ҚАРАУЫЛ, ҚАДІРБЕРДІ, БОТАХАН БАТЫРЛАР

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180-36

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

 

Сәмеке өзімен бірге келген 20 жігіттің бесеуін елге қайтарды, 10 жігітті бас-көз болуға осында қалдырды. Өзінің қасына бес сарбазын алып хан қолын бастап Талас қайдасың деп ертеңіне жүріп кетті. Түнгі салқынмен жүрген Қарауыл, Досай мен Досбол билер таң қылаң бере Қаратау қырқасына ілігіп еді, бұлақ басына келіп аттарды жайып алалық деп, жеңіл тамақтанып піскен ет пен қымыз ішіп жата кетті. Аттарды жайып 10 жігіт күзетте қалды. Түске тарта тұрып жеңіл тамақтанып алып жүріп кеткен жолаушылар Қаратаудан өте бере Тәңірқазған, Бөріқазған үңгірлеріне келіп ата-баба аруағына сиынып дұға жасады. Осы жерден Досай би өз адамдарымен бөлініп еліне қарай кетті. Қалған Досбол, Қарауыл, Тәңірберді даласын бетке ала жүріп кетті. Түнімен суыт жүрген жолаушылар таң шапақтап атып қалғанда ауыл сыртынан келіп қызылдың үстінен Талас жағасында отырған ақ шанқай киіз үйлі ауылға қарап тұрды. Келе жатқан жолаушылардың алдынан арсылдай үріп шыққан қазақтың ірі төбеттері егелерін танып аттыларға ілесе ауылға таяп келе жатты. Ауыл тыныш ұйқыда жатыр. Алыстан жылқы қайырған жігіттердің ысқырығы естілді. Қадірбердінің   қасына үлкен ұлы Тәңірберген келіп сәлем беріп, әкесінің бетіне қарап тұрып:

–Мен атама сәлем бердім, ол кісінің өңі солғын көрінді, - деді.

–Ел-жұрт аман ба? - деді Қадірберді үлкен баласын жаңа көргендей кеудесіне қысып-қысып, басынан иіскеді. Шашы қайратты екен, бұрын аңғармапты-ау. Тәңірберген әкесінің бұл ісіне аң-таң он үш жасынан кейін бұл қылықты көрмеген еді.

–Көке, сіз естіген шығарсыз, жоңғарлар Шудың еліне қырғын салып жатыр екен. Біздің сарбаздар жиек құмда жауды күтіп жатыр.

-Сен атқа мін, елге хабар бер, түске үйге келсін. Жүзбасыларды шақыруға Қуатбекті жұмса. Досбол би, Әбдібек, Бейсеубай, Тұрарбек қариялар да келсін. Жол жөнекей Ағынай ағаңа айт, тың ат мініп маған келсін. Қызылтөбедегі соғылып жатқан Қарауылқорған құрылысы бітті ме?

–Кеше мен сол жақтан келдім, бүгін толық бітеді деген.

–Онда Төребек онбасыны да шақыр! Таңғы шыны ауаны жара естілген даусы ұйқыдағы ауылды оятқандай болды. Қасына сылаңдай басып Бибіжар сұлу баяу келіп:

–Батыр, ат-көлік аман келдің бе? - деп наздана бетін ақ шәлі орамалмен сүртіп, қолына су құйды.

–Өздерің аман-есенсіңдер ме, ел тыныш па?

Енді 8 қанат ақ үйге кірмек болғанда:

–Көке, ассалаумағалейкум, ат-көлігіңіз аман ба,- деп Тілеу інісі келді.

–Уағалейкумассалам, - деп інісін бауырына тарта қысып амандасты.

–Әкем жүдеу тартқандай көрінді, әлде жолдан шаршаған ба? - деді.

–Кіріп шықтың ба?

–Сол кісінің қасынан келіп тұрмын.

–Төрежігіт, ағаңмен бірге сәресілік іш, - деп жеңгесі қайнысын үйге шақырды. Төрге озған екеуі жайғасып жатыр еді, сәлемдесе біреу кірді.

–Батыр, мен Төребекпін, сіздің келгеніңізді естіп әдейі келдім.

–Жігіттер қалай, тамақтары тоқ па, қорған құрылысы бітті ме?

–Кеше аяқтадық, бүгін есігін ілеміз, биіктікті 3,5 құлаш қылдық, қарауылмұнара 8 құлаш, - деді.

–Бәрекелді, ерлепсіңдер!

