ҚИЯЛДАУҒА БОЛА МА?

d29bd0b8d18fd0bbd293d0b0

Бастың амандығы үшін бәрін де о баста сұрап алу керек. Алаңда бес-алты кісі ошарыла қалса ойқастап он шақты полицай жетіп баратынын, сұрақтан өрмекшінің торын құрып жіберіп: «Кімсіңдер? Алаңның тынышын кетіріп, слушайте, қайдан, неге келдіңдер?..» деп қыспаққа алатынын жиі көріп жүрміз, ендеше абайлау керек. Мен соны ұйықтап жатқанда да есімнен шығармай, тіпті көшеде түшкіргім келгенде де рұхсат алу үшін полицей іздейтін әдет таптым. Қиялдасам қалай болар екен деп қиналып отырғаным да сондықтан. Мен де доптай домалақ басы бар, Қазақстанның азаматы делінген қалың құжаты бар көптің бірімін, бірақ ешбіреудің ізін сипаламай, өзімше қиялдағым келеді, оның салдары қандай болса да, ешкімді іліп кетпей, өзім ғана көрейінші деймін!

 

Ең бірінші қиялым:  Есігімнің алдында екі-үш метрлік ескерткішім тұрса!.. Алматыдан бір мың шақырымдағы Өскеменіме орнатқаннан не пайда, ондағылар тоқтап, ойланып қарар уақыт таппас та, ал мұнда бала-шағам, келімді-кетімді жолдас-жораларым, туған-туысқандарым, көрші-қолаңдарым, поштабай келіншек  бар, бірі ай сайын, бірі апта сайын, бірі күн сайын көріп жүреді! Ниеті түзулер, мәселен, туған күнімде гүл шоғын әкеліп қояр. А?.. Бұл қайсысың?..  «Тірі кісіге»?..  Өй, сен біртүрлі екенсің, тірі кісіге ескерткіш қойылғанын көрмей, немене, Алатаудың арғы жағында жүр ме едің? Айтпақшы, онда да ескерткіш бар! Сен өзі... «Саған ескерткішті кім қояды?» десең, оның бірсәрі. Кім қоюшы еді, ешкім де қоймайды. Не сол, не оң жағымда, не алдымда, не артымда миллионер біреуім жоқ. Швейцариянікі, Американікі тұрғай, өзіміздің ықшам аудандағы шағын банктің қай жерде екенін білмеймін. Қоластымда қалталары қампайған, алды ұшақ, соңы қосарлап тұлпар «Тойота» мінген, ертеңді-кеш қабағымды күзетіп, түшкіріп қалсам: «Сіз аман-есен болыңызшы! Жүз жасаңызшы!» деп жыларман болуға кезек алып жүрген жалбақайлары бар нән бастық та емеспін. Зейнетке шығарымда балаларым ақша қосып, «қиналмаңдар, маған қымбат силық керек емес!» дегеніме қарамай, әупірімдеп алып берген «Жигули» мәшінімнен басқа мүлкім де жоқ. Яғни...

Екінші қиялым.  Жекеменшігімде  зауытым болса! Мысалы... бізге немене шығаратын зауыт тиімді, а? Біреуіне еліктейін, қосылайын десем, Қазақстанымда көзге көрінер бірдеңе шығарып жатқан зауыт жоқ, не керектің бәрін қарызданып-қауғаланып шеттен алып омалып отырмыз. Әйтседе, әйнек жасайтын зауыт артық болмас еді, өйткені Алматыда, Астанада, өзге қалаларда да сорайған көкала, қоңырала, бозала шыны үйлер шыбын-шіркейден де көбейіп барады, олар шытынамай ма, сынбай ма?!  О, әне, сол кезде менің шыныларым соңғы жылдары қыз-қырқын, кемпір-кепшек жарыса киіп жүрген әлгі ышқыры бар ауы жоқ  жарғақ  шалбардан да өтімді болады! Үш бөлмелі үйімді доллар-евро басып қалады! Содан соң мен балаларым мен немерелеріме Медеу мен Шымбұлақтың сай-саласына хан сарайларын салып беріп, уәй, аспандаймын-ау!.. Бірақ сыңсыған алма бағы оталып, сығылыстыра  алтын-күміс сарайлар салып тасталған маңда менің итіме үйшік тігер жер табылса десеңші, - вот проблема қайда?!. Но, тіпті солай болған күннің өзінде, мен өкінбеймін! Біздің өмірдің бүгінгі қожайыны кім, не? Ол – ақша! Олай болса, мен ұлдарым мен келіндеріме, қыздарым мен күйеубалаларыма Англияның, Францияның, Американың, Түркияның, тағы қайсысы бар, - бәрінің кезкелген курортты жерінен вилла сатып әперемін!.. 

