ҚАРАУЫЛ, ҚАДІРБЕРДІ, БОТАХАН БАТЫРЛАР

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180-35

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

–Бәріңізде хан дастарханына қонақ болыңыздар. Мен ханның мыңбасы Ертарғын боламын, - деп өзін таныстырды. -Әзірге елде тыныштық болып тұрғанда осылай  бір бірімізді танып алалық.

 Екі көзі тостағандай, кең жауырынды, бойшаң мығым денелі, мұрты,  сақалы қысқа қойылған нұрлы жігіт екен. Амандасқанда қолы саусақтарыңды сындырардай күш атасы екені көрініп тұр, жүрісінде, отырысында маңғаз тектіліктің ізі байқалады. Мен «Жаныс руынанмын» деп өзін таныстырып, қонақтарын  кең бөлмеге алып кірді. Жайылған дастарханда қазақтың ұлттық тағамдарымен қоса сарттың өрігі, мейізі, құрмасы, жүзімі, жаңғағы толып тұрды. Жайғасып отырған қонақтар алдына исі танауды қытықтаған сары бұйра қымызды екі жігіт екі жағынан көтеріп әкелді. Қымыздан бір-бір сырлы қыш аяқпен сіміріп алған батырлар басқада тағамдарға да қол созып жей бастады. Осы кезде үлкен астауға салынып, былбырап піскен ет, бір құлағы кесілген бас салынған табақты ұстаған жігіт қонақтардан бата сұрады. Іштегі отырғандар бір біріне қарап кімнің жас үлкен еді дегендей Досай би екі қолын жайып, «Е, Алла осы бұйырған дәмге мың да бір рахмет, киелі Түркістанан дәм татуға бұйырғаныңа мың да шүкір, ниетің қабыл болсын Ертарғын мырза» деп бата қылды. Ел алдарына келген асқа ден қойды.

Былбырап піскен қой етімен жас тайдың еті көңілдерінен шықты.  Шайнамай жұтқандай екен. Батырлар құдды тойға келгендей емін-еркін отырды. Төрде ілулі үкілі домбыраға көзі түскен Қарауыл сұратып алып аздап шертіп-шертіп құлақ бұрауын келтіргендей болып отыр еді. Досай би «Қарауыл, бір күй тартсаңшы, сенің домбыра тартысыңды мына батырлар біліп жүрсін» деді қамшылағандай болып. «Тілегіңіз болсын» деп шертпе күйдің біреуін шертіп, жай баяу үнімен тартып кетті. Күй елді елітіп баурап барады, «ух» деген дауыс естілді. Күй бітті. «Ей, батырлар-ай, мен қай бір күйші дейсіңдер, өздерің де қарап отырмай өнерлеріңмен таныстыра отырыңдар» деп есік жаққа көзі түсіп еді, есіктен ентелей күй тыңдаған бір қауым елді көрді. Ертарғын: «пәлі, сіздің мына күйіңіз бәріміздің туған жерімізді еске салды-ау» деді. «Маған бере тұрыңызшы домбыраңызды, Қарауыл аға» деген жаққа қараса Сәмеке батыр екен сұрап тұрған. Сәмеке құлақ күйін өзіне ыңғайлап алып бір халық әнін баяу айтып кетті. Ән біткенде батырлар жағы қауқылдасып ырзалық білдірді. Досай би ас қайырайық деп Ертарғынға қарап екі қолын жайып бата етіп тілек тіледі. Сәмеке батыр «рұқсат болса бір тілегім бар» деді. Ертарғын «айт, батыр» деді. «Ертең түске менің қосымнан Кіші жүз, Жайықтың дәмін татыңыздар, осы отырған бәріңізді шақырып тұрмын. Бұндай кездесу қай заманда боларын бір Алла біледі». Досбол би Ертарғынға қарап: «Бармасқа болмас, ертең елге жүреміз деп едік, арғы күнге қалатын болды. Бұндай бас қосуды бұйыртқан Аллаға шүкір» деп бата қылды. Түнде Қарауыл түс көрді. Түсінде шығыстан қара айғырға мінген бір дәу жалғыз көзді «сенің жаның менің қолымда» дегенде бір жақтан Қадірберді ақ боз атпен шыға келіп жанағы қара дәуге найза салса өтпейді, найзасы қақ бөлінді. Қылышпен ұрса «сен не деп тұрсың» деп күледі. Қадірберді садақпен жалғыз көзінен дәл атқанда жебесі дарып қара дәу атынан құлап бара жатып өзімен бұны ала кетті. Осы түстен шошып оянғанда таң атып келеді екен, біраз есеңгіреп отырды. Сыртқа шығып кетті. Қайтіп келіп жатқанмен әртүрлі ойлармен қайтып ұйықтай алмады. Қайта жатып тұрғанда Досбол би:

-Батыр, не болды? - деді.

