ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРДІҢ ҚАДІРІНЕ ҚАШАН ЖЕТЕМІЗ?

d0b1d0b5d180d0b5d0bb-d184d0bed182d0be

еЛІМІЗДЕ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУҒА СҰРАНЫП ТҰРҒАН  КӨРКЕМ ЖЕРЛЕР  ЖЕТЕРЛІК.  сОНЫҢ бірі -  Шығыс  қазақстан облысының    Қатонқарағай ауданындағы   «берел»  қорық -мұражайы.

 

Болмысы бөлек Берел қорғандары

 

Берел қорымы, ол жерден табылған сонау скиф-сақ дәуірінің жәдігерлері туралы бұған дейін талай айтылып, талай жазылды. Осынау баға жетпес құндылықтарды тауып, зерттеп-зерделеуші, архелог Зейнолла Самашевтің сөзіне сенсек, бұл арадан табылған ескерткіштер темір ғасырымен белгіленеді, таспен көмкерілген 31 оба-қорғаннан тұрады. Қорғандарда сақ тайпаларының көсемдері жерленген. Қорымның бәрі таспен қаланып, қорған сияқты үйіле берген.

Берелден алтынмен апталған сақ патшасы пен оның зайыбының киім-кешегімен жерленген қалпы табылғаны белгілі. Олардың қасына 13 атты қатар жерлепті. Қорған асты қолдан жасалған мәңгілік тоң. Соның арқасында мәйіттің киімі, ат әбзелдері, ағаштан жасалған өзге де бұйымдар, ертоқым, мата, ағаш ыдыстар, тері мен киіз бұйымдары сол күйінде сақталған. Сол кездегі адамдардың денені балзамдауды терең меңгеріп алғаны да қайран қалдырады. Сақталған аттың бір кесек етін итке тастағанда, ит ешбір талғамастан әлгі етті қылғытып жіберген.

Берел қорғандарынан көптеген құнды жәдігерлер табылды. Бұл жерден табылған қазба байлықтары – сол кездің өзінде адамдардың металл қорытып, зергерлік бұйымдарды шеберлікпен жасағанын аңғартады. Олар жасаған бұйымдар, темір және ағаштан қиыннан қиыстырып түрлі әшекейде келтірілген заттар бүгінгі зергерлердің өзін таңғалдырады. Ал бұл - осыдан төрт мың жыл бұрын жасалған дүниелер!

Қадіріне жете білсек, «Берел» қазақты әлемге танытуға лайық бірден-бір құнды жәдігер. «Берел» қорғандары әлі де ыждахатты зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Катонқарағай ауданы туралы, оның тілмен айтып жеткізе алмайтын «Берел» қорғандары секілді құдіреттері туралы бекерге айтып отырған жоқпыз.

Жақында Астанадан мемлекеттік Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев бастап, сенатор, академик Ғарифолла Есім, Мәжіліс депутаты Ержан Рахметов, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, белгілі жазушы Әлібек Асқаров, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, ғалым Қойшығара Салғараұлы, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Қозыбаев, «Берел» қорығын ашқан белгілі ғалым Зейнолла Самашев қостаған қоғамдық кеңес мүшелері «Берел» қорық-мұражайыың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысу үшін арнайы ат басын бұрды.

Құрылыс қашан аяқталады?

 

«Берелдің» қазіргі жай-күйі қандай? Ашық аспан астындағы мұражай құрылысы қашан басталды, қашан аяқталады? Не кедергі? Не қажет?

Айта кетейік, бүгінде 186 гектар аумақты алып жатқан қорық-мұражайды жаңа қалыпта жаңғырту жұмыстары 2007 жылы басталып, әкімшілік ғимарат пен гараж және мұражай қызметкерлеріне арналған екі тұрғын үй құрылысын салу көзделіпті. Жоба құны – 190 миллион теңге болса, бүгінде игерілген қаржы көлемі – 91 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2009 жылға жоспарланғанымен кенеттен киліккен қаржы дағдарысының кесірінен атқарылуға тиіс шаруалар тоқтап қалған. Қазіргі уақытта аяқталғаны – әкімшілік ғимарат, тұрғын үйлер құрылысы толық аяқталмаған көрінеді. Осы шаруаның басы-қасында жүрген азаматтардың сөзіне сенсек, бұл жұмыстарды толық аяқтау үшін 100 миллион теңге көлемінде қаржы қажет.

Қорғанды аралап көрген Мәулен Әшімбаев бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Қорғандағы қазіргі негізгі мәселе – қаржының жеткіліксіздігі. Қаржы қайдан бөлінеді? Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиеваның сөзінен аңғарғанымыз, «Берелге» биыл қаржы бөлінбейді. Себеп – құзырлы мекемелерге құжаттар дер кезінде жеткізілмеген және дұрыс толтырылмаған. Сондықтан қаражат мәселесі келесі жылға қалды. Алайда бұл мәселелердің оң шешім табуын Сенат пен Мәжіліс депутаттары Ғ.Есім мен Е.Рахметов бақылайтын болады.

«Берелдегі» үлкен мәселенің бірі – жол. Өскеменнен Қатонқарағайға, одан Өрел, Жамбыл ауылдары арқылы Берелге (450 шақырым) жету оңай шаруа емес. Рас, Жамбыл ауылына дейін жол тегіс, сапалы тас жол. Ал Жамбылдан Берел қорымына дейінгі 21 шақырым жауынды-шашынды күндері жүруге қауіпті.