–Келген шаруам - кеше бір адамды қолға түсірдік. Алдында жоқ қарап жүрмін деген соң қосқа қондырып едік, түнде сыртқа шыққанда артына ақырын ілесе шығып едім, бір төбеден аса барды да жоқ болып кетті. Бұл қайда екен деп аңдып жаттым. Сүтпісірім уақытта қалың шеңгел арасынан шықты. Қолында бір түйіншегі бар. Артынан ілесіп келдім.Қосқа келіп ертоқымының арасына затын қойып кетті де өзі қайта орына жатып қалды. Сонымен түнімен ұйықтай алмай таң-елеңде орынынан тұрғызып сен түнде қайда бардың деп сұрасам:

–Сыртқа үлкен дәрет сындырдым деді, орынын көрсет десем түндегі барған жағынан бөтен жақты көрсетеді, жігіттерге қол аяғын байлатып тастап, ертоқымдағы қоржынды ашып қарасақ бір қарындай қара күйе шықты, мынау не десем көрмеймісің бұл күйе деді. Содан ары-бері сұрап болмаған соң қыл бырау салып көріп едік, бәрін сайрап айтты. Жаңағы қара күйе дегені зеңбіріктің от тұтатқышы екен. Бұны не үшін алып жұрсің десем, осындай Қарауылқорғанды жарып жіберу үшін деді. Сені кім не шарумен жұмсады деп сұрап едік, жоңғарлар жұмсады деді. Орта Шудағы көкірек руының жігіті екен, әке-шешесі, әйелі, балалары соларда кепілдікте екен. Қасында басқа адам бар ма дегенде бір өзім деп айтқысы келмеп еді, тағы қинауға тура келді. Түнде барған қалың шеңгелде тағы екі адам бар екен. Шеңгелді қоршап беріл десек берілмей болмаған соң өрт қойып едік сүмірейіп екеуі шықты. Жатқан жерін барып қарап едік тағы үш қоржын қара дәрі мен 2 қытай мылтық шықты оларды қинап көріп едік қазақ батырларын жеке-жеке өлтіруге жіберген жоңғар мергендері екен. Шеңгелдің қалың ортасына жеркөпе істеп алыпты ешкім байқамастай екен. Соларды не істейміз деп сұрап келдім.

-Олар қазір қайда?

-Сонда терең батпақ алған шұңқырға байлап тастадық, сарбаздар кезек күзетіп отыр.

-Түс ауа қорғанды көруге барам сонда көреміз. Сен басқа шаруаң болмаса сонда қайт, өте сақ болыңдар. Барған соң жоңғарлардың келе жатқанын сөз етпеңдер.

-Қарауыл ата шақырып жатыр,- деп бір бала келіп кетті. Қадірберді Тілеу інісі екеуі әкесінің 12 қанат үйіне барды. Досбол би мен қариялар отыр екен. Әбдібек, Бейсеубек, Тұрарбек қарияларға сәлем беріп қатарлас жайғасты. Қарауылқорғаны біткенін айтып еді, бәрі де қуанып қалды. Әбдібек қария:

-Қарағым, батырбасы болғаның құтты болсын! - деді. Шақырылған кісілер сәлем беріп кіре бастады. Үй лық толды. Қымыз ішіліп болған соң Қарауыл Досбол биге қарап еді, би ақырын жөткерініп алып сөз бастады.

-Жағдайды естіп отырсыңдар, - деді тамағын қырнап жөтеліп қойып. -Төле би шақырған үш жүзден жиынға түгел қатысты. Төле бидің тілегі. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірлікте болу, қотыр тайға таласып араздаспаңдар» деген тілек білдірді, осыны айтқан Досбол би Қадірбердіні батырбасы сайлады. Осы келе жатқан жоңғарға қарсы тұру бар ағайынға ортақ іс, сарбаздар санын көбейту керек, жаудың қолы саны жағынан 10-15 мың, оған жеңілген рулардың адамын қос деп тоқтады. Қадірберді сен айт, соғысу жағын бізден гөрі сен білесің - деді Досбол би.