–Жай әншейін, ұйқың қанды ма?

–Ұйқы келмей тұр. Жүр, сыртқа шығалық, - деп сыртқа шығып ағып тұрған қауыздың суымен беттерін жуып, сәкіге келіп отырды.

- Жаңа сенің даусыңнан ояндым, жайсыз түс көрдің бе? - деп еді, Қарауыл өз түсін айтып берді. Досбол би сәл ойланып «түс - түлкінің боғы» деген, дегенмен жау қайта сайланып жатқан сыңайлы». Басқа ештеңке айтпады.

Төле би мен қоштасып келейік деп бәрі Ертарғынға айтып еді:

–Ол кісі кәзір бармасаңыздар кетіп қалар, - деді. Төле бидің мекен жайына барып бәрі сәлем берді.

–Ал, батырлар мен Тәшкенге жүрем сәлден соң, сендермен қайта кездесеміз бе бір Алланың қолында. Менің тілегім - ынтымактарыңды жоғалтып қотыр тайға таласып араздаспаңдар. Ынтымақ бар жерде қазақ ел болып қалады. Жау жар астында екенін естен шығармаңдар.  Сәмеке, батыр еліңе аман жет, сәлем айт менен. Жаудың қабарын естісеңдер күш біріктіңдер, бір біріңе көмеке келіңдер асығып. Басқа не айтамын. Ақыл өздеріңде, - деді. Бәрі қолын алып қоштасып шығып кетті. Қарауыл Қадірбердіге:

–Түркістан базарынан үйдегі анаң мен балаларға базарлық ал. Бұл киелі қалаға қайтіп келгенше қай заман.

–Сіз бармайсыз ба –деп әкесінің бетіне қараған Қадірберді жүзінен бір жайсыздықтың белгісін байқап. - Әке сіз ауырып тұрмысыз, өңіңіз бір түрлі?.

–Ей, балам-ай, менің жасыммен сенің жасың тең емес қой!

Бұдан әрі ештеңе сұрауға батылы бармады. Қасына Ағынайды ертіп базарға кетті. Түркістан базары Әулие ата базарынан бірде кем емес екен, жаныңа керектің бәрі бар. Базардан майда-шүйде алған болды. Әкесінің бет бейнесі көз алдында тұрып алды. Осы оймен қайтып келіп Досбол биден әкесінің жайын сұрады.

–Ой, қарағым Қадірберді, мен ештеңе білмеймін, біздердің жасымыз сендерге тең бе –деді. Осы сөз сәл-пәл көңілін сергітті.

Сәмекенің қосы бір бай саудагердің сарайындай үй екен. Кең бөлмеге кіріп келгенде қарсы алдындағы екі бұрымы тобыққа түскен аққұбаша, өте реңді, көзі ботаның көзіндей мөлдіреген бір сұлумен соқтығысып қала жаздады. Қыз оң босағаға қарай ысырылып жол беріп тұра қалды Қадірберді мына қыздың реңдісін-ай деп тамсана қарап қалды да төрге оза берді.

Сәмеке батыр:

–Төрге оз, батыр, - деп жымиды. – Батыр, бұл қыз менің кенже қарындасым Ханшайым, ал мына келіншек менің әйелім Нұрсулу болады, - деп таныстырды. Төрде отырған Досай бимен Досбол бидің ортасында отырған әкесіне қарады сасқанынан. Содан кейін барып «армысыздар» деп Ханшайым мен Нұрсулуға кезек қарап төрге озды. Ертарғын батыр бәрін байқап отырған екен.

