Қазақ ұлтының басына бұлт үйірілді ...

d0bad0b0d180d180d0b8d0bad0b0d182d183d180d0b0-1

Шетел миллиардерлері жыл сайын бір рет ең ауыр жұмыстарға өздігінен жегілетін үрдістері бар. Бірде қап арқалап жүрген миллиардерді танып қалған адам: - Ойбай пәленше мырза, Сіз мұнда неғып жүрсіз? - депті. Сонда миллиардер: - Соңғы уақытта біраз аспандап кетіп едім, жерге түсу үшін қап арқалап жүргенім ғой, - деген екен. Ал біз әлемнің қазба байлығына бай елміз дегенімізбен, байлық иелену мәдениетіміз қалыптаспаған. Қайта керісінше сәл байлықтың шетіне қолы тисе, көтере алмай, адамның бетіне түкіріп нұқып сөйлейтін, адамды малша көретін анайы түсінік өршіп кетті. Осындай ұлан-асыр байлықтың үстінде жүріп бай болу мәдениеті бізде қалай қалыптаспағанына таң қаламын.

***

Қазір халықтың жанына ең қатты тиіп тұрғаны - барлық салалардың монополияланып кетуі. Халықтың азын-аулақ күн көріп отырған кәсібіне дейін монополия келіп несібесінен қағып жатыр. Әр-әр жерден халықтың бас көтере бастауы осының белгісі. Әйтпесе кәсібі болса мұндай үрдіс басталмас еді ғой. Бәсеке жоқ жерде даму болмайтынын бәріміз біле тұра монополияға жол беріп отырмыз. Егер де кез-келген салада бәсеке дамысын деп тіршілік істей бастасаң, «пәленше көкенің саудасына немесе табысына кедергі келтіресің» деп түрлі жолмен «тынысыңды» тарылтып тастайды. Сосын тіршілік істеп көр. «Өз бетіңмен күн көріңдер» дейді де өз бетімен күн көруге де мүмкіншілік бермейді. Әр жердің, әр саланың өз монополисі бар. Олар бір жүйеге қызмет етеді. Қазір халықтың өз бетімен күн көруге де шамасы жетпей басы әбден қатты. Соның кесірінен тарихта көрмеген азғыншылық істерге де баруға еті үйреніп қалды. Егер сенсеңіз, ол салаларда да монополия пайда болып, лас кәсіптері де ұзаққа бармаған көрінеді. «Көзі қарайғаннан қорық» демекші халықтың енді көзі қарая бастады...

***

Халықтың билікке деген сенімі уақыт өткен сайын азайып келеді дегенімізбен көнбіс халқымызда биліктің ертегісіне де сенімі күшейіп келеді. Менің ойымша мұның себебі халық пен билік арасын байланыстыратын топтардың қалыптаспағанында. Яғни халықтың жанын жүрегімен түсінетін, халықтың арғы-бергі тарихын, мәдениетін меңгерген, тарихына, рухына тамыр жіберген, билік пен халық арасындағы адамдар жоқ. Бәлкім оған элита деген түсінік берсек те артық болмас. Ал, Қазақстандағы халықтың түсінігіне қарап элита деп танымал адамдарды атайды және адамдарға танымалдығына қарап баға береді. Бір таңқаларлығы, халықтың жанын түсінетін адамдар халықтың ішінде болғанымен билікте кездеспейтіні, кездессе де қызмет-мансабын жоғары қоятын биліктің ыңғайына кетіп қалып жатады. Қазіргі кезде билікте бірде-бір зиялы шенеуніктің болмауы халықтың ашу-ызасын  шақыра бастады. Бұл үрдіс халықтың билікке деген сенімін жоғалтуға бастайды. Себебі халықтың жанын түсініп, мұң-мұқтажы үшін күресе алатын билікте бірде-бір тұлғаның жоқтығына елдің көзі жетті.

***

Ағаларымыздың билікте отырғанда елдің байлығын тонауға немесе қандай да болсын тек қана байлық жинауға жұмсаған күш-қуаты, уақыты құмға сіңген су секілді екенін уақыт дәлелдеді. Барлығы биліктен кеткен кезде байлығы да қоса кетіп жатады. Егер де ел, жер үшін қызмет етсе биліктен кеткен кезде байлық, бақыт өзі-ақ іздеп табады.Тәуелсіздік алғалы бері түйені түгімен жұтқандар қазір қайда, қандай күй кешіп жүр? Өмірде қандай ізі қалды? Ешқандай да. Билікте отырғанда елге қызмет істеудің орнына байлыққа қызмет еткендерде қазір атақ-абырой да, байлық та жоқ. Менің ойымша осы көз алдымызда болып жатқан жағдайдан АҒАЛАРЫМЫЗ сабақ алса деймін.