Үшінші қиялым. Экономикасы екпінді, табиғаты тамаша бір облысқа әкім болсам деймін! Тәуелсіздік жағдайда  бірінші басшы болу  ақ моншадай рахат ахуал ғой, шіркін! Бір өзіңсің! Ойда да, қырда да, жайлауда да, қыстауда да – сенсің! Ойыңа не келеді, соны істейсің. Сенімен жағаласатын әлгі партия, кәсіподақ, комсомол дейтіндердің ко­ми­тет-самитеті атымен жоқ. Партиялық бақылау, халықтық бақылау дегендей анау да мынау бытықы-шытықы комиссия-мәмиссияның қарасы өшкен.  Алдың – ашық, артың – той! Жеріңде сенің батаңмен саудасын ашып, тиынын санап жүрген бизнесмен қулардың башайын басып-басып қалсаң, олардың кассасы орталанып, сенің кассаң тола түседі. Бәйбішеңе облыстың бас санаториін, тоқалыңа – бас мейрамханасын, балаларыңа, аға-інілеріңе, туыстарыңа, құда-құдағиларыңа, өзі де, көзі де жақсыларыңа  қалаған  «ханасын» алып  беріп, өй, күн сайын бір көсілесің!..

Төртінші қиялым. Кім-кімнің де абырой-беделі еңбек-бейнетпен пайда болатын  кеңестік заман  келмеске кеткен, бүгінде ол мәселені насихат шешеді. Жаңа ғой, мен облыс әкімі болсам дедім. Ал солай бола қалғанда облыстық гәзет-жорнал, теле-радио, қысқасы – барлық бұқаралық ақпарат құралдарының тізгін-шыл­бырын бір өзің ұстайсың. Әрқайсысының басына өзің­нің балаларыңды, немесе өте сенімді кадрларыңды қонжитып қойып, ауыздарына түкіріп кеп отырсаң, олар облыста сенен өзге есі дұрыс біреу бар деп ойламайтын болады. Өздерін жарылқаушы сені мақтаумен оразаларын ашып, ұйқтарда өзінен бұрын сенің тілеуіңді тілейді. Кәрілер айтатын еді ғой: адамның оң иығында періште, сол иығында сайтан отырады екен деп, ә? Қазірде, періштені былай қойып, сайтанның өзін бұлбұлға айналдыру оп-оңай, «ақысын берсең, боқысын шығарады». Мәселен, мен оң иығыма Ерпекті, сол иығыма Олжекті қондырып алып, жұмақтың төрінде отырғандай етсем, ол байғұстар мені алқап сайрамағанда не бітіреді?! Облыстың бас реформаторы, бас демократы десін мені! Облыстың экономикасы, мәдениеті, саудасы, құрылысы, өнеркәсібі, білім-ғылымы, әдебиеті мен өнері...  менің арқамда алға басқанын әнге бергісіз етіп сайрап айтып, өздері де желпініп, өзгелерді де желіктіріп жүрсін! «Пәлен­шекеңнің арқасында біздің заң орындарымыз Қазақстандағы ең заңды орындарға айналды!» дейтін болсын! Иә, «Пәленшекеңнің басшылығымен біздің облыс бүкіл әлемге танылды!  Американың дүние жүзіне атағы айдай Техас штатының өзі біздің облыстың өкшесін жалап қалды десін! Пәленшекеңнің даналығы, кемеңгерлігі және әулиелігі  арқасында біздің облыс алдағы жылда Біріккен Ұлттар Ұйымына  мүше болады!» десін!..

