300 жылға тарта уақыт бойына Ресей патшалығы мен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі жүргізген ұлтсыздандыру саясатының әсерінен және сол жойқын ағымның күшінен әлі күнге дейін босана алмауы себепті қазіргі таңда қазақ халқының шамамен 60 пайызға жуығы бір-бірімен көшеде, қызмет орнында, тіпті өз отбасында бала-шағасымен ана тілінде сөйлесе алмайтын жағдайға жетті. Ал әр ұлттың ең ұлы анасы туған тілі екенін, өз анасын сыйламаудың, мойындамау мен менсінбеудің көлеңке тұстарымен қатар қасіреті болатынын ғылым жоққа шығармайды».

Ең кереметі мынада. Еліміздің арғы-бергі тарихында, әр кезеңде өз ұлтының тілі мен рухына менсінбей, тұмсық шүйіре қараған, осы ғаламат екі байлыққа ашық түрде қарсы шыққан, қиын шақта ұлтына үлкен залал келтірген сатқын қазақтар болған. Сол адамдардың өміріне үңілсеңіз, бәрінің тағдыры трагедиямен бітуі таңғаларлық. Мұны кездейсоқтық деп бағалау әбестік».

– Жаңағы соңғы айтқан, өз ұлтының тілі мен рухына қарсы шыққан қазақтар туралы пікірің қандай дәлелдерге негізделген? – деді Шікең.

– Өткен ғасырдағы Кеңестер Одағы бастау алған Октябрь революциясы тұсында Әліби Жанкелдин атты белсенді атамыз болған екен, – дедім мен. – Сол адам билік басындағы кейбір орыс ағайындарға жақсы көріну мақсатында және өзін Кеңестер Одағының саясатына шын берілген нағыз интернационалист ретінде әйгілеу үшін фамилиясын «Степнов» деп өзгертіп, тіліне, ұлтына қарсы сөз айтуды әдетке айналдырыпты. Ана тілі мүддесін зерттеуші, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысында қызмет ететін ғалымдар өмірінің соңы трагедиямен аяқталған, туған ұлтына сөзімен, ісімен залал келтірген әлгіндей қазақтардың тізімін жасады. Сөйтіп өз ұлттық мүддесіне, тіліне тас лақтырған адамдарды зерттегенімізде жұрт жағасын ұстарлық мәліметтерге жолықтық. Тағы екі мысал келтірейін: Мәселен, Тоқтасын Беркімбаев деген философия ғылымдарының кандидаты, қаламы да төселген ғалым жігіт бар еді. Өзі менімен жерлес, Отырар өлкесінің перзенті болатын. Ара-тұра бір-бірімізді қонаққа шақырып, тәп-тәуір қатынаста жүретінбіз. Кейіннен, көресіні сол жерлесімнен көрдім. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тілі жеткенше жамандаған, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова және өзге де марқұм боп кеткен Желтоқсан қырандарын ғайбаттаған, тіл, ұлт төңірегіндегі бүкіл халық қолдаған пікірлерді көк тиынға алғысыз еткен мақалалар сериясын жариялады. Биліктегі бір басшының тікелей тапсырмасымен жазылған оның сол еңбектері «Ақиқат» журналының 17 санында бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл Тоқтасынның Желтоқсан көтерілісін зерттеу және оған баға беру туралы арнайы комиссияның жұмысын аяқтағаннан он шақты жыл кейін жасап отырған шаруасы. Ғалымның осы қылығына таң-тамаша қалмаған адам некен-саяқ шығар. Сол кезеңде Отырарға барғанымда, қасымда жүрген жігіттер қояр да қоймай ерекше көріпкелдігі бар бір кемпірге алып барды. Ол тағдырым, денсаулығым туралы айта келіп: «Осы өлкеден шыққан өз жерлесіңіз көп адамның қаны төгілген, ұлтымызға байланысты күрделі, киелі оқиғаға қарсы, біреулердің айтақтауымен ғайбат сөз жазып, өлі, тірі адамдардың қарғысына ұшырапты. Сол жігіттің екі айдан кейін топырақ астында болатынын айқын көріп тұрмын» деді. Таңқаларлығы – кемпірдің айтқаны айна-қатесіз дәл келді. Үшінші мысал ретінде – Нұрболат Масанов деген космополит жігітке тоқталайын... (Бұл арада мен Шікеңе ұлтымыздың тіліне қарсы шыққан Нұрболат сөзінің мағынасын ғана жеткізіп едім. Ал кезінде баспасөзде жарияланған, кейіннен менің «Тілсіздендіру анатомиясы» атты кітабыма енген, тіршіліктен нағыз жігіт шағында көз жұмған сол қандасымыздың сөзі мынау еді: «Казахский язык мертв. Если вы его хотите сохранить, то он может быть или музейной реликвией или языком коммуникаций. Для последнего надо перевести на казахский язык весь мировой багаж знаний, что невозможно по финансовым соображениям. Таких денег у Казахстана нет. Вывод один, и не надо пытаться спасти то, что спасти невозможно». Ал екінші бір космополит туысқанымыз одан да асып түскен екен. «Казахский язык – это язык застолья, песен и айтысов. Он был у нас на кухне, там и останется. Так зачем надевать на высохшее дерево праздничные букеты. Там должен висеть венок...» (Владимир Нусипханов, «Известия-Казахстан», 15 октября 2002 г.) Тілімізге тас атушылар өзге ұлттардан емес, өз ішімізден шығып жатса бұған теңдес қайғы бар ма?) Шіке, осы арада Сізге бір сұрақ қойсам?