***

Кеңес Одағы кезінде адамдар мемлекетке адалдығын дәлелдеу үшін барын, жанын салып қызметке ұмтылатын. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қызметкерлерге де «крыша» болған рэкетир болуға ұмтылды. Кейіннен қызметкерлерді қуыршағына айналдырған бизнесмен болуға ұмтылды. Енді қаржы дағдарысынан кейін кеңес кезіндегідей қайтадан қызметкер-шенеунік болуға тырысушылық үрдіс қалыптаса бастады. Тарих – дөңгелек қайта айналып келер деген осы болар.

***

Санамыздың қараңғылығынан тәуелсіз ел болғанымызға 20 жыл өтсе де мемлекеттілік түсінігі және мемлекеттік құрылымдар жүйеленбей, қалыптаспай отыр. Бізде қазір тек қана билік тармақтары ғана мықтап күшіне енген. Сондықтан да командалық билік тармақтары кең етек жайып келеді. (Халықтың өмір сүру қалпына әсер ететін және қалыптастыратын күшті «билік сатысы» деп айтуға болады.)

Қазақстанда ең жаман қалыптасқан үрдіс  - ғылымның барлық саласының өзі биліктің сатысына айналып барады. Тіпті медицина саласы ауру-сырқаудың неше түрімен үрейлендіру арқылы халықты басқару үрдісін шығарыпты.

***

Қазір қазақ ұлтының басына бұлт үйірілді. Себебі жастардың жеке құқына, жеке ар-намысына тиіп әңгіме айтсаң, полициядан бір-ақ шығасың. Ал ұлттың құқына, ар-намысына тиіп әңгіме айтсаң, былқ етпейтін болыпты. Бұл қазіргі жағдайға шынайы баға. Ешқандай қоспасы жоқ. Құлдықта жүрген кеңес заманында жастар, әсіресе ер балалар жеке құқына, ар-намысына тисең, милицияға арыздануды ар көріп, өзі қорғайтын. Ал ұлттың атына кір келтірсең, сыбағаңды беретін. Парадокс. 

***

Заң қабылдау ісіне бір ұсынысым бар. Қоғамдағы жағдайға сәйкес заңдарды қара халыққа және шен-шекпенді, бай-бақуаттыларға арнап екі түрлі заң шығару керек. Себебі қазіргі қабылдап жатқан заңдарымыз тек қара халыққа ғана арналған. Халықтың арасындағы тәртіпті осы заңдармен реттеп отырмыз. Ал бұл заңдар ешқашан лауазымды, бақуатты адамдарға қолданылмаған. Сондықтан болар олардың арасында тәртіпсіздік күшейіп барады. «Балық басынан шіриді» демекші оларға арнап арнайы заң шығарып, араларындағы жөнсіздікті реттемесек болмас.

***

Бұрындары газетте бір мәселе көтерілсе, оны көптеген мемлекеттік органдар жабыла тексеріп, нәтижесін жариялап жататын. Газетке материалдың жариялануынан қорқатын. Қазір бәрі керісінше.

***

Қазақтың болмысын тек қазақ қана сомдай алатынын бәріміз білеміз де, неге соны «Қазақфильм» білмейді? Қанша жерден шебер актер болғанымен қазақ бола алмайды ғой. Жәй қарапайым қазақтың рөлін ғана емес қазақтың басты тұлғаларын да өзге ұлт ойнап келеді. Мысалыға Абылайханды, Махамбетті, Мұстафа Шоқайды, т.б., осылай ұзын-сонар тізімге жалғасып кете береді. Өнерден бұрын бірінші кезекте ұлттық, рухани құндылық жоғары тұруы шарт.

 

Пазылбек Абсаттар

 

Ғашық шәкірт

(Пазылбекке)

Сыралғы тартып, сыр айтам,

Ырғалған баяу кеште мен.

Ешкімге әлі айтпаған,

Ешкімге әлі шешпеген!

Өмірдің жүзі ақ айдын,

Толаспай күндер зулайды.

Бар мұнда қайғы-бақытың,

Әрине, онсыз болмайды...

Жармасқан жал-жал толқынға,

Айнала бәрі шарасыз.

Жан шыққан кезде тал қармар,

Сондықтан олар намыссыз.

Ал, сізде жігер сақтаулы,

Парасат, пайым, ақ арман.

Сол үшін менмін мақтаулы!

Сол үшін сізбен мақтанам!

Қайраты құм боп іркілген,

Тым ұсақ тартты-ау адамдар.

Егілген ел деп ілкіден,

Сіз артқан жүк те ауырлау...

Міне, алда талай асу бар,

Күрес те күртік бітіспес.

Сіз емес бірақ жасылар,

Сіз емес бірақ егеспес.

Тәлімдер сізден ақыл көп,

Кемі жоқ ешбір мысқалсыз.

Мен сізге мәңгі шәкіртпін,

Сіз маған бақи ұстазсыз!

Болар деп жарқын ертеңі,

Тастар деп артқа көп ізді.

Сенімді еткен желкені,

Ескегі еткен үмітті,

Бір соққан екі жүректі,

Бір мінген сезім кемесін,

Сақтай көр, Аллам, үнемі

Іңкәрлік қана тербесін!

 

Гүлмира Қалдыбайқызы

Астана