СПОРТ –ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

3345

Бүгінде «Спорт – саулық кепілі» деген қанатты сөзді өмірлік қағида еткен жандар арамызда  баршылық. Олардың біразы ауылды жерлерде десек қателесе қоймаспыз. Мәселен Түркістан қаласына қарасты Құсшыата елдімекенінде осыдан 10 жыл бұрын құрылған «Бостандық» футбол командасының мүшелері де спортты айнымас серік еткен жандар.

        2000 жылы Ермахан Төлеуов пен Марат Жақсыбекұлы Құсшыата ауылындағы спортқа бейімі бар азаматтардың басын  біріктіріп, «Бостандық» атты футбол командасын құрады. Мақсат Алтаев, Нұржан Досыбайұлы, Самат Арыстанбаев, Нұрмахан Бегманов, Ержан Қосанұлы, Досымхан Жұмабаев, Мұрат Қосанұлы, Sлиасқар Егембердиев, Фазылхан Шәймерденов, Асхат Алтаев, Жомарт Керімбеков, Мұрат Жаппаров сынды аза-маттардан құралған «Бостандық» футбол командасы осы уақытқа дейін оңтүстік өңірінде  өткізілген жарыстарда көптеген жүлдені қанжығасына байлапты.

           Біз сөз етіп отырған «Бостандық» командасының құрылғанына биыл 10 жыл. Осыған орай жақында құсшыаталық футбалистер өз әріптестерінің басын қосып, футболдан турнир өткізді. Араға біраз уақыт салып кездескен ко мандалар арасындағы ойын тартысты өтті.

             Жүлделі І-орынды Қосқорған елдімекенінің құрама командасы иеленсе, ІІ – орынды Кентау трансформатор заводының құрама командасы еншіледі. Ал, ІІІ – орын Оранғай елдімекенінің құрама командасына бұйырды. Әрбір команданың әдемі ойын өрнегін көрсете білуі – команда мүшелерінің шеберлігімен тікелей байланысты екені даусыз. Ойы барысында әркім әртүрлі қырынан танылған болса, қосқорғандық Б.Мамитов  үздік қақпашы, кентаулық   Ө.Аманжолов үздік  шабуылшы, оранғайлық Н.Балтабаев үздік ойыншы, Қ.Айтілеуов үздік қорғаушы атанды. Жүлдегерлердің барлығы «Бостандық» командасының атынан мақтау грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

            «Бостандық» командасы мүшелерінің  ұйымдастыруымен өткен мұндай игі шара алдағы уақытта да өз жалғасын тапса нұр  үстіне болары анық. Әрі мұндай шара аға буын өкілдерінің өскелең ұрпаққа көрсеткен үлгісі болары сөзсіз.

             «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші шын талант ауылдан шығатынын ескере келе, еліміздің Спорт және туризм министрлігі және басқа да құзырлы органдар ауылды жерлерде  спорт мектептерін ашып, спортты дамытуды қолға алса жөн-ақ болар еді. Өйткені ауылда ебі болса да, бабы болмай жүрген жастар   қаншама?!

 

Гүлмира САДЫҚОВА