– Қой.

– Орыс халқының өз арасынан шыққан, туған ұлтының тіліне, рухына қарсы бас көтерген бір орыс адамын атай аласыз ба? – дедім мен байыппен.

– Жоқ, ондай орыстың болғанын ешқашан естіген де, көрген де емеспін және әлгіндей ұлтсыздарға орыс халқының өзі де жол бермейді. Жоғарыда мысалға келтірген рухсыздық пікір білдірушілерді, балтық жағалауы елдерін былай қойғанда, өзімізбен көршілес өзбек халқы арасынан да таба қою қиын шығар, – деп жымиды Шікең.

– Ал біздің Қазақстанда, яғни, билік басындағылар үшін ұлтсыздық пен рухсыздық мақтанышқа айналған мемлекетте, өз ана тілін мойындамайтындар мен менсінбейтіндер миллиондап саналады, – дедім мен. – Енді осы арада «ұлтшыл» деген сөздің мағынасын сараптап алсақ.

– «Ұлтшыл» деп әдетте өз ұлтын өзге ұлттардан биік қоюшыларды айтпай ма? – деді Шікең.

(Сол күні түнде мен Санкт-Петербургтің Норинг баспасынан 1998 жылы басылған «Большой толковый словарь русского языка» деген сөздіктен жоғарыда қойылған сұраққа байланысты мынадай жолдарды оқыдым:

«Националист... сторонник, приверженец национализма.

Национализм, - а; м. 1. Идеология и политика, исходящая из идей национального превосходства и противопоставления своей нации другим, подчиняющая общечеловеческие интересы и ценности национальным интересам. Фашистская идеология основывалась на национализме... 2. Проявление чувства национального превосходства идей национального антагонизма, национальной замкнутости...»)

