Ерелхан ӘБІШЕВ, әнші, сазгер: Таланттардың шақырылмауы жанға батады

Кеше ғана шырайлы Шымкент қаласында Шәмшінің үлкен алаңы ашылды. Бұған өте қуаныштымыз.

Оңтүстіктен шыққан әр сазгер, әр әншінің жұлдызы жарқырады деп естідік. Бармай-ақ қояйын деген енжар ниеттен емес, шақырусыз қалған соң бармадық. «Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» деген тамаша сөз бар ғой қазақта. Әйтпесе Оңтүстік өңір өзіміздің туып-өскен жеріміз ғой. Жалпы өз басым біреуден орынсыз сый-сыбаға дәметкен емеспін. Шәмші тойынан кейін, өнерге де қырын қарайтындар пайда болыпты-ау деген ойға қалдым. Бізден кейін шыққан Ахмат, Шахмат сияқты өзбектің әншілері тосыннан елге «еңбек сіңіріпті». Бұған қалай таңданбасқа! «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» дегендей, әріптестерімнің ескерусіз, шақырусыз қалғаны жаныма қатты батты. Шәмшінің дүбірлі тойына елге танымал әншілер Бақыт Шадаева, Шаһизада, Досым Сүлеев,  бұл тойға барулары керек екен. Ал іс жүзінде Бақыт пен Шаһизадаға жолсапарлары үшін ешқандай қаражат қарастырылмаған. Ол екеуінің келе алмағаны үшін өнердегі бүкіл еңбектері жоққа шығарыла ма?  Ол екеуінің «келмегені» мәдени бастықтарға жақсы – орнына танымал емес таныстарын тығып жіберген… Ол ол ма, әлемдік ақын Қазақстанның халық жазушысы, саңлақ сазгер Мұхтар Шахановтың «Жұлдыздар аллеясында» жоқтығы тіптен ұят.  Бұл той мемлекеттің іс-шарасы болғаннан кейін, Оңтүстіктің тумасы болған өнер адамдарына үлкен шаттық, күтпеген қуанышын ала келуі керек еді. Өкінішке орай олай болмады.Екі әнші қыз Оңтүстікке өкпелі. Сонымен, «Маған бәрібір» деген тірлікті Оңтүстіктің мәдениет саласындағы шенеуніктері тағы да бір халыққа паш еткендей болды. «Маған бәрібір» деген әдет ұрлықтан да жаман екенін әкім-қаралардың есіне салғым келеді.

Өнер адамының көңілі – сәби көңіл. Болымсыз нәрсеге қуанып, болымсыз нәрсеге төбесі көкке жеткендей қуанады. Мұндай нәзіктікті, өнерге деген шын бағаны, сый-құрметті жұмсақ креслода отырған «көкелер» қайдан білсін! Олардың жауапсыздығы мен сауатсыздығы тыңғылықты жасалмаған қызметтерінен-ақ айғақталып тұрмай ма? Түйіп айтарым – Оңтүстіктің өр мінезді таланттарына үстірт қараған шенеуніктер жауап беруі керек...