Әлихан Байменов, «Ақ жол» партиясының төрағасы: ЕҢ БАСТЫСЫ - ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІ

d399d0bbd0b8d185d0b0d0bd-d0b1d0b0d0b9d0bcd0b5d0bdd0bed0b21

- Әлихан аға, Парламент мәжілісінің депутаттары Елбасымызға «Ұлт көшбасшысы» атағын беру туралы ұсыныс айтып, оны бар депутаттың жапа-тармағай қолдап, қабылдап жібергенін жақсы білесіз. Бірақ Мемлекет басшысына қатысты айтылған «президент кезіндегі қылмыстық жауапкершіліктен арашалау» дегендері қисынға келмейтін сияқты ғой...

- Ұлт көшбасшысы –терең ұғым. Бұл жерде әркім өз санасының жеткен жеріне дейін сөйлейтінін ескерген жөн. Дәл бүгінгі күні моральдық тұрғыдан да, қоғамдық санада қабылдану тұрғысынан бұл заңның кімге болса да түрпідей тиетіні белгілі. Шын мәнінде депутаттардың әрбір сөйлеген сөзінің өзі қылмыс жасап қойған адам туралы заң қабылдап жатқанға ұқсайды. Екінші жағынан алғанда Ұлт көсемі, Ұлт жетекшісі деген ұғымдар - әлеуметтік-құбылмалы феномен. Бұл сөздердің астарында белгілі бір тұлғаны мойындау тұр. Мәселен би деген ұғымды алайық. Биді ешкім сайламаған. Би үнемі әділін айтып отырғандықтан оны бірінші ауыл мойындаған. Қара қылды қақ жаратын адамға төрелікке жүгінген. Бірте-бірте ол биді бірнеше рулы ел мойындаған. Тек әділдіктің ақ жолымен жүргендіктен би деген моральдық-саяси категория болған. Сол сияқты Ұлт көшбасшысы деген де моральдық-саяси категория.

         Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері елдің ішкі-сыртқы саясатына әсер етіп отырған үлкен алпауыт топтардың бар екенін біз ұмытпауымыз керек. Олардың ішінде Қазақстанның байлығын жекешелендіріп алған бизнес өкілдері де бар.

          Сондай-ақ бизнеспен айналыспаса да миллиардтаған байлыққа ие үкімет мүшелері, әкімдер бар. Күні ертең билік ауыса қалса, осылар не әрекет жасауы мүмкін? Ел аман, жұрт тынышта айдаладағы Шешенстанның басшысына барып сыйлық тапсырып жатқандар да бар. Осыны көріп отырып, мұның артында біздің ішкі кикілжіңімізге сол өңірдегі әдіс-тәсілдерді қолдану мәселесі жатқан жоқ па деген ойға қаласың.

            Қай жолмен болмасын ақыры бір күні биліктің ауысатыны анық. Бірақ осындай маңызды сәттерде ел тыныштығы бұзылмауы тиіс. Қазірдің өзінде бірін-бірі жеп қоюға шақ тұрған алпауыт топтар мемлекетті емес, ең бірінші жемқорлықпен жамбастарына басқан ақшасының әшкере болмауын, тексерілмеуін ойлайды. Ақиқаты сол таяу арада демократиялық жолмен биліктің ауысуы мүмкін емес. Өйткені мына вертикальды жүйе өзгермей, биліктің өзгеруі қиын.

               Бүгінгі күні алыстан сәуле көрінгендей жылт ететін бір үміт бар. Ол – осындай кепілдіктерді алғаннан кейін, Президентіміз демократиялық реформаларға қарай бет бұрса деген үміт.

              «Келесі Президентте сіздегідей өкілеттілік болмауы керек», деп мен осыдан 6-7 жыл бұрын Президенттің өзіне де айтқанмын. Н.Назарбаев өзі басқарып тұрғанда елімізде демократиялық реформаларды жүргізіп, Парламенттің өкілеттілігі күшейсе, жергілікті басқару күшіне енсе, депутаттардың, мәслихаттардың өкілеттілігі күшейсе, Сот тәуелсіз болатын болса, Қазақстан үшін ең дұрыс жол осы болар еді...Осындай өзекті мәселелердің барлығы кепілдіктің арқасында шешімін тапса құба-құп.