– Шіке, бірде мынадай жағдай болды. Мемлекеттік тілдің жанашырлары бас қосып үлкен жиын өткізді, – деп мен әңгімемді әрі қарай жалғадым. – Келесі күні сол жиыннан орыстілді газетке мақала берген бір шалақазақ журналист: «Выступил о проблемах казахского языка ярый националист Мухтар Шаханов» деп жазыпты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді әдебиетіміздің классиктері бар болғаны ана тілі төңірегіндегі қордаланған проблемаларды, яғни тілді сақтау, дамыту мәселесін көтергені үшін ғана «әсіре ұлтшыл» атанып, атылып кетті. Соларға тағылған кінә, міне, біздің де алдымыздан шыға бастады. Енді мына қызыққа қараңыз. Келесі бір үлкен жиында (ішінде маған «әсіре ұлтшыл» деп айдар таққан әлгі журналист те бар) мен сөз алып, былай дедім: «Мені «әсіре ұлтшыл» деп атаған, осында қатысып отырған шалақазақ қандасымды егер мен сотқа берсем, тас-талқан етіп жеңетінім кәдік. Әрі мойнына бірнеше миллион теңге айыппұл да салдыруыма мүмкіндік туып тұр. Өйткені мен қай баспасөзде, қай телеарнада, қай жиында немесе қай кітабымда, қай кездесуімде өз ұлтымды басқа ұлттардан биік қойып, әсіре ұлтшылдық, даңғойлық мінез көрсетіппін? Қай кезде мен орыс тіліне, немесе басқа тілдерге қарсы шығыппын? Шығармашылық өнерімде де, мақалаларым мен сөйлеген сөздерімде де гуманистік бағытымнан айныған адам емеспін. Кезінде ұлт, тіл аясындағы проблемалық ойларымды орыстың бетке тұтар тұлғалары, ұлы ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров, Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті Борис Ельцин, орыстың классик ақындары Евгений Евтушенко да, Андрей Вознесенский де қолдаған. Ал Ресейдің Екатеринбург қаласының жас өскіндері арнайы «Мұхтар Шаханов клубын» ашып, менің «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармаларымдағы гуманистік проблемалар төңірегінде оқушылар конференцияларын және әртүрлі пікірсайыстарын өткізуде. Бүгінгі таңда ана тілімізді мойындағысы келмейтін кейбір ұлты қазақ басшыларымызға қарсы дауыс көтерсек болды, базбір орыс тіліндегі басылымдар мәселенің байыбына бармай «ұлтшылдық» қамытын мойнымызға іле салуға әзір тұр. Егер Ресейде мемлекеттік тіл мүддесі үшін күрескендердің бәрі патриот боп есептелсе, ал біздер бейшара күйге түскен, билік басындағы космополит қазақтардың көбі менсінбейтін мемлекеттік тілімізге болыссақ «әсіре ұлтшыл» атанып шыға келетініміз қалай?

Осы сөзіме жиналғандар жапатармағай қол соғып жіберді. Маған «әсіре ұлтшыл» деп айдар таққан космополит қазақ кешірім сұрауға мәжбүр болды.

– Мейлі, қарсыластарың қанша жерден тырысқанымен саған ұлтшылдық қамытын кигізуге дәрменсіз, – деді Шікең. – Рухың бір сәтке де еңкеймесін. КСРО Халық депутаттарының екінші съезінде үлкен үзіліс кезінде, бір топ депутаттар арасында Борис Ельцин сенің орыс тілінде шыққан, мен алғысөзін жазған «Ес кітабы» («Книга памяти») атты жинағыңды сөмкесінен шығарып, айналасындағыларға: «Мына кітаптың авторы Шахановпен мен бірнеше дүркін сырластым. Тіпті мейрамханаға шақырып та әңгімелестім. Оның елімізді мекендеген аз ұлттардың тіліне, мәдени құндылықтарына болысу туралы пікірлері және бұл саладағы кемшіліктерді жолға қою туралы ұсыныстары маған ерекше ой салды. Арамыздағы өзге ұлттардың тіліне және рухани мәселелеріне болыспай біз әділетті мемлекет бола алмаймыз!» деді. Оның сен туралы пікіріне мен ризалық білдірдім.

– Иә, сол тұста мен ол кісімен жиі әңгімелесіп, сырласып жүрдім. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін зерттеу және оған түпкілікті баға беру туралы жаңа комиссияның құрылуына Ельциннің тікелей көмегі тиді, – дедім мен. – Горбачев маған: «Бұл мәселені қайта-қайта қозғай бермеңіз. Әйтпесе сіздің аузыңызды жабатын мүмкіндік табамыз!» деп қыр да көрсетті. Бірақ мен Сахаровтың ұсынысымен 110 КСРО Халық депутатына қол қойдырдым. Оның 90-ы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі еді. Ішінде өзіңіз де барсыз.

Жоғарғы Кеңес мүше­лерінің төрттен бірі қол қойғандықтан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы арнайы комиссия құру КСРО Жоғарғы Кеңесінің күн тәртібіне талқылаусыз кіргізіледі екен. Әрі комиссия мүшелігіне енуге Ельцин мен Сахаровтың келісім бергенін естігенде Горбачевтің зәресі ұшты.

