ЕРТЕ КЕТКЕН ЕСІЛ ЕР
2010 ж. 19 шілде
1525
0
Ерлері бар елдің еңсесі биік емес пе. Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында қан майданның қақ ортасынан келген ардагерлерімізге құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы. Отанына оралған батырларымыз өмірінің соңына дейін еліне адал қызмет етті. Азаматтарымыздың қаншасы жас өмірін қиып, жат топырақ жастанды. Өткендерімізді өшірмей, барымызды ардақтауды Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында ғана емес, ұдайы қолға алып отырған жөн.
Дәл осындай ерлігі ел есінде сақталып, еңбегімен еленіп, халқына адал қызмет еткен Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін де еңсесі түскен елмен бірге сол жылдардың ауыр жүгін мойымай көтерген батыр ұлдың бірі - Ниязақын Байділдаев еді. 1917 жылдың 15 мамырында сол кездегі Жетісу губерниясы, Жаркент уезінің Тоғарыстан болысында дүниеге келген ол әке-шешесінен жеті жасында айырылып, Жаркенттегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Оны өмір ерте есейтті. Балалықтың базарына бұрылмай, қайнаған үлкен өмірдің ортасына кіріп кетті.
Ол ауыл шаруашылығы саласында қарқынды еңбек етті. 1938 жылы әскер қатарына алынған Ниязақын 1939-1940 жылдар аралығында Фин соғысына қатысып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысының майдан даласынан бір-ақ шығады. Осы жылдар арасында 76-шы механикаландырылған танкке қарсы батареяның және 23-ші механикаландырылған дивизияның командирі болды. Германияның Шверин қаласына дейін барған Нияз-ақын Байділдаев аға лейтенант дәрежесімен еліне 1947 жылы қайтты. Төсінде жарқыраған Александр Невский, Қызыл Жұлдыз, Қызыл ту ордендері мен «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары ардагер ерлігінің айғағы. Осындай ерлікпен келген Ниязақын Байділдаев ел ішінде де еңбегімен еленді.
Соның нәтижесінде бұрынғы Ленин колхозында есепші және партия бюросының хатшысы, ауыл басшысы, аудандық сақтандыру мекемесінің бас есепшісі және аудандық Кеңестің депутаты болды. Бірақ ардагеріміз өмірден тым ерте кетті. Артында қалған 2 ұл, 5 қызды аяулы жары осы күнге жеткізді. «Ортамыздан кеткеніне 40 жыл болса да әкеміздің ерлігі мен еңбегі ұмытылмайды. Отанын қанын төгіп, арымен қорғаған ардагер әкемізді бұл күндері сағына еске аламыз» дейді ұл-қыздары. Мұндай батырымыздың ерлігі мен еңбегін ұл-қыздары ғана емес, бүкіл ұрпақ ұмытпай болашаққа аманат болары сөзсіз.
Жұматай ӘМІРЕЕВ