-Қызылтөбедегі Қарауыл қорған бітіпті, егер жауға төтеп бере алма­сақ Қарауыл төбеден қара түтін шығады, қамдарыңды жасап дайын отырыңыздар, жаман айтпай жақсы жоқ деген бар. Ертең сарбаздар түгел Ағынайдың оң қол жағынан келіп тұрсын, соғысу қолынан келер ер адамға міндет. Аты жоқ қаруы жоқ адамдарға бәрін беріңіздер, елді құр қолмен қорғамайды ғой, менің айтарым осы. Тағы бір сөз  -кеше Қызылтөбедегі сарбаздар үш жансызды ұстап алыпты, егер бөгде адам көрсеңіздер ұстап, байлап тастап маған хабар беріңдер, араңдап қалмайық. Осымен менің сөзім бітті, - деп, - маған рұқсат болса әке жігіттерге, сарбаздарға жолығайын - деп рұқсат сұрап өз батырларын ертіп шығып кетті. Ауыл маңындағы тай төбеге шығып батырларға жеке-жеке тапсырмалар бере бастады. Ағынайға «сен жиектегі сарбаздар қанша екен білдіңбе деп еді 700-800 адам шамасы, Ішер ауқаты барма екен? Жылқыдан 200 жылқы сойыс жасаңдар. Елден қымыз жинат сарбаздар үшін. Сарбаздар құмға терең кірсін, түлейге барып бекініп жолды екі қапталын жағалай жатып жауды күту керек. Егер жау көрінсе алғашқы шағын жасақ шолғыншы, оларды өткізіп негізгі күшке тек садақпен дәл ату керек, түлейдің берер пайдасы осы. Дәл келген жауды 5-10 қадамнан жусатып салуға болады, түлейде жол тар, жалғыз аяқ соқпақ 700 сарбаз әр қайсысы екі қапталдан 5-6 қадамнан жағалай жатса сексеуіл қалқасынан жоңғарды қоянша қыруға болады. Сенің басқа қосарың барма?

–Батыр, сіздің мына құрған тұзағыңыздан артық не болады. Мен бәрін осылай түсіндіріп орналастырамын.

–Тағы жансыздар туралы түсіндіріп айт жаңадан келген адам болса тексеріңдер біз жауды аңдып жатқанда желкемізден қырып салмасын.

–Батыр рұқсат етсеңіз мен кеттім менімен 150 сарбаз барады қосымша. Мен ханың және басқа ағайындар сарбазын күтіп аламын.

–Құдыққа жақсы жасақ қойыңдар, у тастап кетпесін құдықтарға. Ал жолың болсын ! - деді. Қасына екі ұлын, Тәңірберген Аллабергенді ертіп Қызылтөбеге жүріп кетті. Алыстан қарап келе жатыр, ешқандай қарауылмұнарасы көрінбейді мақтанған 8 құлаш мұнарасы қайда деп аңтаң болып келеді.

–Әке, сіз мұнараны көре алмай мазасызданып келе жатқан сияқтысыз, ол былай жәй көзге көрінбейді. 

-Неге?- деді. 

–Қазір жақындағанда түсінесіз. Қа­рауылмұнараны шенгелмен ораптастапты, сондықтан алыстан боз шеңгелден мұнара көрінбейді екен.

–Әй, рахмет саған Төребек, сенің ісің оңды болды-ау.

Қарауыл қорғанының жанжағы ор болып қазылыпты, терең бір шұңқырда үш адам отыр екен. Мыналарың дайын зындан болыптау. Түге еңбектеріңе рахмет жігіттер. Сендер бұл істе ерледіңдер деп Қадірберді ризалық білдіріп суды бұлақтан аласыңдарма деп қарап еді бұлақ көзі ашылған сыңайлы әжептеуір су шығып жатыр. Алдына тоспа жасап қойыпты жылқы суғару үшін. Қане бір-бірлеп шығарып әкел, сөйлесіп көрейік. Қара ұнтағы мынау ма? Онда бұл зеңбірек ататын от дәрі болғаны ғой.

–Мылтықты да осымен оқтайды.

–Керейдің жігітін әкел деді. Ия айт қайдан не тапсырмамен жүрсің деп сұрады батыр.

–Мен тек Қадірберді батырға айтар сөзім бар деді қырсығып.

–Ал, сен оны не қыласың сен маған айт мен оған айттайын деді батыр.

–Оған айтарымды тек өзіне айтайын, содан соң өлтіре беріңдер бәрі бір өлім. Өзім көріп кетерде арым таза болсын, ол адамды бұрын көрмегенмін.

–Ал Қадірберді менмін айтарың болса айта бер.

–Шынымен сол батырсыз ба? Мен көкірек руынанмын, жылқышы едім осыдан екі жыл бұрын бағып жатқан жылқыға жау тиіп, өзімді байлап алып кеткен еді жоңғарлар, зындандарында бір жыл жатып бір күні Қалден Церенге апарды.

–Сен маған адал қызмет қылсаң босатамын деді. Үйлендіремін қазақтан қыз әперем деді.