Тағы бір түйткіл – жер мәселесі. Осыдан екі жыл бұрын 186 гектар аумақ Үкімет қаулысымен «Берел» мұражайына беріліпті. Алайда бұл жерлер жекеменшікке толықтай өткізілмеген. Қаржы бөлу мәселесін қарастырған кезде жеке меншікке толық өтпеген жерден мәселе туындауы мүмкін. Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Дулатқызы ескерткен бұл мәселені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев шешуге көмектесетінін жеткізді. Өз кезегінде аймақ басшысы «Берелдің» мәртебесін арттыру жолында аянып қалмайтынын айтты.

– Мәдени мұраларды болашаққа жеткізу жөнінде облыста арнайы бағдарлама қабылданған. Шіліктідегі қорымға Үкімет қаржы бөлген, өз тарапымыздан біз де көмек берудеміз. Биыл жолдарды жөндеуге 5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Зейнолла Самашев ағамыз “Қазақ байлығын дүние жүзі білсін” деген пікір айтты. Оған мен қосыламын. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша Өскемендегі қазақ драма театрының жобасын бастап кеттік. Оған 50 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі театрдың іргетасы сонау 1898 жылы қаланған екен, жүз жылдан асыпты, яғни жаңасын салатын уақыт жетті. Ал Берелдегі ашық аспан мұражайына бірнеше мініс атын бөліп, өз қаражатымызбен қоршауын жасатуға толық мүмкіндігіміз бар, – деді ол.

 

Тобықтай түйін

 

Байқағанымыз, «Берелде» атқарылар шаруа шаш-етектен. Қажыр-қайрат қана емес, әуелгі керегі - қаржы. Алла сәтін салса, бұл мәселе де орайымен шешілетін секілді. Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысында Мәулен Әшімбаев осы және өзге мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жауапты адамдарға тиісті тапсырмалар берді.

– Жастардың бойында тарихи сананы қалыптастыру – біздің парызымыз. Тарихи сана ұлттық сананы қалыптастырады. Ал ұлттық сана болмайынша, өз еліңнің нағыз патриоты болу, отаншыл болу мүмкін еместігін Елбасының өзі талай айтып жүр. Ал тарихи сана дегенің осы Берел секілді, Есік пен Түркістан, Ұлытау секілді өткенімізді жарқыратып жарыққа шығарудан бастау алады, – деді.

М.Әшімбаев құзыретті мемлекеттік органдардың міндеттеріне тоқтала келе, келер жылғы бюджетке Берел үшін қаражат қарастыруды мықтап тапсырды. Сондай-ақ Берел мәселесін Президент Әкімшілігі мұқият бақылауда ұстайтындығын айтып, Берел жөніндегі Елбасы тапсырмасының орындалатындығына сенім білдірді.

 

Азамат Қасым

Өскемен

 

Ғарифолла Есім, сенатор:

– Жұрт ескі қорғандардан адамның саудыраған сүйегін тауып алып отырса, мұнда сонау біздің эрамыздан бұрынғы 2-3 ғасырларда адамдарды бальзамдату, оны белгілі бір температурада салқында ұстап денесін бүлдірмеудің әдісін тапқан. «Патшалар алқабы» әлі де болса құпияларға толы, нысанды толық зерттеу үшін қосымша қаражат қажет. Бұдан бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 100 млн. теңге бөлінгенмен, бұл ақша жәдігерлерді сақтап қалуға ғана жетіп отыр.

 

Қойшығара Салғарин, тарихшы:

– Ең алдымен мына территорияның барлығын қоршау керек. Әйтпесе, қоршалмаған ашық алаңда істің берекесі болмайды. Екіншіден, қазылған объектілердің барлығын осыған дейін қандай жағдайда болғанын анықтау. Ол кезде әрбір қорғанның астында адамдар, жылқылар жатты, солардың барлығын ат әбзелдеріне дейін түгел қалпына келтіру қажет.

Егер нысан тиісінше жөнделсе, мұражайға келушілер жер қойнауында не жатқанын анық көре алады. Шыны күмбез астында сәнді патша қабірлерін көруге болады. Осыны жүзеге асыруға қажет қаржы бөлуді мемлекет мойнына алып отыр.

 

Ерен ҚАДӨШҰЛЫ,

«Берел қорғаны» мұражайының директоры:

Берелдің әр тасы құнды. Бұл жерде 70-тен астам қорған жатыр. Олардың ашылмағандары көп. Сондықтан арам ойлы, сұғанақ көздерден де сақтануымыз керек. Қоршау міндетті түрде салынуы тиіс. Содан кейінгі мәселе – 50 орындық қонақүй салу. Ол Қатонның қарағайынан салынатын болады. Сұрап отырған қаржының ішіне осы құрылыс та кірмек. Бұл маңды үлкен туристік кешенге айналдырса… Қорған туристерді тартатын жер болғандықтан, осы маңда үлкен атқора салып, атпен серуендеу дәстүрін туристерге ұсынып, сонымен қатар қазақы дәстүрлерді, қыз қуу, теңге алу ойындарын көрсетсек… Шетелдік туристерді тарту деген осы ғой. Оларға қымыз, шұбат, құрт-ірімшік сынды қазақы тағамдардың түр-түрін ұсынсақ… Егер осы ой жүзеге асса, туризмді дамыту саласында өте ірі шара жүзеге асқан болар еді.