«ӘСЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫ» тудырған күдік

d0b0d181d0b5d182-11

Қазақстан тарапынан қолымызға іліккені 1986 - жылы жазушы баспасынан жарық көрген «қисса-дастандар» болды. Оның 165-бетінде «Шәкір-Шәкірат» дастаны берілген. Кейіннен, яғни 1995-жылы «ғылым» баспасынан басылып шыққан «Батырлық дастандар» атты кітаптың 196-бетінде «Шәкір-Шәкіраттың» осы нұсқасы қайталай басылған. Дастан туралы түсініктемеде:

««Шәкір-Шәкірат» – қазақ арасына кең тараған, сюжетті арабтың «Мың бір түн» және қиял-ғажайып ертегілерінен алынып, қиссаға айналдырылған. «Шәкір-Шәкірат» дастаны 1840, 1872 жылдары басылып, шыққаны жайындағы мәлімет А. А. Бобровников пен Н. Ф. Катановтың сипаттамасында (Қазан, 1898 ж. 30-6.). Н. Сәбитовтың көрсеткішінде («Қазақ әдебиет библиографиялык көрсеткіші» 1948) кездеседі.

Дастанды 1880, 1883, 1884, 1888, 1890, 1894, 1896. 1901, 1909, 1912, 1915, 1916 жылдары Қазан қаласындағы Университет баспасынан Ш. Құсайынов «Қисса-и Шәкір-Шәкірат патша һашим балалары» деген тақырыппен бастырып шығарған. Солардың ішінде 1894 жылғы басылымы 10 мың дана болып шыққаны туралы мәлімет Н. Ф. Катановтын, мақаласында берілген («Деятель», № 10, стр. 579-582). Жыр ел арасына ауызша көп тараған. Қолжазба нұскалары Москва, С-Петербург, Қазан, Ташкент, Алматы қалалаларының кітапхана қорлары мен архив казыналарында сақтаулы. Дастанның кітап болып басылып шыққан нұсқаларының негізінде жырланған қолжазбалары М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының колжазба қорында (Айнатасов Тәужи тапсырған 323-папка 1-тізбе), Молдафина Камилә жинаған (199-папка, 1-дәптер), Омаров Нұрғазы жырлаған нұскасы(133-папка) сақтаулы. Аталған жинаққа 1915 жылғы басылымын беріп отырмыз» деген жолдар бар. Демек, бұл жарияланым дастанның 1915-1916 жылдары Қазан баспасында жарияланған соңғы нұсқасы деген сөз. Ендеше осы нұсқаны яғни «қисса-дастандар» мен «батырлық дастандарда» берілген «Шәкір-Шәкіратты», «Әсет шығармаларындағы» «Шәкір - Шәкіратпен» салыстырып көрейік.

 

Қазан нұсқасы:

Қолыма қалам алдым хат жазғалы,

Бір талай заман болды халық азғалы.

Тыңдаңыз құлақ салып жамағаттар,

Дейтұғын Шәкір Шәкірат сөз қозғалы. – деп басталады.

 

Ал, Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Әкелді Бақтиярды дар қасына,

Бақтияр сиынып тұр Алласына.

Азатбақыт патшамен уәзірлер.

Өзді-өзінің басып тұр қайласына, – деп басталады.

Басталғанына қарап екеуі екі дүние ме деген ой туады. Бірақ, «Әсет шығармалары» төртінші шумаққа келгенде:

 

Талай жан нақақ күйіп шын боздады,

Бірталай заман болды жұрт азғалы.

Патша ағзам құлақ салып тыңдасаңыз,

Шәкір-Шәкірат затлардан сөз қозғалы. – деп Қазан нұсқасына жақындай бастайды. Енді екі нұсқаның ұқсас шумақтарына назар аударалық.

 

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Өтіпті бір патша Әшім атты,

Кезінде артық болған салтанаты.