– Менімше, Горбачев досымның ең үлкен қателігі сені комиссияның тең төрағасы етіп бекітуінде. Өзің сияқты бірбеткей жігітті негізгі бағытынан трактормен сүйреп бұру мүмкін болмайтынын ол қайдан білсін? – деп қулана жымиды Шікең.

– Өзім тракторшы болғандықтан, тарту мен жұлқудың едәуір түрінен хабардар жүретінім белгілі емес пе? – дедім мен әзілмен. – Бірақ сол жасырын шайқаста Ельцин мен Сахаров мені қолдамағанда, комиссия мүшелігіне енуге екеуі де келісім бермегенде, олардың мұндай пиғылын Горбачев білмегенде және екеуінен, әсіресе Ельциннен қатты қауіптенбегенде, Желтоқсан көтерілісінің мақсаты мен мүддесі Қонаев бастаған топтың құйыршығы қатары бағаланып, тарих сахнасында мүлде күлкілі күй кешері анық еді. Тіпті ондай құжатты Қазақстан билігі жасырын түрде әзірлеп те қойыпты. Осы күні аузымен орақ оратын кейбіреулер сол кезеңнің жүйесіне мүлде сыймайтын қияли ой-пікірге барып жүр. Егер мен КСРО Президенті Горбачевтің нөмірі бірінші қарсыласы Ельцинді өз жағыма бұрмағанымда, Кремль мінбесінен билікті қатал сынға алған сөзімнен кейін-ақ жан-жақты ойластырылып құрылған, ішіне сол оқиғаға кейбір кінәлі адамдар енген Қадыр Мырзалиев басқарған комиссияның Горбачев-Колбин басшылығы ұйымдастырған қанқұйлы істерді түбегейлі ақтаған шешімі салтанат құрары айдан анық болатын. Егеменді ел атанғаннан кейін де, дәл бүгінгі күнге дейін де ештеңе өзгере қоймас еді. Міне, мәселенің ащы шындығы қайда жатыр?

– Бұдан шығатын қорытынды: қазақ халқы белгілі мөлшерде Ельцинге және саған қарыздар! – деді Шікең. – «Құз басындағы аңшының зарына» жазған алғысөзімде де, баспасөзге берген сұхбаттарымда да, телеарналар арқылы айтылған пікірлерімде де сені нағыз халық батыры ретінде бағаладым...

– Желтоқсан шындығы­ның дәл қазіргідей мазмұнда тұрғаны үшін халқымыздың Ельцинге қарыздар екені рас, бірақ маған қарыздар емес! Менің ісімде ешқандай батырлық жоқ!

– Неге? – деді Шікең үдеріп.

– Мен бар болғаны азаматтық борышымды ғана орындадым. Менің орнымда еліміздің кез келген еркегі осылай жасауы тиіс еді, – дедім қызынып. – Ал батырлық атаққа келсек, өзіңіз білесіз, мен Қазақстан мемлекеті атынан берілетін барлық марапаттардан, ішінде «халық қаһарманы» да бар, бас тартқан адаммын. Бұл арада ұстанған жеке тұжырымым мынау: «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу, құрмет дәметпеуі керек. Рас, Отан да өзінің дараланған, жанқиярлық мінез танытқан перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ ол өте әділетті болуы қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Қазақстандағы кез келген заңдастырылған, немесе заңдастырылмаған ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді».

– Бұл арада сен бәрімізге үлгі-өнеге көрсетіп отырсың. Әттең біз оңбай кешіктік... – деп Шікең басын қасыды.

– Бірақ басқа мемлекеттердің әдеби шығармашылығымды, қоғамдық істерімді бағалаған сыйлықтарын аламын, – дедім мен. – Бүгінге дейін жиырмадан астам елдердің әртүрлі марапаттарын иеленіппін. Әйтсе де бұл жағынан сіздің шаңыңызға да ілесу қиын...

