Нұртай Сабиляновқа алғыс айтсам деп едім

d181d0b0d0b1d0b8d0bbd18cd18fd0bdd0bed0b24

Менің қолыма қалам алған себебім, халық қалаулысы, Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Н.Сабиляновқа үлкен алғысымды білдіру. Мен 1-ші топтағы мүгедекпін, жасым 32-де. Тағдырдың тауқыметі болар, екі бірдей бүйрегім зақымдалып ауру азабын меңдеткен шақта жақыннан жәрдем беретін жанашыр жандарды іздейді екенсің. Алыс-жақын шет елдерге бүйрегімді ауыстыру үшін бар қаражатымды шығарып, емделуге ниеттенсем де «қысқа жіп күрмеуге» келмей, қиындықтың қыспағында қалдым. Жай адамға Үкіметтің жеңілдіктерін (квота) алу мүмкін емес. Жылдап кезек күтуге тура келеді екен. Баспаған тауым, ашпаған есігім жоқ. Халық қалаулысы Н.Сабиляновтың үнемі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп жүретінін телдидардан көріп, газет-журналдардан жиі оқитынмын. Әрдайым халық қамын ойлайтын азаматтың шапағатты істері өте көп. Мәселен, көктемдегі Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған су тасқынынан зардап шеккен халыққа әлеуметтік көмек жасағаны жұртшылықтың есінде. Осы қайғылы қарсаңда Сабилянов мырза еңсесі түскен ел ішінде болып, олардың хал-ахуалын ұғысты. Осындай ізгіліктерін көріп, қатты қиналғанда Н.Сабиляновтың алдына бардым. Ол кісі жылы қабылдап, барлық жағдайымды тыңдап, Қазақстанның заңы аясында мағлұматтар берді. Қолынан келгенше көмектесетінін айтты.

ҚР Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне жазған хатының арқасында сең қозғалғандай болып, комиссияның назарына іліндім. Нұртайдың осы азаматтығы марғау тартқан көңіліме үлкен медеу болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақтың мақалын бетке ұстай отырып, қасиетті Рамазан айында Алланың нұры жаусын деген алғыс айтқым келді. Қанша депутаттардың алдарына барғанымда қабылдамақ түгілі, сөйлеспейтін еді. Нұртай Сабиляновтың жұмыстарына жеміс, еңбектеріне табыс, мықты денсаулық тілеймін!

Ж.ШӘКУОВ