Дейтұғын Шәкір-Шәкірат екі ұлы бар,

Тәрбиелі жас екен инабатты.

 

Қазан нұсқасы:

Бір патша болған еді һашым атты,

Ел-жұртына бек әділ салтанатты.

Шәкір-Шәкірат дейтұғын екі ұғлы бар,

Тым әйбат балалары балдан тәтті.

 

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Патша Әшім әділ еді әуел баста,

Көп тиген ықыласы қарындасқа.

Әйелі өліп екі ұлы жетім қалды,

Үлкені он үш, кішісі он бір жаста.

 

Қазан нұсқасы:

Һашым атты патшаның әуел баста,

Еш зияны жоқ еді қарындасқа.

Балаларын бек жақсы көреді екен,

Біреуі он үш, біреуі он бір жаста.

 

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Дүние міне осындай жалған екен,

Әр кімге опа қылмай қалған екен.

Әшім патша нәпсіге еріп байлығымен,

Тағы да бір жас тоқал алған екен.

 

Жас пен жасаңқырап көңілі өсіп,

Бұрынғы жақсылығын жойған екен.

Әшімді кәрісініп әлгі тоқал,

Шәкіратқа сырттай ғашық болған екен.

 

Қазан нұсқасы:

һашым патша өзі бек мерген екен,

Ол екі баланың шешесі өлген екен.

Шәкір-Шәкірат дейтұғын екі бала,

Жас күнінен жетімдік көрген екен.

 

Шәкір-Шәкірат шешеден ерте қалған,

Патша бір жас қатынды тағы да алған.

Әкесін кәрісініп әлгі талақ,

Ең кішісі Шәкірге ғашық болған.

 

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Болғанын оның ғашық бала білмес,

Әшім де бұл сұмдықтан хабар білмес.

Ғашықтықпен құса боп әлгі сайқал,

Жадырап патшаменен ойнап күлмес.

 

Қазан нұсқасы:

Мұның ғашық болғанын бала білмес,

һашым патша әкесі және білмес.

Әлгі талақ балаға ғашық болып,

Құса болып жүреді ертелі-кеш.

 

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Орнынан өгей шеше тұрып келді,

Көңілін арамдыққа бұрып келді.

Баласы алмаса егер айтқан тілін,

Істейтін арамдығын құрып келді.

Киімін шешті дағы тыр жалаңаш,

Қойнына баласының кіріп келді.

 

Қазан нұсқасы:

Сүм шешесі орнынан тұрып келді,

Жамандықты көңілге салып келді.

Ұйықтап жатқан кездері Шәкір бала,

Жап-жалаңаш қойнына кіріп келді.

 

Міне, дастан осылайша аз-аз ұқсамаған жолдарымен ғана парықталып жалғаса береді. Осыдан кейінгі жерде Қазан нұсқасында Шәкірдің жылағаны:

Жендеттер мені өлтірме,

Жаныма қаза келтірме.

Еш жазығым жоқ еді,

Шыбын жаным еркіңде.- деп басталса, Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Ағалар мені өлтірме,

Мезгілсіз қаза келтірме.

Еш жазығым жоқ еді,

Қоя берші еркіме,– болып баяндалады.

 

Қазақ ауыз әдебиетінің ауыздан ауызға таралып, құйма құлақ қиссагерлер арқылы бірден бірге жалғасып отыратынын ескерсек, «Қазан нұсқасының» біреуден біреуге жетуі барысында көп өзгеріске ұшырауы заңды құбылыс. Тіпті кейде айтылуға ауыр жолдар ұмытылып қалып, халық ақындарының оны толықтырып, жырлап отыратын дәстүрі де болған.

Осы тұрғыдан қарағанда мейлі кім жырласа ол жырласын, Қазан нұсқасы мен Шынжаңдағы «Әсет шығармаларына» кіріп кеткен «Шәкір -Шәкіраттың» түбі бір ақынның аузынан шыққанында күмән жоқ. Әрине ол ақын Әсет емес, тіпті енді біреулердің телігеніндей Жанұзақ ақындікі де емес. Жанұзақ ақын жырлаған делініп «Бақтиярдың қырық бұтағы» (Алматы, Толағай, 2007) Атты кітапқа кірген нұсқамен «Әсеттікі» делінген нұсқаның ішінара айырмашылығын айтпасақ, түгелдей ұқсас деп айтуға болады. Бұған қарап, Шынжаң жеріне ауызша тараған нұсқаның бірнеше вариантын байқаймыз. Бірақ, соның бәрінің түп-төркіні біреу ғана. Ол қазан нұсқасы.

Егер Әсет бұрынғы жырды қазақ тілінде жаңартып сөйлетуді мақсат етіп, қайталай жырлауды ойластырған болса, онда дастанды түпнұсқадан көшірмес еді. «Әлі жеткен алып та жығады шалып та жығады» демекші, көл-көсір ақындық шабыттағы Әсеттің оған әлі қаптал жетер еді. Таза өз сөзіне айландырып-ақ, өзгеше жырлауына әбден болатын. Өкінішке орай қолымыздағы екі нұсқаның ұқсастығының көптігіне қарап, Әсеттің автор емес жырлаушы екенін байқаймыз. Әсет жырлаушы болғанда да жәй жырлаушы емес, «Шәкір-Шәкіратты» түрлендіре толықтырып халыққа кеңінен таратушы. Ал жырды Әсет аузынан естіп жаттаушылар да оны қаз-қалпында қабылдай қоюы екі талай. Олар да өзіндік өзгерістерімен кейінгілерге жалғайды. Бұл дастанды қазақтың ақынмын деген қиссагер ұлдарының бәр-бәрі де бір-бір аударып төңкерсе керек. Жыршының көбеюі, уақыттың ұзаруы «Шәкір-Шәкіратты» әуелгі нұсқадан көп алыстатып жіберген. Бұл жалпы халық ауыз әдебиетінде ежелден бар дәстүр болғандықтан оған ерекше таңданудың да қажеті болмаса керек.

Ал жаңа ғана «Бақтияр»немесе «Бақтиа­ри» туралы да бір сөз айтылып қалды.

Аталған қазақ кітабының шежіресінің 226 бетінде, «Бақтияр қиссасы, өлең қылушы Жанұзақ ақын, бастырушы: Бектуған Сиқымбайұғлы, Уфа, «Шарқ» мәтбағасы, 1916жыл» деген анықтама берілген екен.

Әсет шығармаларын жинақтаушылар немесе оны айтып берушілер сөз болғанда ел ішіндегі әңгіме арасында Жанұзақ ақынның аты да ауызға көп алынады. Демек, Жанұзақтың Әсеттің шығармаларын жаттап таратаушы емес , Әсетпен қатар өмір сүрген көрнекті ақын екенін байқаймыз. Олай болса, Жанұзақ арқылы жеткен дейтін дүниелер де күдігімізді ұлғайта түседі.

Осы ойлардың ізімен біз ендігі жерде тағы да Уфа нұсқасындағы «Бақтияр қиссасы» мен «Әсет шығармаларындағы» «Бақтиярды» салыстырып көрелік.

Уфа нұсқасындағы «Бақтияр қиссасы» 2007 жылы Алматыда «Толағай» баспасынан жарық көрген Жанұзақ Шыңанұлының «Бақтиярдың қырық бұтағы» атты толғауларымен дастандар жинағына кіріпті. Ақын мұрасын жинақтап, баспаға тапсырғандар Ахметолла Қалиұлы мен Құсман Игісін.

Енді екі нұсқаны салыстырып көрелік:

Шынжаңдағы «Әсет шығармалары» нұсқасы:

Ал сөйле тілім сенің бұлбұл шағың,

Бұйрықсыз кім алады кімнің бағын,

Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,

Сөйлейін Бақтиярдың бір бұтағын.

 

Бақтияр артық туған жан екен ғой,

Жазылған өкпесіне дана екен ғой.

Әкесі Бақтиярдың ей жарандар.

Дейтұғын Азатбақыт хан екен ғой.

 

Уфа нұсқасы:

 

Сөйлесем тілім сенің дүлдүл шағьщ,

Бүйрықсыз кім алады кімнің бағын.

Жамағат, қүлақ салып тыңдасаңдар,

Сөйлейін Бақтиярдың бір бүтағын.

 

Олар бір артык туған жан екен гой,

Өкпесіне жазылған дана екен ғой.

Бақтиярдың әкесі, ай, жамағат,

Азат Бакыт дейтүғын хан екен ғой.

 

Осыдан кейінгі баяндауларда ұқсас шумақтар аса көп емес. Деседе, бет сайын ұқсас жол, ұқсас шумақтар кездесіп отырады. Осыған қарап «Әсет шығармаларындағы» «Бақтиярдың» ,«Бақтиярдың қиссасынан» туғанын анық білеміз. Ал, «Бақтиярдың қиссасын» Жанұзақ Шыңанұлының өлеңге айналдырып, 1916 жылы Уфадан кітап етіп шығарғанын айтып өттік.

 «Қазақ кітабының шежіресін» құрастырып, ескі тарихымыздың елеусіз қалған беттеріне бір кісідей үңілген көрнекті ғалым Үшкөлтай Суханбердинаның пайымын ескерсек Бахтияр Х ғасырда өмір сүрген Сарай ақыны екен. Демек Бахтиярға қатысты жырлардың түп-төркіні де тым тереңде жатса керек. Бұл туралы «Қазақ совет энциклопедиясының» 2 том,  212- бетінде мынадай жолдар бар:

«Бақтияр және оның қырық бұтағының араб, парсы әдебиетінен өзлестіріп, қазақыластыра жырлаудан туындағаның атап көрсету керек. Оның сюжетінің түп төркіні орта ғасыр парс тілінде жазылған «Бақтиярнама» атты байырғы шығарма болса керек. «Бақтиярнаманы» қашан, кім жазғаны мәлімсіз болғанымен оның 1296- жылы жазылған қолжазба нұсқасының сақталғаны, Шығыс және Ота Азия елдеріндегі бір қыдыру ұлттардың білімен аударылғаны, бұл шығармада Азатбақыт атты хан мен он уәзір жайындағы оқиға баяндалатынағы туралы деректер кезігеді.

Қалай болған күндеде, «Бақтиярды» жаңғыртып жырлаған немесе өлеңге айландырған адамның Жанұзақ ақын екені тарихи факті көрсетіп отыр. Мейлі Шынжаң жағы болсын, мейлі Қазақстан жағы болсын «Бақтиярды» Әсеттікі дейтін пәтуа еш жерден кезікпейді. Олай болса «Әсет шығармаларындағы» «Бақтияр» кітап құрастырушылар тарапынан кеткен «олпы -солпылықтың» үлкені болса керек.

Әсеттің авторлығындағы «Үш жетім қыз» туралы да күдікті ойлар бар. Аталған «Қазақ кітабінің шежіресінің» 85-бетінде 1897-жылы «Үш қыз» атты қиссаның жарияланғанын тіркеген. Орайы келгенде осы екі нұсқада салыстырып көруді қажет етеді.

Жазушы Зейнолла Сәнікұлы «Атаның алтын іздері» (Іле халық баспасы, 2002 жыл, Күйтүн) атты кітабында да «Адамның бұлбұлы, ақынның дүлдүлі» деген атпен Әсетке арнайы тоқталады. Кітаптың 465- бетінде: «Қазақстанда шыққан Әсет дастандарының қатарына «Үш баланың әңгімесің», «Кешубай», «Өнегин мен Татияна», «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Салиқа -Сәмен», «Барат Қыз», «Шеризат», «Нұғыман нағым», «Перизат» т.б. енгізілген. Олар (Қазақстан жағы демекші – Ж.Ш.) Әсеттің «Кешубайдан» басқа қазақ өмірінен жазылған қиссасы жоқ» деп есептеген. «Мұңлы қыз» толғауында «оның көркемдігі, өлең табиғаты Әсет шығармаларына ұқсайды» деп дүдәмәл көзқараспен кіргізген.

