ҚАЛҚАМАНДАҒЫ ҚУАНЫШ

d181d399d180d181d0b5d0bdd0b1d0b5d0ba-halhaman-meshyt-44          

Ел тәуелсіздігін алғанда Алматыда небәрі бір ғана мешіт  болатын. Оның өзі ескі, өткен  ғасырда ағаштан салынғанды. Ал, бұл күндері оның саны  33-ке жетті.   Осы 33-ші мешіт  Қалқаман ықшам ауданында  пайдалануға берілді. Сәулеті еліміздегі өзге мешіттерге  ұқсамайды. Алды алаңқай,  оның айналасы әлденеше аспалы қызғылт қорғанмен  қоршалған. Күмбездің екі  жағында қазандық сәулетке сәйкес ұшар бастары көкке  шаншылған, жіңішке қос  мұнара. 800 орындық.

    Әкелі-балалы Ноғай мен Сәбит Асыловтар алғашқы іргетасын қалап, одан кейінгі негізгі ауыр жүгін көтерсе, оның екеуі де бұл дүниеден озған соң бірқатар кәсіпкерлер құрылысты жалғастырып, бұл күндері жеріне жеткізді. Екеуі де Аллаһ разы болсын, діні мен ұлтын сүйген абзал, тақуа жандар еді. Бұл туралы мешіттің ашылу салтанатында Дінбасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі тебірене толқып, еске алды. Сәбит марқұм Алматы қаласының аумағына жататын Жұмысшы кентіндегі бұл күндері құрылысы аяқталуға жақындаған үлкен мешіттің іргетасын да Дінбасымен және басқа да дін жанашырларымен бірге қаласқаны әлі есте. Әкелі-балалы тақуа марқұм бауырларымыздың рухы пейіште шалқысын.

            Дінбасы дініміз бен өркениетке қатысты ой-толғамдарын байыппен ағытты:

– Ислам – ұлы дін. Қазақстан тәуелсіздігімен бірге шашырап кеткен мәдени, әдеби, ой мұрамыз һәм жазба жәдігерлерімізді де жинақтайтын кез келді. Елбасы бастамасымен құрылған «Мәдени  мұра» бағдарламасының басты мақсат-мұраты да осы ғой деп ойлаймын. Ислам – салауатты өмірге шақыратын дін. Ислам – ғылым, қайырымдылық, иман, шапағат, мәдениет, өркениет. Біз ұлы мақсатқа оқу, ғылым, білім және парасатпен ғана   жете аламыз. Исламда тек киім эстетикасы ғана емес, өз бойын таза ұстау, сақал, шаш қоюдың да өзіндік этикасы бар. Ислам – әлемдегі мұсылман халықтарының өмір салты, тарихы, білімі және мәдениеті. Дініміз руханияттың алтын өзегіне, яғни діңгегіне айналуға тиіс. Аталарымыз мың жылдай бұрын тек қана Исламды таңдаған. Өйткені, Ислам – шынайы, таза, ақиқат дін. Сол себепті де әлем бойынша жыл сайын Ислам беделі өсіп келеді. Ислам діні – біздің өмір салтымыз. Оған негізделген мәдениетіміздің де тамыры тереңде. Өйткені, дін мен мәдениет қашан да бір-бірімен сабақтас. Дін – барлық ғылымның, рухани дамудың, мәдениеттің негізі. Иманды ел – инабатты ел. Жалпы кім де болса, қандай жағдайда болмасын, кісілік қасиетін жоғалтпағаны абзал. Өзіңді сыйлатқың

келсе, әуелі өзгені сыйлауды үйрен. Салауатты қоғам – иманды қоғам. Оның болашағы жарқын.

            Тәуелсіздігіміздің баяндылығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналуын ойлау –міндетіміз. Дін – адамзатты, отбасын, қоғамды дамытып, үйлестіретін  қуатты күш. Ислам өркениеттерді бір-біріне қарсы қойып текетірестірмейді, жауықтырмайды, керісінше әріптестікке, бірлесе қызмет етіп, үн қатысуға, өзара сұхбатқа шақырады. Ислам – ғылым, білім діні. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқандай: «Ислам – ғылым дамыған сайын ашылады». Сондықтан дініміздің бүгіні де, ертеңі де біліммен, ғылыммен тікелей байланысты. Біз ең алдымен діни ағартушылық жұмысты биік деңгейге көтере түсуіміз керек. Ал, бұл ретте сіздер, парасатты қауым асыл дінімізге түпкілікті бет бұрмай, көздеген мақсатқа жетуіміз қиын.        Жұрт алдымен зиялыларға үлкен үмітпен қарайды. «Осылар не айтады?» – дейді. Ал, зиялы деп үлгі тұтар бауырларымыз бірінің жағасынан бірі алып, өсек-өтірік, ғайбатқа жол беріп жатса, келешек ұрпақ алдында ұятқа қалмаймыз ба?