– Сыйлық демекші, бірде маған сендердегі белгілі кәсіпкер Болат Әбілов телефон соқты, – деді Шікең ойлана. – Қазіргі биліктің көлеңке жақтары, демократиялық көзбояушылықты мақсат тұтып алғанымыз жайлы пікірлері маған ұнады. Негізгі әңгімесі сен туралы болды. Кілең кәсіпкерлер бірлесіп, әдебиет пен өнердің алдыңғы қатарлы адамдарын марапаттап тұру үшін қоғамдық негіздегі «Тарлан» атты сыйлық бекіткен екен. Сен өзіңе берілуге ұйғарылған сол сыйлықтың «түбі таза ма, таза емес пе?» деп күмәнданып, «алмаймын» депсің. Болаттың тілегіне орай, «Кәсіпкерлердің шығармашыл адамдарға деген көңілін суытпа» деп мен саған өтініш жасадым.

– Сіздің өтінішіңізден кейін – дедім Шікеңе, – Болат Әбілов маған хабарласты. Мен оған: «Бір сұрақ қояйын. Егер әділ жауап берсең ұсынған сыйлықтарыңды алайын, әйтпесе өкпелемейсің. Менің қояр сұрағым мынау: Бірнеше кәсіпкер бірлесіп сыйлық тағайындапсыңдар. Мұны игілікті іс ретінде бағалайық. Бірақ осы кезге дейінгі жиналған кәсіпкерлік байлықтарыңның және мынау әдебиет, өнер қайраткерлеріне бөлген сыйлықтарыңның 20 пайызы емес, 10 пайызы емес, 5 пайызын адал маңдай терлеріңмен, таза еңбектеріңмен таптым деп айта аласыңдар ма? – дедім. Болат Әбілов ойланбастан: «Жоқ» деп жауап берді. Бәрекелді, шындығыңды жоғалтпаған жігіт екенсің! «Сыйлықтарыңды аламын!» дедім.

Кезінде 150 қазақстандық ұлтсызданған кәсіпкер бірлесіп, қазақ ұлтына және өзге аз ұлттардың тіліне, рухына нүкте қою мақсатында, бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтты» қолдап, үндеу қабылдаған болатын. Кейіннен, сол 150 кәсіпкердің ішінен бір-ақ адам, Болат Әбілов қана бұл шаруаның тікелей биліктің тапсырмасы арқылы жасалғанын, өзінің сол рухсыз қағазға қол қойғанына қатты өкінетінін айтып, қазақ халқынан кешірім сұрады. Мұны азаматтық мінез деп бағалаған жөн шығар.

– Азаматтық қана емес нағыз еркектік мінез, – деді Шікең. – Өзің көп айта беретін космополиттік ағымнан шығып, ұлттық арнасына қайтып жатқандарға оң көзқарас қалыптастырған пайдалы. Енді саған қояр бір сұрағым бар. Ельцинмен кейінгі қатынасың қалай болды?

– Ельцин Ресей Федерациясының Президенті боп сайланғаннан едәуір уақыт кейін де КСРО халық депутаттары әлі тарай қоймаған еді, – дедім мен сабырмен. – Кремльдің Съездер сарайында бір үлкен жиын өтті. Ельцин сахнаның сол жақ шетінен Төралқаға қарай кетіп бара жатты. Мен алдыңғы қатарда отырғанмын. Жұрттың бәрі жақында ғана сайланған Ресейдің тұңғыш Президентіне орындарынан тұрып қол соқты. Ол кенет бірінші қатарда жұртпен бірге түрегеп қол соғып тұрған мені көріп қалды да, үлкен баспалдақтан төмен түсіп, біршама жер жүріп, қасыма келді. Бауырына қысып, бетімнен сүйді де басқа ешкімге қол ұшын берместен, төралқаға қайта көтеріліп кетті. Менен сәл арыректе Одақтас республикалардың басшылары және өзге де саяси тұрғыдан алғанда беделді адамдар отырған. Кейбір қазақстандық жерлестерім қызғаныштан жарылып кете жаздаған шығар. Солардың бірі: «Мұха, Ельцин дәл мынадай құрметті ешкімге көрсеткен емес. Оның қайсар жүрегін немен жаулап алып едіңіз?» деді. Иә, Ельцин мұндай қадамға неге барды? Әлде Желтоқсан көтерілісіне жұрт назарын аудармақ болды ма, немесе ақындығыма көрсеткен құрметі ме? Әйтеуір марқайып қалдым. 1993 жылы Назарбаевқа ілесіп Хельсинкиге барғанымда біз қатысар халықаралық жиынға Ельцин де келген екен. Үзіліс кезінде қаптаған журналистер арасынан әрең шетке шығып бір жарым, екі минут шамасында ғана әңгімелестік. Мен оған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бұрынғы Кеңестер Одағындағы ауқымы және рухани маңызы жағынан тұңғыш демократиялық қозғалыс болғанын айта келіп, осы күрделі оқиғаға саяси, халықаралық деңгейде баға берердей еларалық конференция өткізу қажеттігін айттым. «Идея дұрыс, бірақ мұны қазіргі басшыларыңыз қолдай ма? Проблема осында!» деп жымиды ол. «Сөйлесіп көрейін» дедім мен. Бұл жолғы қысқаша ғана әңгімеміз Желтоқсанмен басталып, Желтоқсанмен тамамдалды...