–Не болды батыр, Сәмекенің қарындасына құда түссек қалай болар екен? - деді қасына келіп отырып жатқан Қадірбердіге жымия қарап. - Ақыр әкең де, билер де осы жерде - деді де арқасынан күректей қолымен қағып-қағып қойды.

–Қой, енді батыр артық кет­пейік – деп риясыз жымиды Қа­дірберді. Қымыз келді, одан соң семіз қозының басы мен жас тайдың еті бірге келіп бата беріліп, тамақ желінді. Төрде сауыттың қа­сында жол домбыра тұр еді Қа­рауыл көзі түсіп сұратқызды. Сәмеке:

-Сіздің күй тартқаныңызға келерме екен ән салуға болмаса, - деді.

–Онда сен бір өлең айт, - деп әкесі Қадірбердіге берді. Қадірберді күтпеген ұсыныстан қысылғандай болып сәл шертіп отырып бір әнді баяу бастап кетті. Өте мәнерлі дауыс елді баурап алды. Ел де риза болды. Әнді аяқтай бере Қадірберді Ханшайым отырған жаққа ақырын көз тастады. Қызда батырға ұрлана қарап отыр екен, кенет қыздың жалт еткен мөлдір жанарымен батырдың көзімен көзі бір сәтке ұстасып қалды, қыз ұяла ұзын кірпіктерімен көмкерілген қарақат көзін төмен түсірді, сол жанардан жалт еткен бір ұшқын батыр жүрегіне атылған оқтай болып қадалды. Батырдың көкірек тұсы шымырлап шаншып кеткендей болды, осы бір белгісіз тәтті сезім батырдың тұла бойын шарлап, буындарынан әл кеткендей бір сәт әлсіреп барып бойын тез жиып алды. Бұл тағдырға не дерсің, осы қарас батырды ту талақайын шығарып жекпе-жекте женгендей әсер етіп еді. Ойпыр-ай мына қыз қайтеді деп батыр екінші әнді қайта бастап кеткенін өзі аңдамай қалды. Жайықтың қызын жолықтырып көңілі кетер деп ойламаған. Па, шіркін тіршілік өмір-ай, осындай жақсы көңіл шіркінді су сепкендей жайсыз хабар келіп жетті. Қазақ жерін жау шауып Шуға келіп қалыпты. Саны 10-15 мың шамасында дейді. Қарауыл айтты:

–Ал Сәмеке батыр,Жайықтан әкелген дәміңе мың да бір рахмет ,әсіресе жайыктың мына сүрленген жайын балығының дәмі көпке дейін ауыздан кетпес. Біздің өзендердің балығынан дәмді екен. Еліңе аман жет. Ал, би ағалар бата беріңдер тұралық, - деді асыға. Досай мен Досбол би егіздей болып бірінен соң бірі бата қылып тілек тіледі. Алла-тағаладан жайсыз хабар жақсы көңілдің быт-шытын шығарып, бәрі рахметін айтып тұрып шығып кетіп жатты. Сыртқа шыққан соң Ертарғын:

–Ал, ағайын малға бөрі тисе өре түрегелетін қазақпыз ғой енді жау келгенде отырыс болмас, - деді. - Сәмеке батыр, сіз қашан елге қарай жүрмексіз?

–Мен елден қол әкелсем бе деп едім, Төле би ағаның тілегіне ісімізбен қолдау көрсетпейміз бе.

–Ондай ойың болса сен елге барып келгенше 15–30 күн кетер, одан да ханның сарбазынан 500 сарбаз көмеке жіберейін деп отырмын. Осы баратын сарбаздарды басқаратын жүзбасыларға батырбасы болып барсаңыз деген ойым бар еді. Мен қосымша қол жинап соңдарыңыздан бармақпын, ары кеткенде 2–3 күн шамасында. Осы ойыма келісесіз бе, Сәмеке батыр? - деп риясыз сеніммен қарады.

–Ондай болса мен дайынмын!

–Онда ертең Алла жол берсе жүрейік. Ал, Қарауыл аға, сіздер қашан жүресіздер?

–Біз жол бедерін жақсы білеміз, сондықтан қазір аттанамыз, аттарымызда тың.

–Онда Сәмеке батырға жол бастаушы бір-екі жігіт қалдырыңыз. Елге аман жетіңіздер, көріскенше, Алла қуат берсін!