–Мен «не істуім керек» дедім.

–Әзірге қой бағасың егер жақсы бақсаң сарбаз боласың деді. Мен, әрине, көндім. Бір айдай уақыт  өткенде сені үйлендіремін, айтқан сөзімді орындаймын деп есі ауысқан бір қазақ қызын қасыма қосты. Көзі жәудіреп маған қарайды, шашы кірден ұйысып қалған, құр сүлдірі қалған бір бейшара. Бұл кезде мен әжептеуір оңалып адамға ұқсап қалғанмын. Әйтеуір өз қазағым деп қосқа ертіп келдім. Өзіміз оңаша қалғанда жаңағы қыз:

–Көке мені танымаймысыз деп жылады шашын сырып бетіне қарасам өз қарындасым екен. Екеуміз түнімен жылап көрісіп таң атқан соң біздің үстімізден қарайтын оңбасыға барып қой баққанда өзімен бірге жүрсін деп деп сұрап алдым. Сені мұнда әкелгеніне қанша болды десем 6 ай болды дейді, көрмеген қорлығы жоқ, әке–шешемді өлтіріп кетіпті. Содан 1 жылға жуық уақыт өткенде маған сарбаз боласың ба, саған сенім білдірсек деген соң амалсыз көндім.

–Бұнда неге жіберді?

–Маған тапсырғаны қарауыл қорғанды жару, сыртыңыздан ана екі жоңғарға көрсету.

–Хонтайшы осы үшін бұларға не береді?

–Жер және батыр ноян деген атақ береді.

–Бұнда қашан келдіңдер?

–2,5 ай болды.

–Не үшін шеңгелде жатыр­сыңдар?

–Оның ішінде бізді ешкім көрмейді, түнде шығамыз сыртқа. Сіздің басыңызға жоңғарлар жүз алтын теңге бермек немесе 1000 күміс теңгемен бағалап қойған.

–Ал ана екеуін әкел деді батыр. Ал сендер бұл жерде жасырын не үшін келдіңдер деп сұрады.

–Біз бұнда Қарауыл, Қадірберді батырларды өлтіруге келдік деді таза қазақша.

–Сендер де қазақсыңдар ма?

–Менің анам қазақ қызы, әкем жоңғар - деді еңсегейлісі.

–Ал сен ше?

–Мен жоңғармын, бірақ қазақтарда, наймандарда тіл үйрену үшін 3 жыл жылқы бақтым.

–Хонтайшы сендерге не береді ?

 Сәл үнсіздіктен соң «біз 12 қазақ батырын өлтіруміз керек,осы тапсырманы орындасақ жер береді басып алған Жетісу жерінен, батыр ноян деген өмірлік атақ береді.

–Маған қызмет етесіңдер ме деді Қадірберді. Мен жер беремін, әрқайсыңа 500 бастан жылқы беремін. Батыр жоңғар деген атақ беремін, үйлендіремін отау тігіп.

–Осы істеген ісіме сұрарым Хонтайшаның басын балға салып әкелесің. Келісесіңдер ме деді Батыр ызғарлы дауыспен.

–Ол қолдан келмейді. Хонтайшыға бізді жібермейді қорғаушы жасағы көп. Бізді Хонтайшыға тірі жеткізбейді. Сондыктан бұл қолдан келмейді.

–Ал сен көкірек жігіт орындай­мысың осы екуіне беретін жылқыны бір өзіңе беремін, үйлендіремін, жер берем, батыр атағын беремін келісем­сің деді сәл дауысын бәсеңдете.

–Қадірберді батыр бұл менің қолымнан келмейді кім мені хон­тайшыға жақындатсын. Екі аттатпай өз басымды алады ғой деді төмен қарап.

-Ал менің жанымды алуға келісесің 1000 күміс теңге үшін. Сонда сен өз халқыңа көтергенде қолыңды ата жауыңа көтеруге қорқасың. Өз халқыңнан жауың жақын, қымбат, әке шешеңді өлтірген, қарындасыңды қорлаған жоңғар сен үшін қаһарлы болғаны ғой,- деп орнынан атып тұрды. Батыр түгі сауытының сыртына шыға. Тәңірберді әкесіне тандана қарады. батыр осылай болса керек деп ойлады.

-Ал, Төребек сендер, сарбаздар бұған не дейсіңдер, үкімді сендер шығарыңдар деді.

 

(Жалғасы бар)

Жұман  ЫРЫСДАУЛЕТҰЛЫ