Нақ осы сәтте қасымызға екі-үш жігіт келіп альбомды таныстыру рәсімінің аяқталғанын, екеумізді қо­нақасыға шақырып жат­қанын хабарлады. Бізді, қасымызда Элдар бар, төрге апарып отырғызды. Тамаққа енді бас қоя бергенімізде жүргізуші Шыңғыс Айтматовқа сөз берілгенін хабарлады. «Мен сөйлемей-ақ қояйын, екеуміздің атымыздан өзіңіз тілек айта салыңыз» деп мен Шікеңе сыбырлап үлгердім.

Шікең Қуат Шілдебаевқа жылы тілек білдірді де: «Осында менің досым Мұхтар Шаханов қатысып отыр. Сөзімді сол ақын бауырларыңыз жалғастырады» деді. Шікеңнің өтінішімді неге назарға алмағанына онша түсінбеген мен микрофон алдына барып, Қуат Шілдебаевтың киноға жазған музыкаларына жоғары баға бере келіп, альбомның тұсаукесеріне қатысқан қазақтардың басым көпшілігі өз ана тілін, яғни мемлекеттік тілді мойындағысы келмегенін, оның үлкен жаңғырығы, рухани зардабы да болатынына кеңірек тоқталып өттім.

– Ал, Мұха, енді қайтайық, – деді Шікең тамақтанып алған соң. – Ертең, өзің жиі айтатын «Алматы тауықтарының жұбайлары – ұйқысыз, сергек қораздар бірінші рет шақырғанда» Мәскеуге ұшуымыз керек...

Екеуміз мәшинеге отырдық. Элдар бір шаруасы бойынша кідіріп, кейінірек баратынын әкесіне ескертіп жатты. Жол-жөнекей мен:

– Шіке, жарыңыз қасыңызда жоқ. Элдар да шаруасымен жүр. Ертерек барғанда не істемексіз? Жатасыз көзіңіз бақырайып. Одан да біздің үйге соғайық, – дедім.

– Мейлің. Қаншайым, Ай­шөрек үйде ме екен? – деді ол.

Жалма-жан Қаншайымға ұялы телефоны арқылы хабарласып едім, ол өзінің Тастақ базарында, үйге жеміс-жидек алып жүргенін, ал Айшөректің құрбыларымен киноға кеткенін айтты. Тіпті сол күні ұмытып, үйдің кілтін де алмай шыққан екенмін. Әйелдің базардан оралуын күтіп тұру үшін ең кемі 40-50 минут уақыт керек. Қап...

Мәшине біздің үйдің тұсына келгенде:

– Көрдің бе, өмір өз дегенін істейді. Енді осы арада қоштасайық, – деді Шікең күлімдеп.

Мәшиненің артқы орындығында отырған екеуміз құшақтасып қоштастық. Шікең мені ұзақ уақыт құшағынан босатпай тұрды. Біртүрлі көңілім босап жалғызсырағандай күй кештім. О тоба, дәл сол күннің ең соңғы кездесуіміз, ең соңғы әзілдесуіміз, ең соңғы сырласуымыз және ең соңғы қоштасуымыз болғанын қалайша сол сәтте аңғара алмадым екен?

(Жалғасы бар)