         Рухани жүдеулікке жол беруге әсте, болмай- ды. Өзін мұсылман санайтындардың бәрін шынайы мұсылман дей аламыз ба? Сонда мұсылман дегеніміз кім? «Ол ісімен де, тілімен де өзгеге залал келтірмейтін адам», – дейді хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз. Кісіні дініне, түріне, ұлтына, нәсіліне, киіміне қарап емес, ең алдымен адамдық қасиетіне қарапсыйлауды үйренуге тиіспіз.

           Дін – бейбіт өмір, ынтымақ пен иман мәдениеті.  Алла тағала адамға сөйлесін деп тек ауыз Бен тіл беріп қана қойған жоқ, сондай-ақ бірін-бірі тыңдасын деп құлақ та берді. Парасатты адамдар артқа емес, алға ғана шақырады. Ислам ештеңеге қарамай алға жылжып, ғылым-білімді дамытуы керек. Бүгінгі ұрпақ Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни салған ғылым, білім дәстүрін жалғастыруға тиіспіз. Біздің жолымыз – Ислам жолы, яғни ғылым, білім, өркениет, мәдениет, бейбітшілік жолы. Діндер, ұлттар мен ұлтаралық достық, ынтымақ пен өзара түсіністік жолы. Өз заманында көшпелі бәдәуилер арасында өлең шығару өнері батырлықтан кем саналмаған.

             Өз тайпасының, руының даңқын шығаратын ақындар болғандықтан, өлең өнерін білетіндерге қоғамы өз төрінен үлкен орын берген. Бұл жағынан олар қазақ табиғатына тым жақын. Ақынның шеберлігі табиғатты суреттеуінен-ақ көрінеді. Өз дініне берік халық қана өзін сақтай алады. Құр айқаймен, даурығумен экономика көтерілмейді, бірлік те болмақ емес. Тіл, дін, экономика өзара ынтымақ пен бірлік орнаған жерде ғана дамып, өркен жаяды. Ислам діні – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсіл емес, бүкіл адамзатқа түсірілген. «Олар ынтымақта болсын, бірін-бірі танысын, достықта өмір сүрсін» деп түсірген. «Худжурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан), бір ата, бір анадан жаратып, өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік», – дейді.

           Қасиетті Құранда осындай бір-бірімен бейбіт жағдайда өмір сүріп, ізгілік пен игілікті  істер істеуге шақыратын аяттар аз емес. Мұндай парасатқа, терең ой, үлкен мәнге ие нақылдар  пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис шәріптерінде жетіп артылар. Басқаны былай  қойғанда, мұсылмандардың өзара татулықтарына да айрықша көңіл бөлінген. Халыққа кім қай  жерден қалай бөлінеді деген емес, қашан, қалай бірігеміз деген әңгіме айтылуы керек. «Бөлінгенді бөрі жейді», – дейді дана халқымыз. Бірлігі күшті ел - алынбас қамал.

                 Салтанатты жиын барысында Қалқаман-2 мешітінің бас имамы Саттарқұл қажы Мейірман жиылған жамағатқа мұсылманның орындауы тиіс парызы турасында кеңірек әңгімелеп берсе, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов таяу уақытта Жұмысшы кентіндегі мешіттің  де құрылысы аяқталып, іске қосылды деген қуанышты хабарды жеткізді.

              Дінбасы, қала әкімінің орынбасары және Ақтөбе қаласынан арнайы келген облыс прокуроры Берік Асылов (мешітті салдырған Ноғайдың үлкен ұлы) жаңа мешіттің лентасын қиып, ішке кірді. Екі рәкәт сәлем намазынан соң Дінбасы уағыз айтты. Жиналған жамағатпен қасиетті жұма намазын өткізді. Сонымен Оңтүстік астанада 33-ші мешіт өз есігін жамағатқа айқара ашты.

 

 

Оңғар ӨМІРБЕК,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы