«СҰҢҒЫЛАНЫ» ЖАҒЫМДЫ СӨЗ ДЕГЕНДІ ҚҰПТАМАЙМЫН

d0b7d0b0d180d0b0d0b7d0b8d185d0b05

Құрметті редакция, менің мақаламдағы сұңғыла сөзіне байланысты бір топ жастарымыз сын айтқан екен. Бұл жолы соларға төмендегі жауабымды жіберіп отырмын. Қаласаңыздар газет бетінде жарияларсыздар.

                                                                                                                 Құрметпен Е.Сұлтанмұрат.

 

Жастарымыздың тіліміздің тазалығы туралы талпынысы қуанарлық жәйт. Дегенмен сіздердің уәждеріңізді шамалы талдап көрейік. “Сонда қауынға қаптарлас шыққан тағы бір қауын сабағын автордың сөзі бойынша арамшөп деуімізге бола ма?”, - депсіздер. Болмайды. Өйткені сұңғыла өсіп тұрған қауынның тамырынан арамтамақ ретінде нәрін сорып, оған у жібереді. Ал қауынның қасынан қауын шықса да, олар бір-бірінің нәрін сормайды, бірін-бірі уламайды, сөйтіп екінші қауын сабағы арамшөп бола алмайды. “2.Сұңғыла шөбі – Қытай, Тибет медицинасында бауыр ауруларын емдеуге істетілетін дәрілік шөп. Қазақ емшілігінде де дәрі шөп ретінде бағаланады.”, - депсіздер. C ұңғыла арам шөбі дәрі ретінде қолданылуы ықтимал. Дәрінің көпшілігі аз мөлшерде дәрі, ал дәрі ретінде ұсынылған мөлшерден асып кетсе у. Сондықтан сұңғыланың дәрі ретінде пайдаланылуы оның арамшөп екендігіне шүбә келтіре алмайды.

“Автор Оңтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті диалектте айтылатын сұңғыла ұғымына байланысты қате түсінікті мақаласына енгізіп жіберген, бұл диалект сөз барша қазақ атауына уәкілдік ете алмайды.”, - депсіздер.

Халқымыздың едеуір бөлігі, екі миллионға жуық қазақ тұратын облыстың халқы “қате түсінікті” деу өте орынсыз. Бұл облысты ұлтымыздың демографиялық діңгегі деп бекер айтпаған. Егер қазақша-орысша сөздіктердің көбінің бетін ашсаңыз “сұңғыла – заразиха” деп аударылған. Ал заразихаңыз ең бір сұмпайы зиянкес арамшөп.  Заразиха, яғни сұңғыла туралы өздеріңіз оқып аларсыздар. Жастарымыз айтып отырғандай сұңғыла жағымдысымақ  мағаналы сөз ретінде де пайдалынылады екен. Бірақ бұл құптарлық жәйт емес. Сонда да енді сіздердің пікірлеріңізбен танысқан, мақалада сөз болған жылпос қазылар өздерін сұңғыла деп жақсы жағынан сипаттапты деп қуанып та қалар. 

Кейінгі жылдары тілімізге өздерін ерекше білгір етіп көрсеткісі келетін адамдар әртүрлі орынсыз сөздерді олай да, бұлай да тықпалап жүр. Соның бірі мысалы ретінде осы сұңғыланы жағымды жағынан қолдануды айтуға болады. Қалай болған күнде де сұңғыла сөзі сұмпайы арам шөпке байланысты айтыла бастаған. Мақаладан көрініп тұр, сұңғыла сөзінің бұл жолы қай мағынада қолданылғаны.

Сұңғыла тұралы сұхбатты астаналық Нұргүл Шадиярова деген қарындасымыздың интернеттегі сипаттауымен аяқтайық: “Қауын арасында өсетін арамшөпті сұңғыла деп атайды. Бірақ сұңғыла – қауынсыз да өзіне қолайлы жерлерде өз бетінше өсе беретін өсімдік. Ол өзі өсіп тұрған жердегі жемістерді, көкөністерді дәмсіздендіріп тастайды. Себебі өсімдіктердің бар нәрін өз бойына жинап алады. Сұңғыла аталуы да сондықтан болар. Ал «сұңғыла» сөзінің екінші мағынасы адамдарға қатысты. Біріншісі «тез сезе қоятын, зерек, зерделі» деген сияқты жағымды мағынада болса, екіншісі «қу, пәле, залым» деген жағымсыз мағынада айтылады. Екі мағынада да адамның ұтымды қимылы сұңғыла шөптің қасиетіне ұқсас болғандықтан, осындай теңеу пайда болғаны белгілі.” Көріп отырғанымыздай Нұргүл ат төбеліндей халқымызды бөліп, кемсітпей, бір өзі-ақ орынды жауап таба білген.

C онымен құрметті жастарымыз бұдан былай біреулерге ескерту жасардан бұрын тақырыпты зерттеп алғандарыңыз жөн.

 

                                                                                                        Құрметпен, Ерментай ағаларыңыз.