Бесінші қиялым. Өткен ғасырларда кім қалай ойлаған болса да, қазіргі ғасырда кім не деп жүрсе де, алдағы ғасырларда кім қалай кесіп-пішсе де, меніңше, не ақын, не жазушы, не күйші, не әнші болуда бір гәп бар. Көрші облыстағы әнеу бір домбырашы ақын жігіт жылда біресе Астанаға, біресе Алматыға  ақындар айтысына жаяу барып, джип мініп қайтып жүр. Өткен айдағы айтысы гәзетте шыққан екен, бұ пәленің тілінде не сиқыр бар деп, әдейі алдырып оқып едім, өй, өсиет болар дәнеңесі жоқ: өзімен айтысқан әйелдің отырысын жақтырмай, жөтелгенін ұнатпай, езуінен алтын тісі көріне беретінін кекеп, содан кейін: «Балаң нешеу? Күйеуіңнің салмағы неше келі?» дей ме, әйтеуір, сөзі екеуі отырған сахнадан ұзамапты. Талай шаруасы шатылып жатқан облыстан бармай, көктен түскен тұлдыр сияқты. Өйтіп ақын атанғанша... жо-жоқ, маған ондай болу жараспайды! Болады екенсің, болу керек! Мысалы...  мен, әрине, жазудай-ақ  жазармын-ау, бірақ...  оны оқып,  оны-мұны ұйқас-қисынын келістіріп, мен байқамай ұмытып кеткен мәселелерді қосып, ойымды  байыта түсетін, бір өлеңімді екі өлең ететін,  өлеңдерімді әнге айналдыратын білгірлерім болса, шіркін! Менің басымнан не өтпеді?! Бұл баста неше том кітап жатқанын бір құдай біледі, ал соларды жазып, шығарып, облысыма, республикамызға, тіпті шет елдерге таратып жіберетін таланты қаламдастарым болса, уа, шіркін! Мен де аянбас едім, оларды байлыққа бөктірер едім!..

 

Алтыншы қиялым. Біздің республикада бір көтеріліп, бір басылып, тығылмақ ойынындай болып келе жатқан халықаралық маңызды проблема бар. Ол - әйел алу. Бір әйелді кім болса сол алып жүр ғой, оны қойшы, проблема онда емес, проблема екі-үш әйел алуда! «Қазақтың санын көбейту керек!» дейміз. Қайтіп, қалай көбейту керек? Бір әйелмен ешқашан көбейтіп жарыта алмайсың. Қаладағы әйелдердің мәдениеттілігі күшейіп, бір баладан кейін к черту, таппайтын болып кетті, ал көбейт қазағыңды! Бұл халықаралық мәселені парламентімізде бір естияр депутат жақсы көтеріп, екі әйел алуға рұхсат берілетін қаулы шығару керектігін айтып еді, ол дұп-дұрыс ұсынысы мәжілісте екі күн талқыланып, үшінші күні бұрыс делініп қаулы шықты. Алпыс еркек депутаттың арасында тоғыз ұрғашы депутат бар екен, солар: - Ендеше бізге екі күйеуге тиюге рұхсат болсын! - деп айғайлапты. Ұятсыздар! Оның үстіне үйдегі әйелдері де әкелеріне танытқан ғой! Залды текке толтырып, ненің түзу, ненің қисық екенін білмей былшиып отырған сол еркексымақтардың орнына мен депутат болсам, шіркін!..

Жетінші қиялым...

Қой, әзірше осы да жетер. Тіл бар, көз бар. Проблема болса, азайғаны қайда, күн сайын көбейіп барады. Ауланы сыпыратын жігітке айына 100 теңге төлеуші едік, енді 200 теңге төлеуге тиіс болдық. Так что...

 

Ғаббас   ҚАБЫШҰЛЫ