Қадірберді Ағынайға қарап:

–Сен жолды жақсы білетін екі сарбазды Сәмекеге жолықтыр, жолға шығалық, - деп тапсырма беріп, жүруге дайындала бастады. Сәмеке тұрағына асығыс кіріп шығайын деп бұрылып кетті.

-Ал, Сәмеке батыр бәрі асығыс болды. Көп рахмет! Маған рұқсат етсең Ханшайыммен қоштасып шығайын. Сәмеке Қадірбердіге қарап:

–Батыр, неге әбіржідің соншама, бөтен біреу ме едің, саған есік ашық бауырым, - деп арқасынан қағып қойды. Үйге қарай бұрылған Қадірбердіге Нұрсұлу қарсы жолықты.

–Мен сіздермен қоштасайын деп келдім, біз жүргелі жатырмыз, бәрі асығыс болды. Батырдан рұқсат сұрап едім, - деді абыржып.

–Үйге кіріңіз, батыр, - деді Нұрсұлу есікті өзі аша бере. Аржағынан Ханшайым көрінді, екі беті албырап бұрынғысынан да сұлуланып тұр. Қадірберді сасқалақтап сөйлегенше Нұрсұлу:

-Еркеқыз, мына Қадірберді батыр саған қайыр-қош айтуға келіпті, - деді.

Ханшайым да:

–Онда төрге озыңыз, - деді жанарын төмен түсіріп. Батыр қолында ұстап тұрған алтын сырғаны Ханшайымның қолына ұстатып:

–Осы сырға сізге сыйым болсын, қабыл алыңыз. Бүгін Түркістан базарынан алып едім. Қайта көріскенше сау болыңыз Ойықтың бір жігітінен еді деп тағып жүріңіз, - деді асыға абдырап. Нұрсұлу:

–Ала ғой, еркеқыз бұндай батырдың қолын қақпа, - деп ақырын жүрегі жарыла ішінен қуанып тұрды іншалла деп. Өзі бұрылып барып местен қымыз құйып, «ерке қыз» деп қолына ұстатты. Ханшайым сұлу Қадірбердіге қарап:

–Ақ ішіп аттаныңыз, еліңізге аман жетіңіз, - деп нәзік, аппақ саусақтарымен қымызды ұсынды. Батыр қос қолымен Ханшайымның қолының сыртынан ұстай кесені қолына алды. Ханшайым өте нәзік назбен сәл жылдам қолын тартып алды. Батыр қымызды тауыса ішті де кесені Ханшайымға ұстата салды. Нұрсұлу Ханшайымға иегін ақырын көтере белгі берді.

-Батыр, мына орамал сізге менен сый болсын, теріңізді осыған сүртіп жүріңіз, - деп ақ жібек кестелі орамал ұсынды. Енді ғана батырға ақырын көзімен тіктей қарады.

–Ал, мен жүрейін, - деп Қадірберді сыртқа шықты. Сәмеке батырдың қасында Қадірбердінің атын жетектеп келіп Ағынай тұр еді. Сәмеке:

–Батыр, жолдарың болсын, құдай қаласа біз де артыңнан барып қалармыз, - деді. Көзімен ұзатып ішінен қарындасыма лайық жігіт екенсің, өз қолымен ұсына алмаймын ғой менің қарындасымды ал деп. Амандық болса көрсетер деп кері бұрылып үйге қарай жүрді. Нұрсұлу:

–Батырым қымыз ішесіз бе?Біз қашан қайтамыз елге? - деді екі көзі мейірлене қарап.

–Әзірге қайтпаспыз, мен ертең хан қолын бастап Қадірберді еліне көмеке барамын, жау Шуға келіп қалыпты. Нұрсұлудің көзі қорқыныштан үлкейіп:

-Батыр, біз Еркеқызбен не істейміз? - деді.

-Сендер мені осында тосыңдар. Ары кетсе 15-20 күн шамасында қайтып келермін, Алла қаласа. Енді сәл есі кіргендей болған Нұрсұлу «жаңағы ойықтың батыры Еркеқызға алтын сырға беріп кетті, ашуланбаймысың» деді өзін кінәлі санап төмен қарап.

–Ол жігіт маған ұнады, нағыз батыр екен.

 

жұман      ырысдаулетұлы