          Себебі ең бастысы – Қазақстанның, қазақ халқының мүддесі. Президенттер белгілі бір уақытта келеді және кетеді. Қандай жағдай болмасын  Қазақ елінің тыныштығы бұзылмауы тиіс.

- Елді шулатып «Ел бірлігі» деп басталған доктрина ақырында билік пен ұлт жанашырларының ымыраға келуімен «Ұлт бірлігі» деген атпен біраз өзгерістерге ұшырап қабылданғанынан хабардарсыз.

     Сіздіңше доктринаның соңғы нұсқасында қабылдануға тиіс нендей мәселелер тасада қалып қойды?

       Доктринаның соңғы мәтіні алдыңғысына қарағанда едәуір ілгері екенін атап кету керек. Соңғы нұсқа «Ақ жол» партиясының қыркүйекте жариялаған Ұлт саясатының тұжырымдамасындағы көрсетілген және «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы көтерген кейбір мәселелерді қамтыған. Өзгелерден бұрын Ұлт саясатының тұжырымдамасын ұсыну арқылы «Ақ жол» партиясы әдеттегідей билікке де, қоғамдық ұйымдарға да үлгі көрсете білді. Сондықтан болса керек, доктринаның соңғы нұсқасын дайындау үшін 4 қоғамдық ұйымның, 4 биліктің өкілінен құрылған жұмыс тобына жетекшілік етуді М.Шаханов басында «Ақ жол» партиясы Орталық Кеңес хатшысы Амангелді Айталыға ұсынды.

           Мен доктринаның соңғы қабылданған нұсқасының стиліне,мазмұнына қарап отырып, билік күзде-ақ екі нұсқаны қатар дайындаған деп топшыладым. Біріншісі алғашқы жарияланған нұсқа болса, екіншісі соңғы бекітілген нұсқаға жақыны. Осыны түсініп қояды деген болар кейінірек А. Айталыға жұмыс тобы жөніндегі ақпаратты толық жеткізбеген. Ол кісі доктринаға қол қоймады.

             Негізінен доктрина – мәлімдеме, емеурін деңгейіндегі құжат. Оны жүзеге асырудың тәсілдері көп. Және ол оңды-солды ептеп бұруға да болатын құжат. Не десек те доктрина қабылданды. Елге тұжырымдама секілді нақты ұсыныстарға негізделген құжат керек. «Ақ жол» оны таяу арада жариялайды.

              Енді тасада қалған мәселелер тоқталып көрейік. «Ұлт бірлігі» доктринасында қазақ әліпбиі туралы бірде-бір сөз жоқ. Ал, бұл мәселе туралы «Ақ жол» партиясының да, М.Шаханов тобының да тұжырымдамасында болған. Қазақ үшін ақпараттық дәуірде тұсаудың бірі-42 әріптен тұратын кириллица екені айдан анық. Сондықтан бұл мәселе қамтылуы керек еді. Татарстан Ресей құрамында болса да, кезінде 2011 жылы латиницаға өтеміз деп шешім қабылдады.Бірақ кейін Ресей конституциялық соты оған тиым салды. Біз ұлттық сананы отарсыздандыруда жаңа әліпбенің ерекше маңызы болатынын ескеруіміз керек. Доктрина жазғандар мұны түсінбеген, не түсінсе де биліктен бе,көршіден бе жасқанып, енгізбеген.

               Тағы бір терең мәселе рух пен руханият. Рух пен руханиятты дінсіз қарастыру мүмкін емес. Ал доктринаны жетілдіргендер бұл мәселені тіпті ұмыт қалдырған. Имандылықсыз қалай руханият болады? Әлемдегі барлық өркениеттердің өзегі – дін. Европа өркениетінің негізі – христиан құндылықтары болса, біз ислам өркениетінің бір тармағымыз. Дін мәселесі де доктринада тек діншіл саяси ұйымдарға тыйым салу тұрғысында қамтылған .

           Тек Қазақстан емес, тұтасынан Орталық Азия үшін алдағы 20-30 жылда дін мен мемлекет әріптестігінің оңтайлы моделін табу – ең күрделі де маңызды мәселе екенін түсіну қажет.

             Доктрина –емеуірін секілді болып шықты. Сондықтан оны жүзеге асыру туралы үкімет қаулысында тіл мен рухқа қатысты қажетті заңдарды әзірлеу көзделмеген. «Біткен іске сыншы көп». Доктринаның кемшін тұсының бәрін тәптіштеп жатудың жөні жоқ шығар.

- Биліктің тетігін білетін азаматтың бірі өзіңіз ғой. Жақында ғана өткен Қазақ құрылтайына билік басындағылардан бір адамның төбе көрсетпеуін қалай түсінуге болады?

«Ақ жол» партиясының мүшесі Болат Дүйсенбі сол шараның басы-қасында жүрді. Менің бақылауымша Қазақ құрылтайын ұйымдастыру ісіне билік кедергі келтірген жоқ. Әдетте біз партиялық жиындарды, съездерді өткізгенде ақпараттық, ұйымдастыру тұрғыда қысым көп болады. Соған қарағанда Қазақ құрылтайын ұйымдастырушыларды да, құрылтайдың өзін де билік қауіпті, зиянды деп бағаламаған.

            Қазақ құрылтайы болғандықтан атының өзі ұйымдастырушыларға үлкен жауапкершілік  жүктейтіні сөзсіз. Ұйымдастырушылардың тәжірибесі жеткіліксіз болған секілді.

          1917 жылғы Орынбордағы Алаш құрылтайынан кейінгі алғашқы Қазақ құрылтайы болғандықтан, бұл шараны барынша ауқымды ұйымдастыру қажет еді. Жиынға қатысушыларды облыстық құрылтайларда сайлап алу керек болатын. Өзекті мәселелерді бірінші облыс көлемінде ашық талқылап алып, одан соң Қазақ құрылтайына шығарулары қажет еді. Жиынды ұйымдастырушылар жүрегі қазақ деп соғатын азаматтардың бәрін жұмылдыра алмады. Қазақ құрылтайы қазақтың бүгінгі интеллектуалдық,дүниетанымдық деңгейін де, саяси жігерін де паш ететін шара болуы тиіс еді. Бұл алғаш рет өткізіліп жатқан шара болғандықтан, көштің жүре түзелетініне сенемін.

- Саяси партиялардың ісіне көпшілік жұрт оң баға беріп жатса, енді базбіреулері «Саяси партиялар ұлт мәселесін көтермейді» дегенді алға тартады. Мұндай пікірлерге не дер едіңіз?

«Саяси партиялар ұлт мәселесін көтермейді» деген сөз-жалған. Басқасын айтпағанда сол Ұлт саясаты туралы қазақтың ұлттық мүддесі жан-жақты жазылған, әрі қазіргі доктринадан гөрі нақты тұжырымдаманы ең бірінші «Ақ жол» партиясы жасап шықты ғой. Партиялар көтеріп жүрген демократия, теңдік, әділет мәселелері ұлттың ең өзекті мәселелері емес пе ? Ендеше өздерін ұлтжандымын деп есептейтіндер ұлттық біріктіру процесін жүргіземіз десе, партиялардан биік боламыз десе, ақиқатты айтып үйренуі керек. Ал қаз-қаз басып, енді қалыптасу үстіндегі партияларды жөнсіз сынау тек билікке тиімді.

- Сіздің ұғымыңыздағы ұлтшылдық...

          Жалпыбізде ұлтшыл деген сөзді бір шектік маригиналдық ұғымға айналдырып жіберген. Ұлтшыл деген өз  ұлтының көгеруін, өз ұлтының жаңғыруын, өз ұлтының биікке өрлеуін қалайтын адам. Ол қасиеттер «мен ұлтшылмын» деп кеуде қағумен келмейді. Ол терең талдаумен, ақыл-оймен келеді. Терең талдаса нағыз ұлтшылдықтың ұлттық оқшаулануға да, өзге ұлтты кемсітуге де үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын түсінер еді.

- Кешегі дәуірде қазақта ұлты үшін ұлы істер жасаған ұлтшылдар болды. Олардың бәрі халықтың жадында.

Ал, сіз бүгінгі ел ағаларынан шын мәніндегі ұлтшыл деп кімдерді атап көрсетер едіңіз?

         Ұлтжанды азаматтар бар, бірақ тұтас құбылыс, лек ретінде қалыптасқан жоқ. Барлығын түгендеп жатсам, біреуі аталып, біреуі аталмай қалуы мүмкін. Біз кейде белгілі бір азаматтарды көкірегі ояу, көзі ашық деп жатамыз.

           Бірақ көкірегі ояу біраз адамның көзі ашылмаған, ал көзі ашық біраз адамдардың көкірегі ояу емес. Көкірегі ояу адамдар ғана ұлтжанды бола алады. Олардың айтар сөзі, шын мәніндегі ұлт мүддесінтүсіну деңгейі көзінің ашылуымен тікелей байланысты. Осы екі жағын да тең басып ұстап тұрған азамат ретінде Амангелді Айталыны атар едім. Ол кісі терең білімді, нағыз ғалым адам. Мен ол кісінің ғылыми ұстанымын жоғары бағалаймын. «Ақыл Адам көрігі, сабыр ақыл серігі», деген Мұхтар Әуезовтің сөзін ұлтжандымын деп есептейтін бірқатар адамдар есте сақтаса деймін.

 

«ТЕҢДІК  БОЛМАЙ –ЕЛДІК БОЛМАС

- Бүгінгі күні қазақтың күйіп тұрған мәселесі деп қай мәселені айтар едіңіз....

Бірінші мәселе – тіл. Тіл – адамның сөйлеу құралы, тіл – ойлау құралы, тіл – ғылыми ізденіс құралы, тіл –дүниетаным құралы. Себебі белгілі бір құбылыстарға, белгілі бір ұғымдарға өз тіліңде анықтама бере алмайтын болсаң, өз тіліңде жеткізе алмайтын болсаң сенің мүмкіндігің шектеліп қалады. Қазіргі таңда әсіресе дүниетанымдық және ғылыми саладағы тілімізді дамытуға мемлекеттік құрылымдар да, жеке азаматтар да ерекше мән беруі тиіс. Әрбір маман өзі айналысатын істе жаңа сөзді қолданысқа енгізе алатындай жағдайға жетуі   керек. Сонда ғана біздің сөздік қорымыз молая түседі. Мәселен, ағылшындарда әрбір жаңа сөзді терминком ойлап тауып жатқан жоқ. Сол сияқты біз де батыл қадамға баруға тиіспіз. Күнделікті қолданыстағы қарапайым сөздердің бәрін терминком емес, қарапайым адамдар ойлап шығарды. Ал терминкомда араб, парсы, түркі тілдерін білетіндер болуы тиіс. Жаңа сөзді түпкі мағынасына немесе орыс тіліндегі мағынасына сай келмейді деп қолданысқа енгізуден бас тартудың қажеті жоқ. Өйткені қолдануға қолайсыз сөздер болса, өздігінен ысырылып шығады да, сай келгендері қолданысқа еніп кетеді. Тіпті орыстың өзінің сөзіне басқа тілден енген   ұғымдар жетерлік. Тілдің дамуы – мәдениетіміздің дамуының негізі, тілдің дамуы әдебиеттің дамуының негізі, тілдің дамуы – киноның дамуының негізі, тілдің дамуы – интернеттің дамуының негізі, тілдің дамуы – ғылымның дамуының негізі, тілдің дамуы – біліміміздің дамуының негізі, тілдің дамуы – баланы тәрбиелеудің негізі. Түптеп келсек- тілдің дамуы толыққанды кұлшылық, имандылық дамуы негізі. Ендігі жерде бүкіл мәселенің негізінде тіл жатқанын түйсінетін кез жеткен сияқты.

            Екінші мәселе – имандылық. Елімізде жемқорлықтың белең алуы бір жаңынан дінге, имандылыққа ұзақ мерзім дұрыс көзқарастың болмауынан. Жемқорлыққа жол ашып отырған билік басындағылардың біразы «Туғанды биде иман жоқ» деген сөзді жете ұғына бермейтін сияқты. Қазір сыбайластық, туғандылық, парақорлық деңдеп кетті. Сондықтан Үкімет, Президент әкімшілігі, Жоғары соттың төбесіне «Туғанды биде иман жоқ» деген сөзді жазып қоюымыз керек . Шынын айту керек, бізде қазір барлық деңгейде туғанды билік болып тұр. Бұл моральдық азғындауға өте қатты әсер етеді. Бұл тек билікке ғана байланысты емес. Бұл өзімізге де байланысты.

           Шүкіршілік ететін тұстарымыздың бар екенін де айтуға тиістіміз. Жұма сайын мешітке барып, намазға жығылатындар санының артып келе жатқанына қуануымыз керек.

Намаз оқитындардың көбеюі – жұртшылықтың имандылыққа бетбұрыс жасағандығының бір көрінісі. Шын жүрегімен дінге берілген адам Алладан ғана қорқады. Ол жамандыққа бармайды.

           Осындай адамдардың қатары көбейіп келе жатқандығы көңілге медеу екенін айтқым келеді.

           Әлемдегі барлық өркениеттің өзегі дінде. Дінді мемлекеттен бөлу, мемлекетті өркениеттен  Шешуші мәселенің бірі дұрыс әлеуметтік орта, құндылықтар қалыптастыру. Білім мен білікті құндылық ретінде қалыптастыруға тікелей әсер ететін мемлекет реттейтін жүйелер бар. Оның біріншісі, сөзсіз, кадр саясаты. Бүгінгі күні біздің экономикамызда мемлекеттің үлесі көбейіп тұр. Бұның теріс жақтары да көп. Ол – бөлек тақырып. Қалыптасқан ахуалды есептей отырып мемлекеттік органдар, ұлттық компанияларда, жалпы экономикада, мәдениетте, саясатта дұрыс кадр саясаты жүргізілсе, білім мен білік сұранысқа ие болады. Оның ұлт әлеуетіне тигізетін әсері көп. Әр салада өзінің бойындағы талантына, еңбегіне лайық шынайы жүйріктер, тұлпарлар мен сұңқарлар озып шығар болса, олар өздерінің еңбегімен біріншіден ұлтты алға жетелейді, екіншіден сол еңбек пен білім арқылы жоғары шығу мүмкіндігін білген жастардың бойында білімге деген құштарлық артады. Себебі өмір ең үлкен тәрбиеші. Егер жас өспірімдер экономикада, саясатта, бизнесте, білім мен   білікке емес, тамыр-таныстыққа сүйену арқылы ғана биікке шығу мүмкін екендігін көрсе, олардың бойындағы білімге деген құштарлық төмендейді. Егер олимпиадалық ойынға жүз метр қашықтыққа жүгіруден ең жүйрік адамды емес, әкім-қараның тамыр-танысын жіберіп отырсақ қалай болар еді? Сол секілді барлық салада да шын әділ бәсекелестік болу керек.

              Білімнің қажеттілігіне жалақы саясаты да әсер етеді. Шынайы білімді адамдар, ғалымдар, ұстаздар, дәрігерлер өз еңбегіне лайық өмір сүріп жатыр ма? Олардың еңбегі лайықты бағаланып жатыр ма? Бұл сұрақтарға өмір беретін жауап білімге деген құштарлыққа әсер ететін тағы бір маңызды фактор.

           Сонымен бірге біз қоғамда еркіндікті құндылық қылып қалыптастыруымыз керек. Еркіндік те, әділеттілік те адамзаттың ортақ құндылықтары. Олар кейде бір-бірімен қайшылыққа түседі. Бір адам үшін әділеттілік Алланың Берген қабілетіне орай әркім өз жеке табысына сай өмір сүру, екінші адам үшін әділеттілік дегеніміз қалталы тұлғалардың, бизнеске бейім адамдардың бюджет арқылы, басқа төлемдер арқылы жұртпен бөлісуі, үшінші біреулер үшін әділеттілік сол қалталы топпен бизнесмендердің барлық табысын тең бөліп беру. Бірақ әділеттілік еркіндікпен ұштаспаса, онда адамзаттың даму процессі де тежеледі.

            Еркіндік арқылы, еркіндікті   бойына құндылық кылып сіңіру арқылы заманның ұлы қайраткерлері, ойшылдары, ғалымдары әрдайым адамзатты алға сүйреп отырған, көкжиегін кеңейткен. Егер еркіндік бойында болмаса Әл-Фараби озық ойларын жарияламас еді, Ибн-Сина, Галилей, Ньютон да өз жаңалықтарын ашпас еді. Тіпті басқаны қойғанда, пайғамбарларымыз да өз заманындағы қалыптасқан көқарасқа емес, жаңа деңгейге көтеріле біліп, адамзатты жаңа биікке, шынайы ақиқатқа бастаған. Ал егер осы ұлы тұлғалар кезінде қалыптасқан ортадағы тозған құндылықтарға бейімделе берсе, онда адамзат дамуы тежелер еді. Қоғам дамуы заңдылығында Абай : «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп көрегендікпен жол көрсетті.

             Тағы бір фактор – әлеуметтік сенім. Қоғамда белгілі бір деңгейде сенім қалыптасуы қажет. Ол сенім адамдардың ортақ ереже арқылы жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Мысалы, заң үстем еткен қоғамдарда бірін бірі танымайтын адамдар да бірлесіп іс ұйымдастырады. Себебі олар   өзара қайшылық туса әділ сот жүйесі бар екенін біледі, ортақ ережеге бағыну қажеттілігін түсінеді. Сенім болмаған жағдайда, заң орындалмайтын қоғам болса, биліктің өзі бірінші кезекте заңды бұзатын орта қалыптасса, адамдар бір бірімен арасындағы қайшылықтарды шешуде басқа күштерге жүгінетін болады, жемқорлық, әлімжеттік орнайды.

           Ал егер адам ортақ ережеміз бар, ол біздің зандарымыз деп түсінер болса, заңдарымыздың сақталатына, құқығының қорғалатына сенімді болса, осы сенімнің арқасында кез келген деңгейде өзінің әлеуетін өзі, отбасы, Отаны үшін пайдаланып, жұмыс жасайды.

           Сонымен еркіндік, сенім арқылы біз білім мен еңбекті жоғары құндылыққа айналдыратын жүйе құра аламыз. Әділеттілік пен имандылық құндылық ретінде осы жүйенің әлеуметтік бағытта жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Осының барлығы ұлтымыздың әлеуетін анықтайды. Ал қазақтың Оңтүстік Шығыс Азия жолбарыстары атанған елдерден бір үлкен артықшылығы бар ол біздің жаңалыққа құмарлығымыз, жаңа ахуалға бейімделушілігіміз. Ендеше осы артықшылығымызды пайдалана отырып, қазақ әлеуетін көтеруге жұмыс жасау парызымыз.

- Аға, «Кедендік одаққа кіргеніміз – тәуелсіздігіміздің бір бөлігінен айрылғанымыз», деп БАҚ арқылы осы мәселе төңірегінде тереңнен ой қозғағаныңызды білеміз. Сіздіңше Кедендік Одақ   қазақты қайда апарады?

          Осы тұста егемендікке байланысты кез-келген шешімді халықпен келісе жүргізу керек екенін тағы да айтуға мәжбүрмін. Өйткені егеменді елің иесі халық.

         Екіншіден кез-келген  одақтан ұтатын тұс болады, ұтылатын тұс болады. Біз алдымен қазіргі алдымызда тұрған мақсаттарымызды саралап алғанымыз жөн. Қазақстан технологиялық жағынан артта қалған елдердің бірі. Біз қазір мұнай, темір, көмірдің арқасында ғана дамып келе жатырмыз. Ресейдің жағдайы да біздікіне ұқсас. Бірақ олар қазір технологиялық тұрғыдан өзін алға жылжыту үшін нақты қадамдар жасауға ұмтылуда. Үлкен ғылыми қалашық салып, батыс ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста  жұмыс жасауының өзі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Сондықтан да, Ресей батыс технологиясымен жарақтанғысы келіп Европамен байланысын нығайта түсуді жолға қойып отыр. Жан-жағымызға қарап, біз де осындай келешегі бар игі істерді атқаруды жүйелі түрде жолға қойғанымыз жөн. Кеден одағына кіргеніміз бүгінде елімізге өзге шетелдерден келетін тауар бағаларының өсуіне әкеліп соқтырды. Кеше ұшақта мұнай саласына қажетті өлшеуіш құралдарды, АҚШ, Европадан әкеліп сатумен айналысатын кәсіпкер Кеден одағына кіргелі бері әлгі өнімдердің бағасы 30-40 пайызға жоғарылағандығын айтуда. Ал, біздің үкіметтегілер болса, баж, кеден сияқты салық түрлерінен түскен импорттық салықтың көбейгенін жетістік деп ауыз толтырып айтып отыр. Ол ақша кімнің есебінен түсіп жатыр?

           Әрине қарапайым халықтың есебінен. Қарапайым ғана мысал келтіретін болсақ, күнделікті қолданып жүрген компьютердің бағасы 30 пайызға қымбаттады делік. Баж салығының арқасында оны кәсіпкер тауар бағасын көтеру арқылы халықтан қайтарып алады.

           Ендеше біз технологиямызды дамытқымыз келсе, Ресейдің технологиялық түрде біз қатарлы ел екенін білуіміз керек.

             Кедендік Одаққа кіру деген абстрактылы түрде егемендіктен айрылып қалу деген сөз емес. Егемен елде өмір сүріп, дамудың даңғыл жолына түсуді көздеген мемлекеттің кеңістігі кеңеюге тиіс болатын болса, оның алдынан қандай да бір кедергілердің көлденең тұра қалуында.

            Мәселен, Ресейдің делегациясын басқаратын Ресей премьер-министрінің орынбасары Игорь Шувалов өз елінде журналистерді жиып алып, баспасөз мәслихатын өткізді. Мұнда Кеден одағы ашық талқыға түсіп, оның сол елге келтірер пайдасы мен зияны   айтылды.  

             Ал, біздің делегация басшысы Ө.Шүкеев, Кеден одағы турасында неше рет БАҚ өкілдерімен кездесті? Бұл мәселе туралы барлық мәліметті біз Ресейдің «Коммерсантъ», «Ведомости» сынды басылымдарынан алдық. Неге біз өз елімізге қатысты ақпаратты Ресей арқылы алуымыз керек? Билік басындағылар болса 7,39 пайыз жоғарылау бар деп халықты алдаусыратады. Менің білуімше бұл ешқандай да жоғарылау емес. Бұл мәселе турасында ел арасында түсіндіру жұмысын жүргізу қажет екені өз-өзінен сұранып тұрған нәрсе болатын.

            Ел сенген серкелер мұндай маңызды шешім қабылдаудың астарында ұлттық мүддені қорғау мәселесі тұрғанын түйсінулері қажет еді. Біздің елден баратын делегацияға тапсырманы жариялы түрде беру керек. Мысалы, «мына мәселеге келгенде қорғайсың, ал мына мәселе аясында келіссөз жүргізе беруге болады» деген сияқты нұсқау директива берілуі тиіс. Ал, И.Шуваловтың Кедендік одаққа келгенде Ресейдің мүддесі үшін жанын беруге бар екені айқын көрініп тұрды. Ал, біздің делегациялар солай жұмыс жасады ма? Бұған менің күмәнім бар.

           Кеден одағы қазақты қайда апаратыны алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен біздің елге қол қусырып, бар нәрсеге бас изеп отыра беруге болмайды. Осы мәселені» «Көкпарда» айтып едік, ол хабарды жауып тастады. Айтпақшы, Кеден Одағының тек жақсы жағын айтатын Үкімет пен Парламент «мерседестерін» «жигулиге» ауыстырар ма екен? Біз осы мәселелерді көтерген соң ғана Премьер-Министр Петерборда Қазақстан мүддесі туралы ашық айта астады.

 

ЖЕТІСТІКТІ КӨРМЕУ – СОҚЫРЛЫҚ,

КЕМШІЛІКТІ КӨРМЕУ ЖАНЫ  АШЫМАҒАНДЫҚ

- Қоғамдағы болып жатқан өзгерістердің ақ-қарасын айырып, жүйелі жұмыс жасауды жолға қойған қоғамдық-саяси партиялардың көш басында «Ақ жолдың» келе жатқаны баршаға белгілі. Ендігі жерде партияның бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында айтып берсеңіз...

         Қоғамды саяси көзқарастары мен саяси іс-қимылы тұрғысынан алғанда бірнеше топтарға бөлуге тура келеді. Біздің елде әдетте қандай жағдайда болмасын халықтың 30-40 пайызы билікке дауыс береді. Бұл топ өзге мемлекеттердегідей емес, елімізде – тыныштық, осы күнімізге де шүкір, әлі де жағдайымыз оңалар деп алдағы күнге үмітпен қарайтындар. Сондай-ақ, халықтың тағы бір 30-40 пайызы ел тыныштығының бұзылмауымен қатар өзгерістердің тезірек болғанын қалайтындар және сол жолда жұмыс жасайтындар.

           Он шақты пайызы кез-келген жағдайда билікке қарсы дауыс береді. Ал, ендігі бір 10 пайызы билікке қарсы, бірақ соның ішінде балама күші барына дауыс беретіндер.

           Біздің партияға сенетіндер жаңа атап көрсеткен халықтың 30-40 пайызы, яғни жағдайдың  тезірек жақсаруын, елде текетірестің болмауын, кез-келген мәселенің айқай-шусыз сабырмен шешілгенін қалайтындар. Ұлы Абай бізді кез-келген жағдайда сабыр сақтауға, ақты ақ, қараны қара деп айтуға үйретті. Осы жолмен жүретіндерді «Ақ жол» партиясы жақтастарының әлеуметтік базасы деп айтуға болады. Халықтың жағдайын жақсартатын нақты ұсыныстарды айтып, оны жүзеге асыруға күш салғанымыз жөн. Нақты ұсыныстардың халық игілігіне жарайтыны анық.

            «Ақ жол» партиясы ұсынған Ұлттық саясат тұжырымдамасы билік басындағыларға да, М.Шаханов бастаған топтың мүшелеріне де жаңа бір серпін бергенін айтуға тиіспіз. Осы тұста қойылған сауалға орай «Ақ жол» партиясының атқарып келе жатқан жұмысына аз-кем тоқталып өткенім жөн шығар. Осыдан 4-5 ай бұрын біздің мемлеттік мекемеде жұмыс жасайтын партиямыздың мүшесі бюджеттік мекемелерде беріліп жатқан тұрғын-үйлердің ережесінде қателік бар екенін айтты.

            Мәселен, мұғалім бірінші колледжде қызмет етіп, кейін мектепке ауысса, аталған ережеге сәйкес оның колледждегі емес, мектептегі еңбек өтілі ғана есептеледі екен. Керісінше, еңбек жолын мектепте бастап, кейін колледжде жалғастырса, онда соңғы қызмет еткен орны ғана саналады екен. Осы мәселенің бәрін түсіндіріп, Үкімет басшысы К.Мәсімовтың атына хат жолдадым. Кейін дәл осы біз көтерген мәселеге байланысты, біздің ұсыныстарымыз бойынша Үкіметтің қаулысына өзгерістер енді. Бірақ осы кезде де ақжолдықтар атойлап баспасөз мәслихатын өткізген жоқ.

             Тағы да айтакетерлік нәрсе дағдарыс басталған кезде биліктегілер халыққа «көрпелеріңізге қарап көсіліңіздер» дегенді айтты. Бірақ билік мұны өздерінен бастауы тиіс дер едім. Мысалы үшін Астана қаласындағы Президент әкімшілігі, Жоғарғы сот, екі Парламент палатасы, Үкімет үйі, министрліктер сынды өкілетті органдардың ғимараттары бас-аяғы  500 метр жерде орналасқан.

            Бірақ Президент әкімшілігінің қызметкерлерінен бастап министрдің орынбасарына  дейін ең қымбат шетелдік көліктерді мініп алған. Соншалықты қаптаған көлік не үшін керек? Керек десеңіз, министрдің жұмыс бабымен қаланы аралап істейтін ісі де жоқ. Оның жұмысы кабинетінде. Министр аралап жұмыс істеу керек болса, өзге қалаларға шығуы керек. Қымбат бір көлікті ұстауға кететін қаржыға министрліктің орта деңгейлі 5-6 қызметкерін ұстауға болады. Біз осы мәселені көтердік. Биліктің құлағына тиісті ұсыныстарды да жеткіздік. Бірақ премьер-министр бұл сөзге араға бір жыл салып барып қана құлақ асты.

            Мұғалімдерге, дәрігерлерге азаматтық қызметкер мәртебесін беру – «Ақ жолдың» ұсынысы еді. Зейнеткерлерге базалық төлемақы беру «Ақ жолдың» идеясы еді.

           Еңбеккерлерді қорғауда кәсіподақтың ролін көтеретін, алпауыттарды жұмысшымен есептесуге мәжбүрлейтін баптарды Еңбек Кодексіне еңгізген «Ақ жол» болатын.

           Жалпы мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мұның бәрі «Ақ жол» партиясының жүйелі түрде жұмыс жасап келе жатқандығын көрсетсе керек. Бірақ ТВ, БАҚ оны көрсетпейді. Халыққа жеткізуден қорқады. Содан-ақ « Нұр Отанның» әділ бәсекелестіктен қорқатынын көреміз «Ақ жолдың» жолы – жасампаздық жолы. Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық деп білемін. Сондықтан да, барды бар, жоқты жоқ дейміз.

Гүлмира САДЫҚОВА