Әсет атына жазылып отырған бұл дастандардың кейбірін біз «Бақтиярдың қырық бұтағының құрамына» енгізіп, оны Әріпжанның әкесі Жанұзақ ақын шығарған деп жүрміз. Бірақ, анық-қанығын айырмай жатып, біреудің атына тели салсақ, бұл да аруақ алдында қиянат болар» деген пікір білдіреді.

Шын мәнінде бұл ойларда жоғардағы баяндаулармен үндесіп жатыр.

Аталған қисса дастандардың көбі халықтық сарында жырланып ауыздан-ауызға тараған. Уақыттың озуы, заман қажеттілігі мен адамдардың талғам-таразысына сай әр түрлі өзгерістерге ұшырап отруы әбден мүмкін. Әсеттікі делініп жүрген шығармаларды Әсет жырлаған күннің өзінде оған ақынның еш кінәсі жоқ. Қайта ауыздан ауызға таралу барысында түсіп қалған, ұмытылып қалған жолдардың дүлдүл ақын жағынан толығып, түрленіп отыруы орынды да!

Осы тұрғыдан қарағанда тіпті кітап құрастырушыларды сөгуіміздің де жөні жоқ сияқты. Ауыз әдебиеті үлгілерінің әр түрлі жырлануы немесе араб, парсы яки татар тілінде жазылған ескі жыр үлгісінің әр ақын жағынан түрліше тәржімәланып айтылуы халық жырларында көп түрлі варианытты қалыптастыратындағын тарих көрсетіп отыр. Сол себепті де басқа автор жырларының ұзақ уақыт бір ақын жағынан жырланып, жұрт құлағына сіңісті болып қалуы оның авторы жырлаушы екен дейтін жаңсақ ұғымды тудыратындығы да рас. Бұл жырлаушының да оны естушінің де кінәсі емес десекте тарих алдында шындыққа барынша құрмет еткеніміз адами болымысымыздың парызы саналмақ.

Ал, зерттеушілер мен баспагерлердің өз қателігін түзетіп, ұрпаққа, тарихқа шындықты жеткізуіне де орай бар. Олай болса қатып семген «менмендік» көзқарастан арылып, тарихқа шындық тұрғысынан қарағанымыз жөн.

Бұл мақаланың мақсаты – Әсетті немесе оның шығармаларын жинап бастырушыларды терістеу емес. Қайта: «Дүниеде менен сорлы ақын бар ма, баспаға бір ауыз сөз берілмеген» деп арманда көз жұмған ақынның артына қалған асыл мұраларына ар тазалығымен иелік ету идеясын көтеру.

«Жетім шығарманы» қай ақынға телиміз деп бас қатырған тұстарда «жазылу мәнері, сөз қолданыстары ұқсайды екен» деп ой- жота жорамал жасасақ орны толмас өкініште қалуымыз әбден мүмкін. Бір ақынды көтереміз деп оның көлеңкесіне талай ақынды көміп тастасақ ол да қиянат.

Әдебиетіміз үшін де, адамдығымыз үшін де сарабдал ойлармен сары алтындай салмақтылық керек. Кеңеспен пішкен тон келте болмайды. Ойлы оқырман өз көзқарасын ортаға салып, «күдігімізді» сейілтіп жатса, оған алғыстан басқа айтарымыз болмас еді. Біз шындықтың бетіне тура қарай алсақ, тарих бізге құрметпен қарайтын болады.

 

Жәди ШӘКЕН